"Нью-Йорк-та тұратын қандастар ерекше қолдады". Елордалық 77 жастағы қария АҚШ-та 42 шақырымды жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды
"Нью-Йорк-та тұратын қандастар ерекше қолдады". Елордалық 77 жастағы қария АҚШ-та 42 шақырымды жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды
Астана тұрғыны, зейнеткер Салтанат Түйтебаев спорттық жүгірумен кәсіби түрде айналысады. Бұған дейін көршілес елдерді қоспағанда 22 рет шетелге шығып, түрлі марафонға қатысқан ақсақал биыл Нью-Йоркте өткен айтулы додада екінші орын алды. Ол «75+» жас санатында өнер көрсетіп, мегаполис көшелерімен 42 шақырымды жүгіріп өткен. 77 жастағы қарияның табандылығын Қазақстан ғана емес, АҚШ тұрғындары да қызу талқылауда. Салтанат Түйтебаевтің Нью-Йоркте өткен марафон мен спортта жеткен өзге де жетістіктері жайында Azattyq Rýhy порталы жазды.
Нью-Йорктегі дәстүрлі марафонға биыл 33 мыңға жуық адам қатысқан. С.Түйетаев айтулы жарысқа Қазақстан атынан барған жалғыз қатысушы болыпты. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, жұбайымен төрт перзент өсіріп тәрбиелеген.
«Өзім физика факультетін бітіргенмін. Ауылға келіп мұғалім болдық. Жұбайым да мұғалімдік қызмет атқарды. Кейін Жаңатас деген қалаға көштік. Кәсіподақ құрамында болып, екінші институт бітіріп алдым. Біздің кезімізде қазіргідей телефон, теледидар болған жоқ. Бос уақытымызда спортпен шұғылдандық. 10-11 жастан бастап спортпен тұрақты түрде айналыстым. Қазір туа сала кішкентай сәбилер телефонға ұмтылады. Ал, біз доп қуалап, қазақтың спортық ойындарымен өстік. Байқасаңыз ең күшті деген, әлемді бағындырған спортшылардың көбі ауылдан шыққан азаматтар», - дейді қария.
Қария өзінің бабын жоғалтпау үшін күн сайын жүгіреді. Арнайы диета ұстамайды.
«Марафонға кәсіби түрде кіріскен адаммын. Аустралияда жүгіруден өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алдым. Жарты жылдан кейін Жаңа Зеландияға барып, ардагерлер олимпиадасына қатысып, бірінші орын иелендім. Жақында Жапонияда кезекті олимпиада өтуі керек болатын, бірақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Енді келесі жылы өтеді, соған дайындаламын.
Алдыңғы орында болу үшін дайындығың дұрыс болуы керек. Мен қыстың күні аптасына бес рет бір күнде 21 шақырымнан жүгіремін. Ал, көктем шығып, күн жылынған уақытта 25 шақырымға дейін ұлғайтамын. Бұрынғыдай жас емеспіз. Жүгірген кезде қиындықтар болады. Спорт онсыз қызық емес. Соңғы Йью-Йорк марафонында белгіленген жерге яғни, орталық паркке екі шақырымдай қалған кезде аяқты алып жүру өте қиын болды. Бар күшімді жинап соңына дейін жеттім.
Өз басым спортпен шұғылданып жүрсем де, ешқандай тамақ талғамаймын. Арнайы диета ұстаған емеспін. Үйдегі апаларың қандай тамақ береді соны жеп жүре беремін. Өзгелерге де сондай кеңес беремін. Ағза қалаған тағамды жеп, спортты тастамасаңыз денсаулыққа ешқандай зиян келмейді», - дейді Салтанат Түйтебаев.