"Нью-Йорк-та тұратын қандастар ерекше қолдады". Елордалық 77 жастағы қария АҚШ-та 42 шақырымды жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды

"Нью-Йорк-та тұратын қандастар ерекше қолдады". Елордалық 77 жастағы қария АҚШ-та 42 шақырымды жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды

"Нью-Йорк-та тұратын қандастар ерекше қолдады". Елордалық 77 жастағы қария АҚШ-та 42 шақырымды жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды
ашық дереккөзі
Астана тұрғыны, зейнеткер Салтанат Түйтебаев спорттық жүгірумен кәсіби түрде айналысады. Бұған дейін көршілес елдерді қоспағанда 22 рет шетелге шығып, түрлі марафонға қатысқан ақсақал биыл Нью-Йоркте өткен айтулы додада екінші орын алды. Ол «75+» жас санатында өнер көрсетіп, мегаполис көшелерімен 42 шақырымды жүгіріп өткен. 77 жастағы қарияның табандылығын Қазақстан ғана емес, АҚШ тұрғындары да қызу талқылауда. Салтанат Түйтебаевтің Нью-Йоркте өткен марафон мен спортта жеткен өзге де жетістіктері жайында  Azattyq Rýhy порталы жазды. Нью-Йорктегі дәстүрлі марафонға биыл 33 мыңға жуық адам қатысқан. С.Түйетаев айтулы жарысқа Қазақстан атынан барған жалғыз қатысушы болыпты. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, жұбайымен төрт перзент өсіріп тәрбиелеген. «Өзім физика факультетін бітіргенмін. Ауылға келіп мұғалім болдық. Жұбайым да мұғалімдік қызмет атқарды. Кейін Жаңатас деген қалаға көштік. Кәсіподақ құрамында болып, екінші институт бітіріп алдым. Біздің кезімізде қазіргідей телефон, теледидар болған жоқ. Бос уақытымызда спортпен шұғылдандық. 10-11 жастан бастап спортпен тұрақты түрде айналыстым.  Қазір туа сала кішкентай сәбилер телефонға ұмтылады. Ал, біз доп қуалап, қазақтың спортық ойындарымен өстік. Байқасаңыз ең күшті деген, әлемді бағындырған спортшылардың көбі ауылдан шыққан азаматтар», - дейді қария.  width= Салтанат Түйтебаев Нью-Йорк марафонына қатысу үшін Амстердамда арнайы квалификациялық норматив орнатқан.
«Нью-Йорк марафоны әлем бойынша ең ірі марафондардың бірі. Оның тарихы 1896 жылдың 28 қыркүйегінен басталады. Қазіргі таңда жыл сайын айтулы жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңдай адам келіп қатысады. Оған кез келген адам қатыса алмайды. Тек шақыртумен ғана барасың. Мен ұйымдастырушылардан сондай шақырту алдым.
Марафон туралы өзінің арнайы сайтында жазылып, талаптары көрсетілген. Онда бару үшін осыдан екі жыл бұрын квалификациялық нормативтен өттім. Жас аралығына байланысты норматив әр түрлі болады. Оны Амстердам қаласында орнатып, көрсеткішімді жібердім. Олар мені шақырды», - дейді Салтанат аға. Бұған дейін Жаңа Зеландия, Аустралия, Сингапур, Малазия, Испания сияқты көптеген елде жүгірген қария бәрінен Нью-Йорк марафоны ең қиыны болғанын айтады. «Нью-Йорк өмірімдегі ең қиын марафон болды. Марафонның бір ерекшелігі – жүгіру өтетін жер бір жерде басталып, бір жерде аяқталатын болса, мұнда бір жерден басталып мүлде басқа жерде аяқталды. Нью-Йоркте барлығы бес аудан, бес көпір бар. Соның бәрін бір күнде жүгіріп өттік. Ойлы-қырлы жер болғандықтан қиынға түсті. Десе де, марафоншылар үшін бұл үлкен мәртебе», - дейді ол.  width= Қария өзінің бабын жоғалтпау үшін күн сайын жүгіреді. Арнайы диета ұстамайды.
«Марафонға кәсіби түрде кіріскен адаммын. Аустралияда жүгіруден өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алдым. Жарты жылдан кейін Жаңа Зеландияға барып, ардагерлер олимпиадасына қатысып, бірінші орын иелендім. Жақында Жапонияда кезекті олимпиада өтуі керек болатын, бірақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Енді келесі жылы өтеді, соған дайындаламын.
Алдыңғы орында болу үшін дайындығың дұрыс болуы керек. Мен қыстың күні аптасына бес рет бір күнде 21 шақырымнан жүгіремін. Ал, көктем шығып, күн жылынған уақытта 25 шақырымға дейін ұлғайтамын. Бұрынғыдай жас емеспіз. Жүгірген кезде қиындықтар болады. Спорт онсыз қызық емес. Соңғы Йью-Йорк марафонында белгіленген жерге яғни, орталық паркке екі шақырымдай қалған кезде аяқты алып жүру өте қиын болды. Бар күшімді жинап соңына дейін жеттім. Өз басым спортпен шұғылданып жүрсем де, ешқандай тамақ талғамаймын. Арнайы диета ұстаған емеспін. Үйдегі апаларың қандай тамақ береді соны жеп жүре беремін. Өзгелерге де сондай кеңес беремін. Ағза қалаған тағамды жеп, спортты тастамасаңыз денсаулыққа ешқандай зиян келмейді», - дейді Салтанат Түйтебаев.  width= Ардагер марафоншы пандемия уақытында мүлдем ауырмағанын айтты. Ол дұрыс жүгіру қағидалары мен қандай жағдайда спорттың пайдасы болмайтынына тоқталды.
«Менен жастардың көбі дұрыс жүгірудің әдіс-тәсілдерін сұрап жатады. Әрдайым айтып отыратын ақылым – асықпау керек. Шамаңа қарай 2-3 шақырымнан бастап, ақырындап көтере беруге болады. Жүгірудің адам ағзасына пайдасын кез-келген дәрігер айта алады. Бұл белгілі нәрсе. Ең алдымен жастарды телефоннан шығару керек. Осының бәрі адамды алаңдатады. Менің немерелерім спортпен шұғылданады. Олардың телефон қарайтын уақыты жоқ. Баланың алтын уақытын пайдалы дүниеге жұмсауға дағдыландыру қажет.
Пандемия біз секілді қарт кісілерге үлкен қауіп төндіргені белгілі. Өз басым мүлде ауырған жоқпын. Оның үстіне, алғашқылардың бірі болып дәрігерлер ұсынған вакцинаны салдырып алдым. Одан кейін денсаулығым сыр берген емес. Спортпен шұғылданып жүріп темекі тартып, ішімдік ішпеу керек. Ағзаңды зиянды заттармен улап жүріп, спортпен айналысудың еш пайдасы жоқ. Алкоголь спортпен ешқашан байланыспайды. Дайындық кезінде арнайы режимді қадағалау керек. Уақытылы жатып, уақытылы тұру, мөлшерден көп тамақ ішуге болмайды», - дейді спортшы қария. Ол марафон кезінде қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғысын айтты.
«Жерлестеріме үлкен рахмет айтамын. Марафонға келетінімді естіген Нью-Йоркте тұратын қазақтар хабарласып, хат жазып, қандай көмек керегін сұрап отырды. Осындай бауырларымның бары өзге елде үлкен демеу болды. Марафонға шыққан кезде де көк туымызды ұстап, маған жылы лебізін айтып, қолдап жатыр. Алғысым шексіз. Бұдан артық не керек?! Қазақстандағылар да үлкен қолдау көрсетті. Бәріне ризашылығымды білдіремін», - деді Салтанат Түйтебаев.
Айта кетейік, Нью-Йорктегі дәстүрлі марафон биыл 7 қарашада өтті.