Жұмыссыз жастардың статистикасы қате берілген – Nur Otan партиясының Жастар кеңесі

Жұмыссыз жастардың статистикасы қате берілген – Nur Otan партиясының Жастар кеңесі

Жұмыссыз жастардың статистикасы қате берілген – Nur Otan партиясының Жастар кеңесі
ашық дереккөзі

«Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімділігінің төмендігі айтылды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов атап өткендей, соңғы жылдары бағдарламаға 90 мыңға жуық адам қатысып, оның тек 30%-ы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 77 мыңнан астам жас қазақстандық жұмыссыз. Сонымен қатар, 250 мың жас – еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын NEET санатындағылар. Бұл ақпараттық талдау сандар төмендетіліп көрсетілген және іс жүзінде жұмыс істемейтін жастар әлдеқайда көп деген қорытынды жасауға әкеледі. Осы санаттағы жастармен нақты жұмыстың жоқтығы байқалады», - деді Мәди Ахметов.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Бижанов жастар арасында жұмыспен қамту пайызын арттыру үшін осы саладағы қызметтер enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы да көрсетілетінін айтты. Өткен 10 айда Электрондық еңбек биржасының көмегімен 111 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген, оның 37,8%-ы – жастар.

«Осы жылдың шілде айында skills.enbek.kz қысқа мерзімді кәсіптік оқыту сайтын іске қостық. Онда аспаздық, косметология, заңгерлік және бухгалтерлік қызметтер сияқты және т.б. бағыттар бойынша 91 курс қол жетімді. Портал арқылы барлығы 5200 жұмыссыз азамат оқыса, олардың 2300-і жас буын өкілдері», - деді вице-министр.

Осы орайда Кеңес мүшелері skills.enbek.kz.сайтына кіретіндердің тым аздығын алға тартты.
«Электрондық еңбек биржасына кіріп, өзіңіз үшін бос жұмыс орнын табуға тырысып көріңіз. Бұған жарты күн уақытыңыз кетеді. Ал курстарға арналған сайттарыңыз ше? Дәл қазір сыртқа шығып, адамдардан сұрайықшы. Мұндай порталдың бар екенін ешкім білмейтініне сенімдімін», - деді Кеңес төрағасы Ержан Біржановқа қарата.
«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов ауылдардағы маман тапшылығы мәселесін көтерді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы бойынша бітірген түлектердің 7%-ы ғана мамандық бойынша жұмыс істейді.
«Олардың біразы болашақ мамандықтарын білместікпен таңдаған. Бір университетте мал дәрігері мамандығын алған 30 түлектің тек екеуі ғана мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сондықтан бұл жерде жұмысшы мамандықтарды дәріптеу бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс», - деді Азамат Бейсенбенов.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, Жастар кеңесінің мүшелері сайлауалды уәделердің орындалуын бақылауда ұстайды. Биылғы жылы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 1,5 мың адам жұмысқа орналастырылып, 7,8 мың жас кәсіпкер өз бизнес-идеяларын іске асыруға гранттар алған, сондай-ақ, «Бизнес бастау» жобасы бойынша 10,5 мың жас азамат оқуға жіберілді. Жиын қорытындысы бойынша Кеңес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар әзірледі. Олардың ішінде халыққа skills.enbek.kz порталы туралы көбірек ақпарат беріп, хабардар ету, NEET санатындағы жастармен жүйелі түрде нақты жұмысты қолға алу ұсынылды.