«Абай» шахтасындағы апат: Төтенше жағдайлар министрі пікір білдірді

«Абай» шахтасындағы апат: Төтенше жағдайлар министрі пікір білдірді

«Абай» шахтасындағы апат: Төтенше жағдайлар министрі пікір білдірді
ашық дереккөзі
«Абай» шахтасында апат болған жердегі үйіндіні тазарту жұмысы аяқталады. Бұл туралы Сенатта өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, – деп жазды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, реттеу жүйесіндегі қайта-қайта жасалған реформалар мен бизнес үшін талаптарды қысқарту бойынша қадамдар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеу жұмысын әлсірете түсті. Осы орайда өнеркәсіптік тәртіп деңгейі төмендеп, өндірістерде техногендік апаттар саны өсті. «Бұған 7 қарашадағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиға мысал бола алады. Яғни онда метанның тарауына байланысты апаттан 6 кенші қаза тапты. Бүгінде аталған көмір разрезінде жұмыстар уақытша тоқтатылды, ол жерді мемлекеттік комиссия тексеріп жатыр. Белгілі болғандай, бір мезгілде шахтада 8 мың текше метрден астам метан тараған», - деді министр. Апат кезінде 100 тоннадан астам тау-кен массасы үйіндісі түскен. «Қазіргі кезде үйіндіні тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Менің ойымша, бүгін кешке қарай бұл жұмыстар аяқталады. Қазір өтіп жатқан Үкімет сағатынан кейін, комиссия төрағасы ретінде оқиға орнына (шахтаға) барамын. Осы орайда аталған апаттың болуы себептерін анықтау жұмыстары жүреді», - деді Юрий Ильин. Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты.