Кемеңгер

Кемеңгер

Кемеңгер
ашық дереккөзі

Рабин­дранат Тагордың әдебиетке сіңір­ген еңбегі ауқымы мен сан қырлылығы жа­ғынан еуропалық Қайта Өрлеу дәуі­рінің титандарынан кем түспейді. Үндістанда отандастары әлі күнге дейін оны Кабигуру деп құрметтейді.

Төл тілімізге тәржімалағанда бұл сөздің мағынасы ақын-ұстаз деген ұғымды біл­діреді. Әрине, Тагор бірінші кезекте ақын, со­нымен бірге ол үнділердің суреткер жазу­шысы және драматургі. Ол – композитор, Ота­нында оның әндері күні бүгінге дейін шыр­қалып келеді, ал екеуі Үндістан мен Банг­ладештің ұлттық гим­ніне айналды. Дарынды дра­матург қана емес, талантты режиссер мен ак­тер ретінде де ол өз еліндегі театр өнерінің өсіп-өркендеуіне өл­шеусіз үлес қосты. Тагор біртуар живописші де болды. Мұның сыр­тында ол – филолог, философ, саяси пуб­ли­цист, ағартушы-педагог та. Тагордың шығармашылық мұрасы өте бай – екі мыңнан астам лирикалық жырлар мен әндер, он бір әңгімелер жинағы, сегіз роман, жиырмадан астам пьеса, әдебиет, саясат, философия тақырыбына жазған мақалалар, сөйлеген сөздері бар. Өмірінің соңғы жиырма жылында ол живописпен, графикамен де әуестеніп, екі мыңнан астам картина мен олардың нобайларын салып үлгерді. Үнділердің әйгілі қоғам қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Джавахарлал Неру бір сөзінде Тагордың Үндістанның ең ұлы гуманисі болғанын айтыпты. Кемеңгер шығармашылығының жалпыадамзаттық маңызын сонау 1926 жылы шығыстанушы ғалым, академик С.Ольденбург те өте жоғары бағалап: «Ол – бенгалдық азамат, ал біз – түрлі елдердің оқырмандары – бенгал ақынынан өмірдің сұлулығымен, табиғаттың сұлулығымен және адамның сұлулығымен рахаттанған жанды көреміз. Ол өзінің Отаны, Бенгалия туралы, Ганга туралы айтқанымен, біз оны тыңдай отырып, әрқайсымыз өзіміздің туған жеріміз бен өзенімізді көргендей әсердің құшағына бөленеміз» деген екен. Тагордың Отаны мен оның басты қаласы Калькутта ХІХ ғасырда сол кездері Үндістанда басталған ұлттық оянудың орталығы болды. Ал Бенгалияда жетекші қоғамдық қызметті Тагорлардың отбасы атқарды. Өте бай, ежелгі ақсүйектер әулетінен тарайтын олар сол уақыттағы ең білімді отбасылардың бірі болды. Әуелі атасы, кейін ақынның әкесі «Брахмо Самадж» ұйымын басқарды. 1828 жылы дін реформаторы және ағартушы Ром Мохан Раем құрған ұйым Үндістандағы жаңа үлгідегі ең алғашқы қоғамдық ұйым болды, оның мүшелері орта ғасырдағы таптық-касталық бөліну мен отбасылық-тұрмыстық дәстүрлерден бас тартып, үнділік дінге реформа жасауға ұмтылды. Халық «махарищи», яғни ұлы данышпан деп сыйлаған ақынның әкесі Дебендранат Тагор үнділердің мәдени дербестігін қолдап, британ отаршыл билігі мен мектебі орнатқан, барлық батысшылдыққа көзсіз табынуға қарсы шықты. Отбасындағы он төртінші бала Рабиндранат сәби күнінен философиялық пікірталастарды құлағына құйып, әдебиет пен ғылымға қатты ден қойған ағаларының тәрбиесін көріп өсті. Бенгал және ағылшын тілдерін жақсы білді. Сегіз жасында өлең шығара бастап, он төртке толғанда өлеңдері мен әдебиет туралы мақалалары жарық көрді. Он жетіде екі лирикалық жыр жинағын оқырманға ұсынып үлгерді. 1877 жылы ол заң ғылымын зерттеу үшін ағасымен бірге Англияға аттанып, алайда ол жерде негізінен тек әдебиет және музыкамен айналысып, оқуын аяқтай алмай, еліне оралды. ХІХ ғасырдың аяғында Тагор педагогикаға әуестене бастады, өйткені оны елдегі халықтық білім мәселесі қатты толғандырды. Отаршыл үкімет халықтың сауатын ашу үшін шығындалғысы келмеді, нәтижесінде ХХ ғасыр басындағы Үндістандағы оқу-ағарту ісінің бір ғасыр бұрынғы жағдайдан асып кеткені шамалы. Сауаты барлардың саны ондаған жылдар ішінде 1-2 % ғана өсті. Мысалы, 1921 жылы, тек қол қоя алатындарды да сауаттылардың қатарына жатқызғанда ол 7 % ғана болды. Тагор сол кездері жазған көптеген мақалаларында ағылшын үлгісінің негізінде ашылған мектептердің үнді баласының жанына жат екенін, жастарды бұзып, олардың ұлттық ар-намысын қорлайтынына қатты назар аударды. Туындаған мәселелерді шешу мақсатында ол 1901 жылы жеке қаражатына ата-бабаларынан қалған Шанти-никетон жер иелегінде мектеп ашты. Әуелі ол шағын ғана ашрам-мектеп болып құрылды. Баланың жанын терең түсінетін Тагор оқу құралдарын пайдаланбай-ақ мектепте сабақ берумен айналысты. Кейін мектеп колледжге, ал 1919 жылы ол Шығыс халықтарының рухани мәдениетін зерттейтін әлемдік орталықтардың бірі болған «Вишвабхарати» ұлттық университетіне айналды. 1920 жылы осы жер Бенгалдық Қайта Өрлеу жаңа қозғалысының орталығы болып, Үндістандағы бүгінгі заманғы ұлттық өнердің негізін салған Суретшілер мектебінің одағы құрылды. Өнердегі бағыттардың бірде-біреуіне жатпайтын Тагордың қайталанбас живописі отандастарын таңғалдырды. 1922 жылы ол Шриникетонда ауылдық орта мектепті ашып, онда жалпы білім беру пәндерімен бірге балаларға агротехника мен кәсіпкерлікті оқытты. Тагордың Шантикетондағы мектеп ісіндегі тәжірибесі мен педагогикалық көзқарасын оның жақтасы Махатма Ганди Үндістандағы бастауыш мектеп реформасының жоспарын жасау мен оны іске асыруда жақсы пайдаланды. Алайда атақты ақынға әлемдік даңқ 1912 жылы Англияда Тагордың «Гитанджали» (Құрбандық әндері) деп аталатын, шағын ғана жыр жинағы ағылшын тілінде жарық көрген кезде келді. 1913 жылы осы жыр жинағы үшін Рабиндранат Тагорға «Асқан шеберлікпен ақындық танымы көрініс тапқан, терең сезіммен жазылған, бірегей және ғажайып жырлары үшін» деген қисынмен, әдебиет саласындағы ең ұлы марапат болып саналатын Нобель сыйлығы берілді. Бұл Швед Академиясының тарихындағы айтулы оқиға болды. Өйткені тұңғыш рет атақты марапатты Азия халықтарының арасынан шыққан әдебиеттің өкілі алды. Міне, осы оқиғадан кейін Тагордың туындылары әлем халықтарының тілдеріне аударыла бастады. Ұлы ақынның бірнеше шығармасының қазақ тіліне де тәржімаланғанын айта кеткім келеді. Мысалы, суреткердің бірнеше туындысы талантты жазушы Сафуан Шәймерденовтің тәржімалуымен қазақ тілінде жарық көріп, кітап болып шықты. Әрине, бір әңгіменің барысында Рабиндранат Тагордың сан қырлы шығармашылығына жан-жақты тоқталу әсте мүмкін емес. Сондықтан да біз ұлы ақынның Нобель сыйлығын алуына себепкер болған негізгі туындысы «Гитанджали» кітабына ғана қысқаша шолу жасап кеткенді жөн санадық. Ең алғаш рет бұл кітап 1910 жылы бенгал тілінде жарық көрді. Оған ақынның 1908 бен 1910 жылдары жазған өлеңдері енді. Аудармасын өзі дайындап берген, «Гитанджалидің» ағылшын тілінде жарық көрген басылымы 103 өлеңнен тұрады. Жинақтағы жырлар негізінен адамның Құдайға деген қарым-қатынасын сипаттауға арналған. Бұл ерекшелік Тагордың басқа туындыларына да тән. Дей тұрсақ та, олар дін тақырыбына арнап жазылған сол кездері Үндістанда өмір сүрген басқа шайырлардың өлеңдеріне мүлде ұқсамайды. Тагор туындыларына қандай да бір діни ағымның ықпал еткені сезілмейді. Өлеңдердің сюжеті тырналардың ұшуы, өзендердің қиылысы, ағаштың астындағы ғашықтар т.б. сияқты қарапайым өмірлік жағдайларды сипаттауға арналған. Осындай өлеңдері арқылы ақын адамдық пен Құдайлық махаббаттың тұтастығын, адам мен табиғат құдіретінің үйлесімін көрсетуге тырысады. «Гитанджали» жинағындағы ақын өлеңдері стилінің қарапайымдылығы және ықшамдылығымен дараланады. Кейде төрт жолдық шумақ, екі жолдық ұйқасқа айналып кетіп жатады. Кейде Тагор екі ұйқасты жаңартып, оған үш жолдық өлең жолдарын енгізіп жібереді. Бүгінде Рабиндранат Тагордың шығармалары оқырмандар арасында зор сұранысқа ие деп айта алмаймыз. Бірақ осыдан жүз жыл бұрын «Гитанджалиді» ақын Юргис Балтрушайтис орыс тіліне аударып, ол Ресейде кітап болып шықты. Тагор туындысының Ресейде жарық көруі сол кездегі орыстардың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Ал Батыстың ірі суреткерлері Тагор шығармашылығын аса жоғары бағаламады. 1937 жылы Грэм Грин «Рабиндранат Тагорға келетін болсақ, өз басым мистер Йейтстен басқа бірде-бір қаламгердің оның талантын мойындайтынына сене алмаймын» деген екен. Тагордың стилдік тұрғыдан сан алуан болып келетін поэзиясының тереңде жатқан тамырын ХV-ХVІ ғасырдағы вайшнав ақындарының шығармашылығынан іздеген ләзім. Ол Вьяса сияқты Упанишадты, Кабира мен Рапрасад Сенаны жазған ақындардың мистицизмінен қатты әсер алды. Дей тұрсақ та, ішінде баулдық мистик-жыршылардың балладалары енген Бенгалияның халықтық музыкасымен етене танысқаннан кейін ғана оның поэтикалық туындылары кемелдікке жетті. Пенде баласының іщкі әлемі мен діни біржақтылыққа қарсы бүлігіне айрықша көңіл бөлінетін Картабхаджидің гимндерін қалың бұқараға кеңінен танымал етті. Шилайдахеде өткізген жылдарында Тагордың өлеңдерінде лирикалық әуен пайда болды. Онда ол таңғажайып табиғат арқылы адамның жан дүниесін ашуға ұмтылды. Бханусимха деген бүркеншік есіммен жариялаған, Радха мен Кришнаның арасындағы қарым-қатынасына арнаған поэмаларында ақын осы тәсілді шебер пайдаланды. Кейін бұл тақырыпқа ол бірнеше мәрте қайта оралды. Бенгалиядағы реализм мен модернизмнің дамуына сіңірген еңбегі ақынның 1930 жылдардағы әдеби эксперименттерінен анық байқалады. Мысал ретінде шайырдың өмірінің соңғы жылдарында жазылған танымал жырлары «Африка» мен «Камалияны» айта аламыз. Көптеген композиторлар Тагордың өлеңдеріне тамсанып, талай ән де шығарды. Тагор сегіз роман, көптеген әңгімелер мен новеллалар да жазды. Бенгал шаруаларының өмірі сипатталған шағын новеллалары 1913 жылы ағылшын тілінде жарық көрді. «Үй мен әлем» деп аталатын әйгілі романында ол үнділердің қоғамын ұлтшыл, тероршы әрі әсіре діншіл Никхиланың көзімен көрсетеді. Роман үнділер мен мұсылмандар арасындағы текетіреспен, Никхиланың жанының жаралануымен аяқталады. «Аққұба» романында суреткер Үндістанның дербестігі мәселесін көтереді. Суреткер көркем шығармалармен ғана шектелмей, деректі проза жанрында да еңбектеніп, көптеген кітаптар жазды. Тагордың ол кітаптарында Үндістанның лингвистикасы мен рухани тарихының тақырыбы қамтылған. Өмірбаяндық еңбектерінің сыртында жазушының жолжазба күнделіктері, эсселері мен оқыған дәрістері бірнеше томнан тұрады. Ұлы ақынның атақты физик Эйнштейнмен жазысқан хаттары да ол томдарға енді. Тагор ұлы ақын, талантты суреткер ғана емес, ғажайып композитор да болды. Екі мыңнан астам ән шығарды. Сангит стилінде жазылған оның әндері Бенгалия мәдениетінің рухани қазынасы болып саналады. Тагордың музыкасын оның шығармашылығынан бөліп қарауға болмайды.
1913 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер: 1. Петер Розеггер (1843-1918). Австрия жазушысы әрі ақын. Поэзияда да, прозада да халықтық тілді кеңінен пай­да­лан­ды. Қалың оқырманға кеңінен танымыл болған туындысы – «Құдайды іздеушілер» романы. Жазушы және қайраткер ретінде ағартушылық бағытта жұмыс істеді. 1900 жылы ол өз елі­нің мойындалған ұлттық ақыны атанды. Гейдельберг, Вена жә­не Граца университеттерінің құрметті докторы болды. 2. Джон Леббок (1834-1913). Ағылшын энциклопедисі, бан­кир, саясаткер, археолог, биолог және моралист-жазушы. Анг­лияда лауазымды қызметтер атқарған. 3. Джон Морли (1838-1923). Ағылшындардың қоғам қай­раткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шы­ғармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шы­ғармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің сая­си журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор. 4. Томас Харди (1840-1928) . Танымал ағылшын жазу­шы­сы, ақын. 5. Харальд Геффдинг (1843-1931). Даниялық философ жә­не теолог. Копенгаген университетінің профессоры. 6. Карл Гьеллеруп (1857-1919). 1917 жылы Дания мем­ле­кетінің атынан әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сый­лы­ғын иеленген қаламгер. 7. Якоб Кнудсен (1858-1917). Даниялық жазушы. Тео­ло­гиялық білім алған. Шығармашылығына Фридрих Ницше, Се­рен Кьеркегор мен Лев Толстойдың еңбектері қатты ық­па­лын тигізген. 8. Хенрик Понтопиддан (1857-1943). 1917 жылы Дания мем­лекетінің атынан әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сый­лығын иеленген қаламгер. 9. Эдуард Доуден (1843-1913). Ирландиялық ақын, әде­биет­ші, шекспиртанушы ғалым. 10. Анжель Гимера (1845-1924). Шығармаларын ката­ланск тілінде жазған испан ақыны, жазушы, драматург. 11. Бенито Перес Гальдос (1843-1920). Испан әде­бие­тін­дегі сыншыл реализмнің ірі өкілі. 12. Грация Деледда (1871-1936). Италия жазушысы. 1926 жы­лы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 13. Сальваторе Фарина (1846-1918). Италия жазушысы, ро­манист және новелист. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр ба­сында үлкен танымалдыққа қол жеткізген жазушы болды. 14. Юхани Ахо (1861-1921). Финляндияның тұңғыщ кә­сіби жазушысы, журналист, аудармашы. 15. Бергсон Анри (1859-1941). Әлемге әйгілі француз фи­лософы. 1927 жылы әдебиет саласындағы Нобель сый­лы­ғын иеленді. 16. Эрнест Лавис (1842-1922). Француз тарихшысы. Фран­цуз академиясының мүшесі. 17. Анатоль Франс (1844-1924). Әлемге әйгілі француз жазу­шысы. 1921 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты. 18. Карл Шпиттелер (1845-1924). Швейцариялық ақын. 1919 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 19. Свен Андерс Гедин (1865-1952). Швед саяхатшысы, геог­раф, журналист, жазушы, қоғам қайраткері. 20. Карл Густав Вернер фон Хейденстам (1859-1940). Швед жазушысы, 1916 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ