Смағұл Елубай. Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Смағұл Елубай. Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Редакциядан: Қарымды қаламгер Смағұл Елубай қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жазбаларын редакция поштасына жолдаған екен. Шынайы таланттардың қаламды серік етуі сиреген қоғамда жазушы ойларының құндылығын ескере отырып, қаламгер жазбасының бір парасын жариялауды жөн санадық.
«Бұ дүниені кім жаратты? Қашан жаратты? Қалай жаратты?» Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан сауал. «Бәрін жаратқан бір Алла» десек те, бұл сауалға заманауи ғылымның қалай жауап беріп жатқанын қадағалап отыру әдетке айналған. Әсіресе, астрофизика, кванттық физика саласындағы жаңалықтарды қадағалап отыру әдетке айналған еді. Осы салада ғылым әлемі, ағылшындық әйгілі астрофизик Стивен Хокинг пікіріне құлақ түргені белгілі. «Жаратылыс қалай, қашан жаратылды?» деген сауалға бұл ғалым «Ұлы Қопарылысқа дейін / 14 млрд жыл бұрынғы/ қазіргі ұшы-қиырсыз ғалам тары қауызынан да кіші бір атомға сыйып тұрды» деп жауап беріпті. «Не дейді? Не дейді?» «Бүкіл ғалам бір атом қауызына сыйып тұрды» дей ме?! «Астапыралла!» деп, жағамызды ұстадық. Ай мен Жер, Күн, тіптен, анау көз жетпес галактикалар әлемі бір атом қауызына қалай сыймақ?! Адамды жынды қылатын жауап! Ақылға сыймас теория!
Осындай ақылға сыймас «теорияны» бала кезімізде ауыл ақсақалдарынан еститінбіз. Ондайда, советтік оқушы ретінде: «Соқ, ертегіні!» дейтінбіз іштей. Бір күні Сопы Аллаяр толғауына үңіліп отырсақ бұл әйгілі әулие: «Хақ Тағалла түсірсе егер әмірін, Екі дүние сыяр еді, қауызына тарының» депті. Айна қатесі жоқ дәл осылай депті.Сөйтсек, бұл қағида, ғаламның тары қауызына сыйып кету мүмкіндігі туралы қағида, дінисламға атамзаманнан аян қағида екен.
Енді, міне сол дінисламдағы қағиданы ХХ ғасыр астрофизигі Стивен Хокинг те қайталапты. «Ұлы Қопарылысқа» дейін ғалам небәрі бір атом қауызына сыярлық сингулярлық күйде болған» депті. Біз таңғалдық. «Тарихтың өне бойында ит пен мысықтай аңдысып келген дін мен ғылым қалайша бүгінде басы қосылып, сөзі бір жерден шықты?» деп.
***
Бұл неткен ел, неткен ел! Кешегі бір заманда, Күнбатысқа көз салмай, Күншығысқа көз салмай, додасында дүниенің, көкпарға түскен серкедей, қанжығада кеткен ел! Егемен ел болғанда, тізгінді қолға алғанда, шырт ұйқыдан бас алмай, қу құлқыннан аса алмай, асулардан әрең деп, шатқаяқтап өткен ел! Боларсың қашан бек кемел?
***
Күллі ғұмырын ғылымға бағыштаған Әбу Насыр әл-Фараби тәлім- тәрбиені білім-ғылымнан жоғары қойған. Яғни, «адамзаттың екінші ұстазы» тәрбиесіз білім-ғылымның адам қауымына әкелер пайдасынан гөрі зияны көп деп білген. Бүгінде сол ақылманның айтқаны айдай келіп отыр. Яғни, бүгінде адамзаттың өзі, өзі ойлап тапқан биологиялық қару құрбаны болып отыр! Осы орайда Уинстон Черчилльдің әйгілі «Фултон сөзі» еске түседі. Әйгілі саясаткер 1946 жылы АҚШ-тың Фултон қаласында студент, ұстаздар қауымы алдында сөйлеген сөзінде күллі адамзатқа қаратып мынадай бір ескерту айтыпты: «На сверкающих крыльях науки может вернуться каменный век. Будьте бдительны! Быть может времени осталось очень мало...»
Террористер қайдан шығады? Әрине, адам санасына Сайтан салған ойдан шығады. Ешбір дін адамды «өлтір» демейді. Сондықтан Сайтан адам өлтіруге кең жол ашу үшін ХІХ ғасырда Еуропада адамның қолымен діннің өзін өлтіруге кірісті. Құдайды адам санасынан аластап, орнын өзі иеленді. Ашкөздікті алға салды. Адамшылықты артқа шегерді. Нәтижесінде империализм басқа шауып, төске өрледі. Отаршылдық ойраны басталды. Бодан елдерді жойдасыз тонау басталды. Империялар моральдық емес, материалдық салада прогресс жасады. Жойқын қару жасау жарысқа айналды. Адамзатты біржолата жоюға жол ашылды. Сайтанның айдарынан жел есті. Сан шапалақтап адам санасына бірінен бірі өткен сорақы идеялар салды. Соның ірісі Маркстің маңдайына жазылды. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұран. Бұны естіген Достоевский «Бұл теория іске асар болса, бір жүз миллионды жұтатын шығар» деді. Айтқаны келді. ХХ ғасырда осынау төңкерісшіл теорияны ту еткен Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Поттар, шынында да, жүз миллионнан астам жанның күлін көкке ұшырды. Осыған ілесе Маркстің «Дін – апиын» теориясы Құдай дегендерге қырғидай тиді. Талай мың мешіт, шіркеу, пұтханалардың шаңырағы ортасына түсті. Күллі құрлықта Құдай дегендердің сүйегі шашылып қалды. Сол сүйек үстінде Сайтан ойнақ салды. Сөйтіп, ХХ ғасыр Сайтан салтанат құрған ғасыр болды. Екінші дүниежүзілік соғыста қырылған елу миллион аз болғандай Сайтан енді адам баласын миллиардтап қыруды көздеді. Глобалистер құлағына сыбырлады. «Әлемдегі адам санын азайтпасаңдар Жер бетінде әне-міне нәубет орнайды!» деді. Глобалистердің көкейіне бұл теория қона кетті. Рим клубы трибунасынан жалпақ әлемге паш етті. Сөйтіп, Жер бетіндегі жұмырбастыларды жалмауға тиіс жойқын теория өмірге келді. Тәжтажал тарих сахнасына шықты. Оның ойраны көз алдымызда жүріп жатыр.
Бұдан біз нені көрдік?! Көргеніміз кез келген тарихи апаттың алдында адам санасына Сайтан сойқанды идеялар салады екен. Егер тобыр сол сайтани идеяларға неғұрлым сенсе, Жер бетінде соғұрлым апатты соғыстар болады екен. Сайтан жетегіндегі көсемді ту еткен талқаншыл тобыр, тау селіндей жойқынға айналып, жолындағысын жайпап жайратып кетеді екен. Тарихтағы соғыс атаулы осыған мысал.
Гитлерді алыңыз. «Өтірікті неғұрлым өсіре соқсаң, тобыр соған соғұрлым құлай сенеді!» деп, қақсаған бұл кәпір, ізіне ерген тобырды «арийлерден өзге жұрт адам емес» дегенге сендірді. Бұл шынтуайтына келгенде, «арий еместерді өлтіре беріңдер!» деген ұран еді. Осылайша, басы ашық террористік теория өмірге келіпті. Фашизм өмірге келіпті. Фашизм өртінде 50 миллионның күлі көкке ұшқаны белгілі.
Террористік теория табуда советтік большевизм де ешкімнен кем түспепті. Кезінде Сталин: «Кулактарды тап ретінде жою керек» деп ұрандатты. Осы теория арқасында тыныш отырған ауқатты шаруалар әпзаматта «халық жауы» болып шыға келді. «Бақытты болашақ коммунизмге жету» үшін ондай жаулардан құтылу керек еді. Құтылды. Ауқатты шаруаралар жойылысымен жаппай ашаршылық басталды. Ол нәубет қазақтың жартысын жалмады. Одақ бойынша 20 миллион жан сталинизм құрбаны болды.
Байқап отырғанымыздай, түгел бір халық, бір қаныпезердің басына келген бір теория құрбаны болады екен. Қазақ халқы – соның бірі. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстанды басқаруға 1925 жылы қандыбалақ Ф.Голощекин келді. Мәскеуден келе жатып ол, пойыз үстінен қазақ даласын шолды. Басына сұрапыл ой келді. «Бұл елді Ұлы Октябрь айналып өткен екен, бұл елде кіші Октябрь жасау керек екен!» деген. Ол ақыры «Кіші Октябрьді» жасады. Қарсы келгенді қазық қып жерге қақты. Қазақ қоңыз теріп кетті. Шыбындай қырылды. Голощекині жоқ Орта Азияның өзге елдерінің бағы бес елі екен. Бұндай құзғын тырнағынан аман қалды. «Кіші Октябрьді» бастан кешкен қазақ байғұстың сүйегі шашылып далада қалды.
Осылайша, қаныпезер басшының басына келген бір ойдан, түгел бір халық Жер бетінен жойыла жаздады. Шолақ басшылардан Ұлы Дала шеккен қасірет жалғыз бұл емес еді. Ең сорақысы, шолақ басшылар шолақ теориялар шығаруға шебер болып шығатыны. Большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин 1919 жылғы, 1921 жылғы қазақ даласындағы ашаршылықты көріп төмендегідей теория шығарады: «Марксистің теория тұрғысынан келгенде, қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы заңды» деген теория жариялайды. Бұл теориясын қызыл комиссар жалпақ ел жиылған большевиктік жиында жария етеді. Яғни, Тоболин теориясы бойынша ақсүйек ашаршылық апатына 1919-1921 жылдары қазақтың малына қырғидай тиген ақтар да, қызылдар да кінәлі емес, халық қолындағы бар астығын тартып алған «продразверстка» кінәлі емес, кінәлі «экономикасы артта қалған қазақтардың өздері» екен. Яғни, басшы ретінде қоластында қырылып жатқан халықты құтқарудың орнына, оны орға итерген болып шығады. Тарихта таңбаланып, жалпы жұртқа белгілі бұ жайттарды біз неге келтіріп отырмыз? Ел басына келген жоғарыдағыдай қаныпезерлер белгілі бір лаңды бастау үшін, алдымен, террористік теориялар ойлап табатынын айтқымыз келді. Және соған жалпы жұртты сендіруге жан салатынын айтқымыз келді. Яғни, кез келген террористік лаңның бастау бұлағында террористік теориялар жататынын айтқымыз келді. Егер сол сойқан теориялар ел басқарған басшылардың басына келсе, онда ол теориялардың салдары, жалпыұлттық қасіретке айналатынын айтқымыз келді.
Тарихтың өне бойында әлді елдер әлсіз елдерді отарлапты. Тонапты. Әлді әлсізді екі бүктеп бір шайнапты. Джунгли заңы. Адамзат осы заңмен өмір сүріпті. Тек, ХХ ғасырда ғана бұл жабайылықтан бас тартыпты. Бірақ бұл жабайылықтан бас тартса да, империялық үстемдіктен бас тарта алмапты. Қараңыз, жаңа ғасырда да дамыған елдер жанталасып жатыр мықты болуға, әлемді билеуге. Джунгли заңы қалғымай жұмыс істеп тұр. Джунгли заңы бұрын қарумен жүзеге асса, бүгінде ақпарат құралдры арқылы, ақша арқылы қол-аяғыңды шырмайды. Кіріптар етеді. Тәсіл – жаңа, мақсат – ескі. Әлеуетті елдер жаппай қаруланып жатыр. Сын сағаты соққанда бұл қарулар әлемнің күлін бір сағатта көкке ұшырып Жер бетінде ақырзаман орната алады.
***
Батыстан үйренетін де, жиренетін де нәрселер көп.
Үйренетін нәрселер:
1.Ғылымға, өнертапқыштыққа басымдылық берді, ортағасырлық мешеуліктен ерте шықты. Инженерлік ой дамыды. Соның арқасында отқару дамыды. Отқару арқасында Батыс әлемді биледі.
2.Тілі мен мәдениетінің өрісін кеңейтті. Өркениет көшін бастады.
3.Халқы құлдық сананы бастан кешпеді.
Жиренетін жақтары:
1. Ғарыштап дамыған прогреске табынып, Құдайды ұмытты. Адамды Құдайдан жоғары қойып, нәпсі қуып кетті. Енді, бүгінде нәпсі дегеннің аранын толтыра алмай әлек. Нәпсі дүниенің түбіне жетуге беттеді.
2. Астамшылық, өзімшілдік өктеді.
3. Өзімшілдер өзге үшін емес, өзі үшін өмір сүреді. Тіптен, бала үшін де өмір сүргісі келмейді. Соның арқасында Батыс демографиялық дағдарысқа ұшырады. Бала туу күрт қысқарды.
4. Демографиялық апат бұл құрлықтың түбіне жетуге беттеді. Бұл – Құдайсыз прогрестің барар жер, басар тауы.
Абзалы – алға шыққан елдердің жақсысынан үйрену, жаманынан жирену. Сырты жылтырағанның бәрі алтын емес.
***
Ақсақалдарымыздың өздері ел алдына шығып орыс тілінде көстеңдеп отырады. Ана тілімізді аяқасты етудің бұдан өткен сорақы тәсілін табу қиын. Бұ байғұс халықтың «ақсақалдарының» өзі осындай «өнеге» көрсетіп отырса, онда, өзге жұрттан не қайыр?!
***
Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге табынудан басталады. Ана тілге деген опазсыздық түбінде Ата жұртқа деген опасыздыққа ұласады. Өйткені өз тілінен безіп, өзге тіл тобына өткендер өз тілінің ғұмырын қысқартады. Өзге тілдің ғұмырын ұзартады. Өз елінің ғұмырын қықартып, өзге елдің ғұмырын ұзартады. Ендеше, тіл үшін күрес – ел үшін күрес.
Бұл деген сөз – өзге тілді білме деген сөз емес. Бұл деген сөз – өзге тілді білген сайын өз тілің менен еліңе табына түс деген сөз. Сонда ғана тілің – тіл, елің ел болмақ.
– Бұ кісі өзі, мына сөз саптасына қарағанда, ана жаққа барып келгенге ұқсайды ғой! – деп, кекетеді оқырман. Осы арада, сондықтан өз басымыздан өткен мына бір оқиғаны еске алдық. 1982 жыл. Көктем. Түс әлеті еді. Қалғып-мүлгіп ішкі бөлмеде жатқанмын. Көзім ілініп кетсе керек. Бір кезде бақсам, құстай ұшып құнтиып ащы ішектей шұбатылған қараңғы үңгірмен зымғап келемін. Тәнім жоқ. Қайда қалғанын білмеймін. Бірақ, бір уыс жаным бар. Зымырап келемін. Ұзыннан-шұбақ туннелдің арғы басында дөңгелене ағарып шығар ауыз көрінеді. Солай қарай ағып келемін. Ақыры туннел артта қалды. Зымғап барып бұрын кезікпеген беймағлум әлемге шықтым. Жан-жағым қырмызы рең жайқын көк. Сол биікте тұрмын қалықтап. Жаным жусап бұрын-соңды болмаған рахат күй кешеді. Тән жоқ, жан бар. Құлдырап құйқылжып ләззат кешкен жан. Көз жоқ, көріп тұрмын. Сөз жоқ, біліп тұрмын. Ыстық та жоқ, салқын да жоқ. Төңірек тек жатқан тыныштық. Байғұс жанды ана құшағындай албыратып бақытқа бөлеп тұр. Төрт құбыласы тең мамыражай кеңістік. Жер бетінде жаныңды иттей жейтін ащы ойлар жоқ. Ұшты-күйді жоғалған. Қайғы-мұңсыз, бір шексіз әлем құшағындамын. Жан байғұс мерекелеп тұр, лекілдеп тұр. Мәңгілікке мәз. Өткіншіден құтылғанына мәз. Ақиқат әлеміне мәз. Бірақ жан түкпірінде бір үрей қылтияды, басқа қонған осы бір бақтан айырылып қалам ба деген үрей. Артта қалған беймаза әлемге қайта айналып барудан қорыққан үрей. Ой-сана сайрап тұр. Төл мекенін тапқан. Төл мекені осы екеніне имандай сенеді. Ендігі тілегі енді осы әлемде қалу. Басына қонған көл-көсір бақыттан айырылмау. Осылай деп бебеулейді жан байғұс. Балқиды бақ құшағында. Арманы ұлы Ақиқат аясында қалу. Бірақ болмады. Бір ғайып жанын әкеп Жер бетіндегі тәніне қуып тықты.
Тіріле кетсем өз үй, өлең төсегімде жатырмын. Төңірегім толған ақ халаттылар. Бетіме су бүркіп жатыр, шапалақтап жатыр. Уколдап жатыр. Сөйтсем, мен, жарты сағат бұрын, төсегімде жанұшыра айқайлап, көзім ақиып, өзіммен-өзім арпалысып естен таныппын. Үйдегілер үрпиіп, зәресі ұшып кетіпті. Жұмажан дереу «жедел жәрдем» шақыртыпты. Сол шиыршық атқан арпалыс үстінде арқа етім арша болып жыртылып кетіпті. Ауырып қақсай бастады. Дәрігерлер апарып ауруханаға салды. Екі ай жаттым неврологиялық госпиталда. Қазіргі Абылайхан бойындағы. Менің сол 1982 жылы көктемде бастан кешкенім медицина тілінде «клиникалық ажал» аталынады екен. Бұны бастан кешкендер о дүниеге «барып келгендер» санатына жатқызылады екен. Әлемде бұндайды бастан кешкендер жалғыз біз емес екенбіз. Олар жетіп артылады екен. Ондай оқиғалар жайлы талай кітаптар жазылыпты, диссертациялар қорғалыпты. Оны біз соң білдік.
***
Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы атамыз Адамның өзі, алғашқы анамыз Хауаның өзі Жұмақтан күнә жасап қуылған. Жер бетіне күнәһар күйінде түскен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жуған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді. Тәкаппарлық оны Құдайдың қарғысына ұшыратты. Сайтанға айналды. Бұдан біз нені көреміз? Құдай жаратқан періштенің өзі күнәдан құралақан болмағанын көреміз. Күнәһарлықтан періште де, адам да құралақан болмағанын көреміз. Әсіресе, күнәһарлық оттан жаралған періштеге емес, топырақтан жаралған адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туындамақ. Күнә адамға тумыстан тән болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда, сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы Адамды пәктікпен жаратты. Бірақ Адам Ібіліске ерді. Күнәға батты. Ол өзінің күнәға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың Жер бетіндегі алғашқы пайғамбарына айналды. Бұл бізге қасиетті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жыласа Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Атамыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен; «Адасқанның айыбы жоқ, жүрер жөнін тапқан соң» деген.
Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе, сол қателіктен қандай қорытынды шығара білуінде. Адамның адамдығы осы сын өткелде көрінеді. Тіптен, қателікке ұрынған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы алға шығып кететіні туралы да тәмсілдер жетеді. Орта ғасырда Тибетте тақуалықтан алдына жан салмаған Миларепа әулие өтті. Сөйтсе, оның тақуалық жолға түсуіне де себеп болған ауыр күнә болыпты. Ағайындарын қырып салған қарақшыларды Миларепа да қуып жетіп қырып салған. Содан, соншама адам қанын мойныма жүктедім деп тауға қашып жалғыздан-жалғыз тақуалық жолға түседі. Бүкіл өмірі үнгірде өтіпті. Басына әулиелік қонып алақаны тиген тас балқитын болған. Адам құдіретінің куәсі сол тастар Тибетте әулие үнгірінде әлі тұр. Әулиелер табаны тиіп балқыған тастар қазақ жерінде де бар. Маңғысауда Ұштаған ауылы маңында Масаты әулиенің ізі жатыр, тас бетімен жүгіріп өткен. Өз көзімізбен көрдік. Бірақ біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы.Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез келген адам қышқыл дәмін татып көретін осы бір захар туралы. Сайтан сыбырымен сол захар дәмін татқан пенделердің өзінен-өзі шошып, зар қақсап Хақ жолына түсетіні туралы. Және олардың Алланың сүйікті құлы әулиеге айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен сол әулиелер алдымызда алаудай жанып, қара түнді қақ жарып жол ашатыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны туралы. Шалыс басудан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына ерем деп өмірде у ішкендер қатарында ұстаздардың ұстазы Құл Қожа Ахмет, Имам Ғазали, Софы Аллаярлар жүр: «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған. Өткен ісіне өкініп «ах» ұрғандар қатарында Абай да бар. Мінім «тау тасындай аз емес» деп ол да «аһ» ұрды. Алыптардың алыптығы сол, шалыс қадамдарынан дер кезінде шоши біліпті. Және сол қателіктеріне қарсы қиян-кескі майдан аша біліпті. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерге ұрынбаса екен депті.