Смағұл Елубай. Қоңыр дәптерге қонған ойлар

Смағұл Елубай. Қоңыр дәптерге қонған ойлар

Смағұл Елубай. Қоңыр дәптерге қонған ойлар
ашық дереккөзі
Редакциядан: Қарымды қа­ламгер Смағұл Елубай қо­ғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жазбаларын редакция поштасына жолдаған екен. Шынайы таланттардың қаламды серік етуі сиреген қоғамда жазушы ойлары­ның құндылығын ескере отырып, қаламгер жазбасының бір парасын жариялауды жөн санадық.
«Бұ дүниені кім жаратты? Қашан жа­рат­ты? Қалай жаратты?» Есте жоқ ескі за­ман­­нан келе жатқан сауал. «Бәрін жаратқан бір Алла» десек те, бұл сауалға заманауи ғы­­­­лымның қалай жауап беріп жатқанын қадағалап отыру әдетке айналған. Әсіресе, астрофизика, кванттық физика саласын­дағы жаңалықтарды қадағалап отыру әдет­ке айналған еді. Осы салада ғылым әле­мі, ағылшындық әйгілі астрофизик Сти­вен Хокинг пікіріне құлақ түргені бел­гілі. «Жаратылыс қалай, қашан жаратыл­ды?» деген сауалға бұл ғалым «Ұлы Қопа­ры­лысқа дейін / 14 млрд жыл бұрынғы/ қа­зіргі ұшы-қиырсыз ғалам тары қауы­зы­нан да кіші бір атомға сыйып тұрды» деп жауап беріпті. «Не дейді? Не дейді?» «Бүкіл ға­лам бір атом қауызына сыйып тұрды» дей ме?! «Астапыралла!» деп, жағамызды ұста­дық. Ай мен Жер, Күн, тіптен, анау көз жет­пес галактикалар әлемі бір атом қауы­зына қалай сыймақ?! Адамды жынды қыла­тын жауап! Ақылға сыймас теория! Осындай ақылға сыймас «теорияны» бала кезімізде ауыл ақсақал­дары­нан еститінбіз. Ондайда, советтік оқушы ре­тінде: «Соқ, ертегіні!» дейтінбіз іштей. Бір кү­ні Сопы Аллаяр толғауына үңіліп отыр­сақ бұл әйгілі әулие: «Хақ Тағалла түсірсе егер әмірін, Екі дүние сыяр еді, қауызына та­рының» депті. Айна қатесі жоқ дәл осы­лай депті.Сөйтсек, бұл қағида, ғаламның тары қауызына сыйып кету мүмкіндігі туралы қағида, дінисламға атамзаманнан аян қағида екен. Енді, міне сол дінисламдағы қағи­да­ны ХХ ғасыр астрофизигі Стивен Хо­кинг те қайталапты. «Ұлы Қопарылысқа» дейін ғалам небәрі бір атом қауызына сыярлық сингулярлық күйде болған» депті. Біз таңғалдық. «Тарихтың өне бойында ит пен мысықтай аңдысып келген дін мен ғы­лым қалайша бүгінде басы қосылып, сөзі бір жерден шықты?» деп. *** Бұл неткен ел, неткен ел! Кешегі бір за­манда, Күнбатысқа көз салмай, Күн­шығысқа көз салмай, додасында дү­ние­нің, көкпарға түскен серкедей, қан­жы­ғада кеткен ел! Егемен ел болғанда, тізгінді қол­ға алғанда, шырт ұйқыдан бас алмай, қу құлқыннан аса алмай, асулардан әрең деп, шатқаяқтап өткен ел! Боларсың қашан бек кемел? *** Күллі ғұмырын ғылымға бағыштаған Әбу Насыр әл-Фараби тәлім- тәр­бие­ні білім-ғылымнан жоғары қойған. Яғ­ни, «адамзаттың екінші ұстазы» тәрбие­сіз білім-ғылымның адам қауымына әкелер пайдасынан гөрі зияны көп деп білген. Бү­гінде сол ақылманның айтқаны айдай ке­ліп отыр. Яғни, бүгінде адамзаттың өзі, өзі ойлап тапқан биологиялық қару құр­баны болып отыр! Осы орайда Уинстон Чер­чилльдің әйгілі «Фултон сөзі» еске түсе­ді. Әйгілі саясаткер 1946 жылы АҚШ-тың Фултон қаласында студент, ұстаздар қауы­мы алдында сөйлеген сөзінде күллі адам­затқа қаратып мынадай бір ескерту ай­тыпты: «На сверкающих крыльях науки мо­жет вернуться каменный век. Будьте бди­тельны! Быть может времени осталось очень мало...» Террористер қайдан шығады? Әрине, адам санасына Сайтан салған ой­дан шы­ғады. Ешбір дін адамды «өлтір» де­мей­ді. Сондықтан Сайтан адам өлтіруге кең жол ашу үшін ХІХ ғасырда Еуропада адам­ның қолымен діннің өзін өлтіруге кірісті. Құ­дайды адам санасынан аластап, орнын өзі иеленді. Ашкөздікті алға салды. Адам­шы­лықты артқа шегерді. Нәтижесінде им­периализм басқа шауып, төске өрледі. Отар­шылдық ойраны басталды. Бодан ел­дер­ді жойдасыз тонау басталды. Империя­лар моральдық емес, материалдық салада прогресс жасады. Жойқын қару жасау жарысқа айналды. Адамзатты біржолата жоюға жол ашылды. Сайтанның айдарынан жел есті. Сан шапалақтап адам санасына бірі­нен бірі өткен сорақы идеялар салды. Соның ірісі Маркстің маңдайына жазылды. «Барлық елдердің пролетарлары бірігің­дер!» деген ұран. Бұны естіген Достоевский «Бұл теория іске асар болса, бір жүз мил­лион­ды жұтатын шығар» деді. Айтқаны кел­ді. ХХ ғасырда осынау төңкерісшіл тео­рияны ту еткен Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Поттар, шынында да, жүз мил­лионнан астам жанның күлін көкке ұшыр­ды. Осыған ілесе Маркстің «Дін – апиын» теориясы Құдай дегендерге қырғи­дай тиді. Талай мың мешіт, шіркеу, пұтхана­лар­дың шаңырағы ортасына түсті. Күллі құр­лықта Құдай дегендердің сүйегі ша­шылып қалды. Сол сүйек үстінде Сайтан ой­нақ салды. Сөйтіп, ХХ ғасыр Сайтан сал­та­нат құрған ғасыр болды. Екінші дү­ние­жүзілік соғыста қырылған елу миллион аз болғандай Сайтан енді адам баласын миллиардтап қыруды көздеді. Глобалистер құлағына сыбырлады. «Әлемдегі адам санын азайтпасаңдар Жер бетінде әне-міне нәубет орнайды!» деді. Глобалистердің кө­кейіне бұл теория қона кетті. Рим клубы трибунасынан жалпақ әлемге паш етті. Сөй­тіп, Жер бетіндегі жұмырбастыларды жалмауға тиіс жойқын теория өмірге келді. Тәж­тажал тарих сахнасына шықты. Оның ойра­ны көз алдымызда жүріп жатыр. Бұдан біз нені көрдік?! Көргеніміз кез кел­ген тарихи апаттың алдында адам сана­сына Сайтан сойқанды идеялар са­ла­ды екен. Егер тобыр сол сайтани идея­ларға неғұр­лым сенсе, Жер бетінде соғұр­лым апат­ты соғыстар болады екен. Сайтан же­тегіндегі көсемді ту еткен тал­қан­шыл то­быр, тау селіндей жойқынға ай­налып, жо­­­лындағысын жайпап жайратып кетеді екен. Тарихтағы соғыс атаулы осыған мы­сал. Гитлерді алыңыз. «Өтірікті неғұрлым өсіре соқсаң, тобыр соған соғұрлым құлай сенеді!» деп, қақсаған бұл кәпір, ізіне ерген тобырды «арийлерден өзге жұрт адам емес» дегенге сендірді. Бұл шынтуайтына келгенде, «арий еместерді өлтіре беріңдер!» деген ұран еді. Осылайша, басы ашық тер­рористік теория өмірге келіпті. Фашизм өмір­ге келіпті. Фашизм өртінде 50 мил­лион­ның күлі көкке ұшқаны белгілі. Террористік теория табуда советтік большевизм де ешкімнен кем түс­пепті. Кезінде Сталин: «Кулактарды тап ре­т­інде жою керек» деп ұрандатты. Осы тео­рия арқасында тыныш отырған ауқатты шаруалар әпзаматта «халық жауы» болып шы­ға келді. «Бақытты болашақ коммунизм­ге жету» үшін ондай жаулардан құтылу ке­рек еді. Құтылды. Ауқатты шаруаралар жойы­лысымен жаппай ашаршылық бас­талды. Ол нәубет қазақтың жартысын жал­мады. Одақ бойынша 20 миллион жан ста­линизм құрбаны болды. Байқап отырғанымыздай, түгел бір халық, бір қаныпезердің басына кел­ген бір теория құрбаны болады екен. Қа­зақ халқы – соның бірі. «Сорбұлақтың ба­сына сорға бола қонды әкем» демекші, Қа­зақстанды басқаруға 1925 жылы қан­дыбалақ Ф.Голощекин келді. Мәскеуден ке­ле жатып ол, пойыз үстінен қазақ дала­сын шолды. Басына сұрапыл ой келді. «Бұл елді Ұлы Октябрь айналып өткен екен, бұл елде кіші Октябрь жасау керек екен!» деген. Ол ақыры «Кіші Октябрьді» жасады. Қарсы кел­генді қазық қып жерге қақты. Қазақ қоңыз теріп кетті. Шыбындай қырылды. Го­лощекині жоқ Орта Азияның өзге елде­рінің бағы бес елі екен. Бұндай құзғын тыр­нағынан аман қалды. «Кіші Октябрьді» бас­тан кешкен қазақ байғұстың сүйегі ша­шылып далада қалды. Осылайша, қаныпезер басшының басына келген бір ойдан, түгел бір ха­лық Жер бетінен жойыла жаздады. Шо­лақ басшылардан Ұлы Дала шеккен қасірет жал­ғыз бұл емес еді. Ең сорақысы, шолақ бас­шылар шолақ теориялар шығаруға ше­бер болып шығатыны. Большевиктік төң­керістен кейін Түркістанды басқаруға кел­ген Иван Тоболин 1919 жылғы, 1921 жыл­ғы қазақ даласындағы ашаршылықты кө­ріп төмендегідей теория шығарады: «Мар­ксистің теория тұрғысынан келгенде, қа­зақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы заңды» де­ген теория жариялайды. Бұл теориясын қы­зыл комиссар жалпақ ел жиылған боль­шевиктік жиында жария етеді. Яғни, Тобо­лин теориясы бойынша ақсүйек ашар­шы­лық апатына 1919-1921 жылдары қазақтың малына қырғидай тиген ақтар да, қызылдар да кінәлі емес, халық қолындағы бар астығын тартып алған «продразверстка» кі­нәлі емес, кінәлі «экономикасы артта қал­ған қазақтардың өздері» екен. Яғни, бас­шы ретінде қоластында қырылып жат­қан халықты құтқарудың орнына, оны ор­ға итерген болып шығады. Тарихта таң­ба­ланып, жалпы жұртқа белгілі бұ жайт­тарды біз неге келтіріп отырмыз? Ел басы­на келген жоғарыдағыдай қаныпезерлер белгілі бір лаңды бастау үшін, алдымен, тер­рористік теориялар ойлап табатынын айт­қымыз келді. Және соған жалпы жұрт­ты сендіруге жан салатынын айтқымыз келді. Яғни, кез келген террористік лаңның бастау бұлағында террористік теориялар жататынын айтқымыз келді. Егер сол сой­қан теориялар ел басқарған басшылардың басына келсе, онда ол теориялардың сал­дары, жалпыұлттық қасіретке айнала­ты­нын айтқымыз келді. Тарихтың өне бойында әлді елдер әлсіз елдерді отарлапты. Тонапты. Әл­ді әлсізді екі бүктеп бір шайнапты. Джун­гли заңы. Адамзат осы заңмен өмір сү­ріпті. Тек, ХХ ғасырда ғана бұл жабайы­лық­тан бас тартыпты. Бірақ бұл жабайы­лық­тан бас тартса да, империялық үстем­діктен бас тарта алмапты. Қараңыз, жаңа ғасырда да дамыған елдер жанталасып жатыр мықты болуға, әлемді билеуге. Джун­гли заңы қалғымай жұмыс істеп тұр. Джунгли заңы бұрын қарумен жүзеге асса, бүгін­де ақпарат құралдры арқылы, ақша ар­қылы қол-аяғыңды шырмайды. Кіріптар етеді. Тәсіл – жаңа, мақсат – ескі. Әлеуетті ел­дер жаппай қаруланып жатыр. Сын сағаты соққанда бұл қарулар әлемнің күлін бір сағатта көкке ұшырып Жер бетінде ақыр­заман орната алады. *** Батыстан үйренетін де, жиренетін де нәр­селер көп. Үйренетін нәрселер: 1.Ғылымға, өнертапқыштыққа ба­сым­дылық берді, ортағасырлық мешеуліктен ер­те шықты. Инженерлік ой дамыды. Со­ның арқасында отқару дамыды. Отқару ар­қасында Батыс әлемді биледі. 2.Тілі мен мәдениетінің өрісін кеңейтті. Өркениет көшін бастады. 3.Халқы құлдық сананы бастан кеш­педі. Жиренетін жақтары: 1. Ғарыштап дамыған прогреске табы­нып, Құдайды ұмытты. Адамды Құдайдан жо­­ғары қойып, нәпсі қуып кетті. Енді, бү­гін­де нәпсі дегеннің аранын толтыра ал­май әлек. Нәпсі дүниенің түбіне жетуге бет­теді. 2. Астамшылық, өзімшілдік өктеді. 3. Өзімшілдер өзге үшін емес, өзі үшін өмір сүреді. Тіптен, бала үшін де өмір сүр­гі­сі келмейді. Соның арқасында Батыс де­мог­рафиялық дағдарысқа ұшырады. Бала туу күрт қысқарды. 4. Демографиялық апат бұл құрлықтың тү­біне жетуге беттеді. Бұл – Құдайсыз прог­рес­­тің барар жер, басар тауы. Абзалы – алға шыққан елдердің жақ­сы­сы­нан үйрену, жаманынан жирену. Сырты жыл­тырағанның бәрі алтын емес. *** Ақсақалдарымыздың өздері ел алдына шығып орыс тілінде көстеңдеп отырады. Ана тілімізді аяқасты етудің бұдан өткен сорақы тәсілін табу қиын. Бұ байғұс халықтың «ақсақалдарының» өзі осындай «өнеге» көрсетіп отырса, онда, өзге жұрттан не қайыр?! *** Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге та­бынудан басталады. Ана тілге де­ген опазсыздық түбінде Ата жұртқа деген опасыздыққа ұласады. Өйткені өз тілінен безіп, өзге тіл тобына өткендер өз тілінің ғұмырын қысқартады. Өзге тілдің ғұмырын ұзартады. Өз елінің ғұмырын қықартып, өзге елдің ғұмырын ұзартады. Ендеше, тіл үшін күрес – ел үшін күрес. Бұл деген сөз – өзге тілді білме деген сөз емес. Бұл деген сөз – өзге тілді біл­ген сайын өз тілің менен еліңе табына түс деген сөз. Сонда ғана тілің – тіл, елің ел болмақ. – Бұ кісі өзі, мына сөз саптасына қара­ған­да, ана жаққа барып келгенге ұқсайды ғой! – деп, кекетеді оқырман. Осы арада, сондықтан өз басымыздан өткен мына бір оқиғаны еске алдық. 1982 жыл. Көктем. Түс әлеті еді. Қалғып-мүлгіп ішкі бөлмеде жат­қан­мын. Көзім ілініп кетсе керек. Бір кезде бақ­сам, құстай ұшып құнтиып ащы ішек­тей шұбатылған қараңғы үңгірмен зымғап ке­лемін. Тәнім жоқ. Қайда қалғанын біл­мей­мін. Бірақ, бір уыс жаным бар. Зымырап ке­лемін. Ұзыннан-шұбақ туннелдің арғы ба­сында дөңгелене ағарып шығар ауыз кө­рінеді. Солай қарай ағып келемін. Ақы­ры туннел артта қалды. Зымғап барып бұ­рын кезікпеген беймағлум әлемге шық­тым. Жан-жағым қырмызы рең жайқын көк. Сол биікте тұрмын қалықтап. Жаным жусап бұрын-соңды болмаған рахат күй ке­шеді. Тән жоқ, жан бар. Құлдырап құй­қыл­жып ләззат кешкен жан. Көз жоқ, көріп тұрмын. Сөз жоқ, біліп тұрмын. Ыстық та жоқ, салқын да жоқ. Төңірек тек жатқан тыныштық. Байғұс жанды ана құшағындай ал­быратып бақытқа бөлеп тұр. Төрт құ­бы­ласы тең мамыражай кеңістік. Жер бе­тінде жа­ныңды иттей жейтін ащы ойлар жоқ. Ұшты-күйді жоғалған. Қайғы-мұңсыз, бір шексіз әлем құшағындамын. Жан байғұс мере­келеп тұр, лекілдеп тұр. Мәңгілікке мәз. Өткіншіден құтылғанына мәз. Ақиқат әлеміне мәз. Бірақ жан түкпірінде бір үрей қылтияды, басқа қонған осы бір бақтан айы­рылып қалам ба деген үрей. Артта қал­ған беймаза әлемге қайта айналып барудан қорыққан үрей. Ой-сана сайрап тұр. Төл ме­­­кенін тапқан. Төл мекені осы екеніне иман­дай сенеді. Ендігі тілегі енді осы әлемде қалу. Басына қонған көл-көсір ба­қыт­тан айырылмау. Осылай деп бебеулейді жан байғұс. Балқиды бақ құшағында. Арманы ұлы Ақиқат аясында қалу. Бірақ болмады. Бір ғайып жанын әкеп Жер бетіндегі тәніне қуып тықты. Тіріле кетсем өз үй, өлең төсегімде жатырмын. Төңірегім толған ақ ха­лат­тылар. Бетіме су бүркіп жатыр, ша­палақтап жатыр. Уколдап жатыр. Сөйтсем, мен, жарты сағат бұрын, төсегімде жанұ­шыра айқайлап, көзім ақиып, өзіммен-өзім арпалысып естен таныппын. Үйдегілер үр­пиіп, зәресі ұшып кетіпті. Жұмажан де­реу «жедел жәрдем» шақыртыпты. Сол шиыр­шық атқан арпалыс үстінде арқа етім арша болып жыртылып кетіпті. Ауырып қақ­сай бастады. Дәрігерлер апарып ауру­ха­наға салды. Екі ай жаттым неврологиялық госпиталда. Қазіргі Абылайхан бойындағы. Менің сол 1982 жылы көктемде бастан кешкенім медицина тілінде «клиникалық ажал» аталынады екен. Бұны бастан кеш­кендер о дүниеге «барып келгендер» сана­тына жатқызылады екен. Әлемде бұндайды бастан кешкендер жалғыз біз емес екенбіз. Олар жетіп артылады екен. Ондай оқи­ға­лар жайлы талай кітаптар жазылыпты, дис­сертациялар қорғалыпты. Оны біз соң біл­дік. *** Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы ата­мыз Адамның өзі, алғашқы ана­мыз Хауаның өзі Жұмақтан күнә жасап қуыл­­ған. Жер бетіне күнәһар күйінде түс­кен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жу­ған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді. Тәкаппарлық оны Құдай­дың қарғысына ұшыратты. Сайтанға ай­нал­ды. Бұдан біз нені көреміз? Құдай жа­рат­қан періштенің өзі күнәдан құралақан бол­мағанын көреміз. Күнәһарлықтан періш­те де, адам да құралақан болмағанын көре­міз. Әсіресе, күнәһарлық оттан жарал­ған періштеге емес, топырақтан жаралған адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туында­мақ. Күнә адамға тумыстан тән болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда, сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы Адамды пәктікпен жаратты. Бірақ Адам Ібіліске ерді. Күнәға батты. Ол өзінің күнә­ға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың Жер бетіндегі алғашқы пай­ғамбарына айналды. Бұл бізге қасиетті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жы­ласа Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Ата­мыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен; «Адас­қанның айыбы жоқ, жүрер жөнін тап­қан соң» деген. Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе, сол қателіктен қандай қорытынды шығара білуінде. Адамның адамдығы осы сын өткел­де көрінеді. Тіптен, қателікке ұрын­ған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы алға шығып кететіні туралы да тәмсілдер жетеді. Орта ғасырда Тибетте тақуа­лықтан алдына жан салмаған Ми­ларе­па әулие өтті. Сөйтсе, оның тақуалық жолға түсуіне де себеп болған ауыр күнә бо­лыпты. Ағайындарын қырып салған қарақ­шыларды Миларепа да қуып жетіп қырып салған. Содан, соншама адам қанын мойныма жүктедім деп тауға қашып жал­ғыздан-жалғыз тақуалық жолға түседі. Бү­кіл өмірі үнгірде өтіпті. Басына әулиелік қо­нып алақаны тиген тас балқитын бол­ған. Адам құдіретінің куәсі сол тастар Ти­бет­те әулие үнгірінде әлі тұр. Әулиелер та­баны тиіп балқыған тастар қазақ жерін­де де бар. Маңғысауда Ұштаған ауылы маңын­д­а Масаты әулиенің ізі жатыр, тас бетімен жүгіріп өткен. Өз көзімізбен көрдік. Бірақ біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы.Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез келген адам қышқыл дәмін татып көре­тін осы бір захар туралы. Сайтан сыбыры­мен сол захар дәмін татқан пенделердің өзінен-өзі шошып, зар қақсап Хақ жолына түсетіні туралы. Және олардың Алланың сүйікті құлы әулиеге айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен сол әулиелер алдымызда алаудай жанып, қара түнді қақ жарып жол ашатыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны ту­ралы. Шалыс басудан сақтайтыны тура­лы. Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына ерем деп өмірде у ішкендер қатарында ұстаздардың ұстазы Құл Қожа Ахмет, Имам Ғазали, Со­фы Аллаярлар жүр: «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған. Өткен ісіне өкініп «ах» ұрғандар қатарында Абай да бар. Мінім «тау тасындай аз емес» деп ол да «аһ» ұрды. Алыптардың алыптығы сол, шалыс қадамдарынан дер кезінде шоши біліпті. Және сол қателіктеріне қар­сы қиян-кескі майдан аша біліпті. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерге ұрынбаса екен деп­ті.