Тәуелсіздік берген азат ой мен сөз еркіндігі − баға жетпес құндылық

Тәуелсіздік берген азат ой мен сөз еркіндігі − баға жетпес құндылық

Тәуелсіздік берген азат ой мен сөз еркіндігі − баға жетпес құндылық
ашық дереккөзі

Серік Асылбекұлы − еліміз тәуелсіздік алар қар­саңда ұлттық баспасөзде еңбек етіп, елі­міздің рухани өміріне қозғау салған дүбірлі кезеңде қа­лам қуатын қазақ мүддесіне жұм­саған қалам­гер­лердің бірі. Белгілі жазушымен сұх­батымыз қа­ламгер шығарма­шылығының ерекшелігі мен тәуел­сіздік кезеңінде ұлт зиялыларының ел үшін ет­кен ерен еңбектері жөнінде болды.

− Серік аға, сізді осы кезге дейін про­заик ретінде танып келген іні­ле­ріңіздің бірімін. Яғни жазу­шы­лы­ғыңыз­дан басқа қырыңыздан хабарым аз болыпты. Сондықтан белгілі эссеист Мақсат Тәжмұраттың жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған «Талант та­биғаты» атты эссесінен ұлттық бас­па­сөзге сіңірген еңбектеріңіз жайында біл­генде таң-тамаша қалғанымды жа­сыр­маймын. Сондықтан бұл жөнінде өзіңіз кеңірек айтып берсеңіз...

− Адам өмірінің түрлі кезеңдері болады ғой, мен үшін «Жалын» журналында жұмыс іс­теп, баспасөзде ұлттық мәселелерді кө­теру­г­е атсалысқан кездерім − есте қалатын ерекше жылдар. 1969 жылдан екі айда бір шығып келе жат­қан «Жалын» альманағы 1985 жылы жур­налға айналып, бұрын бұл басылымның редак­торы болып келген қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев басқа жұ­мыс­қа ауысып, енді ғана журналға айналып жатқан «Жалынға» Мұхтар Шаханов басшы болып келді. Ол тұста Мұхаң жастардың сүйіп оқитын танымал ақыны. Сөйтіп Ша­ха­нов журналды қолға алып, мықты ма­мандар жинай бастаған. «Жалынға» ертерек жұмысқа тұрғандардың бірі талантты ақын Есенғали Раушанов бір күні мені Мұхаңның шақырып жатқанын айтты. Әрине, мен де ол кісіні жұрт қатарлы білемін, яғни қарым-қатынасымыз сәлем беріп амандасқаннан әріге барған емес. Сөйтіп алдына барға­ным­да «Сені сыртыңнан білемін. Журналдың проза бөліміне меңгерушілікке алғым кеп отыр. Сен бізге ауыс» деді әңгімені көп соз­бай. «Мұха, мен баспада үйдің кезегінде тұр едім. Қалай болар екен?» деп едім, Мұхаң «Жаңадан ашылып жатқан журналда үйдің кезегі тез жүреді. Өйткені жаңа мекемеге алғашқы кезде көбірек пәтер береді. Демек, баспадан гөрі мұнда үйге қолың ертерек жетеді» деді. Сонымен сол кезде өзім жұмыс істеп жатқан «Жалын» баспасының дирек­торы Болат Бодаубаев ағамызға барып жағ­дайымды айттым. Ол кісі «Серік, біз сені жылдың үздік редакторы ретінде Тбилисиге, Ригаға тегін жолдамамен демалуға жібердік. Бізде жағдайың жаман болып жатқан жоқ қой» деп кішкене ренжіді. «Болат аға, бас­паға жылына бір пәтерден артық бөлінбейді ғой, ана жақта тезірек алуға мүмкіндік бар екен...» деп едім, Болат аға «онда дұрыс екен, бара ғой» деп рұқсатын берді. Ол кезде Алма­тыда пәтер мәселесі қиын еді, қалам­герлер жылдар бойы пәтерге қол жеткізе алмай әр жерге көшіп-қонумен өмірі өтетін. Солайша Мұхтар Шаханов ағамыздың қарауына жұмысқа келдім. Мұхаңды бұрын талантты ақын ретінде ғана танысам, бұл кісінің ұлтшыл, үлкен жүректі патриот екенін, ұлтқа шын жаны ашитын тұлға екенін «Жалынға» келгенде ғана білдім десем артық болмас.

− Сонымен, жаңа басшыңыздың жұ­мыс стилі сізге қалай әсер етті? Өзі қа­лап жұмысқа шақырып алған басшы қыз­меткеріне шығармашылық еркін­дік берген шығар?

− Әрине, кейбір басшылар секілді қа­рауын­дағыларға ақырып-жекіріп кісі болу Мұхтар ағаға жат нәрсе, дегенмен оның өзімен бірге қызмет істейтіндерден сергек болуды талап ететін мінезі бар. Журналды идеялық, көркемдік жағынан күшейту үшін бәрімізден соны идеялар айтуды талап ететін. Өзі және анау-мынау идеяларды мен­сінбейді. «Ана газет, мына газетте айты­лып жатқан емес, үлкен, ұлттық деңгейдегі оригинал идея айтыңдар» дейтін. Жас кезіміз, бәріміз де Мұхаңның көзіне түсуге тырысамыз. Жақсы мақалалар жазсақ дейміз. Сөйтіп жиналыстарда бәріміз де мәселе көтеріп, шама-шарқымызға қарай идея айта бастадық. Басшымыздың жүрегі кең, азаматтығы ерек. Идеяны жас айтты, кәрі айтты демейді, ойынан шықса табанда қолдап әкетеді. Ұлтқа пайдалы идея табыл­са, әрі қарай дамытып, күшейтіп көтереді. Өзі жас та болса бас болған беделді азамат, бар­лық жерге сөзі өтеді.

− Сізде ұлтшылдық сезім, елдік мүд­дені қолдау бұрыннан бар ма еді әлде ондай ойларды «Жалын» журналына кел­ген соң түсіне бастадыңыз ба?

− 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қа­зақ халқының көзін ашқан ғана емес, ру­хын дүр сілкіндірген оқиға болды ғой. Бұл қазақ жастарының оған дейін-ақ оян­ғанын байқататын жағдай. Қайта құру дәуі­рі басталғанда әрбір саналы қазақ бала­сы халқының есесі кетіп жатқанын, ұлттық бірегейліктен ажырап бара жатқанымызды сезінгені анық. Мен ол кезде қылшылдаған 35 жастамын. Үйде қалай отырасың жұрт алаңға ағылғанда? Біз де жүрдік сол жас­тардың қатарында. Қазақтың басына сын болған кезең еді ол кез. Ол шақта басымызға тәуелсіздік аламыз деген ой келе қоймаған шығар. Бірақ қандай да бір бостандықты аңсау бар еді. Біз студент болып жатақханада тұрған­да сондағы «Қызыл бұрышта» телевизор бо­латын. Бәрі соның алдына жиылып спорттық жарыстарды тамашалап, КСРО командасына жанкүйер болып отыратын курстастарым, бөлмелес достарым мені де өтіп жатқан түрлі жарыстарда «еліміздің ко­ман­дасына жанкүйер болуға» шақырады. Ал мен «сол команданың ішінде бір қазақ не бір орта азиялық ұлттардан шыққан біреу бар ма? Егер жоқ болса кіл еуропалық­тар­дың бір-бірін жеңгенінің несі қызық?» деп қырсығып бармай қоятын едім. Сыр бойындағы қаймағы бұзылмаған қа­зақ ауылында туып-өскен баланың көз­қарасы солай болса оның таңғаларлық еш­теңесі жоқ шығар. Бойымызда жылт ет­кен ұлтшыл сезімнің бастауы ауылда жатыр ғой. Дегенмен біздің ұлтшылдығымыз Мұхаңдікінің қасында ештеңе емес екен. «Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қой­ған» қатал цензураның заманында Мұхаң­дардың әрекеті ерлік қой. Оның сол кездегі елдің арасында абыройы, саяси истеблишменттің арасында беделі жоғары болды. Қазақстан компартиясы ОК-нің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков секілді лауазымды адамдардың қабылдауы­на еркін кіре алатын. Сондықтан ол кісінің өзі тапса да немесе біз қандай да бір керемет идея айтсақ та оны бәрібір түптің-түбінде іске асыратын Мұхаң еді.

− Бас редакторға өзіңіз айтқан қан­дай идеяңыз есіңізде?

− Кім болса да идеяны жерден қазып тауып алмайды ғой, әркім көрген-білгенінен бірдеңе шығарады деп ойлаймын. Әдетте­гідей бір жиналыста әркім оз ойын айтып жатқанда мен «Біздегі мейрамдардың бәрі саяси мереке ғой. Ұлттық мейрамымыз жоқ атап өтетін. Баяғыда бала кезімізде Наурыз мере­кесі деп қазақша жаңа жылды мереке­лей­тін. Соны көтеруге болмас па екен?» деп едім, Мұхтар аға бірден қолдай кетті. Маған сол туралы жазып, журналда мәселе көтеру­ді тапсырды. Наурызды кішкене кезімде көргенмін. Қазалы ауданы, «Қазалы» қой совхозының «Бір­лік» деген бөлімшесінде тұрғанымызда үлкен апаларымыздың наурызкөже қайнат­қанын білемін. Бірақ ол көргеніміз қайбір жеткілікті болсын. Сөйтіп ол туралы біраз үлкен кісілермен сөйлестім. «Жалын» баспа­сын­да көрші бөлмеде отыратын жазушы Нұрқасым Қазыбековтен біраз мәлімет алдым. Сөйтіп «Наурызкөже» деген не, оған қосатын жеті түрлі ингредиенттерге не кіре­ді, наурызда қандай жарыстар ұйым­дастырылады деген сияқты мәселелердің бәрін қамтып мақала дайындадым. Бірақ Мұхаң ескерткендей оны өз атымыздан жариялауға болмайды. Ол мәселе журнал оқырмандары тарапынан көтерілуі тиіс. Өйткені компартия бақылап отыр бәрін. Журнал қызметкерлері ұлтшылдық идеялар таратып отыр деп шыға келуі анық. Журналда публицистика бөлімінің мең­герушісі Жұмабай Шаштайұлы деген жазу­шы досым бар. Коридорға темекі тартуға шыққанда соған басшылықтың тапсырмасы туралы айтып, мақаланы жариялау үшін бір сауатты ауыл еңбекшісі керек екен дегенімде ол күлді: «Саспа, Ұзынағашта менің сен сияқ­ты Түстікбай Құрманқұлов деген ұлт­шыл досым бар, соның атынан жаза сала­сың. Сен іздеген еңбекші адам сол, ауылда мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім» деді. «Жарайды, онда сол кісінің атынан дайындайын материалды, бірақ сен оған ескертіп қой. Ертең журналға шық­қанда бір-ақ көріп, мынаны мен жазған жоқ­пын деп басымыз бәлеге қалып жүр­месін» дегем Жұмабайға. Бірақ ол Түстік­байға ескертуге ұмытып кеткен. Бір күні ауылына «Жалын» журналы барған, қараса «Наурызды ұмытқанымыз жөн бе еді?» деген мақала тұр Құрманқұловтың атынан шыққан. Басында шошып кеткен, кейін «Ша­ханов секілді беделді адамның журна­лында мақала босқа шықпайтын шығар, не болса да тәуекел» деген. Сөйтіп Мұхтар аға бәрін осылай ойластырып, оны Қазақстан Компартиясы ОК идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке апарып, одан әрі Колбинге ұсыныс жасап тұңғыш рет елі­мізде Наурыз мерекесі атап өтілді. Сондық­тан шын мәнінде елімізде наурыздың тірілуіне бірден-бір себепкер адам Мұхтар Шаханов деп санаймын.

− Өмірбаяныңызға зер салсақ, біраз жыл ауыл мектебінде жұмыс істеп, ал­ғаш­қы шығармаларыңыздың біразын елде жүріп жазған сияқтысыз...

− 1973 жылы КазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ ғой) үздік бітіргем. Тіпті, Алматыда қалуға мүмкіндік болды. Жұмыс та табылған-ды. Бірақ бізге сол жылы диплом бермей қойды. Алыстағы ауылдарға мұғалімдер жетіспейді, екі жыл барып жұмыс істеп келесіңдер деген талап болды. Қолымда «Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірді» деген бір жапырақ қағаз бен Қызылорда облысы Қазалы ауданына берілген жолдама бар. (Айтпақшы, мектеп бітіретін жылы да аттестатымызды бермей, бір жыл комсомол бригадасында қой баққанбыз). Сөйтіп екі жыл дегеніміз алты жарым жылға созылып, Қазалының Құмжиек совхозында мұғалім, мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары болып еңбек еттім. Әкем «мына інің әскерден келіп үйленгенше істей тұр, сосын Алматыңа қайтарсың» деген. Үйдің үлкен баласы едім, оның үстіне әкенің айтқанына бойұсынып өскен ауылдың бала­сымыз. Ініміз әскерден оралып, отба­сын құрған соң әкем «Қайда барам десең енді өз еркіңде, жолың болсын» деп батасын берді. Елде жүргенде атақты Зейнолла Шүкі­ров ағамыздың 50 жылдығы тұсында ақын­мен кездесу өткізіліп, сонда совхоздың парт­ком секретарының тапсырмасымен ақын­ның кітаптарын оқып, он күндей дайын­далып, совхоздың клубында баяндама жаса­ғанмын. Оған ақының өзі, ауданның бірін­ші хатшысы, үгіт-насихат бөлімінің мең­герушісі Таяубай Сереев, аудандық білім бө­лі­мінің меңгерушісі, совхоз басшылары − бәрі қатысты. Алғашқы кезде президиумдағы кісілер ауылда қайбір баяндама бола қой­сын деді ме, мені тыңдамай отырғандай көрін­ді. Бір-бірімен дауыстарын шығара сөй­лесіп отырған оларға іштей «тың­­да­майтын болса несіне баяндама жасатады» деп ашуым келді. Бір кезде дауыстар тыйы­лып, қарасам бәрі менің оқып жатқанымды тың­дап отыр екен. Аудан дөкейлерінің қай­сысына ұнағанын қайдам, көп өтпей аудан­дық білім бөлімінің меңгерушісі Айбо­сынов шақырып алып, «істеп жатқан мек­тебіңе завуч боласың, бұйрығың беріліп қой­ған» деді. Мен ыңғайсызданып «аға, ме­нен жасы үлкен, сол мектепке еңбегі сің­ген ағаларым бар ғой» деп едім, «Серік, сен мені түзетпе, бар да жұмысыңды істе» деді. Сөйтіп, тағы төрт-бес жыл жүріп қалдым ғой. Ауылда жүрген кезімде де шығармашы­лықты тоқтатпай, Қазақстан ЛКСМ орталық комитеті мен «Жалын» баспасы бірігіп ұйым­дастырған балалар мен жасөспірім­дер­ге арналған жабық әдеби бәйгеге қаты­сып, екі рет жүлдегер болдым. Соның арқа­сында Алматыға келген кезімде әдеби орта­да мені білетіндер бар екен. Әлгі мен жүл­дегер болған конкурста жюри мүшесінің бірі болған Қалдарбек Найманбаев ағамыз мені танып, өзі басқарып отырған «Жалын» баспасына бірден проза бөліміне редактор етіп жұмысқа алды. Сөйтіп өмірімде бір рет баспасөз саласында істемесем де баспаның редакторы болып шыға келдім. Солай, елде жүріп те, Алматыға келген соң да ағалардың көзіне түсіп, өмірде жолым болған адаммын.

− Елде жүріп жазған шығарма­ла­рыңыз­дың кейбірінде ауыл, мектеп өмірі суреттеледі. Кейіпкерлеріңіздің өмірде прототиптері болды ма?

− Мектеп өмірі дегенде «Рабиғаның ма­хаб­батын» айтып отырсың ғой, әрине ол өзім куә болған оқиғаның бірі. Жүз пайыз де­мей-ақ қояйын, шығармадағы оқиғаның жет­піс-сексен пайызы өмірде болған оқиға. Ал ауыл өмірін суреттейтін әңгіме-хикаяттардың көбіндегі кейіпкерлерімнің өмір­де прототиптері болған. Мәселен, «Бө­тен­нің тойындағы» Құлтай менің құрдасым, «Қоңыртаудың басында бір түп жусандағы» шалдың прототипі өзім қолында өскен атам Қани Қосымұлы, «Қысқы каникулдағы» шеше мен бала – анам Ләтипа мен өзім. Шы­ғармаларымда мұндай негізі бар кейіп­керлер көп, бірақ мен оларды өмірде қалай болса солай алып натурализмге ұрынғаным жоқ. Көркемдік шартына сай жасадым. Өмірдің шындығын көркем шындықпен бердім. Дегенмен ойдан шығарылғаннан гөрі өмірде прототипі бар, жазушының өзі көрген, сезінген оқиғалардан өрілген шығармалар барынша шынайы, әсерлі болатын сияқты.

− Әдебиет әлеміне келуіңізге, жазу­шы ретінде қалыптасуыңызға кімдер­дің әсері болды деп ойлайсыз?

− Жалпы, әдебиетке қызығуға, одан әрі бойың­да талант ұшқыны болса жазушы бо­луға әсер ететін жағдайлардың көп бола­тыны заңды ғой. Біздің Қазалыда Соқыр жырау (шын аты − Ержан) дейтін жырау болды. Қармақшыда Нұғыман жырау деген кісі болды. Соқыр жыраудың көзі көрмейді, біреулер алып жүреді. Үйге келсе көкем бір қойды сойып тастайды, ет асылады. Адамдар жиналып жырауды тыңдайды. Олар үлкен эпостарды жырлайды таңға дейін, «Қырымның қырық батырынан» бастап «Қобыланды», «Алпа­мыс­тарға» дейін. Соны үлкендердің жанын­да отырып алып тыңдаймыз. Жыраулар қайтарда әкеміз шапан жауып, костюм-шал­бар кигізіп сыйлап шығарып салады. Біздің бала көңілімізге ұнап, әдеби шығармаларға ынтықтырған, қызықтырған сол кісілер деп ойлаймын өзім. Одан соң мектепте жүріп кітапқұмар бол­дық. Ауылда кітапханадағы кітаптарды оқи келе кітапқа қызығушылық күшейді. Үшін­ші сыныпта ең алғаш оқыған кітабым әлі есімде − қазақшаға аударылған «Башқұрт ер­тегілері» деген кітап еді. Содан кейін ер­тегі кітап көрсем қалдырмай оқитын бол­дым. Кейін қазақшаға аударылған Даниэл Дефоның «Робинзон Крузо», Роберт Льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын оқыған соң мүлде кітап әлеміне еніп кеттім. Оқығандарымды түсінетін халге жеттім. Бұның бәрі маған әсер еткен, әдебиетке іңкәр еткен жайлар еді. Кітап мені әлемнің барлық халқының өмірі бір-біріне ұқсас деген түсінікке әкелді. Үлкен масштабтан қарағанда расымен де солай ғой. Әдебиет ұлтқа, жерге бөлінбейтін өнер еке­нін солайша ерте түсінгендей болдым.

− Әр дәуірдің қоғамға, әдебиетке әсері болмай тұрмайды ғой. Тәуелсіздік біз­дің әдебиетімізге не берді деп ой­лай­сыз?

− Өте дұрыс сұрақ! Шынын айтсам, бұл тура­лы ойламаппын. Бірақ мұны ойлауымыз керек! Өйткені бір жарым ғасырдай бодан­дықта болған елдің әдебиеті еркін, ойы азат болмады ғой. Ал еліміздің тәуелсіздігі қазақ әдебиетінің аяғындағы шідерді алды, кө­зіндегі томағасын сыпырды. Содан кейін ға­на біз еркін тыныстап, қорқу-үркуден арыл­дық. Бұл ең басты нәрсе біз үшін. Әр дәуірдің өзіне тән қиындығы мен жеңіл­дігі болады десек, кеңестік кездегі әде­биетке материалдық жағынан жасалған қам­қорлық пен идеялық шектеу бір бөлек дүние болса, қазір әдебиетке шексіз еркіндік бере отырып, жеткілікті дәрежеде қамқор­лық жасалмайтыны ойландырмай қоймай­ды. Бірақ дәуірге тағы өкпе артуға болмайды. Қазіргі заман капиталистердің заманы, әркім өз күнін өзі көруі керек. Бірақ қалай бо­лып жатыр? Әлі күнге мемлекет тара­пы­нан авторлардың кітабы шығарылып, кітапханаларға тегін таратылып жатыр. Бірақ авторлар қаламақыға жарымайды. Әдебиет деген аттың жалында, атанның қо­мында жасалмайды, оған өміріңді арна­саң ғана нәтижеге жетесің. Ал таза әдебиет­пен шұғылданайын десең аштан өлесің. Шетелдегідей кітабыңды шығарумен біреу айна­лысып, тыныш қана өзіңе тиесілі қала­мақыңды алып отыра алмайсың. Кітап өтіп жатқан жоқ, оқитын адам аз өйткені. Жазу­шының жазғаны еленбей, еңбегі еш кетіп жатса әдебиетте тоқырау болмағанда қай­теді? Бірақ шындықтан асып қайда барамыз? Қазір жазушылар құтқарушысындай көретін «мемлекеттік тапсырыс» деген бар. Ме­ніңше, әдебиетті құртып отырған сол «мем­тапсырыс». Неге дейсіз бе? Баспа дирек­торлары пәленбай миллион тұратын кітап­тарды тендерден жеңіп алып, үкіметтің ақшасына шығарып, кітапханаларға тарата салады. Ол кітапты біреу оқи ма, оқымай ма, басын ауыртпайды. Тендерін орындап, тие­сілі ақшасын алады да, авторға итке сүйек лақтырғандай бірдеңе береді. Болды сонымен. Шетелде неге көркем әдебиетті «мемле­кет­тік тапсырыспен» шығармайды? Өйткені ол коррупцияға жол ашады. Егер мемтап­сырыс болмаса арамтамақ баспаның бәрі құ­лайды. Ал жекеменшік баспалар өмір сүр­гі­сі келсе, өтетін кітаптарды ғана шы­ғара­ды. Мықты, танымал, кітаптары сұра­нысқа ие қаламгерлермен жұмыс істейді. Сөйтсе ғана жұмысы жүреді, әйтпесе жоқ! Шетелдердегі ашық бәсеке, еркін сауда жо­лымен жұмыс істейтін баспалар пайдаға ке­неледі. Дүниежүзінде солай. Сондықтан біз­дегі мемтапсырыспен кітап шығаруды тоқ­тату керек деп есептеймін. Кімнің шы­ғармасының оқылатынын халық, саты­ла­тынын базар реттеуі керек. Кітап оқитындар қай кезде де болған, бола да бермек. Тәуелсіздік бізге азат ой мен сөз еркінді­гі деген баға жетпес құндылықтарды сый­лады. Сондықтан барынша еркін, кәсіби жа­ғынан мықты әдебиет өзін-өзі қорғап, өзін-өзі жарнамаласа ғана өмір сүреді деп ойлаймын. Жалпы, көркем әдебиет ұлтты, қала бер­ді адамзатты тану үшін қажет. Ал ұлтты, адам­­затты тану арқылы біз өзімізді де тани­мыз. Өйткені біз адамзаттың бір бөлшегі − бір тамшысымыз! Адамзатқа «Құдіретті комедия» секілді ғажайып туындыны сыйлаған Италияның ұлы ақыны Алигери Данте айтпақшы, бұл әлемнің ең ұлы ғажайыбы адамның жаны ғой. Ал данышпандар бүткіл өнердің анасы деп бағалаған көркем әдебиет сол әлемнің ғажайыбы − адам жанының қозғалысын бейнелейді емес пе?!

− Әңгімеңізге рақмет! Тәуелсіздігі­міз ұлт­тық әдебиетімізге рух сыйлай берсін деп ті­лейік.