__МаңыздыТәуелсіздік – 30

Биік тұлға

Тұрсынбек Кәкішұлы қоғам қай­рат­кері деңгейіне көтерілген ғалым бол­ғанын зиялы қауым жақсы біледі. Қай­раткердің бәрі ғалым емес, ғалымның бәрі қайраткер емес.

Бұл кісінің жұртты баурап алатын бір қа­сие­ті бар-ды. Ол – ашықтығы, турашылдығы жә­не ұлт ахуалына бейжай қарамайтыны. Ал ғы­лымына келсек, бізге Тұрсекеңнің архив­шілдігі, дерекке сүйенетіні ұнайтын.
Қатарлас әдебиетшілерден, ғалымдардан айыр­машылығымыз – ҚазПИ-дің түлегіміз. Ака­демик С.Қирабаевтың шәкіртіміз. Әдетте біз­дің институт көбіне мұғалімдерді даяр­лай­тындықтан, ғылым жағында жүргендердің де­ні тікелей Тұрсекеңнің алдын көргендер бо­лып шығып жатады. Біз – Т.Кәкішевке кітап­тары арқылы шәкірт болғандардың қата­ры­нан­быз.

Turseken S.Saduakasuly ziratynda. Astana

Бірақ тағдырдың тарам жолы талай рет Тұрсекеңе жүгінуді, ол кісіден кеңес алу­ды, кейінірек сұхбаттасу мен пікірлесуді бұйыр­ды.
Осы естелікті жазарда, «Тұрсекеңді ал­ғаш қайдан көріп едік?» деген сұ­рақ төңірегінде ойланып қалдық. Дәл дөп басу қиын. Алайда сәтін салып, 1983 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің студенті болған ке­зімізден білетін сияқтымыз.
Біріншіден, ол кісі біздің институттағы ме­рейтойлық жиындар мен диссер­тация­лық қорғауларға жиі келетін.
Екіншіден, біз өзіміз баруға ынтығып тұратын М.Әуезов мұражайындағы Р.Бер­дібай басқаратын Халық универси­теті­нен де ол кісіні арагідік жолықтыратынбыз.
Үшіншіден, С.Мұқанов музейі мен А.С.Пушкин (қазір Ұлттық) кітапха­на­сындағы шараларда да Тұрсекең жарқырап көрінетін.
Басқа… әрине, баспасөзден («Қазақ әде­биеті» және басқа да газет-журналдар­дан) байқайтынбыз. Бір суреті жиі шығатын: көзілдірікті, қасы қалың, бет әлпеті жігерлі бей­не…
1984 жылы көктемде ҚазПИ-дің фи­ло­логия факультеті орналасқан ескі жеке ғи­мараты маңынан профессор Т.Кәкішев сол кез­де жіптіктей жас ғалым С.Негимовке қо­лын сермеп бір нәрсені түсіндіріп өтіп бара жат­ты. Екеуін де сырттай танимыз. Анадай­дан көріп тұрмыз. Жетіп барып «Ассалаумаға­лейкум!» деуге жүрексінеміз…
Арада 10 жылдан кейін (1994 жыл 22 мау­сым) ұстазымыз басқаратын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында кандидаттық диссертация қорғадық. Негізгі оппонентім – Тұрсекең. Ол кісімен зерттеу дәуі­рім бірдей және еңбегіне екі-үш жерде лайық­ты жүгінемін, бірер жерде бұрын заман ағы­мымен айтқан пікірін терістеймін. «Қат­ты кетіп, бір нәрсе шығарар ма екен?» деп те ой­лайсың… Олай болмады, «архив ақтарған, тө­теше жазылған ескі материалдарды өз көзі­мен көрген, талабы дұрыс» деп қолдап шық­ты. Бірақ «сендер Алаш-Алаш деп, олар­ды жосылта мақтай бермеңдер; ғалым ретін­де мұрасын әділ бағалаңдар» деп те ескертті.
Түркістан өңірінің тумасы ретінде жас­тай үлкендердің алдында тік тұра­­мыз. Институт директоры және жетек­шім – Секең (Серік Қирабаев), ол кісіні сту­дент күнімнен үлкен қорған тұтамын. Бөлім же­текшім – тұсында Мәдениет және сыртқы іс­тер министрі болған Мүсілім Базарбаев. Ру­хани тәлімгерім – институтқа кірген күн­нен өзі басқаратын бастауыш «Қазақ тілі» қо­ғамының хатшысы қылып қойған Рах­ман­құл Бердібай. Бәрі де – 1927 жылы туған құр­дастар. Тай-құлындай тебісіп өскен аза­мат­тар, қалжыңдарына әбден құлағымыз үйрен­ген. Кейде тәтті, кейде ащы айтады. Бірақ бір-бірін сыйлайды. Халық алдындағы абыройларын мойындайды.
Екі мәрте министр болған Мүсекең – бет­ті, турашыл адам. Біздің Секеңнің прин­ципшілдігі екібастан белгілі. Рақаң – кере­мет отаншыл.
Әңгіменің арасынан Тұрсекеңнің бір кездері әдебиет және өнер институ­тын­­да істегенін, бір жағдайлармен шұғыл КазГУ-ге ауысқанын, алайда осы «ауысуды» ауыр қабылдайтынын аңғарғандай боламыз. Институтқа әр келісінде біздің тұлғаларды сы­наңқырап сөз айтады, бір кездегі әрекет­терін тұспалдап бетіне басқандай көрінеді. Алайда біздің мықтылар (құрдастары) де бері­ле қоймайды. Әр дәлеліне кері дәлел – уәж бар. Қызыл кеңірдектеніп қалатын сәт­тер де ұшырасатын. Бірақ әңгіме, пікірталас соңы бейбіт, жақсы ықыласпен аяқталатын. Өйткені олар әдебиеттану могикандары еді. Олар – тектіліктің әрі жалғасы, әрі өзі бола­тын.
Егер олардың сөзін, ойын контекстен жұ­лып алсаң, біртүрлі көрінеді. Ал зама­ны мен амалының контексінде қыран­дар­дың әуеде жарыса самғауындай, арқарлар­дың сәні мен мәнін көрсетіп мүйіз қағыс­тыруын­дай еді…
Бірде Рахманқұл аға үйіне шақырып, «саған керек болады» деп, бір сөмке ав­тореферат берді. Ішінде Тұрсекеңнің док­тор­лық диссертациясынікі де бар екен. Орыс­ша. Себебі ғылыми тәртіп солай. Қуанып нүк­те-үтіріне дейін, Рақаңның жол жиегіндегі әрбір белгісіне дейін («неге олай белгіледі?» деп) оқып шықтым…
90-жылдары могикандардың биігінен қара­ғанда біз «ешкім де емес» едік. Бірақ шын көңіл­мен «бір кезде олар да біздей болды ғой» деп талаптанатынбыз. 1927 жылғы алып­тар­мен араласқан сайын олардың азаматтығына, ұлтын сүйетін жүрегіне, адами жанашырлы­ғы­на тәнті болатынбыз.
1996 жылы елордаға негіз салып жатқан Ақ­молаға қоныс аудардым. Бұл жер – Тұр­се­кеңнің кіші Отаны. Осы қалада білігін жетіл­дір­ген, театр труппасында әртіс те болған. Ке­ліп білгенім – Қараөткел зиялылары
Т.Кә­кішев­ті пір тұтады екен…
Сол кезде … 1927 жылы туған академик Зей­нолла Қабдоллов Атырауға ша­қы­рыл­ды. Әкімдік ол кісіге жақсы үй-жай берді, жағ­дай жасады. Ақмола Тұрсекеңді осылай ал­қалап әкелетін шығар деп ойлайтынбыз. Олай болмады. Осыны көріп, біраз әріптес «Ақмола шенеуніктері безбүйректеу» десті…
2000 жылдың шамасында Тұрсынбек Кә­кішұлы Күләш апаймен Астанаға келе қал­ды. Профессор С.Негимов Алматыға қо­ныс аударғандықтан, сол кісінің бос үйіне түсіпті. Көршіміз. «Ассалаумағалейкум, аға!» деп аман­дастым. «Диханбысың!» деді. «Мына Серік­тің үйінде жатып, кітапханасынан сенің «Руханият» деген кітабыңды оқып шықтым. Көп пікірің ұнады» деді. Сөзінен, көзінен, пейілінен жан тазалығы есіп тұрды…
Бұдан кейін Алматыда 2002-2003 жыл­дары, докторлық диссертация қорғау­дың алды-артында бірнеше мәрте ұшырастық. Көңілімді тоғайтып тек жақсы тілек айтатын. Қорғауымда ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі әде­би үдерісті зерттеудің жауапкершілігі ту­ра­лы тұжырымдамалы сөздер айтты. Қол­дады, қуаттады.
Біз де «болдық-толдық» демедік. Сөй­лесу­ге, кеңес алуға пейілді едік.
2008 жылы жазда Тұрсекең телефон шал­ды. «Дихан, Астанадамысың. Мен саған ба­рып амандасайын деп едім» деді. «Ау, Тұрсеке, амандасу жолы – менікі. Қайдасыз? Мен барайын сізге» дедім мен. Әдіресті айтты. Ол үй – біз «Кітап үйі» дейтін кешеннің үстінде бо­лып шықты. Тез тауып, амандасып сөйлес­тік. Жанында – қарағандылық 4-5 шәкірті.
«Дихан, мен – тура айтатын қазақпын. Мы­на Жандос Смағұловтың ғылыми тағ­дыры­нан хабардар шығарсың. Обал болды. Док­­­торлығы әлдеқашан біткен. Алматыда КазГУ советі құбылып тұр. Қасындағы жігіт – Сағымбай Жұмағұлов деген шәкіртім. Ол да доқтырлығын аяқтады. Диссертациялық кеңес төрағасы болыпсың. Өтінішім – осы­ларды кеңесіңде қорғат» деді. Мен: «Тұрсеке, сіздің шәкірттер жаман болған емес. Талапқа сай келсе, қорғатамыз. Қам жемеңіз!» дедім.
Әрі қарай дуылдасқан қызық әңгіме басталып кетті. Тұрсекең шәкірттері ал­дында өзін еркін ұстайды екен. Тіпті, ерке­лігі мен пікірлестігі тонның ішкі бауындай ма деп қалдым. Түскен пәтерде (інісінікі деп естідім) үй иелері болмағандықтан, дастарқан мә­зірі – іссапардағы ақкөңіл ғалымдардың «бары мен нары».
Ағамыз көңілденді. Біздің уәдемізден кейін шәкірттері алдында абыройы одан да асқақтағандай. Неше түрлі қызық ой, тар­тым­ды пікір айтылды. Тұрсекең ұстазымыз­бен (Секең) өзінің құрдастығын пайдаланып, социалистік реализм мен Алаш ұстанымы арасын қайта-қайта бізге таразылатқысы келеді. Өмірлік һәм діни танымнан мысал кел­тіріп, қарсылық қара бояуды қалың жақ­пау керегін айтқандай боламыз. Бір кезде Тұр­секең: «Сен ұстазыңды сатпайтын бала екен­сің» деп аңқылдап тіл қатты…
Осы пікірталастан кейін біз Т.Кә­кіш­ұлын бұрынғыдан да сыйлай баста­дық. Ол кісі де Алашқа қатысты басқосуларда жастарды іздеп тұратынын талай байқадым. Аға-інідей (әкем ол кісіден үлкен) құшақ­тасып амандасатын болдық…
Жігіттері қорғады. Қорғау үстінде де, кейін де Тұрсекең үйіп-төгіп бата­сын беріп жүрді. Ұмытпасақ, біздің кеңесте ол кісінің тағы да бір-екі шәкірті кандидаттық диссертация қорғады…
2009 жылдың соңында кездескенімізде: «Күләш әпкеңнің жұмысы аяқталып қалды. Сен­де қорғаса қалай болады?» деді. Біз: «Тұр­секе, ренжімеңіз. Сізді де, әпкемді де сый­лай­мын. Бірақ қорғаудың кезегіндегілер апта сайын қорғатсақ та таусылмайтын түрі бар. Қи­намаңыз!» дедік. Ғалым һәм қайраткер ағам көңіл күйімізді бірден түсінді…
Бұдан кейін Тұрсекеңді 2013 жылы Көкшетауда Абылай ханның 300 жыл­ды­ғында көрдік. Бір көзінің көруі әлсіреген демесеңіз, байсалды, сәруар ақсақал болғаны аңғарылды. Жанында тұрғандардың бәрін батылдыққа баурап тұрды.
Сол конференцияда сөйлеген тарихи сө­зі әлі күнге халық аузында аңыз бо­лып айтылады. Ол сөз аңыз емес, ақиқат еді.
Біз 2011 жылы Мәскеуден Смағұл Садуа­қасұлы сүйегінің күлін Астанаға жеткізгенімізді жұрттың бәрі біледі. Бұл шараны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Осы­ған байланысты ақын Дәулеткерей Кәпұлы­ның жүрегі мен намысынан қайнап шыққан бір өлеңі бар…
Не керек, 2013 жылы әупірімдеп жүріп, қайраткер сүйегін Хан Кене сарбаз­дары қорымына қайта жерлеп, басын кө­тер­дік.
Бір үлкен арманымыз болды: тұсында белгілі себеппен Смағұлға байланысты кеңестік таным шеңберінде пікір айтқан ағаларымызды оның зиратына тәу еткізіп, ұрпаққа қалдырар имани үйлесімге кірпіш қаласақ деген.
Сол жылы күзде Түркі академиясы өт­кізген Шыңғыс Айтматовтың 85 жыл­дығына арналған ғылыми-практикалық кон­ференциядан соң Тұрсекеңе жағдайдың бәрін қысқаша баяндап беріп: «Аға, Смағұл ба­сына барып Құран оқып қайтсақ қалай бо­лады?» деп қолқа салдым. Ол кісі еңбегіме рақмет айтып, ұсынысқа келісе кетті.
Түстен кейін Алаш тұлғасының бейі­тіне Тұрсынбек Кәкішұлы, Берік Әбді­ға­лиұлы, Берік Уәли, мен – төртеуміз ба­рып тәу еттік.
Тұрсекең өзі Құран оқыды. Маған дұға соңындағы сөздері ерекше әсер етті. Тағы бір есімде қалғаны: бейіт шырақ­шы­сы­ның аты да Смағұл-тын. Сол кісіге: «Аруақтар сізге аманат. Құран бағыштап тұрыңыз!» деп, садақа берді. Біз бұл қорымға талай зиялыны әкеліп едік. Бірақ мына жоралғыны алғаш көруіміз. Ішімізден тәуба десіп тұрдық.
Бұл жолы да Тұрсекең ағынан жарылды. «Біз Смағұлдың сұңғылалығын, ба­тыл­ды­ғын білдік. Оның арманы – халық арманы, мүддесі – Алаш мүддесі. Мына іс­терің­ді қолдаймын. Сауаптан болсын!». Осы сөз­дерді айтқанда көзі де, жаны да жасаурап тұр­ды. Біз ағамыздың тазалығына, құрбандар зи­ратына келіп тазарғанына бас идік. Тұр­секеңнің тұлғасы бұрынғыдан да биіктей түс­ті.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры,
ҰҒА академигі

Back to top button