Биік тұлға
Биік тұлға
Бұл кісінің жұртты баурап алатын бір қасиеті бар-ды. Ол – ашықтығы, турашылдығы және ұлт ахуалына бейжай қарамайтыны. Ал ғылымына келсек, бізге Тұрсекеңнің архившілдігі, дерекке сүйенетіні ұнайтын. Қатарлас әдебиетшілерден, ғалымдардан айырмашылығымыз – ҚазПИ-дің түлегіміз. Академик С.Қирабаевтың шәкіртіміз. Әдетте біздің институт көбіне мұғалімдерді даярлайтындықтан, ғылым жағында жүргендердің дені тікелей Тұрсекеңнің алдын көргендер болып шығып жатады. Біз – Т.Кәкішевке кітаптары арқылы шәкірт болғандардың қатарынанбыз. Бірақ тағдырдың тарам жолы талай рет Тұрсекеңе жүгінуді, ол кісіден кеңес алуды, кейінірек сұхбаттасу мен пікірлесуді бұйырды. Осы естелікті жазарда, «Тұрсекеңді алғаш қайдан көріп едік?» деген сұрақ төңірегінде ойланып қалдық. Дәл дөп басу қиын. Алайда сәтін салып, 1983 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің студенті болған кезімізден білетін сияқтымыз. Біріншіден, ол кісі біздің институттағы мерейтойлық жиындар мен диссертациялық қорғауларға жиі келетін. Екіншіден, біз өзіміз баруға ынтығып тұратын М.Әуезов мұражайындағы Р.Бердібай басқаратын Халық университетінен де ол кісіні арагідік жолықтыратынбыз. Үшіншіден, С.Мұқанов музейі мен А.С.Пушкин (қазір Ұлттық) кітапханасындағы шараларда да Тұрсекең жарқырап көрінетін. Басқа... әрине, баспасөзден («Қазақ әдебиеті» және басқа да газет-журналдардан) байқайтынбыз. Бір суреті жиі шығатын: көзілдірікті, қасы қалың, бет әлпеті жігерлі бейне... 1984 жылы көктемде ҚазПИ-дің филология факультеті орналасқан ескі жеке ғимараты маңынан профессор Т.Кәкішев сол кезде жіптіктей жас ғалым С.Негимовке қолын сермеп бір нәрсені түсіндіріп өтіп бара жатты. Екеуін де сырттай танимыз. Анадайдан көріп тұрмыз. Жетіп барып «Ассалаумағалейкум!» деуге жүрексінеміз... Арада 10 жылдан кейін (1994 жыл 22 маусым) ұстазымыз басқаратын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында кандидаттық диссертация қорғадық. Негізгі оппонентім – Тұрсекең. Ол кісімен зерттеу дәуірім бірдей және еңбегіне екі-үш жерде лайықты жүгінемін, бірер жерде бұрын заман ағымымен айтқан пікірін терістеймін. «Қатты кетіп, бір нәрсе шығарар ма екен?» деп те ойлайсың... Олай болмады, «архив ақтарған, төтеше жазылған ескі материалдарды өз көзімен көрген, талабы дұрыс» деп қолдап шықты. Бірақ «сендер Алаш-Алаш деп, оларды жосылта мақтай бермеңдер; ғалым ретінде мұрасын әділ бағалаңдар» деп те ескертті. Түркістан өңірінің тумасы ретінде жастай үлкендердің алдында тік тұрамыз. Институт директоры және жетекшім – Секең (Серік Қирабаев), ол кісіні студент күнімнен үлкен қорған тұтамын. Бөлім жетекшім – тұсында Мәдениет және сыртқы істер министрі болған Мүсілім Базарбаев. Рухани тәлімгерім – институтқа кірген күннен өзі басқаратын бастауыш «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы қылып қойған Рахманқұл Бердібай. Бәрі де – 1927 жылы туған құрдастар. Тай-құлындай тебісіп өскен азаматтар, қалжыңдарына әбден құлағымыз үйренген. Кейде тәтті, кейде ащы айтады. Бірақ бір-бірін сыйлайды. Халық алдындағы абыройларын мойындайды. Екі мәрте министр болған Мүсекең – бетті, турашыл адам. Біздің Секеңнің принципшілдігі екібастан белгілі. Рақаң – керемет отаншыл. Әңгіменің арасынан Тұрсекеңнің бір кездері әдебиет және өнер институтында істегенін, бір жағдайлармен шұғыл КазГУ-ге ауысқанын, алайда осы «ауысуды» ауыр қабылдайтынын аңғарғандай боламыз. Институтқа әр келісінде біздің тұлғаларды сынаңқырап сөз айтады, бір кездегі әрекеттерін тұспалдап бетіне басқандай көрінеді. Алайда біздің мықтылар (құрдастары) де беріле қоймайды. Әр дәлеліне кері дәлел – уәж бар. Қызыл кеңірдектеніп қалатын сәттер де ұшырасатын. Бірақ әңгіме, пікірталас соңы бейбіт, жақсы ықыласпен аяқталатын. Өйткені олар әдебиеттану могикандары еді. Олар – тектіліктің әрі жалғасы, әрі өзі болатын. Егер олардың сөзін, ойын контекстен жұлып алсаң, біртүрлі көрінеді. Ал заманы мен амалының контексінде қырандардың әуеде жарыса самғауындай, арқарлардың сәні мен мәнін көрсетіп мүйіз қағыстыруындай еді... Бірде Рахманқұл аға үйіне шақырып, «саған керек болады» деп, бір сөмке автореферат берді. Ішінде Тұрсекеңнің докторлық диссертациясынікі де бар екен. Орысша. Себебі ғылыми тәртіп солай. Қуанып нүкте-үтіріне дейін, Рақаңның жол жиегіндегі әрбір белгісіне дейін («неге олай белгіледі?» деп) оқып шықтым... 90-жылдары могикандардың биігінен қарағанда біз «ешкім де емес» едік. Бірақ шын көңілмен «бір кезде олар да біздей болды ғой» деп талаптанатынбыз. 1927 жылғы алыптармен араласқан сайын олардың азаматтығына, ұлтын сүйетін жүрегіне, адами жанашырлығына тәнті болатынбыз. 1996 жылы елордаға негіз салып жатқан Ақмолаға қоныс аудардым. Бұл жер – Тұрсекеңнің кіші Отаны. Осы қалада білігін жетілдірген, театр труппасында әртіс те болған. Келіп білгенім – Қараөткел зиялылары Т.Кәкішевті пір тұтады екен... Сол кезде ... 1927 жылы туған академик Зейнолла Қабдоллов Атырауға шақырылды. Әкімдік ол кісіге жақсы үй-жай берді, жағдай жасады. Ақмола Тұрсекеңді осылай алқалап әкелетін шығар деп ойлайтынбыз. Олай болмады. Осыны көріп, біраз әріптес «Ақмола шенеуніктері безбүйректеу» десті... 2000 жылдың шамасында Тұрсынбек Кәкішұлы Күләш апаймен Астанаға келе қалды. Профессор С.Негимов Алматыға қоныс аударғандықтан, сол кісінің бос үйіне түсіпті. Көршіміз. «Ассалаумағалейкум, аға!» деп амандастым. «Диханбысың!» деді. «Мына Серіктің үйінде жатып, кітапханасынан сенің «Руханият» деген кітабыңды оқып шықтым. Көп пікірің ұнады» деді. Сөзінен, көзінен, пейілінен жан тазалығы есіп тұрды... Бұдан кейін Алматыда 2002-2003 жылдары, докторлық диссертация қорғаудың алды-артында бірнеше мәрте ұшырастық. Көңілімді тоғайтып тек жақсы тілек айтатын. Қорғауымда ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі әдеби үдерісті зерттеудің жауапкершілігі туралы тұжырымдамалы сөздер айтты. Қолдады, қуаттады. Біз де «болдық-толдық» демедік. Сөйлесуге, кеңес алуға пейілді едік. 2008 жылы жазда Тұрсекең телефон шалды. «Дихан, Астанадамысың. Мен саған барып амандасайын деп едім» деді. «Ау, Тұрсеке, амандасу жолы – менікі. Қайдасыз? Мен барайын сізге» дедім мен. Әдіресті айтты. Ол үй – біз «Кітап үйі» дейтін кешеннің үстінде болып шықты. Тез тауып, амандасып сөйлестік. Жанында – қарағандылық 4-5 шәкірті. «Дихан, мен – тура айтатын қазақпын. Мына Жандос Смағұловтың ғылыми тағдырынан хабардар шығарсың. Обал болды. Докторлығы әлдеқашан біткен. Алматыда КазГУ советі құбылып тұр. Қасындағы жігіт – Сағымбай Жұмағұлов деген шәкіртім. Ол да доқтырлығын аяқтады. Диссертациялық кеңес төрағасы болыпсың. Өтінішім – осыларды кеңесіңде қорғат» деді. Мен: «Тұрсеке, сіздің шәкірттер жаман болған емес. Талапқа сай келсе, қорғатамыз. Қам жемеңіз!» дедім. Әрі қарай дуылдасқан қызық әңгіме басталып кетті. Тұрсекең шәкірттері алдында өзін еркін ұстайды екен. Тіпті, еркелігі мен пікірлестігі тонның ішкі бауындай ма деп қалдым. Түскен пәтерде (інісінікі деп естідім) үй иелері болмағандықтан, дастарқан мәзірі – іссапардағы ақкөңіл ғалымдардың «бары мен нары». Ағамыз көңілденді. Біздің уәдемізден кейін шәкірттері алдында абыройы одан да асқақтағандай. Неше түрлі қызық ой, тартымды пікір айтылды. Тұрсекең ұстазымызбен (Секең) өзінің құрдастығын пайдаланып, социалистік реализм мен Алаш ұстанымы арасын қайта-қайта бізге таразылатқысы келеді. Өмірлік һәм діни танымнан мысал келтіріп, қарсылық қара бояуды қалың жақпау керегін айтқандай боламыз. Бір кезде Тұрсекең: «Сен ұстазыңды сатпайтын бала екенсің» деп аңқылдап тіл қатты... Осы пікірталастан кейін біз Т.Кәкішұлын бұрынғыдан да сыйлай бастадық. Ол кісі де Алашқа қатысты басқосуларда жастарды іздеп тұратынын талай байқадым. Аға-інідей (әкем ол кісіден үлкен) құшақтасып амандасатын болдық... Жігіттері қорғады. Қорғау үстінде де, кейін де Тұрсекең үйіп-төгіп батасын беріп жүрді. Ұмытпасақ, біздің кеңесте ол кісінің тағы да бір-екі шәкірті кандидаттық диссертация қорғады... 2009 жылдың соңында кездескенімізде: «Күләш әпкеңнің жұмысы аяқталып қалды. Сенде қорғаса қалай болады?» деді. Біз: «Тұрсеке, ренжімеңіз. Сізді де, әпкемді де сыйлаймын. Бірақ қорғаудың кезегіндегілер апта сайын қорғатсақ та таусылмайтын түрі бар. Қинамаңыз!» дедік. Ғалым һәм қайраткер ағам көңіл күйімізді бірден түсінді... Бұдан кейін Тұрсекеңді 2013 жылы Көкшетауда Абылай ханның 300 жылдығында көрдік. Бір көзінің көруі әлсіреген демесеңіз, байсалды, сәруар ақсақал болғаны аңғарылды. Жанында тұрғандардың бәрін батылдыққа баурап тұрды. Сол конференцияда сөйлеген тарихи сөзі әлі күнге халық аузында аңыз болып айтылады. Ол сөз аңыз емес, ақиқат еді. Біз 2011 жылы Мәскеуден Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлін Астанаға жеткізгенімізді жұрттың бәрі біледі. Бұл шараны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Осыған байланысты ақын Дәулеткерей Кәпұлының жүрегі мен намысынан қайнап шыққан бір өлеңі бар... Не керек, 2013 жылы әупірімдеп жүріп, қайраткер сүйегін Хан Кене сарбаздары қорымына қайта жерлеп, басын көтердік. Бір үлкен арманымыз болды: тұсында белгілі себеппен Смағұлға байланысты кеңестік таным шеңберінде пікір айтқан ағаларымызды оның зиратына тәу еткізіп, ұрпаққа қалдырар имани үйлесімге кірпіш қаласақ деген. Сол жылы күзде Түркі академиясы өткізген Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциядан соң Тұрсекеңе жағдайдың бәрін қысқаша баяндап беріп: «Аға, Смағұл басына барып Құран оқып қайтсақ қалай болады?» деп қолқа салдым. Ол кісі еңбегіме рақмет айтып, ұсынысқа келісе кетті. Түстен кейін Алаш тұлғасының бейітіне Тұрсынбек Кәкішұлы, Берік Әбдіғалиұлы, Берік Уәли, мен – төртеуміз барып тәу еттік. Тұрсекең өзі Құран оқыды. Маған дұға соңындағы сөздері ерекше әсер етті. Тағы бір есімде қалғаны: бейіт шырақшысының аты да Смағұл-тын. Сол кісіге: «Аруақтар сізге аманат. Құран бағыштап тұрыңыз!» деп, садақа берді. Біз бұл қорымға талай зиялыны әкеліп едік. Бірақ мына жоралғыны алғаш көруіміз. Ішімізден тәуба десіп тұрдық. Бұл жолы да Тұрсекең ағынан жарылды. «Біз Смағұлдың сұңғылалығын, батылдығын білдік. Оның арманы – халық арманы, мүддесі – Алаш мүддесі. Мына істеріңді қолдаймын. Сауаптан болсын!». Осы сөздерді айтқанда көзі де, жаны да жасаурап тұрды. Біз ағамыздың тазалығына, құрбандар зиратына келіп тазарғанына бас идік. Тұрсекеңнің тұлғасы бұрынғыдан да биіктей түсті.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі