Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?

Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?

Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?
ашық дереккөзі

Қараша айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның жеті облысында ауқымды ұстау операциясы жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлауға байланысты Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында ұстау операциялары жүргізіліп, соның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері мен оған қарасты ұйымдарда жұмыс істеген отыздан аса тұлға бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп, ұсталды. Тергеу шарасы жүргізіліп, олардан заттай айғақтар тәркіленген және қазірдің өзінде олардың көпшілігі қылмысын мойындап, тергеу жұмыстарына көмектесуде.

Ал 4 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қыз­меті осы агенттік төрағасы Марат Ах­мет­жа­новтың ауыл шаруашылығы саласындағы сы­байлас жемқорлық схемалары туралы айтқандарын хабарлады. М.Ахметжановтың айтуынша, кейінгі бес жылда ауыл шаруа­шы­лығы саласында 960 қылмыс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тылған. Сондай-ақ, субсидияны жым­қыру­да жылдан-жылға бірдей схемалар қол­данылатыны анықталғанмен олардың се­бептері мен шарттары анықталмаған.
«Шығынға ұшырататын бағыт бұл − ин­вестсубсидиялар, онда құрылысқа, жаб­дық­тар мен техниканы сатып алуға жұмсалатын шы­ғындардың 80 пайызы өтелді. Мысалы, жайылымдарды суландыруға бес жыл ішін­де 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлін­ді. Схеманың мәні – облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармаларының лауазымды тұл­ғалары өздерінің жалған ЖК арқылы су сор­ғылары үшін арзан, сапасыз күн пане­ль­дерін сатып алады. Кейде мүлдем орна­тыл­майды және жалған деректер бойынша ақша алады. Құдықтарда да дәл сондай − бұрғы­лан­баған метрлерге құжаттар жа­са­ла­ды. Бұл ретте субсидиялар алуға арналған ба­­задағы өтінімдер фермерлердің атынан олар­дың цифрлық қолтаңбаларының кө­мегімен беріледі. Тінту кезінде айыпталу­шы­лардың бірінен 500-ге жуық бөтен ЭЦҚ анық­талды», − деді М.Ахметжанов.
Агенттік бас­шысы одан әрі Батыс Қазақстан облы­сын­да облыстық әкімдіктің бөлім басшы­сы­ның қамауға алынғанын айтқан.
«Ол бас­қа адамдармен бірге 120 фермердің аты­нан жалған қағаздарға қол қойып, олар­дың шоттары арқылы ақша алған. Нәти­же­сінде, жұмыс істемейтін жабдық орна­тыл­ған. Осыған ұқсас қылмыстар қазір Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай және Маңғыстау облыс­та­рында тергеліп жатыр. Осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан субсидиялар жел­ге ұшады. Мемлекет шығынды өтейді, мал сусыз қалады», − деді ол қамалу шарасы ту­ралы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі басшысының айтуын­ша, мал басын көбейту немесе мақсатты ба­ғыт бойынша пайдалану мәселесінде алаяқ­тық өршіп кеткен. Анығырақ айт­қан­да, жоқ малға субсидия беріледі. «Субсидия­ланған бұқалар» дереу қайта сатылған, союға жіберілген, тіпті кей жағдайда шетелге шығарылған. Сөйтіп, бір малды сатып алу бірнеше рет субсидиялау арқылы жүзеге асырылған. Мұндай «субсидиялық алаяқтық» деректері Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған. Сонымен бірге мәліметтер базасында жануарлардың саны, жасы, жынысы, реті бұрмаланған, өзгерген. Сондықтан дерек бойынша бұқа болып тұрған мал шындығында бұзау болып шық­пай ма? Ол-ол ма, малдың төлі де қолдан «көбейтілетін» көрінеді. Мәселен, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың бірінде сиырлардың жасын бұзауға түзеген 400 дерек анықталған. Бұл − субсидия алу мақсатында жасанды түрде төлін көбейту үшін жасалған қулық. Ал Жамбыл облы­сын­да қазанда мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Искакова өзінің шаруа қожалығы үшін іс жүзінде сатып алынбаған малға бір­неше миллион долларлық субсидия алу­ды ұйымдастырғаны үшін сотталған. «Балық басынан шіриді» дегендей, былық­тың үлкені Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі орталық аппаратында ветери­нар­лық бақылау комитеті мен оның облыстық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары жақтан шыққан. М.Ахметжановтың ай­туын­ша, олар көрші өзбек еліне ірі қара малды заңсыз шығарғаны үшін кәсіпкер­лер­ден тұрақты пара алып отырған. Мыса­лы, Түркістан облысы инспекциясының бір ғана маманының картасына 47 миллион теңгеден аса қаржы аударылып, өз басшы­лы­ғы үшін пара жинаған инспекция бөлімі­нің бастығы қамауға алынды.
«Мұндай алаяқтыққа ықпал ететін фак­торлардың бірі − ақпараттық жүйедегі кем­шіліктер. Бүгінде мұндай төрт жүйе бар – инвестициялық өмірді сақтандыру (ИӨС), субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (САЖ), қолдау және Плем.КЗ. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы (АШБ) қызметкерлері олардың ашықтығына бай­ланысты инсайдерлік ақпаратты жекелеген субсидия алушыларға сатады. Әділетсіз бәсекелестік құрылып жатыр. Мал басын манипуляциялау басқа ба­зада − ИӨС болады. Ол малды есеп­ке алуға арналған және субсидия алу ке­зін­де қолданылады. Оның әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігі ведомстволық бағынысты ұйымы − Ұлттық аграрлық ғы­лыми орталық (ҰАҒБО). Оның қызмет­кер­лері жүйеде кеңейтілген қолжетімділікке ие болып, деректерді бұрмалайды және қыл­мыс­тық схемаларға қатысады. Апта ба­сын­да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түр­кістан, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыс­тары бойынша ҰАҒБО және орталық аппа­рат­тың менеджерлерін әшкереледі. Олар­дың барлығы ұзақ уақыт бойы жүйелі не­гізде ИӨС жүйесіндегі жануарлар бойынша деректерді өзгерткені үшін заңсыз сыйақы алған. Сондай-ақ АШМ лауазымды тұлға­ларын теріс пайдалану дерегі бойын­ша іс тіркелді, олар 2019 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы ақпараттық жүйе­лерді интеграциялау үшін 886 млн теңгеге жаб­дық сатып алған. Алайда бүгінге дейін тиіс­ті ықпалдастық жасалмады», − деді агент­тік төрағасы Марат Ахметжанов.
5 қарашада Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде ми­нистрлік Президенттің тапсырмасы бойын­ша субсидиялау үдерістерін жетіл­ді­ріп жатқанын және cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге пробле­ма­ларды анықтайтын жұмыс тобын құрға­нын айта келіп,
«2021 жылғы 9 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүр­гізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды. Тек­серу жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құ­қық­тық актілерге талдау жасалды, олқы­лықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақ­ты ұсыныстар әзірленді. Ауыл шаруа­шы­лығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзір­ленді. Олар субсидиялау бағыттарын оң­тайландыруды және олардың тетіктерін жеңіл­детуді көздейді. Бұдан басқа, шаруа­шылық жүргізудің мөлшері мен нысан­дары­на қарамастан, барлық субъектілер үшін мем­лекеттік қолдау шараларының тең қол­­­жетімділігі қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы мін­деттемелер алуы арқылы олардың жауап­кершілігін арттыратын нормалар ен­гі­зілетін болады», – делінген онда.
Әрине, бәрін реттейтін заң керек шы­ғар, бірақ тәуелсіздіктің отыз жы­лына дейін түзелетін уақыты болды емес пе? Керісінше, жылдан-жылға кері кетіп бара жатқан сияқты. Қысқа уақыттың ішін­де елімізді дамытады деген саладан осынша жемқорлық фактілері анықталуының өзі көп нәрсені айғақтайтын сияқты. Мемлекет ауыл шаруашылығына ақ­­­шаны бөлудей-ақ бөліп жатыр, бі­рақ сол өз орнына жұмсалып нәтиже көр­сет­се қане! Ауыл шарушылығына бөлінген суб­сидиялар иелеріне жеткенше жұлым-жұ­лымы шығып, парақор шенеуніктердің қал­тасына кетіп жатыр. Мәселен, 2015-2019 жыл­дар аралығында бұл салада 500-ден аса жем­қорлық дерегі тіркеліп, 221 лауазымды тұл­ға қылмыстық жауапкершілікке тар­ты­лып, 143 адам сотталған екен. Қазақстанда ең дамытылуы тиіс, бі­рақ дамымай жатқан сала – осы ауыл шаруашылығы болып тұр. Мемлекет хал­қын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы тұралап қалса, қым­бат­шылықтың көкесі сонда болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі осы жолы бұл саладағы жемқорлық пен алаяқтықтың тамырына балта шаппаса, ауыл шаруашылығы жөнделуі қиын ауыр шаруашылыққа айналып бара жатыр.