Қараша айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның жеті облысында ауқымды ұстау операциясы жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлауға байланысты Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында ұстау операциялары жүргізіліп, соның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері мен оған қарасты ұйымдарда жұмыс істеген отыздан аса тұлға бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп, ұсталды. Тергеу шарасы жүргізіліп, олардан заттай айғақтар тәркіленген және қазірдің өзінде олардың көпшілігі қылмысын мойындап, тергеу жұмыстарына көмектесуде.
Ал 4 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі осы агенттік төрағасы Марат Ахметжановтың ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық схемалары туралы айтқандарын хабарлады. М.Ахметжановтың айтуынша, кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, субсидияны жымқыруда жылдан-жылға бірдей схемалар қолданылатыны анықталғанмен олардың себептері мен шарттары анықталмаған.
«Шығынға ұшырататын бағыт бұл − инвестсубсидиялар, онда құрылысқа, жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалатын шығындардың 80 пайызы өтелді. Мысалы, жайылымдарды суландыруға бес жыл ішінде 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Схеманың мәні – облыстық Ауыл шаруашылығы басқармаларының лауазымды тұлғалары өздерінің жалған ЖК арқылы су сорғылары үшін арзан, сапасыз күн панельдерін сатып алады. Кейде мүлдем орнатылмайды және жалған деректер бойынша ақша алады.
Құдықтарда да дәл сондай − бұрғыланбаған метрлерге құжаттар жасалады. Бұл ретте субсидиялар алуға арналған базадағы өтінімдер фермерлердің атынан олардың цифрлық қолтаңбаларының көмегімен беріледі. Тінту кезінде айыпталушылардың бірінен 500-ге жуық бөтен ЭЦҚ анықталды», − деді М.Ахметжанов.
Агенттік басшысы одан әрі Батыс Қазақстан облысында облыстық әкімдіктің бөлім басшысының қамауға алынғанын айтқан.
«Ол басқа адамдармен бірге 120 фермердің атынан жалған қағаздарға қол қойып, олардың шоттары арқылы ақша алған. Нәтижесінде, жұмыс істемейтін жабдық орнатылған. Осыған ұқсас қылмыстар қазір Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында тергеліп жатыр. Осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан субсидиялар желге ұшады. Мемлекет шығынды өтейді, мал сусыз қалады», − деді ол қамалу шарасы туралы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының айтуынша, мал басын көбейту немесе мақсатты бағыт бойынша пайдалану мәселесінде алаяқтық өршіп кеткен. Анығырақ айтқанда, жоқ малға субсидия беріледі. «Субсидияланған бұқалар» дереу қайта сатылған, союға жіберілген, тіпті кей жағдайда шетелге шығарылған. Сөйтіп, бір малды сатып алу бірнеше рет субсидиялау арқылы жүзеге асырылған. Мұндай «субсидиялық алаяқтық» деректері Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталған. Сонымен бірге мәліметтер базасында жануарлардың саны, жасы, жынысы, реті бұрмаланған, өзгерген. Сондықтан дерек бойынша бұқа болып тұрған мал шындығында бұзау болып шықпай ма? Ол-ол ма, малдың төлі де қолдан «көбейтілетін» көрінеді. Мәселен, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың бірінде сиырлардың жасын бұзауға түзеген 400 дерек анықталған. Бұл − субсидия алу мақсатында жасанды түрде төлін көбейту үшін жасалған қулық. Ал Жамбыл облысында қазанда мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Искакова өзінің шаруа қожалығы үшін іс жүзінде сатып алынбаған малға бірнеше миллион долларлық субсидия алуды ұйымдастырғаны үшін сотталған.
«Балық басынан шіриді» дегендей, былықтың үлкені Ауыл шаруашылығы министрлігі орталық аппаратында ветеринарлық бақылау комитеті мен оның облыстық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары жақтан шыққан. М.Ахметжановтың айтуынша, олар көрші өзбек еліне ірі қара малды заңсыз шығарғаны үшін кәсіпкерлерден тұрақты пара алып отырған. Мысалы, Түркістан облысы инспекциясының бір ғана маманының картасына 47 миллион теңгеден аса қаржы аударылып, өз басшылығы үшін пара жинаған инспекция бөлімінің бастығы қамауға алынды.
«Мұндай алаяқтыққа ықпал ететін факторлардың бірі − ақпараттық жүйедегі
кемшіліктер. Бүгінде мұндай төрт жүйе бар – инвестициялық өмірді сақтандыру (ИӨС), субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (САЖ), қолдау және Плем.КЗ. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы (АШБ) қызметкерлері олардың ашықтығына байланысты инсайдерлік ақпаратты жекелеген субсидия алушыларға сатады. Әділетсіз бәсекелестік құрылып жатыр.
Мал басын манипуляциялау басқа базада − ИӨС болады. Ол малды есепке алуға арналған және субсидия алу кезінде қолданылады. Оның әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігі ведомстволық бағынысты ұйымы − Ұлттық аграрлық ғылыми орталық (ҰАҒБО). Оның қызметкерлері жүйеде кеңейтілген қолжетімділікке ие болып, деректерді бұрмалайды және қылмыстық схемаларға қатысады. Апта басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстары бойынша ҰАҒБО және орталық аппараттың менеджерлерін әшкереледі. Олардың барлығы ұзақ уақыт бойы жүйелі негізде ИӨС жүйесіндегі жануарлар бойынша деректерді өзгерткені үшін заңсыз сыйақы алған.
Сондай-ақ АШМ лауазымды тұлғаларын теріс пайдалану дерегі бойынша іс тіркелді, олар 2019 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау үшін 886 млн теңгеге жабдық сатып алған. Алайда бүгінге дейін тиісті ықпалдастық жасалмады», − деді агенттік төрағасы Марат Ахметжанов.
5 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде министрлік Президенттің тапсырмасы бойынша субсидиялау үдерістерін жетілдіріп жатқанын және cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге проблемаларды анықтайтын жұмыс тобын құрғанын айта келіп,
«2021 жылғы 9 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды. Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленді. Олар субсидиялау бағыттарын оңтайландыруды және олардың тетіктерін жеңілдетуді көздейді. Бұдан басқа, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы арқылы олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізілетін болады», – делінген онда.
Әрине, бәрін реттейтін заң керек шығар, бірақ тәуелсіздіктің отыз жылына дейін түзелетін уақыты болды емес пе? Керісінше, жылдан-жылға кері кетіп бара жатқан сияқты. Қысқа уақыттың ішінде елімізді дамытады деген саладан осынша жемқорлық фактілері анықталуының өзі көп нәрсені айғақтайтын сияқты.
Мемлекет ауыл шаруашылығына ақшаны бөлудей-ақ бөліп жатыр, бірақ сол өз орнына жұмсалып нәтиже көрсетсе қане! Ауыл шарушылығына бөлінген субсидиялар иелеріне жеткенше жұлым-жұлымы шығып, парақор шенеуніктердің қалтасына кетіп жатыр. Мәселен, 2015-2019 жылдар аралығында бұл салада 500-ден аса жемқорлық дерегі тіркеліп, 221 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 143 адам сотталған екен.
Қазақстанда ең дамытылуы тиіс, бірақ дамымай жатқан сала – осы ауыл шаруашылығы болып тұр. Мемлекет халқын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы тұралап қалса, қымбатшылықтың көкесі сонда болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы жолы бұл саладағы жемқорлық пен алаяқтықтың тамырына балта шаппаса, ауыл шаруашылығы жөнделуі қиын ауыр шаруашылыққа айналып бара жатыр.