Жаңалықтар

Сыбайластарымен бірге 35 млн теңге жымқырған пошта қызметкері ұсталды

Түркістан облысында полицейлер 35 мил теңге жымқырған пошта қызметкері мен оның 2 сыбайласын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне аудандағы пошталардың бірінің қызметкері мекемеге тиесілі 35 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз біреулер жымқырып кеткенін айтып арыз берген.

Оқиға болған мекемеге барған тәртіп сақшылары бірнеше күн бойы жалғасқан жұмыс кезінде күдікті ретінде пошта қызметкері, яғни жас жігіт анықталды. Ұсталған жігіт Сарыағаш ауданының тұрғыны. Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында ұсталған жігітке қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен 2 сыбайласы анықталды.

Белгілі болғандай пошта қызметкері қасындағы 2 сыбайласымен бірге алдын ала сөз байласып, мекеменің қорына жиналған 35 000 000 теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Қолды еткен қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған. Қазіргі таңда ұсталған 3-еу қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның басқа да толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

Back to top button