Жүрекпен орындалатын амалдар

Жүрекпен орындалатын амалдар

Жүрекпен орындалатын амалдар
ашық дереккөзі
  Адамның Алла алдында орындауы міндет болған амалдар бар. Осы шариғи міндеттің екі түрі болады. Біріншісі – сыртқы амалдар. Екіншісі – ішкі амалдар. Сыртқы амалдар денемен орындалса, ал ішкі амалдар жүрекпен орындалады. Жүрекпен орындалатын амалдар жайлы ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Өйткені, адамның іші түзелмей, сырты түзелмейді. Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына сену, әр істе шынайы ықылас таныту, Алланың үкіміне риза болу, шыншылдық, тәуекел ету, т.б. амалдар жүрек ісіне қатысты амалдар. Жүрек амалына қатысты ең үлкен маңызды мәселе – Аллаға ғана сену және Оған серік қоспау. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, жақсы амалдар жасасын және Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (ешнәрсені) серік етіп қоспасын...» («Кәхф» сүресі, 110-аят). Бұған қосымша төмендегі хадисті келтірсек болады: «Иманның жетпістен артық деңгейі бар. Ең жоғарғы дәрежесі – «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөз. Ал ең төменгі дәрежесі жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят иманның бір дәрежесі». Барлық пайғамбарлар өз қауымын ең әуелі Аллаға сенуге, Оған ешнәрсені серік қоспауға шақырған. Расында, адамның жақсы болуы оның жүрегіне байланысты. Жүрек жақсы болса ол түрлі жасырын дерттен аман болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеде бір жапырақ ет бар. Егер сол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ал бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол бір жапырақ ет жүрек» деген хадисінде үлкен мән жатыр. Алла елшісі сахабаларына Алла Тағала пенделерінің жүрегіне қарайтынын айтып, былай дейтін: «Шын мәнінде Алла сендердің денелеріңе де, бейнелеріңе де қарамайды. Алла жүректеріңе қарайды». Демек, пенденің сыртқы амалдарының дұрыс болуы жүрегінің түрлі дерттен аман болуына тікелей байланысты. Алла тыйым салған істерден жүректі аулақ ұстау өте маңызды. Жүрегін таза ұстаған адам ғана екі дүние бақытына бөленеді. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда: «Ол күні мал-мүлік те, бала-шаға да пайда бермейді. Тек (күпірлік пен екіжүзділіктен) таза жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар) деп ескертеді. Шын мәнінде Жаратушы Иеміз біздің жасырын және жария болған істерімізден хабардар. Сол үшін Құранда: «Азғындықтардың жария және жасырын түріне жақындаушы болмаңдар» («Әнғам» сүресі, 151-аят) деп ескертілген. Иманның кемел болуы осы дәрежелердің кемел болуымен, жақсы қасиеттерді бойға сіңіру арқылы жүзеге асады. Жүрек дерті адамды құрдымға жетелейді. Ол пенденің жақсы амалдарын жойып жібереді. Алла бізді ондай дерттен сақтасын! Жүрек дертінен арылудың бірден-бір жолы – нәпсі қалауын басқара білу. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Нәпсінің жетегінде кеткен адам өз қалауының құлы болғаны. Кімде-кім нәпсі қалауына иелік ете алса, нәпсісінің патшасына айналады». Нәпсі қалауы адамды тек жамандыққа шақырып тұрады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, масаттану, екіжүзділік және талас-тартыс секілді жаман әдеттерден жүрек түрлі дертке шалдығады. Былайша айтқанда, бұл сипаттар адам дұшпаны болып саналады. Мұны Абай атамыз өзінің өсиетті өлеңінде керемет түсіндіреді: «...Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз...». Адам баласы өзін жақсы таниды және өзінің жүрек дертін біледі. Абай айтқан жаман қасиеттер жүрек дерті мен нәпсі қалауының көріністері. Ішкі амалын түзеткен адам сыртқы амалын да түзете алады. Жүрек дертінен арылмаған адам қандай жақсы амал жасаса да соған масаттанып, менменсіп, міндетсініп немесе өзгелерге мақтану нәтижесінде ізгі амалдарының сауабынан құр қалады. Алла сақтасын. Ішкі амалды түзетуде ықыластың орны ерекше. Жақсылық істеуде ықылас танытсақ үлкен сауапқа кенелеміз. Бұл туралы Алла Тағала: «Кімде-кім түйірдей жақсылық істеген болса, оның сыйын да көреді. Кімде-кім түйірдей жамандық істеген болса, оның жазасын да көреді» («Зілзала» сүресі, 7-8 аяттар) деп ескерткен. Өйткені, жүрек – Алла Тағаланың назары түсетін жер. Ықыласты адам лағынетті шайтанның азғыруына ермейді. Құрандағы мына аяттар ойланған жанға ғибрат береді: «Ібіліс шайтан: «Уа, Раббым! Адастырғаның (сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын) – деді. Сонда Алла: «Міне, (ықыласқа, толық мойынсұнушылыққа негізделген) осынау жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүретін болады» деді» («Хижр» сүресі, 39,40,41,42-аяттар). Серіктестері Иса пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын): «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз не?» деп сұрағанда: «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз – қандайда бір ізгі амал істегенде адамдардың мақтағанын күтпеу», – деп жауап берген екен. Расында, адам баласы өзі жасаған жақсылығын біреудің көргенін немесе мақтап айтқанын қалап тұрады. Бұл – адам табиғатына тән нәрсе. Алайда Алланың ықыласты құлдары ғаны мұндай жүрек дертінен алыс болуға тырысады. Өйткені, Алла Тағала тек ықыласпен жасалған амалды ғана қабыл етеді. Әбу Умәмә әл-Бәһили (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп бұйырды: «...Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді». Алла Тағала Таза, Пәк болғандықтан тек таза нәрсені қабыл етеді. Әйгілі ғұлама Имам Ғазали: «Зат түрлі қоспалардан арылғанда ғана тазарады. Дәл сол секілді амалдар да шынайы болғанда ғана таза болады», – деген екен. Бүгінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімі насихатталуда. Бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ихсан ілімі пендені жүрек дертінен аман болуды, әр істе ықыласты болуды үйретеді. Өйткені, ихсан – жүрек ілімі. Халқымызда: «Жақсы ниет – жарым ырыс», «адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды» деген нақыл сөз бар. Алла баршамызды жүрек дертінен сақтап, өзіне адал құл болуды жазғай. Әмин!

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы