Көпір құрылысына картон қолданған: мамандар себебін түсіндірді

Көпір құрылысына картон қолданған: мамандар себебін түсіндірді

Көпір құрылысына картон қолданған: мамандар себебін түсіндірді
ашық дереккөзі
Петропавлдағы Жұмысшы кентіне апаратын көпірді жөндеу барысында не себепті картон қолданылғанын мамандар түсіндірді. Құрылысшылардың «технологиясы» әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түскен болатын. ҚазАқпараттың жазуынша, Петропавл мен Жұмысшы кентін қосатын негізгі көпірлердің бірі екі аптадан бері жөнделіп жатыр. Яғни көпір 28 қазаннан бері автомобиль қозғалысы үшін жабық. Қаланың орталығына күнде қатынайтын тұрғындарға бұл біраз қиындық әкелді. Мамандардың айтуынша, көпір 2014 жылы күрделі жөнделген, осы мақсатқа 500 млн теңге жұмсалған. Уақыт өте жолдың бетон плиталары сөгілген. Оны орташа жөндеуге 21 млн теңге бөлінді. «Жұмыстар аяқталуға жақын. 5 см асфальт-бетон қосындысын төседік. Енді бетон плиталарының арасы қайта ашылып, жезден жасалған компенсатор қойылады. Кейін үстіне тағы да асфальт төселеді. Бұл технология көптеген елдерде қолданылады. Олай етпеген жағдайда екі бетонның қосындысы түзу болмай, толқынданып тұрады», - дейді жоба авторы Сергей Чурилов. Жақында әлеуметтік желіде көпірдің құрылысына қатысты бейнежазба пайда болды. Құрылысшылар нысанды жөндеу барысында картон қағазды, тақтайларды қолданған. Бұл әдіс көпшіліктің сынына қалып, әжуаға айналды. «Ол картон, ескі-құсқыны тесікетрді жабу үшін уақытша қолдандық. Өйткені көпірдің астынан теміржол өтеді. Құрылыс материалы теміржолға түсіп, қауіп тудыруы мүмкін», - дейді Сергей Чурилов. Петропавл қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, көпірдегі жөндеу жұмысы бір аптаның ішінде аяқталмақ. «Көпірге жөндеу жүргізу үшін жаз уақытында екі рет конкурс өткіздік, нәтиже болмады. Сондықтан қыркүйек айында «Магистраль-СК» ЖШС келісімшартқа отырып, Оңтүстік-Орал теміржолымен тиісті келісім жасалғаннан кейін жұмыс басталды. Келесі аптада көпір пайдалануға беріледі», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.