Жаңалықтар

8 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1920 жылы 8 қарашада Қырғыз (Қазақ) АССР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қырғыз АССР мемлекеттік статистика туралы ережені» бекітті. Сол жылы Қазақ АССР статистика басқармасы құрылды. Кейін, 1948 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанынан Статистика басқармасы құрылды.

1997 жылы Алматыдағы Президент резиденциясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Ақмола қаласына (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) шығарып салу салтанаты өтті.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің елшілері клубының алғашқы отырысы өтті. Онда ШЫҰ хатшылығы, ұлттық үйлестірушілер кеңесі және Қазақстанда тіркелген елшіліктер жанындағы тұрақты өкілдер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

2004 жылы Семей мешітіне 1907 жылы Қазан қаласында басып шығарылған Құран кітабы тапсырылды. Оны Семей қаласында «Дау-Каз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде тауып алған. Басылымда Құранның араб мәтінімен бірге оның орыс тіліне аудармасы да келтірілген. Аударған – танымал орыс шығыстанушысы Гордий Саблуков.

2011 жылы ТМД елдерінің арасында алғаш рет Қазақстанда Қазақ телевизия энциклопедиясы жарық көрді. Онда тек отандық телекомпаниялар туралы ғана емес, алыс-жақын шетелдерде әр жылдарда эфирге шыққан танымал телевизиялық бағдарламалар жайы да айтылады.

2013 жылы елордалық «Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова Германияда өткен Neue Stimmen ірі вокалшылар конкурсының бірінде финалға өтіп, «Klassik Herbst in Gutersloh’ Forderpreis» («Гютерслодағы классикалық күз») жүлдесін ұтып алды. Бұл конкурсқа бір жарым мыңға жуық адам өтінім берген, соның ішінде барлығы 40 адам өткен. Финалға тек 9 вокалист өткен, соның ішінде С. Ахметова да болды.

2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Гои» бейбітшілік қоры атынан «ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан зор үлесі үшін» 2016 жылғы әлем мәдениетінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Арнаулы сыйлықты салтанатты түрде Гои бейбітшілік қорының төрайымы Масами Сайонджи мен қор президенті Хироо Сайонджи табыс етті.

2018 жылы «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде 1938-1953 жылдары лагерьде жазасын өтеген эстон әйелдеріне арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Шараға Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юрий Ратас, Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарим Мұхамбеталина және музей қызметкерлері қатысты.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда поляк авторларының түрлі тілде жазған кітаптары жиналған Қазақстандағы алғашқы полониялық кітапхана пайда болды. Мұндағы кітап сөрелерінде Адам Мицкевич, әдебиеттен Нобель сыйлығының лауреаттары атанған Генрик Сенкевич, Владислав Реймонт, Вислава Шимборская және Чеслав Милоштің классикасы, тарихи және балалар әдебиеті қойылған.

Back to top button