Алматы облысында қызметкерлерінің жемқорлығы үшін 4 басшы отставкаға арыз берген

Алматы облысында қызметкерлерінің жемқорлығы үшін 4 басшы отставкаға арыз берген

Алматы облысында қызметкерлерінің жемқорлығы үшін 4 басшы отставкаға арыз берген
ашық дереккөзі
Алматы облысында қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін 14 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінен мәлім етті, деп жазды ҚазАқпарат. Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі институтының іске асырылуына мониторинг жүргізіп келеді. Осы институтты іске асыруға мониторинг жүргізілген сәттен бастап, облыста өзінің қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 4 басшы (саяси мемлекеттік қызметшілер) отставкаға кету бойынша арыз жазды. Облыс басшылығы тек 1 басшының отставкаға кетуін қабылдады (Текелі қаласының экс-әкімі), қалған 3-еуі сөгіс және қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды (Қарасай, Кербұлақ, Панфилов аудандарының әкімдері). Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың дәлелденген фактілері үшін 14 басшы (әкімшілік мемлекеттік қызметшілер) тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: ескерту алғандар – 2, сөгіс алғандар – 4, қатаң сөгіс алғандар – 5, атқарып отырған лауазымынан босатылғандар – 2, лауазымын төмендету – 1. «Қатаң сөгіс» алғандардың арасында Қарасай ауданы Жібек жолы кентінің ауылдық округінің әкімі, Қапшағай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, Райымбек ауылдық округінің әкімі, Панфилов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. «Сөгіс» түрінде тәртіптік жазаға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ МК Алматы бөлімшесі филиалының директоры, «ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы» РММ басшысы, Текелі қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы тартылды. Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық істер сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы сатысында тұр. Солар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, саяси мемлекеттік қызметтегі басшылар отставкаға кету бойынша арыз жазып, ал әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер бағыныштылары сотталған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Еске салайық, 2020 жылы Қазақстанда отставкаға кету және бірінші басшылардың қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі институты жұмыс істей бастады. Заңнамалық нормаға сәйкес, мемлекеттік саяси қызметшілер – министрлер және олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен әкімдер орынбасарлары, аудандардың әкімдері өздеріне тікелей бағынысты қызметкер жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда орнынан түсуге міндетті. Ал саяси емес, А және Б корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.