Жаңалықтар

Шымкент ауруханасында жатқан есін білмейтін ер адамның туыстары іздестірілуде

ашық дереккөзі

Шымкент ауруханасында жатқан есін білмейтін ер адамның туыстары іздестірілуде

Шымкентте 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан есін білмейтін ер адамның туыстары іздестірілуде, деп хабарлайды Otyrar.kz. Дәрігерлердің айтуынша, науқас 26 қазан күні түнгі сағат екілер шамасында ауруханаға жеткізілген. 103 қызметіне «Отырар» шағынауданының тұрғындары хабарлаған болуы мүмкін. Себебі, науқас осы маңайдағы №60 үйдің алдынан табылған. Жас шамасы 30-35 те, бойы орташа ер азаматтың бірде-бір құжаты жоқ. Тіпті қазірдің өзінде аты-жөні белгісіз. Ал өзі есін жинағанымен әлі анық сөйлей алмайды. Ауруханаға түскен кезінде ер азаматтың жағдайы өте ауыр болған. Тез арада алғашқы көмек көрсеткен дәрігерлердің айтуынша науқасқа бір емес бірнеше диагноз қойылыпты. Қазіргі жағдайы қалыпты ауыр дейді. Шамамен 3 пен 6 ай көлемінде өз қалпына келуі мүмкін. Ал ауруханадан қашан шығарылатыны әзірге белгісіз. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, мұндай жағдай жылына үш-төрт рет орын алады екен. Әрі ес-түссіз келген азаматтардың басым бөлігінде құжаттары болмайды дейді. Сондықтан бірден полиция департаментіне өтініш беретін көрінеді.