Жаңалықтар

ҚазҰУ қалашығында 19 метрлік сағат стеласы орнатылды

ашық дереккөзі

ҚазҰУ қалашығында 19 метрлік сағат стеласы орнатылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәңгілік ел» сағаты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі. Бұл архитектуралық нысан - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, түлектердің университетке сыйға тартуы. Сағаттың ашылу салтанатына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова және ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов сынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері,  Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарынан арнайы келген меценаттар мен университеттің оқытушы-профессорлары және білім алушы жастар қатысты. Шараға арнайы шақырылған меймандар сөз сөйлеп, бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми өз кезегінде жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен қонақтарына оқу, жұмыс істеу және тұрмыс үшін жайлы орта құру екенін тілге тиек етті. «Қазақ ұлттық университетінде бірақтар жұмыстар атқарылып келеді. Түлектер қауымдастығының бастауымен студенттерге шәкіртақы беру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар қалашықтың көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысандар бой көтерді. Осы сағат стеласы құрылысы да Түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын», – деді Қайрат Мәми. Қалашықта бой көтерген сағат стеласы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады. Меценаттардың ұсынысы бойынша «Мәңгілік Ел» сағаты биіктігі 19,3 метр стелаға орнатылды. Сағаттардың параметрлері үлкен және диаметрі 1600x1600 мм-ге жетеді. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.