5 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

5 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

5 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1948 жылы 5 қарашада Қазақстанның солтүстігінде машина жасау кәсіпорнының құрылысы туралы шешім қабылданды. 1960 жылдың қыркүйегінде алғашқы өндірістік корпус пайдалануға берілді. Онда АПП-125 астық тиегіштерінің алғашқы зауыттық өнімі дайындалды. Астық тиегіштер 1961 жылдың 30 наурызында дайындалды. Петропавл күрделі машина жасау зауытының қызметі басталды. 1993 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 қаулысы шықты. 1999 жылы Көкшетау қаласында Абылай хан ескерткіші орнатылды. 2004 жылы Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған. Маңайдағы ауылдардың біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандарға бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Сағымбай Рысбаев Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған. 2009 жылы Қазақстанда биометриялық төлқұжаттар беріле бастады. Жаңа төлқұжаттың соңғы парақшасында электронды чип бар. Онда тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжат нөмірі, құжаттың берілген күні және жарамдылық уақыты, жеке идентификациялық нөмір, фото мен құжат иесінің қолтаңбасы бар. Электрондық биометриялық құжат Қазақстаннан өзге әлемнің 17 елінде бар. 2013 жылы «Аstana Рiano Рassion» жас пианистер байқауының финалисі Санжарәлі Көпбаев еліміздің әлеуетті көшбасшылары – зияткерлік, жалпы білім беру, ғылыми, музыкалық, спорттық жарыстардағы республикалық және халықаралық маңызы бар олимпиадалардың жеңімпаздары тіркелетін «Ұлт болашағы» Қазақстанның VIP-листингіне енді. Санжарәлі Көпбаев – Қазақстанның «Astana Piano Passion» Бірінші Халықаралық жас пианистер байқауының жалғыз финалисі. Тоғыз жасында қазылар алқасы мен байқау қонақтарын жанды ойынымен және риясыздығымен баурап алды. 2013 жылы ҚР Ұлттық банкі «Қазақстанның қалалары» сериясының «Қостанай», «Талдықорған», «Тараз» ескерткіш монеталарын айналымға шығарды. Номиналы – 50 теңге. Монеталар нейзильбер қоспасынан соғылған, диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм, әр монетаның таралымы – 50 мың дана. 2014 жылы Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, 40-тан астам кітаптың авторы, қазақ әдебиетінің классигі Әзілхан Нұршайықовтың Құрманғазы көшесіндегі 27 жыл тұрған үйіне жазушының ескерткіш тақтасы орнатылды. 2016 жылы әлемге әйгілі корей пианисі Пэк Кон У Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті. 70 жастағы солист дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен Astana Opera Ұлттық опера және балет театрының сахнасында осы театрдың симфониялық оркестрімен концерт берді. Бағдарламада Людвиг ван Бетховен мен Сергей Рахманиновтың шығармалары орындалды. 2018 жылы Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі іске қосылды. Ол Қазақстан Республикасының технологиялық даму тарихының жаңа беті болды. 2019 жылы Алматыда қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған спектакль өтті. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актерлері көрермендерге белгілі жазушының балалық шағы, жастық шағы мен өмірінің соңғы жылдарын көрсете білді. Жазушының басты рөлін Нұрлан Байшин сомдады. Спектакль Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылды. Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Сейтжанова актерлерге қойылым үшін, ал көрермендерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. 2020 жылы қазақстандық мектеп оқушылары әлемнің 18 елінен 154 оқушы қатысқан 37-ші Балқан математикалық олимпиадасында алты медаль жеңіп алды. Ұйымдастырушы ел Румыния болды.