Жаңалықтар

Қыбыр-қыбыр құмырсқа

ашық дереккөзі

Қыбыр-қыбыр құмырсқа

Жан-жағымыздағы құж-құж қай­на­ған тынымсыз тіршілікке бір сәт зер са­лып қарасақ, қоршаған таби­ғат­тың өзі­нен көп нәрсе бізге – адам­дар­ға үйренуге болады екен. Халық арасында құмырсқалар жайын­да небір қызықты ертегілер, аңыз-әңгімелер, эсселер мен жыр-өлеңдер бар. Тіпті, құмырсқа қасиетті жәндік қатарына қо­сылып, діни кітап Құранға да енгізілген. ...Кеңес заманында туристік сапармен бір­неше мемлекетте болдық. Бірде Клайпеда қа­ласының маңындағы Балтық теңізі жаға­сын­дағы «Алтын шағылдар» («Золотые дью­ны») демалыс үйінде демалғанымыз бар. Курш түбегінің бір жағалауы теңіз болса, екін­ші шығыс беті – көл, түбектің ұзындығы 98 шақырым – Клайпедадан Калининградқа (бұрынғы Кенигсберг қаласы) дейін созылып жатыр. Ені бар болғаны – 1,5-2 шақырым. Тү­бек­тің табиғаты керемет: қалың орман, көз жауын алатын өсімдіктер өсіп, жабайы аңдар мен құстар еркін мекен етіп жатыр. Тіпті, олар адамдардан еш сескенбейді. Қа­лың ағаш арасындағы алаңқайларда арнайы тақтай-ағаштармен қоршалған көлемді үйінділер көзге шалынады. Кейін білдік, бұлар құмырсқалардың мыңжылдық илеуі екен. «Табиғатты аялауды, қорғауды осы елдің адамдарынан үйрену керек» деген ой тоқып, ризашылық сезімге бөлендік. Ойланыңызшы, тіршілік үшін қажетті әсем табиғатты бұзбай, оған еш зиян келтірмей, алақанымызға са­лып аялау барлығымызға артық іс болмас еді ғой... Әттең, әзірше бізде олай болмай отыр­ғаны өкінішті. Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жа­зыл­ған «Бың Цау Гаң Му» кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты дерек келтірілген. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, олардың қаншама ғасырдың ширегінде өзгермей келуі – физикалық және қоғамдық жаңданудың әсерінен. Демек, құмырсқалар кез келген дүниені қорек көзіне айналдыру мен өндірісті жүргізіп кетудің жолдарын жетік меңгерген бірден-бір тіршілік иесі болып саналғаны. Олардың шындығында фи­зикалық қуаты орасан болғаны соншалық, өздерінен 100 есе үлкен затты еш қиналмай тасымалдай береді. Ғалымдар құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс істеу құпиясын түсіне алмай келеді. Өте күрделі жұмыс атқаратын жән­дік­тер бойына туа біткен инстинкті реакция­мен тіршілік кешеді дегенге бұл күні біз түгілі олардың өздері де сенгісі келмейді. Ғалымдар олардың жұмылып жұмыс істеу барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, қалай оны бір-біріне тілсіз таратып отыратынын таба алмайды. Ашылмай тұрған ең үлкен құпия – ғылыммен жасалатын жұмыстарды іске асырғанда ақыл-ой, интеллектіні қайдан алады? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Cебебі оның жүйке талшықтары тым жіңішке һәм өте нәзік. Құмырсқалардың өмір сүру тәсілін «микроскоп» астына алып зерделей­тін болсақ, адам мен олардың қоғамдық құры­лысында таңғалдырарлық ұқсастық бар екенін байқауға болады. Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке түгелдей бағынышты. Қауым­дағы әрбір мүшенің өзіне тиесілі мін­деті бар. Аса жауапты міндеттермен ұйым­дас­қан жәндіктер кез келген көңіл күйді сезі­ніп, жұмыс барысында аянбай еңбек ету­ден ешқашан қашпайды. Жай ғана жы­бырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда – бұл жәндік алдына мақсат қойып, жоспармен жұ­мыс істегенде алдына жан салмайды. Мы­салы, құмырсқаның адам секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сиыры» деп атайды. Орыс­тар оны «тлей» дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын ретінде ішіп, рақаттанып, мас болып жүреді. Сиырларды асырау үшін адам секілді олар да бақташы жасақтайды. Олар сиырды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қор­ғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүр­ген тлейлерге тентек жәндік тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге дайын. Бақташылар мін­деті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға кө­шіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан қалқа құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса, ұрғашы сиырларды жып-жылы, құп-құрғақ мекенжайға жайғас­тырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырдың баппен күтілімі ауадай қажет. «Сиыры» семіз болса, құ­мырсқа да күйлі. Сондықтан өз бетінше өсіп-өнетін «сиырға» қарағанда, құмырсқа­лар­­дың қарауында өскен тлей өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан тлей құмырс­қа­дан қожайын тапса, бала-шағасына дейін шаттанып, қуанады. Құмырсқаның жүйке жүйесінің физикалық көлемі өте-мөте кіш­кентай. Ал тіршілікте қолданып жүрген оқу, айла, өнер, білімі шамадан тыс көп... Ендеше осындай қиын әрі әркелкі өмір сүру салтын құмырсқаларда сана болмағанда, не анықтап, жүйелеп бере алады? Ғалымдардың айтуын­ша, бұл қоғамдық жәндіктердегі жоғары са­тыға дейін дамыған өте күрделі тума инс­тинкттер жүйесі деп болжайды. Әлем әдебиетінде белгілі француз жа­зу­шысы Бернард Вербердің «Құ­мырс­қа­лар», «Құмырсқа күні» және «Құмырсқалар революциясы» кітаптары әлем оқырмандары­ның үлкен қызығушылығын тудырғаны бел­гілі. Француз әдебиетінің кейбір сын-ескерт­пелеріне қарамастан, аталған үш кітап ре­кордтық көрсеткішпен 10 миллион тара­лым­мен Еуропа және Солтүстік Америка ел­деріне тарады. Құмырсқалар өркениетін баяндаған бұл шығарма әлем оқырмандарын тамсандырды. Олардың біразына тартымды мультфильмдер де түсірілген. Орыстың бел­гілі жазушысы И.Крыловтың да «Шегіртке мен құмырсқа» атты мысал-шығармасы бар Енді қазақ әдебиетіне келер болсақ, Спандияр Көбеевтің «Құмырсқа мен көгершін» әңгімесі, Мұзафар Әлімбаевтың «Құмырсқалар» дейтін өлеңі мен Есенғали Раушановтың «Құмырсқа­мен дипломатия» өлеңі – қазақ әдебиетіне қо­сылған қомақты дүниелер. Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа-қыр­ғын» әңгімесі дәл осы тақырыпқа арнал­ған. Ондағы көркемдік сипаттама құмыр­с­қа­лар өмірі жайлы тамаша жасалған әліп­пе­лердің бірі екенін айтады көпшілік. Байқап отырсыздар, құмырсқалар тақырыбы – әлем­дегі ең қызықты тақырыптың бірі. Өйткені құ­мырсқа өзінің еңбекқорлығымен, қанағат­тылығымен кімді болмасын таңдандырады, сүйсіндіреді. Шынында да, қанша жетілдік, да­мы­дық, санамыз өсті десек те, адамға табиғаттан үйренер іс аз емес-ау, тәйірі! Тек соған бір сәт болса да зерделей қарап, жалық­пай сараптап, көңілге тоқып, санамызға сіңіріп, оны ақылмен өмірімізге, игілігімізге пайдалана білген артық болмас, сірә. Әлі де қоршаған табиғаттың адамзатқа берер тағылымы қаншама?! Кім білсін...

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тараз қаласы