Абай және «Тасдиқ» трактаты

Абай және «Тасдиқ» трактаты

Абай және «Тасдиқ» трактаты
ашық дереккөзі
Хакім Абай – қазақ халқының рухани ұстазы. Бұлтартпас дәлелдің бірі – бүгінде 38-қара сөз делініп жүрген «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») трактаты. Абай: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп осы еңбегінде айтқан. Арабтың «тасдиқ» сөзі – «шындықты танып-білу», «хақиқатты бекіту» деген мағынаны білдіреді. «Шыннан өзге Құдай жоқ» (Шәкәрім). Сондықтан Абайдың күрделі туындысын «Құдайды таныту» кітабы деп қабылдасақ жөн. «Тасдиқ» қашан, қалай жазылды? Ал­ды­мен осыны анықтайық. Абайда проза кітап екеу. Әуелгісі – туған ұл­тына арнап жазған насихат кітабы (оған Абай «Ғақлия» деп ат қойған). Біз сөз етіп отыр­ған «Тасдиқ» – екінші кітабы. Ол – бү­кілә­­­лемдік ой-санаға қосқан үлесі. Бірақ 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің басшы­лы­ғы­мен жарық көрген тұңғыш толық жинақта Абай­дың қос кітабы да төл атынан ажырап, «Қара сөздер» деген ортақ атпен топтасты (оған Мұхаңды қаһарлы уақыт мәжбүр етті). Осылайша, Абайда проза кітап екеу емес, біреу деген жаңсақ ұғым қалыптасты. Сол себепті қара сөздер мұрасының жа­зылу мерзімі «шамамен 1891-1898 жыл­дар» делінуде. Шындығында, бұл – әуелгі «Ғақ­лия» атты қолжазба кітапқа ғана қа­тыс­ты мерзім. Ал «Тасдиқ» кітабына Абай кейін кі­ріс­­кен, атап айтқанда, оны 1899-1901 жыл­­­­дары жазған. Оған куә – әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902) өлеңі. Аталған өлеңін­де «Тасдиқ» трактатында таратқан те­рең танымдарын Абай ұғынуға жеңіл қы­лып, қайыра айтқан. Мысалы, бесінші шу­­мақты алайық. Оның басы – «Махаббатпен жа­ратқан адамзатты», әрі қарай: «Адам­зат­тың бәрін сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әділетті». Біле білсек, бұл жерде Абай «Тасдиқ» трактатында кеңінен айтқан терең ойларын бір-екі өлең жолына сый­ғызып, оңай, жеңіл түрде таратқан. Дәлелге «Құ­дай тағаланың жолы ...нихаятсыз бо­ла­ды. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қы­лып, кім қадам басты, ол – таза мұсылман, то­лық адам» деген қорытынды түйінге жү­гін­сек те жеткілікті. Сөйтіп, «Тасдиқ» трактаты мен «Алла­ның өзі де рас...» өлеңі өзектес әрі тамырлас, екеуін тұтастықта қарастыруға тиіспіз. Олар­дың арасы төрт-бес жыл алшақ деген сөз ешқандайда сын көтермейді. 1899-1902 жылдары Абай хакімдік дең­гейге көтерілді, көңілі қайта түлеп, жаны жай тапты. Шыны сол, Хақты, Жаратқан Ие­ні тауып ләззат алды, жалғыздықпен де мәң­гілікке қоштасты. «Хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қой­ды. ...Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екін­ші мәртабада қалып, бір ғана Хақты тап­пақ, әрбір нәрсенің себебі таппақпенен ләз­заттанады». Мұны да Абай жеке басының тә­жірибесінен алып айтқан. Енді «Тасдиқ» мазмұнына келер бол­сақ, ол кіріспеден, екі негізгі («Алла Та­ғаланы та­нымақтық», «Өзін таны­мақтық» деген) және қорытынды («Жақсы менен жаманды айырмақлық» деген) бөлімнен тұрады. Азды-көпті шолу жасайық. Кіріспеде Абай барлық ғылым-білімді төрт тармаққа бөлген. Олар: «Алла таға­ланы та­нымақтық, өзін танымақтық, дүниені та­нымақтық, жақсы менен жаман­ды айыр­мақлық». Болмыс тұтас қамтылған тезис! Талдайық. Алланы және өзін тану – дүниенің кө­рінбеген сыры. Тәлім-тәрбиенің күллісі та­мыр тартатын бұл ілімді исламда теория­лық философия дейді. Ал «Жақсы менен жа­ман­ды айырмақлық» практикалық (қол­данбалы) философия делінеді. Неге? Себебі оның арқалаған жүгі – рухани ілімді іс жү­зінде қолдану. Осы қолданбалы ілімге мұ­сылмандық Шығыста ахлақ, Еуропа елде­рінде мораль я этика деп ат қойған. Жақсы-жа­манды айыру деңгейіне көтерілмей, адам ба­ласының мінезі түзелмейді. Бұл – анық­талған ақиқат. Батыс және шығыс өркениеті айыр­масы осы арада болған соң, дүниенің көрінген сы­рын тануға да тоқталайық. Ол жайында Абай: «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, оларды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады», – дейді. Сыртқы ғылымға, яғни нақлияға кім жүйрік? Фәни тіршілік пен жаратылыс сырын ашу ісінде кім ойқастап озды? Әрине, батыс адамы. Бірақ батыстың кемшін тұсы – ал­дыңғы екі танымақтықты (дүниенің көрін­беген сырын) «мистика» санап, шетке ысыр­ды. Ішкі ғылымға жүйрік – хакімдер не­кен-саяқ болды. Осы айтылғандар батыс пен шығыстың танымдары арасындағы прин­циптік өзгешелікті аңғаруға жеткілікті сияқ­ты. Кіріспедегі астары терең тезиске төменде қайта ораламыз. Енді трактаттың «Алла Тағаланы та­ны­­мақтық» деген бөліміне ауысайық. Алла Тағаланың сегіз ұлық сипаты бар. Олар­дың арасынан Абай ғылымды бөлектеп ала­ды. Неге? Себебі өзге сипаттар «еш нәр­сеге харекет бермейді, һаммаға харекет бере­тұғын ғылымның өзі». Өркениетті қоз­ғаушы құдірет – ғылым. Бұл – Абай жаңа­лығы. Өйткені теология ілімі бойынша тұң­ғыш рет дәйектеп отыр! Адамның ғы­лымы – Алла Тағала ғылымының зәредей бөл­шегі. Демек, оның берер несібесі шексіз. Әр ұлтқа өз ғылымын дамыту қажеттігі осы­мен өз түсінігін табады. Сөз болып отырған бөлімде Абай аш­қан келесі жаңалық: «Бірінші сүю Алла­ның махаббаты ма, жоқ, әлде адамның Алла­ны сүюі ме?» деген. Күллі ғалам, оның ішін­де адамзат – Алла Тағала махаббатының куәсі. Демек, барша сүйіспеншілік тамыры – Алланың махаббаты. «Сүюдің бастапқысы қайсы?» деген күрделі мәселені Абай ғы­лыми негізде екшеп, байыптап береді. Екінші бөлім – «Өзін танымақтық». Бұл бөлімде Абай «Алла Тағаланың пен­­­десіне салған жолы қайсы?» деген мәң­гілік мәселені көтерген. Өзін тану деген – адам­ның өзін «жан» деп білуі. Сонда ғана адам «Өмірдің мағынасы неде?», «Қайдан кел­дім?», «Қайда барам?» деген сұрақтарға жауап табады. «Құдай жақсыны қолдайды, әділ адамдарды сүйеді, ал залымдарды сүй­мейді». «Құран іші толған осы секілді аят­тар», – дейді Абай. Толық адам кім? Бұл мәсе­леге келгенде Абай төрт топ өкілдерін (пайғамбар, әулие, хакім және кәміл мұсыл­ман) атап көрсетеді. Әулие мен хакімнің айырмасына баса назар аударады. Аталмыш бө­лімді кемеңгер «Құдай жолы» және «то­лық адам» ұғымдарына анықтама берумен сабақтайды. Үшінші қорытынды бөлім – «Жақсы менен жаманды айырмақлық». Өзін «жан» деп сезген кезден адам жақсы менен жа­манды айыру деңгейіне жетпекші. Иман­ды болудың мәнісі осы. Бірақ иманды еке­нің іс-әрекетіңнен көрінсін. Абай: «Сен өзің инанмақтығыңнан пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек» дейді. Сөйтіп, алдыңғы екі негізгі бөлім (Алла Тағаланы та­нымақтық және өзін танымақтық) – ру­хани білім қайнары. Ал, соңғы бөлім – қол­данбалы философия (ахлақ, этика). Тағы бір айтары, жақсы менен жаманды айыру үшін алдыңғы рухани ілімді игеру керек. Әйтпесе, жоқ. «Тасдиқ» трактаты мазмұнына шолуы­мыз осымен тәмам. Бүгінгі өркениет – жү­рек­сіз, көңіл көзі соқыр өркениет. Толас­сыз материалдық даму адамзат көшін тығы­рық­қа тіреді (мұны әлемдік пандемия алақанға салғандай анық көрсетіп отыр). Абай – осы тығырықты көре білген рухани ұстаз. Мынаған қараңыз: заман ауысты, қоғам түрленді. Ой-санамыз басқа. Алай­да өткен жылғы Абайдың толық жи­нағы өзгеріссіз қалды. Халықтың рухани дү­ниеге сусап отырғанын ескермеу деген – осы. Жинақтың «Түсініктер» бөлімінің үтір, нүктесіне шекті кеңестік дәуірден көшірілуі өкінішті-ақ. «Абай – рухани реформатор», «Абай – адамзаттың ұстазы» деп құр ұран­дап, жар салудан тезірек арылсақ жақсы. Абайтану ғылымы шаң жұтып, көш соңында қалмасын десек, қара сөздердің хронология­сын қалпына келтіру, «Тасдиқ» трактатын бөлектеп алу – аса маңызды шаруа. Оны зерт­теп-зерделеудің идеология жасауға да, елі­міз дамуының дұрыс бағытын табуға да тиер пайдасы зор. Төменде осыған мысал алайық.

Абайдан ғибрат алудыңбірер үлгісі

Ілкіде Абай айтқан үш «танымақтық» пен бір «айырмақлық» бүкіл болмысты қам­ти­ды дедік. Екінші түрде, ол – бүтін ғылым. Мә­селе сонда, Алланы және өзін тану ар­қылы ғана адам жақсы менен жаманды айыру деңгейіне жетеді. Ал жарым ғылым, яки тек дүниені тану арқылы ол деңгейге жету екіталай. Батыс және шығыс құнды­лық­тары несімен айрықша? «Олар қайтсек үйле­седі?» деген мәселені түсіну кілті осы арада. Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес» де­мек­ші, батыс елдерінің білім беру жүйесі мате­риал­дық дамуға лайықталған, тек фәни тір­шілік қамын күйттейді. Сыртқы ғылым ар­қылы заман танымастай өзгерді, әлі де өз­гере береді. Өстіп, заманды түзетпектік – батыс өркениетінің өзіндік белгісі. Шығыс әлемі, басым бөлігінде, керісінше ғылыми прог­реске ілесе алмады. Абай айтқан «һам­маға харекет беретұғын ғылым» қағидасы еске­рілмеді. Бір тәуірі, құдайшылық рухын сақтап қалды. Қысқасы, батыс әлемі – соқыр, шығыс әлемі – ақсақ. Осынау менмұн­дала­ған сыңаржақтықтан шығуға керегі – толық (бүтін) білім, яғни батыс пен шығыс құн­ды­лықтары үйлесуі. Абай – осыны көре білген ғұлама. Тереңдей түсейік. Барша өмір құбы­лысы екіұдайылық, күн мен түн, ыс­тық пен суық, әділдік пен зұлымдық, жақ­сы мен жаман деген секілді шексіз жал­ғаса береді. Адам болмысы да осы қатардан: жан мен тәннен тұрады. Адамзат өркениеті екіжақты (батыс-шығыс) болуы содан. «Бі­рақ адам болмысы табиғат пен жан иесі хайуандардан бөлек. Оған Тәңірі ерік пен ерекше ақыл дарытқан», – дейді Абай. Тәнді жанға, тұрмысты санаға билетем десе, өз ыр­қында. Барша ғаламға үйлесімді дамуға бөгет сыртқы күш жоқ. Фәнидің жарқылына алданып ғапыл қалма, рухани білімді, сана­лы бол! Ғылым-білім алу мен имандылық тәр­биені құстың қос қанатындай қатар ұстан! Міне, «Алланың пенделеріне салған жо­лы қайсы?» деген мәселеге қатысты да­нышпан Абайдың ұстанымы – осы. Қорыта айтқанда, Абай ілімі – батыс пен шығыстың үйлесуі көзделген ілім. Ол бойынша өркениеттер қақтығы­сы­нан арылу адамзаттың өз ырқында. Бүгінгі заман суретінен көретініміз – жақсы менен жаманды айыра алм­а­дық. Сол себепті мейірім аз, күншілдік көп. Шіли заттық білім алған ұрпақ қанағатсыз, тұтынушы мінездің иесі. Сондықтан «За­ма­на оны илемек». Оларда бір коттедж бен бір джиптен асар мақсат қайдан келсін. Ба­лық­тай фәни торына топырлап түсіп, өмірі ит қор­лықпен өтеді. Өйткені «Менікі деп жүр­геннің бәрі Оныкі». «Алланың өзі де рас...» деген өлеңінде Абай үш сүюдің мәнісі – жүрек тазалығы екенін ұқтыра келе, «Басты байла жо­лына, малың түгіл» деп түйеді. Әрі қарай былай деп ескертеді: Осыларды бұзатын және үш іс бар: Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы! Бұл жерде «әуесқой» сөзі – жолынан ада­сып, сандалу (құр еліктеушілік) деген ма­ғынада. Абай «Онан шошы!» деген үш дұш­панға қарсы антивирус –мейірім, ма­хаббат, әділеттілік. Соңғылар тек рухани бі­лім арқылы келмек. Тағы айтайық, толық білім – үш та­ны­мақтық һәм оны қолдану, яғни бір айырмақлық. Жеке адам жетілуінің, бү­кіл қоғам дамуының заңдылығы – осы ара­да. Сөз дәлеліне Абайдың өмірі мен шы­ғар­машылығын саралай өтейік. 1891 жылға дейін Абай күш-қуатын фәни тіршілік пен өмір құбылыстарын та­нып-білуге сарқа жұмсады. Жиған-терген бі­лімін 1884-1890 жылдар аралығында хал­қына бере білді, яғни мәдени-ағар­ту­шылық бағыты – Абайдың алғашқы бас­палдағы. Фәни дүние өткінші, алдамшы. Жіті қадағалаған, сырын ұққан ойлы адам онан жалығады. Қажиды. Ендігі өмірінде өзін танымаққа ұмтылады. Заманды емес, адамды түзеткен жөн деген ойға тіреледі. Абайда бұл –1891-1894 жылдар. Оған қара сөз­дерді жазуды қолға алуы айқын айғақ. Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып. Сондай-ақ «Не іздейсің, көңілім, не із­дей­сің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді?», «Қай­ғы шығар ілімнен», «Домбыраға қол соқ­па», «Ойға түстім, толғандым» секілді өлең­дері – сөзіміздің дәлелі. Көп ізденген, толғанған, өзін таныған Абай 1895 жылдан Алла Тағаланы таны­мақ­тық сатысына шығады. Осы жылғы «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Аш қа­рын жұбана ма майлы ас жемей?», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген тамаша өлеңдері кәміл мұ­сылман деңгейіне көтерілгенінің куәсі. Тағы үш жыл өткенде, яғни 1898 жылдың шамасында Абай толық адам сатысының ха­кім деңгейіне шықты. Оған ғайыптың ті­лімен жазылған таза хакімдік еңбегі – «Тас­диқ» трактаты дәлел. Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов 1934 жыл­ғы «Абай ақындығының айналасы» де­ген мақаласында: «Абайда батыстан кірген бел­гіден гөрі шығыс белгісі басымырақ, ны­ғырақ» деп атап айтқан болатын. Ал атал­ған екі жақтың белгілері мен шет-ше­кара­сы қайсы? Мұны нақтылауға Мұхаңа қаһар­лы уақыт мүмкіндік берген жоқ. Бүгінгі уақыт тұғырынан 1884-1890 жылдар аралығы Абайдың батысы, ал 1891-1902 жылдар Абайдың шығысы деп сенім­мен айта аламыз. Өйткені алдыңғы жеті жылда Абай ғылым-білімге шақырып, жастарға фәни тіршілік пен дүние сырын ашады. Шығармашылығының екінші жа­ры­мы, келесі 12 жылы дүниенің көрінбеген жағы – тылсымға, әрненің себебіне үңілуі­мен өтті десек, қате айтқандық бола қоймас. Сонымен, дүниені тану – адам же­тілуі­нің тек әуелгі баспалдағы. Келесі саты – толық білім, дүниенің көрінбеген сыры. Оған ұмтыл. Қазақтың «Адам бол!» идея­сында осы астар бар. Абайдың өмір жо­лы – осының айғағы. Абыз бабамыз: «Ей, шы­рақтар, өмір жарқылына алданып, ғапыл қал­ма, әрнеге еліктеме! Ең алдымен, адам бол, ол үшін ғылым мен тәрбиені үйлестіріп бақ!» деп талмай айтты. Қазір арамызға тіріліп келсе, тағы айтары сөзсіз. «Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?». Осы сұрау­лы сөйлеммен жарықтық Абай ең кө­лемді еңбегі – «Тасдиқ» трактатына соңғы нүк­тені қойыпты. Онан алар ғибрат, әрине көп. Біз бір-екеуін ғана қозғап, біраз сөз шы­ғардық. Айтылған ой-пайымдарды қа­былдау, қабылдамау, әрине өз еркіңізде, қа­дірлі ағайын!

Асан Омаров, Семей қаласы