Драматургияға жаңалық әкелген жазушы

Драматургияға жаңалық әкелген жазушы

Драматургияға жаңалық әкелген жазушы
ашық дереккөзі
1912 жылы Швед академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алуға неміс драматургі Герхарт Гауптманды лайық көрді. Мүйізі қара­ғайдай сарапшылардың сол жолғы қабылдаған шешімі халық күтпеген тосын жағдай болды. Әсіресе, бұл жаңалық атағы дүрілдеп тұрған, қаржысы да қомақты марапатты кім алуы ықтимал екенін талқылап жүр­ген әдеби қауымның ортасында қызу пікірталас туғызып, оның ысты­ғы көпке дейін басылмай қойды. Себебі осыдан бір жыл бұрын ғана Нобельден қалған мұраны еншілеген неміс прозаигі Паул Хей­зеден кейін оның сол елдің тағы бір қаламгері Герхарт Гауптманның қан­жығасына байлануы жұрттың көңіліне күдік ұялатып, көп күмән туғызды. Шындығында, адамзаттық ақыл-ойдың алыбы Лев Толстой немесе әлем әдебиетінде өзіне лайық орны бар қаламгерлер Генрик Ибсен мен Эмиль Золяларды сыйлықтан құр қалдырған Швед акаде­мия­сының мұндай шешімін қай жағынан алып қарасақ та түсіндіру қиын. Мысалы, екі жыл бұрын ғана Швед академиясының сарапшылары Нобель сыйлығын кімге беру керек екенін талқылап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ шешімге келгенде, шығармалары өз заманының идеологиясымен иістеніп кеткен сол кездегі көптеген қаламгердің дүниесіне мүлде ұқсамайтын Хейзе творчествосын таң­дап, оның өнердегі осы бір ерекшелігіне баса назар аударған болатын. Ал Герхарт Гауптманға Нобель сыйлығы берілген уақытта, керісінше оның өзекті мәселелерді көтере білген батылдығы, қоғамдық бел­сен­ділігі, азаматтық ұстанымы басты назарда болғанға ұқсайды. Қалай десек те, Нобель сыйлығын кезектесіп еншілеген Паул Хейзе мен Герхарт Гауптман — шығармашылық әлемі бір-біріне мүлде ұқсамайтын жазу­шы­лар. Тіпті, екеуін бір-бірінің антиподы десек те қателеспейміз. Міне, осыдан-ақ Швед академиясында марапатқа лайық әде­би туындыларды таңдаудағы талғам­дар­дың да, шығармаларды бағалайтын өлшемдердің де Еуропаның құбылмалы ауа райындай жиі-жиі өзгеріп тұратынын анық аңғаруға болады. Неміс халқының ХХ ғасырдағы ең атақты драматургі Герхарт Гаупт­ман ұзақ өмір сүрді. Ол Бисмарк Гер­­­ма­ния­ны біріктірген уақытта дүниеге келіп, фашист басқыншыларына қалай күй­рете соққы берілгенін көзімен көрді. Қан­дайда бір халықтың ірі суреткері ұзақ өмір сүргенде, оның шығармашы­лы­ғы­ның ондаған жылдар бойы ұлт мә­де­ниетінің ажырамас бөлігіне айналып ке­тетіні – заңды құбылыс. Міне, сондық­тан да орыстың ұлы кемеңгері Толстой немесе немістің ірі драматургі Гауптман сияқты суреткерлердің туындыларынан біз рухани ләззат алып қана қоймай, елдің тарихын да ойша шолып, тамыр ұстаған балгердей сол кездегі дағдарыс­тың, саяси өзгерістің себебін болжап, әлеу­меттік ахуалды ғана емес, сонымен бірге өнердегі көркем жаңалықтың дүниеге келуінің құпиясын да терең тани түсеміз. Біз бүгін шығармашылығын тілге тиек етіп отырған Герхарт Гауптманның жаңашыл бағыттағы драмаларынан, оқырман қауым аса жақсы біле бермейтін романдары мен әңгімелерінен, сол мез­гілдегі халықтың көңіл күйі анық бай­қалады. Германияның әйгілі қаламгерінің өнердегі жолы тақтайдай тегіс бол­ған жоқ. Өмір соқпағын шиырлап, шы­ғармашылық ізденістің азабын тарт­ты. Әуелі сурет мектебінде оқыды, қол­дан­балы ғылыммен де шұғылданды. Жа­­ны тыным таппай көп саяхаттады. Өмір мектебінен тәлім алып, буыны бе­кіп, бұғанасы қата бастаған болашақ жазу­шының бойында сол жылдары ке­дейлер мен жапа шеккендерге деген аяушылық сезімі оянып, халықты сүліктей сорған тоғышарлар мен шенеу­нік­терді жек көріп кетті. Әйткенмен, ғасыр тоғысындағы Гауптманның де­мокра­тиялық идеалдары анықтығымен де, батылдығымен де даралана алмады. Ол нағыз төңкерісшілдіктен іргесін аулақ салды. Бірақ социал-демократ­тар­дың күресі мен неміс пролетариатының жалынды сөздерінің Гауптман творчест­во­сына қатты әсері болғаны анық. Атақ­ты драматургтің «Тоқымашылар» пьесасы осы сөзіміздің дәлелі болуға әбден жарай­ды. Гауптманның «Тоқымашылар» пье­сасының немістің ұлттық дра­ма­тургиясында алатын орнының айтар­лық­тай биік болғанын айрықша атап өткен ләзім. Неміс халқының төңкеріске деген құлшынысын асқан шеберлікпен ашық та анық жеткізе алған Гауптман сияқты драматург неміс театрының тари­хында бұрын-соңды болған емес. Ал «Тоқымашылар» – қоғамдық санада төңкеріс жасаған шығарма. Гауптманның тоқымашылардың шеккен қайғы-қасіре­тін керемет дәлдікпен, фабрика қо­жайын­дарының әлемін ащы мысқыл­мен, халықтың жүрегінде өшпенділік отын туғызатын суреткерлік шеберлікпен жет­кізе білген таланты таңғалдырады. Сон­дықтан да «Тоқымашылар» неміс төң­керісшілерінің сүйікті пьесасына айнал­ды, ХІХ ғасырдың соңындағы орыс жұ­мыс­шыларының ерекше бағалап, жақсы көрген ең танымал туындысы болды. Дүниеге келген өнердегі түрлі ағым­дар Гауптман творчество­сына да өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Көп­теген натуралист жазушылар сияқты оның да әдебиеттегі жаңа ағым – сим­волизмге бүйрегі бұрды. Қаламгердің «Ганнелланың ғибадаты» пьесасынан на­туралистік және символистік көрі­ніс­тің түйіскені анық байқалады. Дегенмен сим­волист драматург болғанымен, Гаупт­ман толық күйде символистік болып табылатын бірде-бір пьеса жаза алмады. Жазушының символистік туындылары­ның ішінде «Батып кеткен қоңырау» пье­сасы ғана табысты болды. Тақырыбы жағынан бұл туынды Генрик Ибсеннің «Өл­гендер қайтып оянғанда» пьесасымен қат­ты үндеседі. Екі драматургтің туын­дысында да өнердің қоғамдық өмірдегі алатын орны, суреткердің тағдыры мен боры­шы мәселесі көтеріледі. Гауптман өз пьесасында шығармашылық жұмыстан бостандықтың шексіз мүмкіндігін тап­қысы келген қоңырау жасаудың хас ше­бері Генрихтің сарқылмас күш-қайратын көр­сеткісі келеді. Символистік драмалармен қатар, Гауптман отбасылық-тұрмыстық пье­салар да жазды. Жазушы отбасылық дра­малары арқылы қоғамдық ахуалдың ұс­қын­сыз сипатын әшкерелеуге ты­рысты. Гауптманның атағын айдай әлемге танымал еткен – «Ымырттағы ма­хаббат» туындысы. Бұл пьесаның М.Әуе­зов атындағы академиялық драма театрымыздың сахнасында да қойыл­ғанын айта кеткім келеді. Оны ұлттық сахнамыздың төрінде Қазақстанның Халық әртісі, белгілі режиссер Рубен Анд­риасян қойып, көрерменді тәнті етті. Сәтті қойылымның өңін ашып, әрін кел­тірген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бас­таған дарынды топтың көрсеткен пье­сасы қазақ көрермендерін қатты те­бірентті. Оқиға желісі сонау 30-жыл­дар­дың басындағы қоғам өміріндегі өз­герістерді, ақыры Германияда үкімет басына фашизмнің келуіне себеп болған жағдайдың алғашқы кезеңін баяндайды. Жасы 70-ке келген Матис Клау­зе­нің 20 жастағы Инкен Петерске деген сүйіс­пеншілігі, екеуінің бас қосуы, үйлі-күй­лі болып, ержеткен ұл-қыздарының қыз­ғанышын туғызады. Олар әке бай­лығын өгей шешелеріне бұйыртпаудың барлық айла-амалдарын қарастырады. Дүниеқоңыздық пен ашкөздіктің құлы болған балаларының адамшылық қа­сиет­тен жұрдай екені Клаузенің жанын күйзелтіп, жүрегіне салмақ түсіреді. Жанына жақын Штейниц (Қ.Тастан­беков), Гейгер (Т.Аралбай) сияқты жақ­тас­тары қанша қорғаштаса да зұлымдық жеңбей қоймайды. Оқиға Матис Клау­зенің қайғылы өлімімен аяқталады. Бір ғасыр бұрын неміс қаламгерінің бұл пьесасы Еуропа театрларының сахнасында қойылғанда «Ол бірден жеңді. Оның пьесасы қойылған шағын ғана ескі театрда дауласқан, келіспеген, там­­санғандар көп болды, бірақ нем­құрай­ды қараған бірде-бір көрермен болған жоқ» деп есіне алады өнер үшін үл­кен жаңалық болған сол кездегі оқи­ғаны неміс жазушысы Генрих Манн. Ра­сында да, пьесаның премьерасы – неміс театрының тарихы үшін айтулы жаңа­лық. Сыншылар жас жазушының шығар­машылықтағы табысы туралы айтып қана қоймай, натуралист-қаламгерлердің өнердегі жеңісін мойындай бастады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр­дың басында Гауптман пьесалары неміс­тер­дің ғана емес, Еуропа театрларының сах­на­ларын жаулап алды. Ресейде де неміс қаламгерін жұрт жақсы таныды. Гауптман 1906 жылы Мәскеу Көркем театры пьесаларын Берлинде қойғанда Ста­ниславскиймен танысып, ұзақ жыл­дар бойы орыстың атақты режиссерімен шы­ғармашылық байланыста болады. Суреткерлік қиялының байлығы, түрлі әдеби канонды бұза алатын батылдығы, сезімтал байқампаздығы, күрделі ситуа­ция жасай білетін шеберлігі, жанрлық құры­лымдарының әр алуандағының арқа­сында Гауптман пьесалары көрермен көңілінен шығып, зор табысқа қол жет­кізді. Неміс театрының сахнасында Бер­тольт Брехттің туындылары қойылғанға дейін Гауптманның ұлттық драматур­гия­да қарсыласы болған жоқ. Алайда Гауптман Бірінші дүниежүзі­лік соғысқа дейін ғана әлемдік ой-санаға қат­ты әсер еткен драматург бола алды. Со­ғыс жылдарында оның шовинистік ұста­нымға бүйрегі бұрып тұрды. Орыс қа­ламгері Максим Горький де, француз жазушысы Ромен Роллан да таңдаған жолының дұрыс емес екеніне оның көзін жеткізе алмады. Германия жеңілгеннен кейін ол Веймар республикасын қолдады. Гитлер билікке келген соң Гауптман ұлтшылдарды жек көргеніне қарамастан, фашистерге қарсылық білдірмей Ота­нында қалып қоюды мақұл көрді. Сол үшін оны көптеген замандасы айыптап, қатты жазғырды. Жазушы неміс ұлтшылдарына ашық­тан-ашық қарсы шықпа­ға­нымен, 1931 жылы сөйлеген сөзінде ха­лықты төніп келе жатқан қауіп-қатер­ден сақтандыра да білді. Ұлтшылдар үстем­дік құрған жылдары Гауптманның пье­салары Германияда өте сирек қойыл­ды. Дей тұрсақ та, 1942 жылы Гаупт­ман­ның 80 жылдығына орай немістердің ұлт­шыл үкіметі қаламгердің 17 томдық шығармалар жинағын басып шығаруға қомақты қаражат бөлді. Гауптманның ұлтшылдарға деген көзқарасы екіжақты болды. Бір жа­ғынан ол қатал режимнің дөрекілігі мен рухсыздығын жек көрді, екінші жа­ғынан олардың кейбір әрекетіне қолдау біл­дірді. Мысалы, ол Германияның Ұлт­тар лигасынан шығуына қарсы болмады. Соған қарамастан суреткер «Ұлы ұйқы» деген фантастикалық поэмасы мен ежелгі грек мифінің сюжетіне құрылған драмалық тетралогиясын жазып, аңыз арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстың сұмдығын әшкереледі. 1945 жылы ерек­ше жақсы көрген Дрезден қаласын одақ­тастардың қалай бомбалағанын көзімен көріп, бұл оқиға оған қатты әсер етіп, жазушының жанын жабырқатып жіберді. Көзі қарауытып, жан дүниесі теңселіп кет­кен Гауптман қатты күйзеліске ұшы­рап, сырқаттанып қалып, 1946 жылы қай­тыс болды. Өмірден өткеннен кейін кезінде жұлдыздай жарқыраған Гаупт­ман атағының жарық сәулесі бірте-бірте кө­мескілене бастады. Бүгінде Гер­ма­ния­дан басқа елдерде, әсіресе оның соңғы жыл­дары жазған пьесалары аса көп қойы­ла бермейді. Сыншылар жазушы­ның соңғы 25 жылда жазған пьесалары­ның аса үлкен құндылығы жоқ екенін айтады. Тіпті, Гауптманның өнеріне үл­кен құр­метпен қарайтындардың өзі жазушының ең алғашқы туындылары-ның ғана сәтті шыққанын мойындай- ды. Гауптманның есімі негізінен оның театрдағы табыстарымен өлшен­ге­німен, шығармашылық жолын ол ең ал­дымен новелла жазудан бастаған. Ол романдар да, балладалар да жаз­ды. Солардың ішінде «Атлантида» – Гауптманның ең әйгілі романы. Дегенмен 1912-1913 жылдары жа­рық көрген романның танымал туындыға айналуына шығарманың көркемдік ерекшелігінің де, автордың да түк қатысы жоқ. 1912 жылы алып мұ­хит­та айсбергке соқтығысып қалып, соғысқа дейінгі ең үлкен лайнер «Титаник» суға батып кетеді. 2 мыңнан астам адамның үштен бірі ғана аман қалған кеме апаты әлемдік қауымдастықты қатты толқытып жіберді. Әйелі және үш ұлының артынан кет­кен Гауптман да сол уақыт­тары «Эльга» кемесімен Америкаға жүзіп барған болатын. Ол жылдар жазушының жан күйзелісіне ұшырап, бірінші әйе­лі­мен арасындағы қарым-қатынасының қиын­дап кеткен кездері болды. Он жыл­ға созылған отбасылық дағдарыс жазу­шы­­ның көптеген туындысында, оның ішін­де «Атлантида» романында да айшық­ты ізін қалдырды. «Титаник» трагедиясынан кейін бір­не­ше айдан соң неміс оқырмандары «Атлан­тида» романымен танысқанда, олар­дың көзіне Гауптман алып мұхит­тағы болатын апатты көре білген әу­лие­дей болып елестеді. Өйткені жазу­шы романындағы «Роланд» пароходының қалай суға батып кеткенін суреттейтін оқиғалар «Титаник» кемесіндегі апаттан аман қалған жолаушылардың айтқан әңгімелерімен сәйкес келіп жатты. Міне, осыдан кейін Гауптманның әулиелігі мен көріпкелдігі туралы әңгімелер жұрттың арасында желдей есіп кетті. Шығармашылық әлемде Гауптман немістің ұлы қаламгері Гетені пір тұтты. Ұлы ақынның әлеміне жақын­да­ғысы, творчествосынан үйренгісі кел­ген ниеті қаламгердің соңғы жыл­дардағы шы­ғармаларынан айқын көрініс тапты. Гете арқылы оның Шекспир творчес­тво­сы­на деген махаббаты оянды. Әсіресе, ағыл­шын ақынының Гамлет драмасы Гауптманның ұзақ жылдар бойы санасын жаулап алып, ойынан кетпей қойды. Гауптман өте еңбекқор жазушы болды. Ол бір мезгілде бірнеше шығарма қатар жа­зып, кейде бір романының соңғы нүк­тесін әлі қойып үлгірмей жатып, жаңа туындысын бастап кететін. Әдебиеттегі пір тұтқан әулиесі Гетеге еліктеп, ол өзі­нің соңғы жылдардағы шығарма­шы­лық табыстарына қатты қуанды. Әрине, бүгінде Герхарт Гауптманның көптеген туын­дысы ұмытылып, санадан сыпы­ры­лып қалғаны айдай ақиқат. Алайда оның есімі өз ұлтының тарихында Шиллерден соң неміс театрын әлемдік сахнаға қай­тадан жарқыратып алып шыққан бірден-бір қаламгер ретінде мәңгі қалатыны ақи­қат.

1912 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер:

1. Карл Шенхерр (1967-1943). Аустрия жазушысы, әрі драматург. «Сенім мен Отан» деп аталатын трагедиясы Еуропа театрларында қойылды. Шығармаларының желісі бойынша көр­кем фильмдер түсірілді. 2. Эмиль Верхарн (1855-1916). Бельгияның атақты ақыны, дра­матург, символизмнің негізін қалаған суреткер. 3. Пенчо Славейков (1866-1912). Болгар ақыны, ау­дар­машы, сыншы. 4. Джеймс Фрэзер (1854-1941). Ағылшын дінтанушысы, ант­рополог, этнолог, мәдениеттанушы, фольклоршы және дін тарих­шысы, ағылшын әлеуметтік антропологиясының өкілі. Тоте­мизм мен магияны, діни сенімнің өзгеруін зерттеуге зор үлес қосқан ғалым. «Алтын бұтақ» атты 12 томдық еңбектің ав­торы. 5. Томас Харди (1840-1928). Танымал ағылшын жазу­шы­сы, ақын. 6. Бернард Шоу (1856-1950). Ирландияның әлемге әйгілі дра­матургі. 1925 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын ие­ленді. 7. Георгиос Сурис (1853-1919). Грек ақыны, драматург және публицист. Поэзиядағы жаңа Афина мектебінің өкілі. Негі­зінен сатиралық жанрдағы шығармалар жазған. 8. Харальд Гефдинг (1843-1931). Даниялық философ жә­не теолог. Копенгаген университетінің профессоры. Жас кү­нінде Серен Кьеркегордың ықпалында болып, кейін по­зи­ти­визм бағытына көшкен. 9. Карл Гьеллеруп (1857-1919). 1917 жылы Дания мем­лекетінің атынан әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сый­лы­ғын иеленген қаламгер. 10. Рафаэль Альтамира-и-Кревеа (1866-1951). Испан тарих­шысы, заңгер, ұстаз, қоғам қайраткері. Америка өнер жә­не ғылым академиясының құрметті мүшесі. 11. Анжель Гимера (1845-1924). Шығармаларын ката­ланск тілінде жазған испан ақыны, жазушы, драматург. 12. Бенито Перес Гальдос (1843-1920). Испан әдебиетіндегі сыншыл реализм бағытының ірі өкілі. 13. Сальваторе Фарина (1846-1918). ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында оқырманға кеңінен танымал болған ита­лиялық романист және новелист. 14. Уильям Чапман (1850-1917). Канадалық ақын. 15. Генри Джеймс (1843-1916). Америка жазушысы. 30 жас­ынан бастап Еуропада өмір сүрді. Әлемге әйгілі психолог Уильям Джеймстің бауыры. Шығармашылықпен айналысқан 50 жыл ішінде 20 роман, 112 әңгіме мен 12 пьеса жазды. 16. Юхани Ахо (1861-1921). Финляндияның тұңғыш кәсіби жазушысы, журналист, аудармашы. 17. Бергсон Анри (1859-1941). Әлемге әйгілі француз фи­лософы. 1927 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 18. Эрнест Лависс (1842-1922). Француз тарихшысы. Француз академиясының мүшесі. 19. Пьер Лоти, шын аты-жөні — Луи Мари-Жюльен Вио (1850–1923). Француз флотының офицері, жазушы. 20. Жан Анри Фабр (1823-1915). Француз этномологі, жазушы, көптеген ғылыми қоғамдастықтың мүшесі. 21. Анатоль Франс (1844-1924). Әлемге әйгілі француз жазушысы. 1921 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты. 22. Ярослав Врхлицкий (1853-1912). Чех ақыны, драматург және аудармашы. Чех әдебиетіндегі космополиттік мектептің өкілі. 23. Карл Шпиттелер (1845-1924). Швейцариялық ақын. 1919 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 24. Свен А́ндерс Геди́н (1865-1952). Швед саяхатшысы, географ, журналист, жазушы және қоғам қайраткері. 25. Карл Густав Вернер фон Хейденстам (1859-1940). Швед жазушысы, 1916 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.

Амангелді Кеңшілікұлы