4 қарашада қандай маңызды оқиғалар болды?

4 қарашада қандай маңызды оқиғалар болды?

4 қарашада қандай маңызды оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1995 жылы Трансазиялық темір жолдың Шу стансасынан Арыс стансасына дейінгі 582-километрлік электр желісіне қосылған учаскесі ашылды. Ол іске қосылған соң республиканың солтүстік және оңтүстік аймақтарын байланыстыратын транс қазақстандық темір жолдың электрификациясы аяқталды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 1999 жылы Алматыдағы София Ковалевская атындағы көше композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы көше болып өзгертілді. 2000 жылы Қарағанды қаласында ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаев ескерткіші ашылды. 2000 жылы Алматы мен Астанада Столичная жизнь газеті шыға бастады. 2000 жылы Астана қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр ауылының маңында қолбасшы, дарабоз батыр Қабанбай кесенесінің ашылу салтанаты өтті. 2004 жылы Кенияның Қазақстан Республикасындағы және Мексика Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Қазақстан Мемлекеттік хатшысына Сенім грамоталарын табыс етті. 2004 жылы Алматыда белгілі қазақстандық суретші Айжан Бекқұлованың Бес ай атты жеке көрмесі болып өтті. А.Бекқұлова - Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және WCC (World Craft Council - Дүниежүзілік Суретшілер-Қолданбалы өнер шеберлері одағының) мүшесі. Ол 1994 жылы Алматы театр-өнер институтын бітірген. Еңбектері Қазақстанның, Италияның, Кореяның, АҚШ-тың мұражайларына қойылған және әлемнің көптеген елдеріндегі жеке қорларда да сақтаулы. 2004 жылы Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігінің қолдауымен Қазақстан Жастар конгресі дайындаған Мемлекеттік қызмет мектебі арнайы жобасының аумағында мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Мемлекеттік қызмет мектебі ашылуының мақсаты - түрлі мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту жолымен жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасау. 2005 жылы Павлодарэнерго акционерлік қоғамының қызметкерлері кәсіпорынның 40 жылдығын өз әнұранымен атап өтті. Акционерлік қоғам жариялаған музыкалық байқаудың жүлдегері - павлодарлық сазгер әрі әнші Бақытжан Жұмаділдинов. 2005 жылы Астанада Қазғарыш мектеп-лицейінің ресми түрде ашылу рәсімі өтті, онда ғарыш ғылымдары тереңдетіліп оқылатын болады. Ашылу рәсіміне тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ҚазғарышҰК акционерлік қоғамының және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері қатысты. 2005 жылы қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орайластырылған Дейді екендер дейді екен атты оның шығармалар жинағы жарық көрді. Асқар Тоқмағамбетов орыс тіліндегі көтерілісшілер өлеңдерін қазақ тіліне алғашқы болып аударды. Ол ақындық жолының алғашқы кезеңінде Отан қорғау, интернационализм тақырыбына арналған шығармалар жазған. Асқар Тоқмағамбетов қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан ақын. 2006 жылы Оралда қазақтың көрнекті әншісі әрі композиторы Мұхит Мерәліұлының (1841-1918) туғанына 165 жыл толуы құрметіне халықаралық айтыс өтті. Кейінгі ұрпақтарым есіне алар тақырыбымен өткен ақын-жыраулық өнер шеберлерінің сайысында Батыс Қазақстан облысының ақыны Бауыржан Халиолла жеңімпаз атанды. Ол - дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаттың және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. 2009 жылы Талдықорғанда Қазақстан Республикасының Президенті туралы кітаптың таныстырылымы болды. Жинақ авторлары - Әсия Ахметова, Сейіт Ысқақов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Серікқали Мырзатаев. Жинақта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі туралы айтылған және Қазақстанның әлемге танылған жетістіктері көрсетілген. 2014 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының сайтының www.presidentlibrary.kz таныстырылымы өтті. Сайт екі бөліктен - Мемлекет басшысының Жеке электронды кітапханасынан және мәліметтердің электронды базасынан тұрады. Электронды база арқылы оқырман 13 млн 132 мың мәліметке қол жеткізе алады. сайтқа тіркелген қолданушы Бұлтты қор-мұрағаты 20+ жобасымен (сенсорлы экран) жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Онда Мемлекет басшысының қызметіне байланысты фото, бейнемұрағат бір жүйеге келтірілген. 2014 жылы Орал қаласы аумағына кіретін Зашаған кенті әкімінің шешімімен атауы болмаған 53 көшеге Қазақстанға танымал қоғам қайраткерлерінің есімдері берілді. Бұл шешім тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, облыстық ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде қабылданды. 2015 жылы Мемлекет басшысы Париж қаласына барып, ЮНЕСКО бас конференциясының 38-сессиясына қатысты. Сапар барысында Н. Назарбаев Франция президенті Франсуа Олландпен кездесті, іскерлік және саяси орта өкілдерімен келіссөз жүргізілді, бірқатар құжаттарға қол қойылды. 2015 жылы Алматыда Словакия Республикасы құрметті консулдығы ресми ашылды. 2016 жылы Алматыда Springer Nature ірі халықаралық баспасы мен Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы АҚ тағайындаған ғылым мен техника саласындағы Top Springer Author тәуелсіз сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ғалымдары қатысты. Қазақстаннан - 18 ғалым, Қырғызстаннан - 2 ғалым сыйлықтың лауреаттары атанды. 2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчакпен кездесті. 2016 жылы Қазақ елі атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша САҚ-дала ЖШС түсірген Қазақ елі анимациялық фильмі болашақ хандар - Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды.