Батагөй Бейсеновке Байтұрсынов мектебінен бір бөлме берілді

Батагөй Бейсеновке Байтұрсынов мектебінен бір бөлме берілді

Батагөй Бейсеновке Байтұрсынов мектебінен бір бөлме берілді
ашық дереккөзі
Қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, фольклоршы, түркітанушы, аудармашы, публицист, ағартушы – Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған  «Тұлға тағылымына - тағзым» атты қалалық іс-шарасы тау тұлға атындағы мектепте өткізілді. Жиын барысында, ағартушының өміріне арналған сыныптан тыс ашық сабақтар өткізілді. Баяндама мен бейнефильм, сахналық көріністер және «Біз біргеміз» атты концерттік бағдарламалар жасалды. Іргетасы 1898 жылы қаланған білім ордасы 123 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Үш ғасырды қамтыған, терең тарихы бар мектеп қабырғасынан елімізге танымал, абыройлы азаматтар түлеп ұшқан. Солардың бірі, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Республикалық батагөй, абыз-ақсақал, қаламгер Әбдібек қажы Абылайұлы Бейсеновтің осы мектепті бітіргеніне 66 жыл толып отыр. Түркістан қалалық адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының айтуынша, Республикаға танымал ақсақалдың мектеп бітіргеніне 66 жыл толса, бір қызығы осы мектептің де сыныбы 66 болып шықты. Соған орай биылғы жылы мектепке тұңғыш қадам басқан бүлдірішіндердің бір сыныбын түгелдей Бейсеновтер әулеті жарақтандырып берді.  width= Айта кету керек, абыз атанған Әбдібек ақсақал мен Батыр ана – Ұлпатша Әмірқызы екеуінің отасқандарына биыл 66 жыл толуда. Бұл жыл қазақтың жөн-жоралғысы бойынша Темір той деп аталады екен. Сондықтан, мектепте сынып кабинеті Темір той қарсаңында ашылып отыр. Кенересінен 10 ұл-қыз, 36 немере-жиен, 40 шөбере өрбітіп отырған «Дала ғалымы», «Дала агрономы» атанып кеткен Әбдібек атаға аталмыш мектептен бастауыш сынып кабинетінің  ашылу салтанаты өткізілді. Жиынға қатысушылар сыныпты тамашалады. Ғалымдар отбасы атанған жанұяда 3 ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер (профессор, доцент, аға оқытушы). 10 перзенті мен 22 немересі жоғары білімді және олардың бірқатары магистр болса, 3 немере мен 2 шөбересі студент. Жиынға облыстық және қалалық білім саласының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар, құрметті қонақтар мен журналистер қатысып өз пікірлерін білдірді. Түркістандағы №1-ші Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінің жаңа қоныстанған мектебінде өткізілген шараның қала өміріндегі рухани және мәдени жетілудегі  маңызы зор екендігін ерекше атап өтті. Шара барысында Әбдібек ақсақалдың ғалым перзенттерінің бірқатары жоғары сынып оқушыларына өздерінің ұстаздық мамандықтары бойынша тәжірибиелік мәні бар тренинг сабақ өткізсе, 40 жылдай Шаян саз мектебінде еңбек етіп зейнетке шықсада бүгінде мектеп басшылығының ұсынысымен ән сабағынан қайтадан сабақ беріп жүрген ұлағатты ұстаз Клара Әбдібекқызыда мектеп алды даярлық сыныбының бүлдіршіндеріне хор сабағы бойынша дәріс өткізді.  width=     Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстапаева халық шаруашылығында ұланғайыр қызмет атқарған Әбдібек ақсақалды да, зайыбы Ұлпатша әжейді де өте жақсы таниды екен. -Мен бірнеше мәрте көптеген ақын-жыраулар қатысқан, ең арғысы Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов қатысқан бата берушілердің сайысын өткізгенмін. Сонда Әбдібек атамыздың кез-келген тақырыпта тоқтаусыз толғайтынына таң қалатынмын.  Ал, Ұлпатша әжеміз де ортаның гүлі ретінде көңілін ән-жырмен  көтеріп қана қоймай, бүкіл тамақ, тәтті  атаулыны пісіруге уақыт табатын. Ал, ұл қыздарының тәрбиесі, ғылымға бейімділігі ол бөлек әңгіме. Өзі бітірген мектебінен арнайы кабинет ашып, балаларға қамқорлық жасауы ғажап құбылыс,-деп еске алады. Ал, Бейсеновтер әулетінің тағы бір дарынды ғалымы Нұрзада Бейсенова болса, әкесінің атынан аталып отырған бастауыш сыныбын одан әрі жарақтандыру бұдан әрі қарай тоқталмайтындығын, бүлдіршіндерге қажетті барша оқу-құралдарын жеткізетіндігін және жылда заманауи құралдармен жабдықтауды Бейсеновтер отбасы мойнына алатындығын мәлімдеді. Ахмет Байтұрсынов атындағы №1ші мектеп-лицейінен кабинет ашатындай      Әбдібек қажы Абылайұлы кім дегенге келер болсақ, Әбдібек қажы Бейсенов 1934 жылы (құжат бойынша 1937 ж.) Сауран ауданына қарасты (бұрынғы Түркістан ауданы) Абай ауылында бес ғасырдай тарихы бар Батыр баба Ер Жаманбайдың қара шаңырағы «Үлкен үйде», батырдың тоғызыншы ұрпағы Абылайдың шаңырағында дүниеге келген. 1938 жылы әкесі Абылай Бейсенұлы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, артынан соғысқа алғы шепке аттанып, содан хабар-ошарсыз кетті. Ал анасы Шәрипа Құрышбайқызы 1938 жылы өмірден озған. Әкеден тірідей, анадан өлідей айрылған Әбдібек пен інісі Жақсыбек екеуі Тұрар әжесінің бауырында өседі.  Жетімдік пен соғыстың ауыр зардабын көріп өскен бала Әбдібек соғыстың алдында 1940 жылдары қазіргі Абай ауылының іргесіндегі Ақтөбе колхозына қарасты Ұрыжардағы мектепке бірінші сыныпқа барады. Соғыс басталғанда  мектепте сабақ оқыту тоқтап, тек соғыс аяқталған тұста қайтадан сабағын жалғастырады.  1947 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінде ұйымдастыру бөлімінің бас жауапты ұйымдастырушысы қызметін атқарған және Қазақстан КП Ор­талық Комитеті жанындағы Алматы Жоғарғы пар­тия мектебінде оқып жүрген әкесінің інісі Әбілбек Тобағабыловтың шақыртуымен Алматы қаласында Пушкин көшесіндегі №18 мектепке барады. Артынан 1948 жылы Түркістан қаласындағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов (Ленин мектебі) атындағы мектепке ауысып, 5 «А» сыныпта оқуын жалғастырады. Айта кетейік, Әбілбек Бейсенұлы Тобағабыловта 19231928 жылдары осы мектепте оқып, тәмәмдаған.  width= Әбдібек ата мектепте ақын, жазушы, журналист Жүсіп Қыдыров және журналистика саласы бойынша ЖОО ұстаздық еткен Мәрипа Байдуллина сынды кісілермен бірге оқыған. Жасынан әдебиетке жаны құмар, үздік оқушы атанған Әбдібек Абылайұлы 1953-1954 жылдары  9-сыныпта мектеп қабырғасында 3 ай сайын шығарылатын «Өз-ара сын» атты мектепішілік сыни және жетістіктер туралы жарияланымдар шығаратын газеттің редакторы болады. Газетті сол кездегі аудандық «Қызыл Түркістан» (қазіргі «Түркістан» газеті) газетін үлгі етіп, дәптерден құрастырып шығарады. Сонымен қатар белсенді оқушы Әбдібек үшінші сыныпқа класс жетекші де болады. Ол 9-сыныпта оқып жүргенде 19 мектептің жас спортшылары арасында классикалық күрестен жарысқа қатысып, 2-орынды иемденеді. 1955 жылы сыныпта 16 оқушымен (3 қыз, 13 ұл) бірге мектепті тәмамдайды. 1955 жылы Ленин мектебін жақсы бітіріп шыққан соң Абай ауылына келіп, колхоз жұмысына араласады. Сол жылы 5 желтоқсанда (1955 жылы) Мес ата ауылындағы Әмір бидің сүт кенже қызы Ұлпатшаға үйленеді Айта кетейік, Әбдібек Бейсенов жас кезінде Шорнақтағы механизаторлар дайындайтын ел аузында «МТС» аталып кеткен училишені де бітіріп, Абай колхозындағы алғашқы трактор жүргізушісі болғандардың бірі. Ол сондай-ақ, ауылда механизатор болып ауыр трактор жүргізіп жүргенде біліктілігін арттыру мақсатында 1959 жылы Абай есімді досы екеуі Түркістан қаласындағы тракторшылардың механизация  училищесінде  оқиды. 1962 жылы Сарыағаштағы Қапланбек ауылшаруашылық техникумының агрономия мамандығын оқи жүріп, сол жерде білім ордасында комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сынды қызметтерді қоса атқарған. Сондай-ақ, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланған. 1965 жылы оқуын бітірген соң еңбек жолын Ордабасы ауданы, Исаханов ауылында агроном қызметінен бастайды. 1966 жылдан бастап Түркістан ауданының Куйбышев совхозында механик, гидротехник, артынан ұзақ жылдар бойы агроном болып қызмет атқарады. 1989-1992 жылдары Абай ауылында ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, егін, бау-бақша егумен айналысады, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. 1992 жылы зейнеткерлікке шығып, Түркістан төңірегінде алғашқылардың бірі болып, «Ақтөбе» шаруа қожалығын құрады. Содан бері аттан түспей, ауыл шаруашылығы саласымен үзбей айналысып, мемлекеттің дамып-өркендеуіне еңбегін сіңіріп келеді. Ел аузында Ұлапа атанған атаның өмірлік серігі Ұлпатша Әмірқызы – Батыр ана, еңбек және тыл ардагері. Мың айдың жүзін көрген Әбдібек қажы мен Ұлпатша әже 10 перзентінен 36 немере-жиен, 40 шөбере сүйіп отыр.  width= Балаларының бәрі бірдей жоғары білімді, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы мамандықтар бойынша қызметтерін атқарып жүр. Ғалымдар отбасының балаларының бәрі – ән-жыр өнерінің  майталмандары. Бүгінде кіндігінен 90-ға жуық ұрпақты өрбіткен Әбдібек ақсақалдың отбасы «Аялы алақаны ақ әженің», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық байқаулардың бас жүлдесін иемденсе, абыз атаның өзі республикалық деңгейде екі мәрте өткізілген «Батаменен ел көгерер...» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» атындағы номинацияларды жеңіп алды. Кіші ұлы Әлжан қажы да әке жолын басып, 2020 жылы облыс бойынша батагөйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алып, облыстың батагөйі атанды. Еңбек және тыл ардагері, Бабайқорған ауыл округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбдібек Абылайұлы ел ағасы болған шақтан бастап ақындық, жазушылықпен айналысып және аймақтың тарихы мен шежіресіне, жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды патриотизмге тәрбиелеуге өзінің зор үлесін қосып келеді. Ақсақал алыс-жақыннан келетін ел-жұртқа ақ батасын беріп, сәбилердің тұсауын кеседі. Ұстанымы салт-дәстүрге берік және қонағына жайылған берекелі ақ дастарханымен Ұлеке атанған Ұлпатша әже бөбектерді бесікке салу сынды т.б өнегелер жасайды. Ақсақалдың республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі  газет-журналдарда өлеңдері мен ой-пікірлері, қоғамдағы мәселелер туралы мақалалары жарияланған. Отандық телеарналарда отбасы және ұрпақ тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. 2011 жылы желтоқсан айында ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен «Хабар» арнасында «Бақытты отбасын құру формуласы» атты телебағдарламаға     үлгілі отбасы арнайы шақырылды. Олар он баланың жоғары білімге қол жеткізіп, әрқайсысының әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүрулеріндегі берген тәжірибелерін ортаға салған болатын. 2017 жылы Әбдібек Абылайұлы мен Ұлпатша Әмірқызы екеуінің отасқанына 62 жыл толуына орай Түркістан қаласында республика деңгейінде «Гауһар той» атап өтілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өнегелі отбасының мерейтойы құрметіне арнап жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттары және басқа да құзырлы органдардың ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» тарихи музейінің мәжіліс залында Республикалық конференция өткізілді.    width= Мерейтой қарсаңында Әбдібек Абылайұлының өмірлік танымдық тұрғыда және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесінен ой қозғайтын «Бақыттың бастауында» атты кітабы 2017 жылы жарыққа шықты. Дөңгелек үстелде әр аймақтан келген құрметті қонақтар өздерінің ойларын ортаға салып, жүрек жарды лебіздерін жеткізді. Атап айтқанда, ҚР Ардагерлер Ұйымы Орталық кеңесі төрағасының Бірінші орынбасары, т.ғ.д., профессор Өмірзақ Озғанбайұлы қазақтың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов, Қырғыз Республикасынан келген құрметті қонақ Бапанова Жарқын Базанқызы, ҚР ҚР БҒМ өкілі Бағым Көптілеуова, «Бөбек» ҰҒПББСО-ның бірқатар басшылары, бірқатар жоғары оқу ордаларының академиктері мен профессор ғалымдары, көптеген ардагерлер мен ақсақалдар және жергілікті депутаттар құттықтау сөз сөйледі. Шарада «Гауһар той» иелерін құттықтаған арнайы жолдаған хаттардың арасында Әбдібек Абылайұлынан бата алған ұлтымыздың мақтанышы Халық Қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов бастаған белгілі азаматтардың жылы лебіздері оқылды. Мерейлі отбасының өнегелі өмірлеріне арналған елімізге белгілі қаламгер-журналистердің арнайы дайындаған «Ғұмырдария» атты деректі фильмі  және Республикалық басылымдарда жарыққа шыққан мақалалар мен Қазақстан-Оңтүстік телеарнасы дайындаған бейнесюжет көрсетілді. Өткен жылы мектеп түлегі Әбдібек Абылайұлы атамыздың мектеп бітіргеніне 65 жыл толуына орай «Болашаққа бағдар, Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Үлкендер жолы-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты іс-шара ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінде қызметте жүрген абыз ақсақалдың перзенттері сыйлы қонақтар және түркістандық зиялы қауым өкілдерімен қатар жергілікті билік азаматтары қатысты.  Ауылдастары, әріптестері дала ғалымы, дала агрономы десе, бала жастан кітап-газетті көп оқығандықтан құрдастары Максим Горкий және егін, бау-бақша өсіру тәжірибелеріне байланысты Иван Мичурин деп атап кеткен Әбдібек Абылайұлы өмірінің көп жылдарын елді-мекендердегі егінді жерлерді суармалы ету, дәнді-дақыл шаруашылығын дамытуға арнады.  Биыл Ұлпатша әжемен отасқанына және Ахмет Байтұрсынов (бұрынғы Ленин) атындағы №1 мектеп-лицейін бітіргеніне 66 жыл - «Темір той» мерейтойға жеткен Әбдібек атаның отбасы ел дамуына, қоғамға сіңірген еңбектері еленіп, көптеген төсбелгілер, медальдармен, «Құрмет грамота» және «Алғыс хаттармен» марапатталған. Ескендір ЕРТАЙ