Nur Otan

Қазақстандықтар мессенджерлер арқылы бір-біріне қазақ тілін үйрете алады

Қазақ тілін үйренгісі немесе оның деңгейін жақсартқысы келетіндер үшін тағы бір мүмкіндік пайда болды.

Енді қазақстандықтар Telegram бот арқылы қазақ тілін үйрену мақсатында «хат алмасу үшін дос» таба алады. Бұл туралы өз парақшасында «Менің елім – менің тілім» қозғалысының көшбасшысы, блогер Яков Федоров хабарлады.

«Біз «Менің елім — менің тілім» қозғалысын құру туралы жариялаған кезде, бірінші кезекте тілді үйренгісі келетін, бірақ айналасында қазақ тілді жақын достары жоқ адамдар үшін тілдік ортаны қалай құру туралы ойландық!

Тіл үйренудің осындай жағымды ортасын құру үшін біз «Друзья по переписке» акциясын бастаймыз! Оның көмегімен сіз өзіңіздің мұғаліміңізді, мүмкін досыңызды таба аласыз!

Барлығы өте қарапайым! Біз Телеграмм-сервис құрдық, оның көмегімен, сіз қазақ тілін оқып жатсаңыз, сіз қазақ тілінде хат жазысатын немесе аудиожазбалармен алмасатын адамды таба аласыз.

 Ал, егер сіз қазақ тілін жетік меңгерсеңіз және адамдарды оқытуға көмектесу үшін ерікті болғыңыз келсе, онда біздің Телеграмға өтіңіз. Тілді дамыту үшін өз үлесіңізді қосыңыз!»,- деп жазды Instagram парақшасында.

Сондай-ақ, блогер қазақстандықтар арасында қазақ тілін оқытқысы және оқығысы келетіндердің көп екенін атап өтті:

«Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан азаматтарын мемлекеттік тіл төңірегінде топтастыру. Біздің жобаға қызыққандардың саны көп екені қуантады. Тек 1 күнде бот арқылы 250 – ден астам адам тіркелді», – дейді Яков Федоров.

Айта кету керек, 5 қазанда Яков Федоров әлеуметтік желілерде «Менің елім – менің тілім» қозғалысының құрылуы туралы пост жариялады. Сондай-ақ, оған қазақ тілін күнделікті өмірде халық арасында насихаттайтын басқа ұлт өкілдері де қосылды. Мысалы, тележүргізуші Мария Сахарова жаңалықтарды қазақ тілінде жүргізеді, блогер және тиктокер Алексей Лодочников домбырада ойнап, қазақтың тұрмыстық тілін үйретеді, қоғам қайраткері Әскер Пириев қазақ мәдениеті туралы білімімен және блогер Марина Шапавалова қазақ тілін үйренудегі жетістіктерімен бөліседі. «Менің елім – менің тілім» өкілдерінің негізгі міндеті қазақ тілін іс жүзінде қолдануға жағдай жасау.

Қозғалыстың ерекшелігі – оған өз білімімен бөліскісі келетін және білім алғысы келетін әрбір қазақстандық қосыла алады. Ол үшін @Menintilimbot Telegram каналында тіркелу қажет.

Қазіргі уақытта @menintilim Instagram, @meninelim Tik Tok әлеуметтік желілерінде аккаунттар және YouTube-те «Менің Тілім» арнасы ашылды.

Back to top button