Арыстанбек Мұхамедиұлы: Кенесары ханның бас сүйегін қайтаруға асықпау керек

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Кенесары ханның бас сүйегін қайтаруға асықпау керек

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Кенесары ханның бас сүйегін қайтаруға асықпау керек
ашық дереккөзі

Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Кенесары ханның бас сүйегін іздеу жұмыстары жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл істі аяғына дейін жеткізу керек. Қазір жан-жақты зерттеліп жатыр, ол өте дұрыс. Мұндай тарихи қадамды асығыс жасауға болмайды. Бізде одан басқа да шетелдерде артефактілеріміз бар. Мәселен, Берік Әбдіғалиұлымен Санкт-Петербургке барғанда Кенесары ханның белбеуін көрдік. Оның мылтығы Омбы музейінде тұр. Екі жақты кездесу жүргізіп, мұндай қасиетті дүниелерді Қазақстанға әкелуге мүмкіншілік бар. Бірақ ол - біркүндік дүние емес», - деді А. Мұхамедиұлы «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» атты ғылыми-практикалық конференцияда тілшілерге берген сұхбатында.
Музей директоры бұл мәселеде асығыс қадам жасамаудың маңызды екенін баса айтты.
«Қазіргі уақытта бұл мәселе терең зерттеліп жатыр. Мұндай қадамды жасап жатқан Қазақстан ғана. Кейкі батырдың бас сүйегін алып келгенде ол тізім ішінде басқа мемлекеттердің хандарының, батырларының бас сүйектері жатты. Бірақ, оны қайтарам деп жүрген еш мемлекетті көрмедік. Әрине, қазақ халқы өз тарихына құрметпен қарайды, өз құндылығын қастерлейді. Бірақ, бұл мәселеде асығудың керегі жоқ, сенсация үшін жалған дүниелер жарияланып кетсе, өзге елдердің алдында ыңғайсыз болады» , - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, 30 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Келіссөз аясында талқыланған мәселенің бірі – Кенесары ханның сүйегін іздестіру және оны Қазақстанға қайтару тақырыбы болды. Н. Назарбаев Ресей Президентінен осы процеске көмек көрсетуін сұрады. Елбасы қазақтың соңғы ханының сүйегі өзінің туған жерінде жерленіп, рухының тыныш табуы қазақ халқы үшін аса маңызды мәселе екенін айрықша атап өтті. Владимир Путин Ресей тарапының бұл мәселеде жан-жақты көмек көрсететініне сендірді. Путиннің сөзіне қарағанда, артефакт табылады және Қазақстан халқына қайтарылады.