Түрмеге жазықсыз қамалған: ШҚО-да 5 жылға сотталған азамат бостандыққа шықты

Түрмеге жазықсыз қамалған: ШҚО-да 5 жылға сотталған азамат бостандыққа шықты

Түрмеге жазықсыз қамалған: ШҚО-да 5 жылға сотталған азамат бостандыққа шықты
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында түрмеге жазықсыз қамалған азамат бостандыққа шықты, – деп жазды ҚазАқпарат. Облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Чакпантаевтың айтуынша, экскаваторшы Есмұрат Әубәкіров Шыңғыстай ауылында су құбырын тарту жұмыстарын жүргізген. Осы жылдың қыркүйек айында оған экскаваторды айдап әкетті және техниканың бұзылуына байланысты жұмыс берушіге ірі материалдық шығын келтірді деген айып тағылды. Аудандық №2 сотының үкімімен азамат бес жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда белгілі болғандай, сот процесінде көптеген заңсыздық орын алған. Жұмыс күндерінің бірінде Есмұрат Әубәкіров су құбырларын тарту үшін экскаватормен арық қазып жатады. Жұмыс уақыты біткенде техниканы аулаға қалдырып, досымен сыра ішкен. Сол кезде көше тұрғындарының бірі келіп, одан үй ауласындағы жерді тегістеп беруін сұрайды. Ер адам ішімдік ішкеніне қарамастан рульге отырып, оған көмек көрсеткен. Осы сәтте экскаватордың шлангісі жарылып, есігі зақымданды. Сөйтіп, жұмыс беруші құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Есмұрат Әубәкіровтің адвокаты Любовь Сердюкованың сөзінше, аталған факті бойынша қаралған сот ісінде полиция, прокурор, сот және мемлекеттік адвокат тарапынан талай заңбұзушылыққа жол берілген. «Айыпталушының бір әрекеті үшін екі рет сотталуы – адамның конституциялық құқықтарының өрескел бұзылуы. Осы оқиғадан кейін Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі сот ер адамды мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алу туралы үкім шығарып, жүргізуші куәлігінен айырды. Сондай-ақ жұмыс берушіге төлеуге тиіс материалдық шығын мөлшерін айқындады. Есмұрат бұл жазаны өтеп шықты. Содан соң экскаваторды айдап әкетті деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды», - дейді ол. Есмұрат Әубәкіров еңбек шарты бойынша өзі жұмыс істеген экскаваторды айдап әкеткені үшін жауапқа тартылған. Алайда жұмыс берушімен келісімшарт бойынша экскаватор ер адамға оның қызметтік міндеттеріне байланысты арнайы бекітілген. «Аталған келісім бойынша техниканың сақталатын орны деп сотталғанның сол кездегі тұрғылықты мекенжайы көрсетілген. Ол экскаваторды өзі жөндеп, материалдық жауапкершілікті мойнына алып отырды. Яғни, Әубәкіров көлікті заңды түрде басқарған. Ал ҚР ҚК-нің 200-бабы – көлік құралын заңсыз айдап әкетуге қатысты», - деді Қайрат Чакпантаев. Бұдан бөлек, сотқа дейінгі тергеу сатысында айыпталушыға адвокат берілмеген. Ал сот отырысында аудармашы да болмапты. «Есмұрат ҚХР елінде туып, Отанына көшіп келген қандас. Мектепте қазақ тілін оқыған ол орысша мүлдем білмейді. Сондай-ақ бірінші сатыдағы сот отырысында мемлекеттік адвокат айыпталушыға қысым көрсетіп, өз кінәсін мойындауға көндірген. Қазіргі уақытта сол құқық қорғаушыға қатысты облыстық адвокаттар алқасына жеке ұйғарым шығарылды», - дейді Любовь Сердюкова. Бүгінде апелляциялық сот аудандық сот үкімінің шешімін жойды. Осылайша, 2 ай бойы түрмеде әділетсіз отырған Есмұрат Әубәкіров бостандыққа шықты. Енді оның өзіне келтірілген моральдық залалды өндіріп алуына толықтай құқығы бар.