Жаңалықтар

3 қараша: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1992 жылы 3 қарашада Түркияның Ыстанбұл қаласында түркі әлемі жазушыларының құрылтайы өтті.

1994 жылы республикалық «Заң» апталық газеті жарық көрді. Газетте республиканың экономикалық, саяси және мәдени өміріне қатысты жаңалықтар, ресми құжаттар жарияланып тұрады. Газеттің тұңғыш редакторы – М. Тоқашбаев.

1994 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Қарсақпай ауылында Тау-кен және балқыту ісінің тарихы мұражайы мен академик Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінің ашылу салтанаты болып өтті. Іс-шараға қатысқан ҚРПрезиденті Нұрсұлтан Назарбаев мұражайдың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, мыс қорытпасынан құйылып, бабалар әдісі бойынша жасалған көне балқыту пешінің істеп тұрған кішігірім нұсқасында экспонат құйып тарту етті.

2007 жылы Семей мемлекеттік университетінің жанындағы «ХХІ ғасыр және Шәкәрім әлемі» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері зерттеулер барысында қазақтың философ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаянына қатысты ғылымға бұрын белгісіз фактілерді тапты. Табылған құжаттар Шәкәрімнің ұлы Зият ақын болғанын, Қытайда өмір сүріп, қазақ мәдениетін насихаттағанын көрсетеді. Сондай-ақ оның қаламынан шыққан өлеңдер де табылған.

2010 жылы Екібастұз инженерлік-техникалық институты «Еуропалық сапа» халықаралық марапатына ие болды. Оксфордта өткен«Socrates Award Ceremony» салтанаты барысында Еуропалық бизнес-ассемблея ұлттық комитеті оқу орнының ректоры Марат Мәрденовқа салтанатты түрде осы құрметті марапатты табыс етті. Бұл жүлде аталмыш жоғары оқу орнының білім беру жүйесі Еуропадағы үздік білім беру мекемелерінен артта қалмайтындығын білдіреді.

2012 жылы Астанада ҚР-дағы Монако Князьдығының құрметті консулдығы ашылды. Рәсімге Монако князі ІІ Альбер қатысты.

2012 жылы Өскемендегі Металлург кентіне Халық Қаһарманы Ахат Күленовтің есімі берілді. Өскемен шетіндегі табиғаты тамаша, ауасы таза елді мекенді даңқты металлург Ахат Күленов қоластындағы жұмысшыларға арнап салдырған.

Ахат Сәлемхатұлы Күленов 1932 жылы Павлодарда туған, бүкіл саналы ғұмырын Өскеменде өткізген. Отбасы саяси қуғынға ұшырап, жетім балалар үйінде тәрбие алған ол өзінің табандылығының арқасында еліміздің талантты инженеріне айналып, Қазақстанның жемісті металлургиялық кәсіпорындарының бірі Өскемен қорғасын мырыш комбинатының құрылуына көп еңбек сіңірді. Ол КСРО Жоғарғы кеңесі Төралқасына сайланған қазақтың тұңғыш сенаторы болды. А. Күленовтің халықаралық сапа эталоны саналатын «төрт тоғызы» бар алтын және күміс өндіру идеясының арқасында Қазақстан Лондон биржасының жеткізушісі болды.

1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Өкемен зауытынан тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтын кірпішін де Ахат Күленов әкеліп тапсырды. 2014 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Apple iOS 8 операциялық жүйесімен жұмыс істейтін iPhone мен iPad-қа арналған қазақша пернетақта жасалды. Оны AppStore-дан Kazakh Keyboard Kazetu 8 кілт сөзі арқылы жүктеуге болады. Ол смартфонға қондырылатын барлық қосымшалармен жұмыс істей береді.

2016 жылы спутниктен түсірілген суреттердің көмегімен «Қостанай тетрагоны» жаңа геоглифы табылды. Оны шамамен 3000 жыл бұрын қола дәуіріндегі тайпалар салған. Геофглифтің үлкендігі соншалық, оны жердің бетінде тұрған адам көре алмайды. Оның ең ұзын жақтары 171 және 137 метрге дейін созылып жатыр.

2017 жылы Қазақстанға ежелгі қолжазбалардың электронды нұсқалары әкелінді. Қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар ұлттық орталығының қоры арнайы бағдарлама негізінде жиналған VI-VII ғасырдан XX ғасырға дейінгі материалдармен, өмірден озған ғалымдардың қолжазба еңбектерінің нұсқаларымен толықты. 3 тілде (араб, парсы және ағылшын) жазылған 500-ден астам қолжаба нұсқасы дискіге жинақталған. Олардың арасында араб тілі, әдебиеті мен мәдениеті, фиқх, хадистер, Құран тәпсірлері, шежірелермен қатар әл-Фарабидің, сондай-ақ Түркістан мен Сығанақтан шыққан басқа да ғұламалардың еңбектері бар.

2019 жылы Мәскеуде «Мәскеу премьерасы» халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Қазылар алқасының шешімі бойынша, байқаудың гран-при жүлдесіне режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» («Река») фильмі иеленді. Фестивальға Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Украина, Грузия, Латвия, Эстония, Ресей, т.б елдердің кинематографистері қатысты. 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халық арна» телеарнасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Теларнадан дәстүрлі дінмен қатар, мәдени танымдық бағыттағы бағдарламалар да көрсетіледі.

2020 жылы Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі технопаркі Astana Hub HexGn халықаралық зерттеу және консалтингтік ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Компания өз бағдарламаларын әлемнің 20-дан астам елінде жүзеге асырады. Ынтымақтастық аясында HexGn Startup Explore бағдарламасын іске қосылды. Startup Explore бағдарламасы – қазақстандық студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін инновациялық экономикада жұмыс істеуге мамандарды оқытуға және даярлауға бағытталған 24 апталық преакселерациялық бағдарлама. Бағдарлама жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, электрондық коммерция және т. б. салалардағы сарапшылармен теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды.

Back to top button