Жаңалықтар

«Бұл – арандатушылық»: Көмір үшін жүк тиегішке мініп алған әйелдің видеосына әкімдік жауап берді

Алматы облысында көмір алу үшін көліктің жүк көтергішіне мініп алған әйелдің әрекетіне әкімдік түсінік берді, – деп жазды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғыны көмірге келіп, жүк тиегіштің көтергішіне мініп алған әйелдің видеосы желіге тараған болатын. Ол көмірді жүк көлігінің бортына төгу кезінде де тиегіштен түспеген. Instagram-ға жарияланған жазбада: «Бұл ақылға қонымсыз. Көмірдің дұрыс бөлінбеуі салдарынан адамдар соңғы қадамға баруға мәжбүр», – делінген.

Кербұлақ ауданының әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсінік берді.

«Халықтан дүрлікпеуді сұраймыз. Иә, желіде әйелдің жүк тиегіш көліктің көтергішіне мініп алған видеосы тарады. Мұның бәрі арандатушылық болды. Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданының тұрғындарына көмір сатуды 2 тұйық жүзеге асырады: ЖК «Санчез« (Шұбаркөл), ЖШС «СаудаКөмір« (Қаражыра). Қазан айында Сарыөзек бекетіне 42 вагон жеткізілді. Бүгінде Сарыөзек станциясында 10 вагон бар. Барлығы кезекті сақтау арқылы жүзеге асырылуда», – деді Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев.

Айта кетейік, Кербұлақ ауданының тұрғындарына жылу беру маусымына қажет көмір көлемі – 74 мың тонна. Оның ішінде 52,8 мың тоннасы немесе 71% сатылды.

Мәліметке сүйенсек, Алматы облысында тәулігіне орташа есеппен 90 вагон көмір түседі. Бүгінгі таңда 926,3 мың тонна, яғни 68% қатты отын сатылды, қоймаларда жазғы кезеңнен қалған қалдық 13,3 мың тоннаны құрайды.

Өңірде 77 көмір тұйығы мен қоймасы бар, оның ішінде 50 тұйық, 27 қойма және Райымбек ауданында «Ойқарағай» көмір разрезі бар. Облыс бойынша көмірдің орташа бағасы 14-14,5 мың теңгені құрайды.

Теміржол қатынасы жоқ өңірлерде көмір жақын маңдағы тұйықтардан автокөліктермен жеткізіледі, бұл жеткізілетін көмірдің бағасына да әсер етеді. Мұндай өңірлерде жеткізу қызметін есепке алмағанда баға 19-20 мың теңгеге дейін барады. Аудандар мен қалалардың әкімдіктері жаз мезгілінде тұрақты негізде қатты отынды алдын ала сатып алу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Back to top button