Жаңалықтар

«Халлю», «K-pop» тағы не?

ашық дереккөзі

«Халлю», «K-pop» тағы не?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде белгілі жазушы, кинотанушы Айгүл Кемелбаеваның «Киноның алтын қазығы – сценарий» атты мақаласында киноиндустрия өндірісін талдай келіп, корей дорамаларына да тоқталған-ды. «Күн ұрпақтары» атты сериалдан соң: «Сон Джун Ки де­ген актер жігітке ғашық болып қалдым, үш балам бар, күні-түні соны ой­лай­мын» деген келіншектің оқиғасын мақалада мысал ретінде кел­тірген. Бүгін­де Оңтүстік Корея мемлекеті дорамаларымен бүкіл әлемнің мәдени кеңіс­тігіне әсер етіп отырғанын көруге болады. «Қиырдағы корей киносы әлемді қалай жаулап алды?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

«Корей толқыны» тарихы

Қоғамға құбылыс болып енген «халлю» немесе «корей тол­қыны» сонау 90-жылдары Оң­түстік Ко­рея жерінен бастау алған мәдени құбылыс. Ол ең алдымен Қытай мен Тай­вань­ға әсер етті. Содан біртіндеп Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тарап, бүгінде дүниежүзіне та­нылды. «Корей толқыны» құбылысының мәні – корей елінің поп-мәдениетін, атап айт­сақ киносын, телехи­каясын, музыкасын, тағамын, киімін, жауынгерлік өнерін дәріптеу. Оңтүстік Корея «халлюмен» байланысты тауарды экспортқа шығару арқылы жылына мил­лион­даған доллар қаражат табады. Бұл ел экономикасына айтарлықтай оң өзгеріс әкелетіні айтпаса да түсінікті. Корейтанушы Дастан Ақаштың мәліметінше, Кореяның ішкі нарығында мәдени өнімдер былтыр 105 млрд долларға сатылса, экспортқа шық­қан мәдени кон­тент 12 млрд доллар болған. «Халлю» тер­мині қолданысқа енген тұста түрлі мәде­ниеттанушылар мен киносын­шылар «уақыт­ша мәдени науқан» деп бағалаған. Алайда жыл өткен сайын қарқыны қатты «корей толқыны» күшейіп, сарап­шылардың қателескенін дәлелдеді. «Халлю» жаңа белес­терді бағындырып, корей мәдени экспорты ұзақмерзімді даму жолына түсті. «Көрермендерді неге корей теле­хикаялары қызықтырады?» деген сұрақ қоғамда жиі талқыланады. Мұның себебін мамандар, корей телехикаяларында атыс-шабыс жоқ, саяси мәселені көтермейді, кішісі үлкенді сыйлайды, қыз-келіншектері ашық-шашық киінбейді десе, этнограф-ғалымдар қазақ­тар мен кәрістердің дәстүрлі мәдениеті мен өмірге көзқарасы ұқсас екенін айтады. Тіпті, отандық кинотану­шы­лар корей кинодра­ма­тургтері туралы сөз болғанда, көркем фильмнің сценарийін өмір шындығына барынша жақын етіп жазады, үлкенді сый­лау, кішіге ізет, досқа адалдық дейтін адами қасиеттерді жағымды да шынайы көрсетеді деп бағалайды. Биыл қыркүйекте Оңтүстік Корея «Каль­мар ойыны» дорамасын жарық­қа шығарды. Телехикая небәрі 10 күн ішінде әлемнің 90 еліне таралып, Netflix ойын-сауық платформасының ондығынан бір-ақ шықты. Дәл осы дорама жанкүйерінің саны дүниежүзінде 100 миллионға жуықтаған. Бұл дорама туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Өткен аптада Білім және ғылым министрлігі «Кальмар ойыны» сериалының қазақстандық оқушыларға әсері туралы түсініктеме берді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ата-аналар мен мектеп балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйрету керегін айта келіп, телехикаяны 18 жасқа тол­мағандарға көруге болмайтынын ескертті. Корей елінің киносын сөз еткенде «к-рор» өнерінен аттап кете ал­маймыз. Жастардың сұранысын арт­тыр­ған музыкалық жанрдың құпиясы өзімізге де қызық болды.

«K-pop» пен Q-pop арасы жер мен көктей

Бұл музыкалық эволюция – «корей тол­­қынының» негізгі тамыры. Бүгін­де дүние­жүзінде 100 мыңға жуық фан-клуб ашы­лып, тыңдарман жинаған. Әріге бар­май-ақ, қазақ қоғамына кең танылған Gangnam Style әніне түсірілген бейнебаян YouTube-тағы 1 мил­лиард қаралым жинап, Гиннес рекорд­тар кітабына енген. Корей рэпері PSY-ды бүгінде танымайтын адам жоқ шығар?! Бұл музыка өнерінде ерекше эволю­ция болғаны ақиқат. Алғашында тек му­зы­ка­лық жанр ретінде пайда болған «K-pop» көп ұзамай әлем жастары арасында таны­мал ие болып, оңтүстіккореялық сән мен стильге еліктеген жастардың субмә­дениетіне айналып үлгерді. Соңғы кезде қа­зақ жастарының арасында «K-pop»-қа негіз­делген Q-pop жанры пайда бола бас­тады. Осыдан 20 жыл бұрын қазақ эстра­дасына жаңалық болып енген «Орда» то­бының бағыты k-pop жанры болатын. Сәні мен әні үйлесім тапқан топтың бағытын алғашында ешкім түсінген жоқ. Уақыт өте келе көрермен көзі үйреніп, қоғам қа­был­дап, тыңдарманы көбейді. Бүгінде топ тар­қа­са да, жігіттердің дені өнерден ұзаған жоқ. Араға 15 жыл салып, Ninety One тобы қа­зақ қоғамын дүр сілкіндірді. «Орданың» өне­рін жалғап, жоғарыда айтып кеткен суб­мәдениет қалыптастырды. Топтың негі­зін қалаған, «Орданың» экс-солисі Ерболат Беделханның айтуынша, шығыс мәдениеті болғанымен, өзіміздің менталитетке сай, көзқарасқа қайшы келмейтіндей жаңа жанр ойлап тапқысы келген. Жоспары іске асып, Q-pop, яғни Qazaq pop жанры дүниеге келді. Бүгінде 20-дан астам музыкалық топ Q-pop бағытында жұмыс істейді. Q-pop – қазақ қоға­мында жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Аға буын өкілдері әлі күнге дейін ұлт­тық дүниемізге жат деп дабыл қақса да, жас­тардың ықыласы мен сұранысы азайған емес. Корей мәдениеті қазақ қоғамына қан­шалықты ықпал ете алғанын сала ма­ман­дары түсіндіріп берді.

Гауһар БАТЫРХАН, аудармашы-филолог: Корей киносын көру – құмар ойынға қызыққанмен бірдей 2009-2014 жылдары Ұлттық арна мен Astana TV-да дубляж бөлі­мінде аудармашы болып еңбек еттім. Кореяда магистратурада оқыдым. Корей киноларын аударып жүріп, олардың өмір сүру салтымен таныстым. Кореяда киноиндустрия қатты дамыған. Олар кез келген өнімді алдымен өз елі үшін шығарады және оның сапасына мән береді. Қай өнімді алсаңыз да, тәрбиелік жағы басым және адамгершілікті ту етеді. Сценарийі зерттеліп, жан-жақты тексеріледі. Актерлердің мыңнан бірі кастингтен өтіп, сұрыпталады. Олар өз рөлдерін жан-тәнімен беріліп ойнайды. Техника өте жақсы дамығандықтан, түсіру кезінде соңғы үлгідегі түсіру құралдарын пайдаланады. Экраны тұнық, актерлері әдемі, сценарийі адамды баурап алатыны соншалық — дораманың бірінші бөлімін бастап көрген адам, қалай соңғы бөліміне жеткенін білмей қалады. Сондықтан, мен оған құмар ойын ретінде қараймын. Қазір жастардың көбі дораманы қызығып көреді. Дегенмен жастардың уақытын алады және тәуелді қарым-қатынаста өскен бала болса, дораманы көру арқылы сол дорамадағы кейіпкердің сезімін түгел бастан кешіреді. Мысалы, бір жасөспірім дорамадағы әртіске еліктейді. Сол әртіс сияқты өзін күтіп, қылықтарын қайталап, стилін өзгертуі мүмкін. Алайда бала өзінің бастапқы болмысынан ажырап қалады. Корейлер тек сыртқы дүниені насихаттайды. Одан кейін корейлер эстетикалық талғамға қатты мән береді. Кореяға барып, дорамадағы өмірді көргім келеді деп армандайтын адам қатты қателеседі. Дорамадағы өмір мен шынайы өмір – екі басқа. Бір дораманы 16 бөлім деп есептесек, бір күнде қалай бар­лық бөлімін көріп шыққаныңызды сезбей қаласыз. Демек, сіздің бір күніңіздің 16 сағаты кино көруге кетті. Сериал көру ойдың дамуын тежейді. Кітап оқығанда ойлау жүйеңіз дамып, анализ жасауға қабілетті болады. Дорама көріп отырғанда, эмоция мен сезім болуы мүмкін, бірақ миыңыз жұмыс істеп тұрмағанын түсіну керек. Елімізде мәдениаралық байланыстың болғаны құба-құп. Корей жұртынан үйренеріміз көп. Әсіресе, ғылым мен техника саласы көш ілгері дамып жатыр. Адамды құрметтеу, жеке басына қол сұқпау секілді дүниелер құндылық саналады. Жалпы, корей халқы барлық дүниенің оңай жолын іздейді. Өмірді қиындату оларға тән емес. Кореяда кез келген жерде ең оңай, ең түсінікті тілмен түсіндіреді. Мысалы, ауруханаға немесе банкке барсаңыз, сізге ауру­хананың немесе банктің терминімен сөйлемейді. Мейлінше, қарапайым әрі түсінікті етіп айта­ды. Сол нәрсе бізге жетіспейді деп ойлаймын.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА