Жаңалықтар

Nur Otan: Шағын қалаларды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

«Nur Otan» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес алаңындa моно және шағын қалаларды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров хабарлағандай, биыл 23 қалада 400 км жуық автомобиль жолдары мен инженерлік желілерді жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді.

«27 моноқалада 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған 60 «зәкірлі» инвестициялық жоба іске асырылуда. Соңғы 3 жылда моноқалалардың кәсіпкерлеріне берілген гранттар көлемі 3,5 есеге (63-тен 218 млн теңгеге дейін), субсидиялау – 1,6 есеге (8,3-тен 13,5 млрд теңгеге дейін), микронесиелеу – 1,7 есеге (2,6-дан 4,5 млрд теңгеге дейін) ұлғайды. Ал Арқалық, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларыдағы көлік қарым-қатынасын жолға қою мәселесін шешу үшін темір жолдар салынды», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская мәлімдегендей, бүгінде еліміздегі 70 моно және шағын қалада 2,3 млн-ға жуық адам тұрады. Алайда мемлекеттік қолдау шаралары олардың тек бір бөлігіне ғана бағытталған. Кеңес төрағасы жергілікті атқарушы органдардың өздеріне басқаруға сеніп тапсырылған қалаларды дамытуда белсенділігі мен ықылас-ынтасының төмен екенін атап өтті.

«Мысалы республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде біз өңірлерде партияның сайлауалды уәделерін іске асыру жөніндегі жол карталарына енгізілген нысандардың дайын жобалау-сметалық құжаттамасының жоқтығын көрдік», – деді ол.

Сондай-ақ, Кеңес төрағасы шенеуніктердің ірі агломерациялар есебінен урбанизация деңгейін арттыру туралы ұсынысының орынды екендігіне күмән келтірді.

«Орта және шағын қалаларды дамыту, олардың базасында өңірлерде тартылыс нүктелерін құру арқылы урбанизация тұжырымдамасы қашан өзгерді? Шағын қалалардан көшіп келген азаматтардың баспана, жұмыспен қамту мәселелерін қалай шешеміз? Бүгінде шағын қалалардың тұрғындары ол жақтағы пәтерлерін сатып, ірі қалада баспана сатып ала алмайды», – деді Юлия Кучинская.

Кеңес төрағасының орынбасары, саясаттанушы Марат Шибұтов та өзекті тақырыпты қозғады. Ол ақпарат саласында моно және шағын қалаларды дамыту бойынша жоспарлар мен есептердің жоқтығын және статистикалық ақпараттың қолжетімділігі өте төмен екенін алға тартты.

Жиын қорытындысы бойынша Кеңес әзірлеген ұсынымдар тиісті ведомстволарға жіберілді. Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрлігіне Кеңеске моно және шағын қалаларды дамыту жөніндегі алдыңғы бағдарламалардың іске асырылуы туралы толық есеп беру, ал олардың басшыларына даму жоспарлары мен түйінді мәселелердің тізбесін ұсыну тапсырылды.

Back to top button