29 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

29 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

29 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1949 жылы 29 қазанда Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. Бүгінде ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом стансалары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым шығарады. 1996 жылы Пәкістан Ислам Республикасының президенті Сардар Фарух Ахмед Хан Легари алғаш рет ресми сапармен Қазақстанға келді. Сапар барысында екіжақты байланыстардың перспективалары туралы Қазақстан-Пәкістан бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды. Пәкістан президенті екіжақты қарым-қатынастардың жағдайы жайлы айта келе, Орталық Азиядағы Пәкістанның бірінші елшілігі Алматыда ашылғанын ерекше атап өтті. 1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясы ғимаратының жанында орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге арналған ескерткіш орнатылды. Қола ескерткіш алматылық зауыттардың бірінде құйылған, ақын есімімен аталған көшеде қойылды. Жобаның авторлары - мүсінші Анатолий Бичуков, сәулетшілер Тоқтар Ералиев пен Анатолий Анчугов. 2010 жылы Талдықорғанда «Мәдени мұра» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халық ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш ашылды. Биіктігі шамамен он метр болатын монумент таза қоладан құйылған, авторлары - танымал қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов. 2010 жылы белігілі тарихшы, археолог және этнограф, академик Әлкей Марғұланның жеке мұрағатын ғалымның қызы Дәнел Марғұлан Павлодар мемлекеттік университетіне сыйға тартты. Академиктің қорындағы көптеген материалдар әлі жарық көрмеген, оларды университет ғалымдары зерттеуге кіріспек. 2013 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Бокстан әлем чемпионаты. Алматы-2013» атты естелік күміс монетасын айналымға шығарды. 2015 жылы Ақтөбеде мүкісі бар азаматтарға арналған Қазақстандағы алғашқы видеодиспетчер қызметі ашылды. Оның жұмысының мәні былай: сөйлей алмайтын әрі мүкіс адамдар кез келген қоғамдық орында тілдесуден қиындық туғанда ноутбук немесе басқа бір гаджеттен Skype арқылы жест тілін білетін диспетчерге хабарласып, не қалайтынын сол арқылы айналасындағыларға жеткізе алады. 2015 жылы Сиань қаласындағы Қытайдың тарихи бесігінде орналасқан Шаньси провинциясындағы тарихи құндылықтарды қорғау жөніндегі зерттеу институтында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрліктері арасында тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру, консервациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2016 жылы Уфада ІІІ Халықаралық «Күміс Ақбозат» ұлттық және этникалық кино фестивалі аясында Досқан Жолжақсыновтың (Қазақстан) «Құнанбай» фильмі Амир Абдразаков атындағы «Ұлттық рух үшін» сыйлығына ие болды. 2016 жылы Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Мұса Жәлел. Таңдамалы» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті. Бұл жинақта алғаш рет өлеңдердің қазақша аудармасы ұсынылған. Бірегей басылымға «Моабит дәптері» атты әлемге танымал циклдің татар, орыс және қазақ тілдерінде 14 туындысы кірген. Қазақ тіліне Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Әбдірахманов (1938-2015) тәржімалаған. 2018 жылы энергетика саласындағы Қазақстан-Румыния инвестициялық қоры құрылды. Қордың қызметі жергілікті энергетика саласын дамытуға арналған жобаларды іскер асыруға, Румыния нарығындағы КМGI позицияларын одан әрі нығайтуға бағытталған. 2020 жылы Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінде аты аңызға айналған алматылық «Қайраттың» шабуылшысы, сексенінші жылдардағы Қазақстан футболының жұлдызы Евстафия Пехлеванидидің мерейтойы атап өтілді. «Қайрат» командасының ардагері алматылық клуб үшін 226 матчта карсыластардың қақпаларына 69 гол соғып, КСРО чемпионаты жоғары дивизионының тарихындағы өз командасының үздік бомбардирі ретінде Қазақстан және Кеңес Одағы футболының жылнамаларында өз есімін мәңгі есте қалдырған. Сондай-ақ, Пехлеваниди Кеңес Одағы футболының Жоғарғы лигасы матчтарының тарихында ең жылдам гол соққан ойыншы ретінде рекордымен әйгілі. 1986 жылғы 3 қыркүйекте шабуылшы сол кездегі КСРО чемпионы – киевтік «Динамо» қақпасына матч басталғалы небәрі 10 секунд ішінде гол соққан болатын. 2020 жылы UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары кірді. Бүгінгі таңда UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Қазақстандағы ұлттық желісінде 12 резерват тіркелген. Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі.