Жаңалықтар

Протезге қол жеткізу үшін он төрт күнде Кала Паттар шыңын бағындырдым – Мария Әуезова

ашық дереккөзі

Протезге қол жеткізу үшін он төрт күнде Кала Паттар шыңын бағындырдым – Мария Әуезова

Мария Әуезова – екі аяғы жоқ болса да, Эверест базалық ла­геріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шыққан әлем­дегі тұңғыш әйел. Оның батылдығы мен табандылығына сүй­сінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған бионикалық протез алу­ға көмектесуге уәде берген. Сөйтіп, ол қыркүйек айында Елба­сының қолдауымен әйгілі Ottobock неміс компаниясының Мәс­кеудегі филиалында медициналық тексерістен өтіп, протез жаса­тып қайтты. Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­найы жоба әзірлеп жатқан ерік-жігері мол Марияға хабарласып, әң­гімелескен едік. – Сонда тауға шығу арқылы көпші­лік­тің, әсіресе мемлекеттік құрылым өкілдерінің назарын аударғыңыз келді ме? – Иә. Қалай болғанда да менің мәселеме на­зар аударту керек болды, әсіресе ден­сау­лық сақтау саласына жауапты адамдардың көңіл бөлгенін қаладым. Сөйтіп, Бурабай жақ­та орналасқан Жеке батыр, Көкшетау жә­не Бөлектау тауларына шықтым, бірақ сон­да да біз күткен нәтижеге қол жеткізе ал­­мадық. Сосын ақылдаса келе, Непалға ба­рып, Эверестің базалық лагеріне кө­тері­ліп, Кала Паттар шыңына шығуға бел будық. Жалпы, мен тауға шығудағы басты мақ­сат протез алу болғанын, бұдан басқа ама­лым қалмағанын әрдайым айтамын. Бірақ көп журналист мұны жазбай қояды. Ақыр аяғында көпшілік танымал болу үшін шыңға шыққан болар деген ой түйеді. Бұл әсте олай емес. Біз ол жаққа бара­тынымыз­ды ешкімге айтқан жоқпыз, ешқандай мем­ле­кеттік органнан көмек сұрамадық. Бір­неше демеуші мен дос-туыстарымыздың кө­мегіне ғана жүгіндік. Тек командадағы жа­қын жандар әлеуметтік желідегі парақ­шаларына біздің әр басқан қадамымыз тура­лы жазып отыр­ды, туыстарымыз бен дос­тары­мыздың бізді уайымдап, біз­ден хабар күтіп отырғаны айт­паса да түсінікті, оған қоса біз таулы аймақта жүріп біраз уа­қыт байланысқа шыға алмадық. Ақы­рын­да менің шыңға шыққаным ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Сөйтіп, маған журна­листер бірінен соң бірі хабарласа бастады. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені журналис­тердің міндеті – жаңалықты жеткізу. Оның үстіне, біз Қазақстанның Көкбайрағын өзімізбен бірге алып жүрдік, оны Кала Пат­тар тауының шыңына шығып желбіреттік. Бұл – біздің ел үшін үлкен мақтаныш. Сон­дай-ақ Кала Паттар тауына екі аяқсыз кө­терілу мақта­натындай жайт деп ойлаймын, келісерсіз? – Әлбетте, мақтануға тұрарлық! Тіпті кә­сіби альпинистердің өзі соңына дейін шы­дамай, орта жолдан қайтып кетеді. – Иә, сол себепті жоғарыда айтып өт­кен­дей, бұл – мен салған дара жол. Сол се­бепті не үшін көтерілгенімді айтуға ұял­маймын. Ерлік жасау үшін шыңға шықтым де­меймін. – Шыңға шығу үшін екі апта бойы уа­қыт пен күш жұмсағаныңызды елес­тетудің өзі қиын... – Бәрінен бұрын үстіме киген киім жол бойы қажап тастайтындықтан, бүкіл денем ауыр­ды. Бірақ күн сайын белгілі бір биік­тікке көтерілген кезде «бүгін сен жеңдің» деп өз-өзімді жұбатып отырдым. Қанша қиын болса да, кері қайту туралы еш ойла­мадым. Тек Кала Паттар шыңына шығып бара жатқан кезде бүйрегім ауырып, өзімді жайсыз сезіндім. Бапкерім «Егер сен кері қайтамыз десең, қазір-ақ қайтамыз» деді, бірақ шыңға шығуға бейімделген жергілікті шерпалар «Мария, қанеки! Әне, шың көрініп тұр! Аз қалды! Шыда! Алға!» деп мені желпіндіріп, алға сүйрелеп отырды. Түнгі уақыт болса да олар үнемі «Әне, шың көрініп тұр» деумен болды (күліп). Сол ай­мақ­ты жақсы білетін олардың бұл айтқа­нына сеніп, расымен жақындап қалған шығармыз деп ойлап, бар күшімді салып жо­ғарыға қарай көтеріле бердім. Сөйтіп, бір­неше сағаттан соң, шыңға қарай жақын­дап келе жатқанымызды көргенде екінші ты­нысым ашылғандай болды. Қатты қуан­дым. – Тағы сол деректі фильмде Елбасы сіз­ге қажет, құны қымбат протездің тек Германияда жасалатынын айтқан еді. Сонда мамандар протез жасауға қа­жетті құрылғыларды Германиядан ар­найы алдыртты ма? – Иә. Жалпы, Мәскеуге барып қаралуы­ма бірнеше себеп бар. Біріншіден, Мәскеу бізге жақын, екіншіден тіл жағынан кедергі жоқ, сосын пандемияға бола Германияға бару қиындық туғызады. Сол себепті Мәс­кеу­ге барып қаралған әлдеқайда қолайлы болды. Оның үстіне, мен әйгілі Ottobock компаниясының Мәскеудегі филиалында қаралдым. Маған қажет «ақылды» протездің құрамдас бөлшектері Германияда ғана жасалады. Бұл протезді орнатудағы ең маңызды әрі ең қымбат дүние – тізе модулі. Ал қалған бөлігін денемді өлшеу арқылы жа­сау қажеттілігі болғандықтан, ол протез­ді Мәскеуде құрастыру оңай болды. – Жаңа протезге бейімделу процесі қалай өтіп жатыр? – Алты жыл бойы мүгедектер арбасында отырған адамның қазір қандай сезімде жүргенін ойлай беріңіз. Былайша айтқанда, жеті, сегіз айлық бала еңбектеп, жорғалап, аяғынан тік тұрып, тірекке сүйеніп үйреніп, қалай өзі жүре бастаса, менде дәл сондай күй кешіп жүрмін. Протезді бірінші рет киген кезде санамда қандай сілкініс бол­ғанын сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Қанша жерден қымбат әрі жоғары сапалы протез болса да, денеңді ұстай білуді үйренуің қажет, себебі протез өз аяғымыз емес. Әлеуметтік желіге жүктеген видео­ларда протезбен жүргенім оңай көрінетін бо­лар. Бірақ шындап келгенде мұның бар­лығын еңсеру қиын. Әр аттаған қадамым оңайға түсіп жатқан жоқ. Дегенмен бұл ауыр кезең де келмеске кетер. Бірақ өзімді басқалардан өзгешемін деп есептемеймін. Өзімді дені сау адамдармен тең санаймын. Өмірім тамаша, алдыма қойған мақсатым айқын. Күйеуім Мұхтар екеуіміздің отасқа­нымызға биыл он екі жыл толады. Мұхтар мені әркез қолдап жүреді. Алдағы уақытта екеуміз мүмкіндігі шектеулі жан­дарға байланысты жобаларды іске асыр­мақпыз.