Walt Disney және «Маша и Медведь» мамандары қазақ аниматорларына дәріс оқиды

Walt Disney және «Маша и Медведь» мамандары қазақ аниматорларына дәріс оқиды

Walt Disney және «Маша и Медведь» мамандары қазақ аниматорларына дәріс оқиды
ашық дереккөзі

Қазақстандық мамандар «Маша и Медведь» мультхикаясына және Disney, «Союзмультфильм» секілді студиялардың туындыларына жан бітірген мамандар мен өзге де танымал аниматор-мультипликаторлардың дәрісін тыңдай алады. 

Әлемге танымал мультфильмдердің жарық көруіне тікелей атсалысқан анимация саласының белгілі тұлғалары Түркістанда өтетін халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалінде арнайы дәріс оқып, тренингтер өткізеді. Қызметін «Союзмультфильм» студиясынан бастап, америкалық World Disney студиясында шыңдалған анимация өнерінің көрнекті өкілі, суретші-аниматор Александр  Дорогов фестиваль қатысушыларына идеядан бастап, анимациялық фильмді бейнелеуге дейінгі процесті баяндап, басты кейіпкерді іздеудің қыр-сырын түсіндіріп береді. «Ну, погоди», «Мулан», «Король лев», «Фиксики», «Лило мен Стич» секілді әлемге танымал жобаларға қатысқан маманның дәрісі онлайн өтеді. Ал британ сарапшысы, «ZONTUL FILMS LIMITED» анимациялық компаниясының директоры, профессор, жазушы Тим Уилсон онлайн дәрісінде Батыс анимация саласының ерекшеліктеріне тоқталып, жеке тәжірибесін ортаға салады. Қатысушыларға деректі фильм түсіруде анимация элементтерін қолданудың ұтымдылығы жайлы тағы бір ағылшын маманы айтып береді. Кинорежиссер, жазушы және суретші Оливер Гай-Уоткинс түсірген деректі фильмдер әлемге танымал кинофестивальдердің жүлдегері атанған. Жазушылық қырынан танылған Уоткинстің көркемсурет туындылары да көрмелерге жиі қойылады. Қонақтар қатарында күллі әлем балалары арасында ерекше танымал «Маша и Медведь» жобасының режиссері Наталья Мальгина бар. Ресейлік маман онлайн дәріс барысында 40-тан астам тілге аударылған «Маша и Медведь» туындысының жасалу барысына тоқталады. Түркістанға арнайы келген Түркия анимация саласының үздіктері Мусаб Гүндүз бен Мұстафа Ахмет Қара фестиваль қатысушыларымен тілдесіп, тәжірибелерімен бөліседі. Анимация режиссері, комикс және қозғалыс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара комикс жасаудың қыр-сырына тоқталса, Cordoba анимация студиясының негізін қалаушы Мусаб Гүндүз аудиторияның жас ерекшелігіне қарай жоба жасаудың негіздерін таныстырды. Фестиваль қонақтары сондай-ақ Қазақстанның үздік анимациялық киностудияларының көрмесін тамашалап, анимация жасаудың ерекшеліктерімен танысады.