Өмірдің жарық сәулесі

Өмірдің жарық сәулесі

Өмірдің жарық сәулесі
ашық дереккөзі
Басы өткен санда Төртінші сыныпқа көшетін жылы інім Мағжан мектепке баратын бо­лып, әке-шешем мені қалаға алғызды. Тор­ғайда таңның атысынан, күннің батысына дейін ауланың ит-құсын шулатып жүрген ауылдың қара домалағы бір күнде қаладан бір-ақ шығып, 1978 жылдың тамылжыған тамызында Алматыға келдім. Алматы салқын қала екен. Аэропорт ба­сынан әжем екеумізді әкем қарсы алды. Самолеттен түскенімде бір суық ызғардың бойымды түршіктіріп жібергені есімде. Жолдары тақтайдай тегіс көшемен заулаған таксидің ішінде келе жатып, көшелері дәл күндізгідей жарқыраған қаланың түнгі кө­рі­нісіне таңғалып, терезеге жабысып, көп­қабатты үйлерге қызыға қараймын. Үйіміздің дәл іргесінде орналасқан №9 қазақ мектеп-интернатында негізінен тек ауылдың балалары оқитын. Едәуір қиындық туғызғанымен, амалын тауып әкем, інім екеумізді сол мектепке оқуға берді. Жеміс-жидектің бәрі уылжып піскен 1 қыркүйекте судай жаңа формамды киіп, Алматыдағы жалғыз қазақ мектеп-интернатының табалдырығын аттадым. Қандай ортаға түссе де, ең алдымен баланың іздейтіні – дос. Ол оңай табыла кетті. Аты – Асқар. Бойы менен ұзын, сүйегі ірі, ат жақты, қыр мұрынды, көр­кі келіскен бала. Беті сәл сопақтау, түрі қазақтан гөрі сол жылдары барлық қыздар­дың «кумирі» болған, үндінің әртісі Дхар­мендраға қатты ұқсайды. Қасы-көзі көмір­дей қап-қара. Әсіресе, көзі сүйкімді әрі әдемі. Күлімдегенде кез келген қыз оның жа­нында суға салған қанттай еріп сала бере­тін. Қаланың баласы болған соң, ауылдың қарадомалақтары сылтау тауып мені ұрып тастағысы келіп тұратын. Ша­мас­ы оған интернатта жатып оқитын сы­нып­тастарымды «инкубаторлықтар» деп мазақ­тайтын қыршаңқы тілімнің де жазы­ғы бар болуы тиіс. Реті келсе мені бір нұқып қалу­ды олар теріс көрмейтін. Алайда ондай­ды істеуге Асекеңнен сескенетін. Кез келген баланы оның мысы басып тастайтын. Мен осын­дай күшті дос тапқаныма бақытты едім. Екеуміз кейде сабақтан қашып, киноға барамыз. Есейе келе бұзықтығымыз үдей түсті. Ұстаздарымыздан жасырынып мек­тептің төбесінде немесе сабақтан соң әке-шешемізден тығылып Асқардың үйіне жақын жердегі сарқырап ағатын үлкен Алматы су каналының айналасындағы жібек­тей майса шөпте жантайып жатып, темекі шегетін жаман әдет шығардық. Осындай көңіл күймен бір күні мен досымның көңілін аулау үшін, оған орыс ақыны Сергей Есениннің өлеңін оқып бер­дім. Не жалею, не зову, не плачу, Все пройдет, как с белых яблонь дым. Увяданья золотом охваченный, Я не буду больше молодым. Әдебиетке аса қызықпайтын досым оқыған өлеңімді қас-қабағы да қи­мыл­дамай, сүйсініп тыңдап отыр. Әлденені есіне түсірген көздерін алысқа тігіп, жа­на­рын беймәлім мұңның кірбіңі шалып, ой­ла­нып қалыпты. Құлағының жанынан ұшып өткен араның ызыңын да елейтін емес. Өлеңді оқып болғанымда ғана наза­рын маған аударып: – Бұл кімнің өлеңі? – деп сұрады. – Орыс ақыны Сергей Есениннің. – Керемет өлең екен. Енді мен де саған бір өлең оқып берейін. Ол көк теңіздің түсіндей джинсиінің қал­тасынан қатырма қорапқа салынған, сол жыл­дардағы ең қымбат «Космос» темекісін алып, бір талын маған берді де, екіншісін өзі­нің аузына қыстырды. Оттық алып, екеу­міздің де аузымыздағы шылымды асық­пай тұтатты. Ащы түтінін сорып-со­рып қойды. Сен мына – жанарымның ішіндесің, Жанардың білесің ғой кішірмесін, Ішіне жанарыңның сақта мені, Біреулер көлеңкесін түсірмесін! Асқардың соншалықты шынайы, әрі та­биғи жазылған өлеңді қайдан жаттап алғанына қайран қалып, аузым ашылып, сүйсінгенімнен орнымнан қозғалмай, мелшиіп тұрып қалыппын. Және әуезді сыңғырлаған ғажайып өлеңді өмірдегі ең аяулы досымның оқып беруі маған қатты әсер етті. Өлеңнің алғашқы жолдарының өзі-ақ жанымды баурап, толқытты. Тұла бойым шымырлап, таудың арғы бе­тінен талып естілген әдемі әнді немесе әр ды­бысы сезіміңнің нәзік пернелерін дәл ба­сатын Бетховеннің «Айлы сонатасын» алғаш тыңдаған адамдай дүниенің бәрін ұмы­тып, есеңгіреп барамын. Ойым мына жал­ғанды ұмытып, маған бейтаныс бір әде­мі әлемде ләйліп жүр. Сәл тыныс алып, те­мекісінің түтінін аспанға сақинаша будақ­татып болып, досым өлеңді әрі қарай оқып жатыр. Сен менің – мына тылсым кеудемдесің, Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін. Кеудеңе, зынданыңа салып сақта, Біреулер көкпар қылып өңгермесін! Асқар өлеңді әдемі қоңыр дауысымен, бір деммен, мәнерлеп оқып шықты. Мек­теп­тегі ұстаздарымның әдебиет туралы сұрақ­тарына мүдірмей жауап беріп жүрген мен, бұл өлеңді кімнің жазғанын таба ал­май, өмірімде тұңғыш рет жеңіліске ұшыра­дым. Басқа емес, әдебиет пәніне мүлде қы­зықпайтын досымнан жеңіліп, оның ал­дын­да ұятқа қалдым. Бала жүрегімді қайта-қайта соқ­тырт­қан сол күні тұңғыш рет Асқар­дан, өмірден ерте өткен қазақтың Мұқағали Мақатаев есімді ақынының болғанын есті­дім. Ақынның баласы бола тұрып, мұны біл­меуім ұят, тіпті өлім еді. Бірақ біраз уа­қыттан кейінгі Асқардың қалжыңы маған ұят-сиятты да, өлімді де ұмытқызып жіберді. – Не болды саған, Ардаша ғашығың есіңе түсіп кетті ме? – деді ол кенеттен, ой­ла­нып кеткен маған қылмысымның дәл үсті­нен түскен тергеушідей дүңк еткізіп. – Ал сен Ботаға ғашықсың... Екеуміз кілемдей жайылған көк шөп­тің үстінде алыса кеттік. Төбе­міз­ден осы тентектігіміздің бәрін көріп, балалық шағымыздың күні күліп тұрды. *** Екі күннен соң менің өмірімде ертегіге бер­гісіз оқиға болды. Жексенбіде әкем Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жү­рек» кітабының негізінде театр инсти­ту­тының соңғы курс студенттері сахналаған, Алма­тыдағы балалар мен жасөспірімдердің теат­рында болып жатқан қойылымға ертіп апарды. Қыркүйек айының аяғы еді. Уақыт екінтіден ауып, ақшам мезгілі жа­қын­дап қалды. Қалың өртке қызған темір­дей қызарып, дүниеге қызғылт сәулесін шаш­қан күн де ұясына батып барады. Жаз­дағыдай емес, күннің жылы шырайы азайып, бірте-бірте денем суық желдің өт­кір­лігін сезе бастады. Қойылымның бас­талуы­на әлі біраз уақыт бар. Театрдың алды ығы-жығы адам. Жүре­гім лүпілдеп, кітаптарын сүйсі­ніп оқыған жазушыларымды көруге ын­тығып, біреуді іздеген адамдай жан-жағыма қараймын. (Мен ол жылдары оқиғасы қы­зық прозаларды көп оқитынмын, поэзияға аса қызықпайтынмын. Арманым – болашақ­та үлкен жазушы болу.) Бірақ өзім білетін жазушылардың еш­қайсысын да көре алмай қатты қапа­ландым. Бір уақытта жазушы Төлен Әб­ді­ков­­ті көзім шалып қалғанда, құдды бір пай­­ғамбарды көрген бейбақтай тұла бойым дірілдеп кетті. Былтыр жазушының «Айтыл­маған ақиқат» деген кітабын оқып, қатты сүйсінген едім. Әсіресе, кітаптағы «Тозақ от­тары жымыңдайды» повесі мен «Оң қол» әңгімесінің аянышты оқиғасы қатты әсер етіп, жүрегім күйзелгендей болған. Ал «Әке» повесін оқығанымда түні бойы жылап, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен. Енді міне сол сүйікті жазушым дәл менің алдымда тұр. Менің қиялымда бұл – ертегілерде ғана болатын ғажайып сәт! Әкем театрдың алдында Төлен Әбді­ковпен амандасып, шүйіркелесіп, бі­раз уақыт әңгімелесіп қалды. Мен шы­ғар­маларын оқығанымды айтып, жазушыға мақтанғым келді. Сосын «үлкен жазушы болу үшін не істеу керек?» екенін сұрағым кел­ді. Бірақ «Ассалаумағалейкум» деп сәлем­дескеннен басқаға батылым жетпеді. Сүт пісірім уақыттан соң ол бұл қойылымды кеше көргенін айтып, әкемнен рұқсат сұра­ғандай кейіп танытып, кетіп қалды. Өкініш­ті. Көкейімде жазушыға қоямын деген, өзегімді жыртып бара жатқан қаншама сұрағым қалып қойды. Театрға кірдік. Төбесі биік, әрі кү­міс­тей жарқыраған өнер ғимаратының ішін арлы-берлі кезіп, жұртқа қарап, маң­ғазданып қоямын. Өнерлерін кинодан немесе теледидардан ғана тамашалап жүр­ген, театр қабырғаларына ілінген атақ­ты әртістердің суреттеріне аузымның суы құрып, тамсанып қараймын. Орнымызға отырдық. Жарық сөніп, сахнаның шымылдығы түрілді. Бақы­тымызға орай, бізге сахнаға жақын жер­ден орын бұйырыпты. Тағатсыздана күт­кен қойылым да басталды-ау! Зал сілті­дей тына қалды. Масаның ызыңы естілетін тыныштық орнады. Сахнаға үріп ауызға салғандай сұлу қыз бен көркем жігіт жүгіріп шықты. Қыз­дың күннің сәулесіндей жібек көйлегін, төбеден түскен сахнаның жарығы онан сайын жарқыратып жіберді. Жарықпен бірге тал шыбықтай бұралған қыздың оқ­тау­дай түзу аяғы мен ақ сазандай саны көзіме шағылысып, бала көңілім­нің ұялшақ сезімін қытықтай жөнелді. Олардың арғы жағында теңіздің асау толқындары тулап жатыр. Дүниеге мас екі ғашық бір-біріне ынтығып, күн жауардың алдындағы теңізден бетер ала­бұртып, алқынып тұр. Бір мезгілде жүректің нәзік талшықтарын музыканың әдемі әуені тербеп, жігіт сол сөзді асыға күткендей бол­ған қызға қарап, тіл қатты: Мен –Адам ата, Ол – Хауа ана, Мен де таза, ол да таза, ауа да. Жылжып ағып жылға жатыр – қой толқын, Харекетсіз біз отырмыз жағада. Дәл осы сәтте бір алапат күш отырған ор­нымнан жұлып алып, сол жыл­дары сүйіп тыңдап жүрген композиторым Гектор Берлиоздың «Симфониялық фанта­зия­сынан» төгілген музыканың құдіреті жан сарайымда ойнақшып, оның асау толқын­дары мені өзімен бірге ағызып әкеткендей болды. Көзіме теңіздің жағасында бір-біріне ер­келеп, арпалысып жүрген арыс­тандар елестеді. Біреу мені қолымнан же­тектеп, Құдайдың жәннат-бағына кіргізіп жібергендей. Жылжып аққан жылғаға тас лақтырып, аяқтарын құмға бөлеген қыз бен жігіттің сыр-дастанын ұйып тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Дүние алғашқы жаратылған пәк қалпына қайтып оралған­дай. Сыр-дастандағы суреттелетін бүгін­гіден тым бөлек табиғаттың көрінісі неткен керемет! Төбеңде құстар ию-қию шу­лай­ды. Бұйра шашын таранған шалғында нәр алудан тынбаған көбелектер ұшып жүр. Жан-жағыңдағы қызыл-жасыл гүлдер қан­дай тамаша! Тау мен орман жақтан әдемі самал со­ғады. Көктемнің шарабына мас болған Адам ата мен Хауа ана Жаратушының айтқанын тыңдамай алғашқы күнәларын бастағалы тұр. Құдай кешірсін, бірақ осын­дай сұлу табиғаттың аясында ол күнәні жасамау мүмкін бе өзі? Тіршіліктегі аң-құстардың бәрі де сенің сол күнәні жасаға­ныңды қалап тұрса, одан қалай бас тартуға болады? Алмадай албыраған Хауа ананың балдай тәтті ернінен өбіп, оттай ыстық құша­ғында балқып, Құдай тыйым салған күнә­нің рақатына батқаннан артық қандай ләззат бар, мына жалғанда? Және ол ләззат­ты Құдайдың өзі жаратса... Алайда бәрінен бұрын сол күнәға батпай, жанып барып тоқ­таған ақынның сезімі қандай пәк, әрі сұлу еді десеңізші! Албыраған алмадайын Хауа анам, Албырап тек отыр еді манадан, Шырт етті де, бұтағынан үзіліп, Шолп беріп, суға түсті жағадан. Сермеп қалып, аппақ сазан-білекті, Ағынменен арпалысып бір өтті. Су сипалап, су аймалап денесін, Мен өппеген дидарынан су өпті. Студенттер сахналаған қалған қойы­лымдарға ақынның соғыстың сүрең­сіз жылдарын суреттеген «Шаруа һәм жауын­гер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін» сияқ­ты поэмалары негіз болыпты. Ал бұл қойы­лымдардан алған әсерімді айтып жет­кізуге тілімнің құдіреті жетпейтін шығар, сірә! Сахнаның шымылдығы қайта түріліп, екінші қойылым басталғанда «Адам ата мен Хауа анадағы» нұрлы сәулесімен жа­нымды еркелеткен әуен кілт тоқтады да, күтпеген жерден ойнап кеткен Вагнердің сим­фониясындағыдай мазасыз музыка жа­нымның тыныштығын бұзды. Жаңа ғана жүрегімді жылытқан музыканың құдіреті, енді мені суық мұздың үстіне тастай салып, тұла бойымды түршіктірді. Өмірді жұтып қоя жаздаған аждаһа ажалды көзіммен көр­гендей, көңіл күйімде бір құйын басталды. Зұлым соғыстың ащы шындығын жыр­лаған бұл дастандардан, осы та­қырыпқа жазылған кейбір туындылар­дағыдай жалған пафостың үнін естімейсің. Кейіпкерлердің іс-әрекетінің бәрінен де соғыс атаулыға қарсы шығып, гуманизмнің туын биік көтерген Мұқағалидың жанай­қайы байқалады. Осыдан біраз уақыт бұрын оқыған Лев Толстойдың соғыс тақырыбына жазылған әңгімелері есіме түсті. Мұқаға­лидың ұлы дастандарында да соғыстың тра­гедиясын суреттеумен қатар, дәл Толс­той­дағыдай сол зұлматтың неден болаты­нын білгісі келетін философиялық тереңдік бар. ...Соғыс деген қайдан шықты?! Авторы кім алғашқы? Есіл Адам, есі кетіп, оған несін жармасты?! Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты, Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты? Есіңізге түсіріңізші, орыстың ұлы жазу­шысының «Жортуыл» әңгіме­сінде де картинаның қақ ортасынан, отан­дастарының пікіріне қосылмаған «Шы­нымен де адамдарға осы ғажап дүниенің, мынау шексіз жұлдызды аспанның астында өмір сүру тарлық ете ме? Қалайша мынау сүйкімді табиғаттың аясында адамның жа­нында өшпенділік сезімі, кекшілдік, өзі сияқтылардың көзін құрту құмарлығы өмір сүре алады. Адамның жүрегіндегі жаман­шы­лықтың бәрі де сұлулық пен мейірімділіктің көрінісі – табиғатпен жа­қындасқанда жойылып кетуі тиіс емес пе?» деген Толстойдың соғысқа қарсы нара­зылық дауысы естілмейтін бе ед? Үйге келе салысымен әкемнің бөл­месіндегі кітаптарды ақтарып Мұқа­ға­ли­дың жинағын іздедім. Жазу үстелінің тартпасынан ұлы ақынның «Өмірдастан» деген таңдамалысын тауып алғанымда қуа­нышым қойныма сыймады. Үміт пен күдік бір мезгілде көңілімде оянып, жүрегім лү­піл­деп ақын жырларына үңілдім. «Өмірдастанды» оқи бастағанымда, аспан­нан тырналардың тізбегі ұшып өтіп, аула­мыздағы үйлердің төбесіне қонғандай бол­ған ғажайып бір көңіл күйдің бесігіне бө­ленгенімді білемін. Ақынның көктемгі табиғаттың көр­кіндей сұлу поэзиясы бозбала дәуреннің же­лігімен қатқылдана бастаған жүрегімдегі мұзды ерітіп, ізгі сезімдерімді оятқандай ма, қалай?! Ал кітапты соңына дейін оқып шыққанымда тас-талқаным шы­ғып, Мұқағалидан жеңілдім. Ол менің ер­кімді билеп, ой-санамды жаулап алды. Бір күндік сәуле. Бір күндік жарық мекенім! Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін. Келмейді-ау тілім... Өлгеннен сұра дер едім, Тірі жандарға, Өмір дегеннің не екенін. Өмір дегенге, Тірлікте, сірә, жетер ме ой, Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой. Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі – бөтен ғой Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой! Ғарыштан құйылған ғаламның мұн­дай көркем шуағын өмірге шашу үшін сезімнің жылуы жеткіліксіз, жүректің қай­наған ыстығы керек. Өмірде көрген қы­зығыңның бәрі жалған! Адамның арманы­нан жаратылған сәуленің бар екені ғана рас. Қиял-ғажайып ертегідей болған күздің осы түнінде, кеудемде дүниеге жарығын шаша алатын бір жарық сәуленің болғанын жан-тәніммен аңсадым. Бірақ мен оның бір күндік емес, сәу­лесі мәңгі сөнбейтін жұлдызға ай­нал­ғанын қаладым. Бала жүрегім сол мәң­гілік сәуле үшін ғана өмір сүруге бола­тынын түсінгенде ауға түскен балықтай ты­пыршып, балғын жұдырығымен кеудемді қайта-қайта ұрды. Түн ортасы. Үйдегілердің бәрі ұйық­тап қалған. Мұқағалидың жырлары қиялымды тербеп, делебемді қоздырып, қан­ша тырыссам да көзім ілінбей қойды. Еш­кімге білдірмей далаға шығып, шылым шектім. Сынған семсердің шетіндей болып ай туыпты. Қараңғы түнде өмірдің биік аспанында жымыңдаған жұлдыздың бәрі де жерге Мұқағали поэзиясының сәулесін шашып тұрғандай. Темекінің ащы түтіні жаныма жағып, дәмді болып барады. Аулада ескен самал жел мұрныма алма ағашының әдемі иісін әкелді. Жаным рақаттанып, таза ауа тыны­сымды ашып жіберді. Көктегі сам­саған жұлдыздарға қызыға қараймын. Ертегіге бергісіз сол түні өмірімде тұңғыш рет мына жалған дүниеден жоғалып, қара түнді ерекше сәндендірген жұлдызға айна­лып, шексіз аспанға сіңіп кеткім келді.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ