АтажұртТәуелсіздік – 30

Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті: Біздің мақсат – шетел қазағының ұлттық бірегейлігін сақтау

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен Отандастар қоры құрылды. Қоғамның құрыл­тайшылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі. Бүгінде Қоғам өз жұмысын 4 бағыт бойынша ат­қарып келеді. Атап айтсақ, бірінші, шетел қазақтарының ұлттық біре­гейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйым­дастыру.

Екінші, шетелге қоныс аударған қандастарымызға ақпараттық-кон­сультациялық қолдау жұмыстарын ұйым­дастырып, олардың қоғамға интег­рациялануына, өзекті мәсе­ле­лер­дің шешілуіне ықпал ету.
Үшінші, шетелдегі қазақтарды және елге қоныс аударған қан­дастардың мәселелері бойынша тал­да­малық зерттеу жұмысын жүргізу.
Төртінші, шетелдегі қазақ жас­тары­мен байланыс орнату.
Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің қолдауымен «Абай» мә­дени-іскерлік үйі жобасы іске қосыл­ды. Аталған жоба шетелдегі қандас­тар­мен мәдени-гуманитарлық және іс­керлік байланыстарды дамыту мақ­сатында әрекет етеді. Жоба аясында гуманитарлық, мәдени, ғылым, білім беру, спорт және басқа саладағы түрлі бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы «Абай» мәдени-іскерлік үйі Ресейдің Омбы, Өзбекстанның Таш­кент, Түркияның Стамбул, Герма­нияның Берлин, Украинаның Киев қалаларында ашылса, биыл Қоғам президенті Нұртай Әбіқайұлының қатысуымен Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында алтыншы «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды.
Қоғамның ұйымдастыруымен 2019 жылы әлемнің 25 елінен кел­ген 5 000 отандасымыз қатысқан 20-ға жуық іс-шара өткізілсе, 2020 жылы әлемді жаулаған пан­демияға орай барлық жобалар он­лайн фор­матқа көшірілді. Шетелде тұратын отан­дастарымыздың қазақ тілі курсын ұйым­дастыру үшін қоғам 2019-2020 жыл­дары 12 елде 31 онлайн сынып ашты. Онлайн сыныптар теле­дидар, ноут­бук, камера, тағы басқа қа­жетті заманауи техникалармен қам­тылды.
Сонымен қатар шетелде тұратын қазақ балалары Қа­зақ­с­­танда әртүрлі жазғы лагерьге қа­тыса алады. Атап айтсақ, Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастыруы­мен өткен «Ұлы дала ұрпағы» білім ла­гері, «Бал­дәурен», «Туған елге саяхат» ба­лалар ту­ристік пойызы, ZEREN рес­публи­ка­лық жазғы лагерьлеріне шет­елден 600 бала қатысты.
Бүгінде шетелдегі қазақ жастары­ның басқосу алаңына айналған «Киелі Қазақстан» жобасы жыл сайын жү­зеге асырылып келеді. 2019 жылы – Ақтау қаласында, 2020 жылы – Түркі­стан облысы және Шымкент қала­сында ұйымдастырылса, биыл Алма­ты қаласы мен Алматы облы­сын­да ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың Қазақстанның киелі жерлеріне экс­кур­сия жасап, олардың тарихи Ота­ны­мен байланысын орнату.
«Отандастар қоры» Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің тап­сыр­масымен 2021 жылы елімізге қо­ныс аударуға бел буған этникалық қа­зақтарға арналған 2 тілде, 2 қаріпте (қазақ, орыс, латын және төте) ақпарат тара­татын erulik.kz (ерулік.кз) веб-плат­формасын әзірлеп шығарды. Сайт­тың басты мақсаты – Қазақстанға кө­шіп келуге шешім қабылдаған қан­дастарға басымдыққа ие 5 облыстың (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүс­тік және Шығыс Қазақстан облыстары) әлеуметтік-экономикалық даму дең­гейімен таныстыру және қоныс ау­даруға қолайлы елді мекендерді таң­дауға мүмкіндік ұсыну. Енді әлемнің кез келген түкпіріндегі қандас сайтқа кіріп, 5 облыстағы әр ауылдың жағ­дайы­мен 21 көрсеткіш бойынша (жал­ға берілетін егістік жерлердің көлемі, елді мекеннің аудан орталығы ара­сын­дағы қашықтық және т.б.) таныса алады.
Қоғам қазақстандық БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әріптестер қатарында Qazaqstan телеарнасындағы «Қан­дастар» бағдарламасы, QazaqTV те­леарнасындағы «Отандастар» және «Қандастар» бағдарламасы, «Қазақ ра­дио­сындағы» «Қандастар» хабары, ха­лықаралық «ҚазАқпарат» агент­тігіндегі «Шетелдегі қазақтілді БАҚ» бө­лі­мі, халықаралық «Түркістан» газе­тіндегі «Атажұрт» жобасы бар.
Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің қолдауымен «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан «Шетелдегі қазақ-тілді бұқаралық ақпарат құрал­дары ассоциациясын» құру жұмысы жолға қойылған болатын. Бүгінде жал­пы 88 қазақтілді БАҚ пен қан­дастарымыз қолданатын әлеуметтік желідегі топтардың дерекқор базасы жасалды.
Оның ішінде бүгінге дейін бізбен тығыз қарым-қа­ты­наста жұмыс істеп келе жатқан Өзбек­стан­нан «Нұрлы жол», «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері», «Үшқұдық» га­зеттері, Науайы облыстық телера­диокомпаниясының қазақ редак­циясы, «Өзбекстан ұлттық ақпарат» агент­тігі, Моңғолиядан «Ару жұлдыз­дар» журналы, «Дербес.ТВ», «Жаңа дәуір» газеті, «Баян-Өлгий аймақтық қазақ радиосы», Kaznews.mn – ақпарат сайты, «АЛТАЙ news» газеті, Ресейден «Омбы қазақтары» газеті, Қош-Ағаш аудандық «Чуйские зори» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы «Шүйдің нұры» газеті. Түркияда «Қазақ елі» жур­налы, Ирандағы «Қазақ радиосы» мен «Pars Today» сайты бар.
Біз шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың басын бір шаңырақ астында топ­тас­тыру мақсатында қордың қасы­нан «Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясын» құрдық. Алыстағы ағайынмен тығыз ақпарат алмасып, мәдени және тағы басқа қарым қатынасты жетілдіру жо­лында жаңа құрылған ұйымға жүк­телер міндеттер көп.

Back to top button