Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті: Біздің мақсат – шетел қазағының ұлттық бірегейлігін сақтау
Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті: Біздің мақсат – шетел қазағының ұлттық бірегейлігін сақтау
Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Отандастар қоры құрылды. Қоғамның құрылтайшылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі. Бүгінде Қоғам өз жұмысын 4 бағыт бойынша атқарып келеді. Атап айтсақ, бірінші, шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастыру.
Екінші, шетелге қоныс аударған қандастарымызға ақпараттық-консультациялық қолдау жұмыстарын ұйымдастырып, олардың қоғамға интеграциялануына, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Үшінші, шетелдегі қазақтарды және елге қоныс аударған қандастардың мәселелері бойынша талдамалық зерттеу жұмысын жүргізу.
Төртінші, шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Абай» мәдени-іскерлік үйі жобасы іске қосылды. Аталған жоба шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында әрекет етеді. Жоба аясында гуманитарлық, мәдени, ғылым, білім беру, спорт және басқа саладағы түрлі бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы «Абай» мәдени-іскерлік үйі Ресейдің Омбы, Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Стамбул, Германияның Берлин, Украинаның Киев қалаларында ашылса, биыл Қоғам президенті Нұртай Әбіқайұлының қатысуымен Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында алтыншы «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды.
Қоғамның ұйымдастыруымен 2019 жылы әлемнің 25 елінен келген 5 000 отандасымыз қатысқан 20-ға жуық іс-шара өткізілсе, 2020 жылы әлемді жаулаған пандемияға орай барлық жобалар онлайн форматқа көшірілді. Шетелде тұратын отандастарымыздың қазақ тілі курсын ұйымдастыру үшін қоғам 2019-2020 жылдары 12 елде 31 онлайн сынып ашты. Онлайн сыныптар теледидар, ноутбук, камера, тағы басқа қажетті заманауи техникалармен қамтылды.
Сонымен қатар шетелде тұратын қазақ балалары Қазақстанда әртүрлі жазғы лагерьге қатыса алады. Атап айтсақ, Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала ұрпағы» білім лагері, «Балдәурен», «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы, ZEREN республикалық жазғы лагерьлеріне шетелден 600 бала қатысты.
Бүгінде шетелдегі қазақ жастарының басқосу алаңына айналған «Киелі Қазақстан» жобасы жыл сайын жүзеге асырылып келеді. 2019 жылы – Ақтау қаласында, 2020 жылы – Түркістан облысы және Шымкент қаласында ұйымдастырылса, биыл Алматы қаласы мен Алматы облысында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсия жасап, олардың тарихи Отанымен байланысын орнату.
«Отандастар қоры» Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен 2021 жылы елімізге қоныс аударуға бел буған этникалық қазақтарға арналған 2 тілде, 2 қаріпте (қазақ, орыс, латын және төте) ақпарат тарататын erulik.kz (ерулік.кз) веб-платформасын әзірлеп шығарды. Сайттың басты мақсаты – Қазақстанға көшіп келуге шешім қабылдаған қандастарға басымдыққа ие 5 облыстың (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары) әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен таныстыру және қоныс аударуға қолайлы елді мекендерді таңдауға мүмкіндік ұсыну. Енді әлемнің кез келген түкпіріндегі қандас сайтқа кіріп, 5 облыстағы әр ауылдың жағдайымен 21 көрсеткіш бойынша (жалға берілетін егістік жерлердің көлемі, елді мекеннің аудан орталығы арасындағы қашықтық және т.б.) таныса алады.
Қоғам қазақстандық БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әріптестер қатарында Qazaqstan телеарнасындағы «Қандастар» бағдарламасы, QazaqTV телеарнасындағы «Отандастар» және «Қандастар» бағдарламасы, «Қазақ радиосындағы» «Қандастар» хабары, халықаралық «ҚазАқпарат» агенттігіндегі «Шетелдегі қазақтілді БАҚ» бөлімі, халықаралық «Түркістан» газетіндегі «Атажұрт» жобасы бар.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан «Шетелдегі қазақ-тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясын» құру жұмысы жолға қойылған болатын. Бүгінде жалпы 88 қазақтілді БАҚ пен қандастарымыз қолданатын әлеуметтік желідегі топтардың дерекқор базасы жасалды.
Оның ішінде бүгінге дейін бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан Өзбекстаннан «Нұрлы жол», «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері», «Үшқұдық» газеттері, Науайы облыстық телерадиокомпаниясының қазақ редакциясы, «Өзбекстан ұлттық ақпарат» агенттігі, Моңғолиядан «Ару жұлдыздар» журналы, «Дербес.ТВ», «Жаңа дәуір» газеті, «Баян-Өлгий аймақтық қазақ радиосы», Kaznews.mn – ақпарат сайты, «АЛТАЙ news» газеті, Ресейден «Омбы қазақтары» газеті, Қош-Ағаш аудандық «Чуйские зори» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы «Шүйдің нұры» газеті. Түркияда «Қазақ елі» журналы, Ирандағы «Қазақ радиосы» мен «Pars Today» сайты бар.
Біз шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың басын бір шаңырақ астында топтастыру мақсатында қордың қасынан «Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясын» құрдық. Алыстағы ағайынмен тығыз ақпарат алмасып, мәдени және тағы басқа қарым қатынасты жетілдіру жолында жаңа құрылған ұйымға жүктелер міндеттер көп.