__Маңызды__Редакция таңдауы

Білікті балалар дәрігері аз елде ұрпақ саулығын сақтау қиын

Елімізде балаларды емдейтін білікті дәрігер көп емес, әсіресе балалар урологиясында. Бақытжан Әбекенов сондай жандардың бірі. Ол − медицина ғылымдарының кандидаты, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар урологиясы бөлімінің меңгерушісі, білікті балалар хирургі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі». Білікті хирург 35 жыл ішінде мыңдаған күрделі ота жасап, қанша мың баланың өмірін сақтап қалды. Урология бөлімінде оның басқаруымен несеп шығару жолдары, жыныс мүшелері, шат аймағы мен іш құрсағының даму ақаулары мен сырқаттары бар балаларға жоғары білікті мамандар көмек көрсетеді.

Бұрын-соңды баспасөз бетінде көрінбей жүрген білікті балалар дәрігерімен әңгімеміз ол кісінің қиын да қызықты еңбек жолы және еліміздегі балалардың урологиялық ау­рулары мен оны емдеу мәселелері төңіре­гінде өрбіді.

− Хирург дәрігер болғаныңызға 34 жыл­дан аса уақыт өтіпті. Осы аралықта қан­ша ота жасадыңыз?

− Ол енді кезеңдерге байланысты. Мәсе­лен, алғашқы кезде, жұмысқа енді араласа бас­таған кезде көп ота жасаған жоқпыз. Хи­рургтерге ассистент боламыз, көмекте­се­міз дегендей. Кейінгі 15 жылды айтсам, жы­лына орта есеппен 300-400 ота жасап ке­леміз, өзіміздің бөлімде. Соның 80-90 пайы­зын өзім жасадым десем, жалған бол­мас. Сонда 3 000-нан аса күрделі ота жаса­ған болып тұрмын. Оның бәрі балаларға, урологиялық науқасқа байланысты.

− Сонда жылына 300-400 бала уро­ло­гиялық аурумен ауырып, отаға түсе­тін болғаны ма?

− Сондай болып тұр. Өйткені біздің Пе­диат­рия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына науқас балалар бүкіл Қазақ­стан­нан келеді. Біздің орталықта жылына 700-800-ден аса бала емделеді.

− Сіз басқаратын бөлімге науқас балалар негізінен қандай диагноз­бен түседі?

− Саны қанша екенін жоғарыда айтып кет­тім ғой, біздің біздің бөлімге келетін ба­лалар урологиялық диагнозбен түседі, оның түгелге жуығы туа біткен аурулар. Оның ішінде қуықтың ақауы, бүйректің ақауы, жыныс мүшелерінің сыртқы, ішкі ақау­лары. Ол балалардың 30 пайызы — 1 жас­қа дейінгі балалар. Жергілікті дәрігерлер ба­ладан урологиялық ақау тапса, оларды біз­ге жібереді, оларды әкелген бойда қарап, тек­серіп, ауруы толық тексеріліп, анық­тал­ған соң бірден емдеуге кірісеміз.

− Бөліміңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Қай жылы ашылған?

− Біздің орталықта урология бөлімі 2001 жы­лы ашылды. Бірақ оған дейін 1986 жылы уронефрология бөлімі ашылған. Негізгі базамыз «Ақсай» республикалық клиника­лық балалар ауруханасы болатын.
Қазір біздің бөлімде менен басқа төрт мық­ты дәрігер бар, бәрі де балалар урологі. Оның біреуі PhD докторы, екеуі оқып жа­тыр, тағы бірі бірінші санаттағы жай дәрі­гер. Негізі, олардың үшеуі бірінші санаттағы дәрігер. Атап айтсам, Бауыржан Сәкенов, Рус­там Дюшманов, Шоқан Тұрысбеков және магистратурада оқып жатқан Әсел Сағын­баева.

− Сіз бұл салаға егемендігіміздің ал­ғашқы жылдары келдіңіз, сондықтан сол кез бен қазіргі жағдайды салыс­тыра қарағанда қандай өзгеріс, даму барын жақсы білдіңіз?

− Ол кез бен қазіргінің парқы аспан мен жер­дей, тіпті салыстыруға келмейді. Тәуел­сіздіктің бас кезінде барлық салада, соның ішінде балалар медицинасында қиындық көп болды. Қазір мемлекетіміз медицинаға, оның ішінде балалар медицинасына барын­ша жағдай жасап отыр.
Бұл салада жұмыс істей бастаған кезде дәрі-дәрмек тапшы, керекті құрал-жаб­дық жоққа тән болатын, маман тіп­тен аз. Қазір ешқандай проблема жоқ десе де болады.

− Бүгінде балалар неге урологиялық ауруларға шалдығып жатыр, оның ал­дын алу үшін не істеуге болады?

− Оны әлі де терең зерттеу керек, себебі біз­дің емдейтін балаларымыздың 80-90 пайызы туа біткен ақаулардың себебінен ауы­рады. Демек, ол ақаулар сәби анасының жа­тырында жатқан кезде пайда болған. Бір жақ­сы жері − қазіргі дамыған техноло­гия­ның арқасында балаға тумай тұрып диагноз қою мүмкіндігі бар. Урологиялық ауруларды ертерек анықтау мүмкін болмаған соң бұрын­­да науқас асқынып, ауру балалар 14-15 жаста келетін бізге. Ал қазір қай жерде балалар қандай науқаспен туылатыны күні бұрын анықталып, емдеу орындары оның статистикасынан алдын ала хабардар бо­лып, дайын отырады. Ал сау туы­лып, кейін науқастанған балалардың ауруы – тас аурулары, яғни бүйректе, қуықта тас жи­на­лып қалғаннан пайда болатын аурулар.

− Осындай кезде уролог маман­дар­дың біліктілігінің маңызы жоғары де­сек, ондай мамандар бізде жеткілікті ме?

− Жеткілікті деу қиын. Облыстарда ба­ла­ларды емдейтін ауруханаларда жеке ба­лалар урологиясы бөлімі жоқ. Уролог болған жағ­дайдың өзінде ол да хирургияның құра­мында жұмыс істейді, бұл бір қиын мәселе. Уро­логтердің, оның ішінде балалар уроло­гі­нің елімізде білім көтеру үшін баратын жер­лері жоқ. Сондықтан өзім облыстан кел­ген урологтерге жылына бір-екі рет курс өт­кіземін. Жергілікті жерлерде урологтердің болғаны жақсы, сол үшін үш-төрт жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде білікті мамандардың қатары көбеюі үшін қолдан кел­ген көмегімізді жасап жатырмыз. Бірақ ба­лалар урологі әлі аз.

− Айтқандарыңызға қарап, балалар арасында урологиялық аурулардың өршіп тұрғанын байқадық, сондықтан бұл жөнінде жас ата-аналарға беретін кеңесіңіз бар ма?

− Қазіргі технологияның жетілген за­ма­нында медициналық құралдар бала ана­сы­ның құрсағында жатқан кезде оның түрлі сырқатын анықтап, ата-аналарына ескертсе де мән беретіндер аз. Біздің менталитет сол: балам жүгіріп жүр, жаман емес, өсіп жатыр деп дәрігерге көрсетіп, оның кеңесіне құлақ сала бермейді. Сондықтан баланың ақауы бар дегенді айтқан соң, баланы бір айлы­ғынан бастап емдете беру керек. Шыны керек, ауылда айтылады, қалады. Одан әрі ешкімнің жұмысы жоқ. Кейін ауру асқына бастаған кезде барып бір-ақ келеді…
Бұрыннан келе жатқан жүйе бар: бала бір жасқа толғанда оны тек­сертіп, мамандарға көрсетіп алу керек.

− Бүгінде дәрігер боламын деп тал­пынған жастардың қатары көбейіп ке­леді, бірақ кей жағдайда ел ішінде дәрі­герлердің біліктілігіне күмән кел­тіретін жағдай кездесіп жатады. Жал­пы, елді емдеймін деген адам қандай қасиеттерге ие болуы керек?

− Қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ ші­рітеді» дейді ғой, кейбір біліксіз маман­дардың кесірінен жалпы дәрігерлерге сөз келіп жатады, оны жасыра алмаймыз. Бірақ оған қа­рап елімізде мықты дәрігер аз деуге бол­мас. Дәрігерлік — өте қиын мамандық, оған қа­телесуге болмайды, өйткені оған адамның өмірі сеніп тапсырылады. Балалар дәрігеріне екі есе күшті жауапкершілік керек. Көптеген саланың маманына қателігін жөндеуге мүмкіндік болар, ал дәрігерге ондай жеңіл­дік жоқ. Сол үшін дәрігер боламын деген адам қиындықтан қашпай, көп еңбек етіп, үнемі ізденуі керек. Білімсіз дә­рігер қателік жасаса оның ештеңесі кет­пес, бірақ біреудің тағдырына орны толмас өкі­ніш әкелуі мүмкін.

− Жас мамандарға, қабілетті деген дә­р­ігерлерге қолдау білдіресіз бе? Қан­ша шәкірт тәрбиеледіңіз?

− Болашақты ойлаған дәрігердің бәрі шә­кірт тәрбиелейтіні анық. Бәрін өзім білем, өзім жасаймын деген өркөкіректік адам­гершілікке жатпайды. Мәңгілік ештеңе жоқ, уақыты-сәті келгенде бәрі де орынды бо­сатып, артындағыға жол береді. Сондай кезде білгеніңді өзіңмен әкетпей, талапты жас­тарға үйретіп, оны маман ретінде шың­дап кеткен жақсы. Құдайға шүкір, қара­ма­ғымда төрт дәрігерім бар, бәрі керемет ма­ман. Олардың бәрін өзім таңдап алдым.
Мединститутта сабақ бергенмін. Сонда ме­динститутты бітіргеннен кейін болашақ дә­рігерлер бізге келіп екі жыл резидентурада оқиды, қазір өзіммен бірге жұмыс істеп жат­қандар солардың арасынан таңдап ал­ған дәрігерлерім. Бұлардың бәрі тынымсыз ізденетін, көп оқитын мамандар.
Сосын жылына екі рет 15 күннен курс өт­кіземін, сонда келіп урологтер сабақ ала­ды. Соларды бақылап отырып кім мықты, кім осал − бәрінің қабілетін бағамдаймын.

− Емделген пациенттер хабарласып тұра ма?

− Әрине, өзің емдеген бала − өзіңнің ба­лаң сияқты болып кетеді, аттай шауып кеткенде әке-шешесімен бірге қуанасың. Олардың бәрі бүгінде жігіт болып, маман­дық алып, қатарға қосылып кетті. Хабарласып тұратындары көп, талайы үйлену тойларына шақырды. Сонда бір кез­де өзің саулығы үшін күрескен азаматтарға қарап тұрып сүйсінесің, еңбегіңнің текке кетпегеніне марқаясың. Ол бір ғажап сезім.

− Сіз білікті дәрігер ғана емес, ғы­лым­мен де айналысқан адамсыз. Ғы­лыми жетістіктеріңіз жөнінде айта кет­сеңіз…

− «Ба­лалардағы нефроптоз» тақыры­бында кан­дидаттық диссертация қорғадым. Сондай-ақ жеті патентім бар. Үш мо­ног­ра­фияға бірлескен автор болдым. Өзім жеке монография жазып жарияладым.

− Дәрігерлік машақаты көп маман­дық қой, шаршағанда неден медет ала­с­ыз?

− Жас кезімде музыкамен әуестенгем, қа­зір де қолға домбыра алып тартып тұра­мын. Сурет саламын. Пандемиядан бұрын аптасына екі рет футбол ойнап тұра­ты­ным бар еді, өзіміздің командамыз бар.

− Дәрігерлердің өмірі күтпеген оқи­ға­ларға толы, сіздің де басыңыздан не­бір қызық жайт өткен шығар?

− Өмір болғасын түрлі жағдай болатыны заңдылық. Дегенмен бір оқиға есімнен шық­пайды. Төменарықта балалар дәрігері болып жүрген кезім, ауылдық емханада төрт-бес дәрігер бармыз, ішінде ең жасы —мен. Бір жедел жәрдем көлігіміз бар, маңайдағы 5-6 ауылды қосқанда 12 мың халық бізге қарайды. Біреу жедел жәрдем шақыртса, көлікке мініп алып жүгіре беремін. Ол кезде жас кезім, бойдақпын. «Біреу шақырса бара­тын сен ғой» деп жедел жәрдемнің жүр­гізушісі менің қасыма қонатын. Бір күні «Екпінді» деген бөлімнен шақыру түсіп, түн ортасында жедел жәрдемнің жүргізушісі екеуміз тартып кеттік. Барсақ, толғақ қы­сып жатқан аяғы ауыр әйелдің отбасы екен шақыртқан. Дәрігер болғаныммен менің жұмысым емес, оқып жүргенде тәжірибеде көргенімізбен, әйел босандырған адам емеспін. Содан толғатып жатқан әйелді көлікке салып алып, 20 шақырым жердегі Төменарыққа қарай шықтық. Біраз жүрген соң толғатып жатқан әйелмен ере шыққан бір-екі адам «Бала, машинаны тоқтат» деді, мені тысқа шығарып жіберді. Жүргізуші екеу­міз сыртта отырмыз, «аман болса екен» деп. Бір кезде шыр еткен баланың даусы шық­ты. Ішке жүгіріп кіріп, нәрестенің кін­дігін кесіп (оны білем ғой енді), оны байлап, орап алдым. Сосын жедел жәрдемді дереу оталдырып, ана мен баланы ауылға жет­кізіп, гинекологке тапсырдық. Сөйтіп, ойла­маған жерден «кіндік әке» атанғанбыз.

− Сөз соңында еліміздегі балалар ау­руын емдеу мәселесі мен оның қа­зіргі жағдайы жайында айта кетсеңіз…

− Иә, бұл − өзекті мәселе. Бір жылдары елі­міздегі медициналық жоғары оқу орын­дарында балалар дәрігерін дайындайтын факультетті реформа жасап жауып таста­ғаны бар. Дегенмен елімізге белгі атақты дәрігер Камал Ормантаев ағамыздың ж­о­ғары жаққа қайта-қайта хат жолдап, талап етуінен соң жеті жылдан кейін педиатрия факультетінің қайта ашылғаны бар. Сол жылдарда бүкіл Қазақстан балалар дәрі­герісіз қалды. Алғашқы жылдары байқалма­ғанымен, кейін зардабы біліне бастады. Жалпы, практика дәрігері, яғни отбасылық дәрігер дегенді кім ойлап тапқанын біл­мей­мін, мына заманда белгілі бір бағыт бойын­ша маманданбаған дәрігерден не күтуге болады. Педиатр, терапевт, хирург дәрігер­лер бірінің орнын бірі баса алмайды. Ере­сек­тердің дәрігері балалар дәрігерінің орын баса ала ма? Сөйтіп, әйтеуір ақыры түзел­гендей болды.
Мемлекет халықтың денсаулығына өте сергек қарауы керек, әсіресе балалардың ден­саулығына. Өйткені балалар − біздің ертеңіміз, еліміздің келешегі. Демография деп жатамыз, ал оның дұрыс болуы үшін халықтың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Жастарының дені сау болмаса, халық қайдан өседі? Балалар урологиясы мәселесі де соның ішіне кіреді. Сол үшін дәрігер­леріміз білікті болуы тиіс. Ал балалар дәрі­гері аз елде жас ұрпақтың саулығы қауіп ас­тында қалады. Осыны ұмытпау қажет!

− Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Back to top button