Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, академик: Тілдер арасындағы табиғи бәсекені тілдік қақтығысқа жеткізбеу керек

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, академик: Тілдер арасындағы табиғи бәсекені тілдік қақтығысқа жеткізбеу керек

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, академик: Тілдер арасындағы табиғи бәсекені тілдік қақтығысқа жеткізбеу керек
ашық дереккөзі

Ақпараттық технологияның ерекше дамуы, әлем халықтарының бір-бірімен қоян-қолтық араласуы қазақ тілінің де дамудың жаңа сатысына көтерілуі қажет екенін көрсетіп отыр. Дегенмен ана тіліміздің негізгі заңдылығына қиғаш келетін құбылыстар аз емес. Мұндай жағдайда не істеуге болады, тілдің төлтума қалпын қалай сақтап қаламыз деген мәселелер төңірегінде филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлына бірнеше сұрақ қойып, айтқан ойларын жазып алған едік.

− Шерубай Құрманбайұлы, ХХ ғасырдың басынан бері 100 жылдан аса уақытта әбден зерттелген қазақ тілінің жаңа ғасыр келгенде неге халі мүшкіл болып қалды?

− Иә, қазақ тілін лингвистика нысаны ретінде жан-жақты қарастырып, дыбыстық жүйесі, морфемалық құрамы, лексикалық қоры, сөйлем жүйесі, тілдік құрылымы, стильдік тармақтары жақсы зерттелген тілдер қатарына қосуға болады. Қоғам дамып, заман озған сайын тіл де өзгеріске ұшырап, жаңарып, толығып, дамып отыра­ды. Соған сәйкес оны зерттеу де үздіксіз жүргізілуі тиіс. Тілді жан-жақты зерттеу, оны өркендету мен оның қолдану икемді­лігін арттыру, таралу аясын кеңейту үшін өте маңызды. Алайда тілдің қоғамдағы қолданысы, кең тарауы тек оның зерт­телуі­не тіреліп тұрған жоқ. Тіл ғылы­мы дамып, ұлт тілі жақсы зерттелгенімен, оның ғылым мен технологияның, өндіріс­тің, заң мен мемлекетті басқарудың тілі ретінде өркен жаюы қоғамдағы тілден тыс басқа факторларға да байланысты. Мәселен, ұлт тілінің тағдыры елдің эко­номикалық жағдайына, саяси аре­надағы алатын орны мен салмағына, хал­қының саны мен ұлттық құрамына, ел­дің саяси элитасының, зиялыларының бі­­лік­тілігі мен табандылығына, тіл иесі са­налатын халықтың білімі мен мәдени дең­гейіне, ұлттық рухы мен ерік-жігерінің мық­тылығына, мәдениеті мен салт-дәс­түр беріктігіне, әлеуметтік хал-ахуа­лына да тәуелді. Осы аталған мәсе­ле­лер­ге тіл ғылымы тұрғысынан ғана емес, әлеуметтану, мәдениеттану, қоғам­тану, саясаттану, эко­номика, психология, фи­лософия, заңтану ғы­лымдары тұрғы­сынан жан-жақты, ке­шенді зерттеу жүр­гізер болсақ, елдегі тілдік аху­алдың барлық қыры, бүгінгі шынайы жай-күйі, жетістік­тері мен кемшіліктері ғылыми тұрғыдан анық­талады. Әрине, бұл бағытта атқарыл­ған жұмыстар, ғылымның әр саласы бойын­ша жасалған жекелеген зерт­теулер де бар екені белгілі. Бірақ зерттеу бар да, сол зерттеулер мен әлеуметтік сауал­нама­лар нәтижелерін іс барысында ескеріп, заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды шынайы тілдік ахуалға сәйкес жасау, олар­дың жүзеге асуын атқарушы билік тара­пынан қатаң қадағалау, уақытылы орын­далуын талап ету, керек десеңіз, тілдік заң­­на­ма мен бағдарламалардың іске асуын қам­тамасыз ету бар. Егер жеке-жеке алып тал­дайтын болсақ, бұл аталған жұмыс­тар­дың әрқайсысының жоспарлану, орындалу деңгейі мен сапасына қатысты көптеген жайттың басын ашып, аражігін ажыратуға болады. Олар енді бөлек әңгіменің арқауы бо­латын ауқымды шаруалар болғандықтан, бұл жерде басын шалып қана үстірт сөз етудің реті жоқ шығар.

− Қазір қарапайым халық арасын­да тіл төңірегінде айтыс-тартыс жиі бо­­лып жатады. Ең жаманы, өзі білмей­тін, естімеген сөздерді диалектіге жат­қыза са­латындар көп. Неліктен әдеби тілі­мізді игеру бүгінгі қазаққа қиын?

— Ұлттың әдеби тілін әркім әртүрлі деңгейде меңгереді. Үйінде қазақ тілінде сөй­лейтін, ұлт тілінде білім мен тәр­бие ал­ған, қазақтілді тілдік ортада өс­кен, жо­ғары білімді, халқының тілінде жа­­зылған әдеби шығармаларды үзбей оқи­тын адам­дар, ғалымдар, ақын-жазу­шы­лар, жур­налистер, мұғалімдер және басқа да маман­дық иелері білім деңгейі мен қа­білет-қары­мына қарай әдеби тілді әртүрлі дәре­же­де меңгереді. Ал көркем, ғылыми, ғы­лыми-танымдық әдебиеттерді, газет-жур­нал­дарды аз оқитын немесе мүлде оқы­­майтын көп­теген қарапайым еңбек адам­дары сөй­леу тілін, өзінің шаруасы мен күн­де­лік­ті тірлігіне, айналысатын кәсібіне қа­тысты сөз­дерді ғана білумен шектеліп, әде­би тілді жетік меңгермейді. Ондай адам­дар әр қоғамда бар. Сондықтан әдеби тілді жап­пай меңгеру – халықтың жалпы мә­дени даму деңгейіне байланысты. Әр қазақ өз мә­дениетінен сусындаған, білімді, ғы­лым-бі­лімге құштар, ізденгіш, төл әдебиетін құр­меттейтін, сүйіп оқитын болса, әдеби тілін меңгергендер қатары да көп болады. Сондай қауымы бар жұрттың әдеби тілі де жаңа деңгейге көтеріліп, дамып отырады. Өйт­­кені білімді, талғамы биік оқырман, өре­­сі жоғары тіл тұтынушылар әдеби тілді, ғы­­лым тілін өрге сүйрейді, өркендетеді. Он­дай талғамы зор қауымның талабы да күш­ті болады. Солардың талабын қана­ғат­тандыру үшін шығармашылық иелері көп ізденіп, ғылым мен көркем әдебиет сала­сындағы туындыларының сапасын үнемі көтеріп отыруына тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, әдеби тілдің дамуы сол халықтың шығармашыл зиялыларының ізденістері мен қажырлы еңбегіне, жалпы халықтың сауат-біліміне тәуелді. Мысалы, ХІХ ға­сырдың екінші жартысында Абай, Ыбырай, Шоқан, Шәкәрімдердің, ХХ ғасыр басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров секілді ірі тұл­ғалардың, Алаш қайраткерлерінің өсіп-жетіліп, елге қызмет етуі ұлттық әдеби тіл­дің, оның ішінде жазба әдеби тілдің, ғы­лым тілінің, баспасөз тілінің де дамып, жаңа деңгейге көтерілуіне зор ықпал етті. Ата-ана баласына жақсы тәрбие мен білім берсе, бала есейгенде мықты азамат болып шы­ғады. Дәл сол сияқты өркениет көшінің алдыңғы легіне қосылған халық, мәдени деңгейі жоғары қоғам да өздігінен қалып­таспайды. Оны мемлекет өзінің білім беру жүйесін үздіксіз дамыту, білім сапасын арт­тыру, қоғам мәдениетін көтеру, ғылы­мын өркендету, жаңа технологияны игеру арқылы ғана қалыптастыра алады. Бүгінгі қазақ тілінің жай-күйі өзіміз өмір сүріп, іргетасын бекітіп, қабырғасын қалап жат­қан қоғамымыздың, мемлекетіміздің, білім беру жүйеміздің, билігіміз бен зиялы­лары­мыздың, айналып келгенде бәріміздің білім-парасатымыздың, кәсіби білікті­лігі­міздің, азаматтық тұлғамыздың, ерік-жі­геріміздің атқарып жатқан ісіміздің қан­шалықты нәтижелі екенінің нақты көрі­нісі. Егер сіз айтқандай ХХІ ғасыр басын­дағы қазақ тілінің, еліміздің мемлекеттік тілінің халі мүшкіл болса, онда осы айтқан бәріміздің халіміз оңып тұрған жоқ деген сөз. Өйткені мықты ел халқының хал-ахуалы, ғылымы мен білімі, экономикасы мен өзі мемлекеттік мәртебе беріп отырған тілі әлсіз, мүшкіл халде болуы мүмкін емес.

– Әдеби тіл демей-ақ қоялық, бар­ша қазақтың өз тілін ауызекі сөйлеу дәрежесінде меңгеріп, күнделікті тір­лігінде, кәсіби қызметінде бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге жете алмай жатуының себебі не?

– Бала бір жастан асқанда жеке сөздер­ді, сөз тіркестерін, екі жастан бастап қысқа сөйлемдерді айтып, тілі шығып, сөйлей бас­­тайды. Бұл – табиғи қажеттілік. Айна­ла­сымен қарым-қатынас жасап, өмір сүру үшін оған тіл керек. Сол қажеттілік оны ол өмір сүруі тиіс ортада, отбасында (бала­бақ­шада, мектепте, қоғамда) қолданылып, үстем­дік етіп тұрған тілді меңгеруіне мәж­бүр етеді. Оны уақытылы үйренбесе бала ор­тадан тыс қалады, тілдік қауым­дас­тық­тың мүшесі ретінде қабылданбайды, тіпті сол қауымдастықтан аласталады. Сол се­бепті дені сау, есі дұрыс бала тілді тез мең­ге­ріп алады. Елсізде, орманда адам қоға­мы­нан тыс жабайы өскен балалар сөйле­мей мақау болып қалады. Олай болатыны оның тілді меңгеруіне тиісті орта жоқ. Қазақ қоғамында қазақ тілін елдің бәрі біліп, жаппай қолданбауының бір ғана себебі бар. Ол – оған деген жаппай сұра­ныс­тың, қажеттіліктің әлі толық туын­да­май отыруы. Бұл елде күн кешіп, өмір сүру үшін қоғам өмірінің барлық саласындағы қажет қарым-қатынасты қамтамасыз ете алатын, қазақ тілін алмастыратын басқа құрал, басқа тіл бар. Керек десеңіз, оны аса қа­жетсіне қоймайтын салалар, кәсіптер, лауазымдар, ол тілсіз де өмір сүре беретіні­не бек сенімді осы елдің азаматтары бар. Олар­дың арасында өзін «қазақ тілін біл­мей-ақ қазақ болуға болады, мемлекет­тік тілді меңгермей-ақ елдің азаматы бола ала­мын» деп санайтын, өз ана тілінен тыс өмір сүріп, шаруасын онсыз да шешіп жүр­ген қоғам мүшелері, өз қандастарымыз да аз емес. Ал енді тәуелсіздік тұсында туып, білім алған қала жастарының өзара өзге тіл­де сөйлеп жүргенін көргенде тіптен көңі­лің құлазиды. Оларды біз тәрбиелеп өсір­дік қой. Қазақстанда мемлекеттік тіл­мен қатар орыс тілінің де ресми түрде қол­данылуына заңнамалық негіз бар. Оның сыртында өз тілін біліп алмай тұрып, ағылшын тілін меңгерсек деген құл­шынысы зор, қазақ тілін айналып өте беретін қазақтар қаншама. Қостілділік өркен жайып, үштілділікке жол ашылып, әлі толық аяғынан тұрмаған қазақ тілі кең тараған БҰҰ-ның ресми тілдерімен қатар қойылғандықтан, әлеуетті тілдерді таңдап, өз тілін кейінге ысырып қоятын отандас­тарымыздың, бауырларымыздың қатары кемімей тұр. Таразының екінші басында халықтың тәуелсіздік кезеңінде өсіп-өніп, қоғамның қазақтілді қауымдастығының мү­шесі ретінде қалыптасқан бөлігі тұр. Қа­зақ халқының тілдік құқығын, мемле­кет­тің өз аумағында сол елдің заңды мәр­те­бесі бар тілінің қоғам өмірінің бар са­ла­сында кеңінен қолданылуын талап етіп отырған да, оған мүдделі – солар. Тілдік кеңістікте қатар өмір сүріп жатқан әр тіл өз өрісін кеңейтпесе, оны ешқашан та­рылт­қысы келмейді. Осындай тілдік бәсеке еш уақытта толастамайды. Тілдер арасын­дағы осы табиғи бәсекені тілдік қақты­ғыс­қа жеткізбей, сауатты түрде реттеу — елдің тіл саясатының ең маңызды қыры. Осы жұмысты біліктілікпен атқару арқылы ғана қоғамдағы тіл мәселесі дұрыс шеші­леді. Әйтпесе, айтыс-тартыс, берекесіздік орнайды. Жұрт ісі, тіл бәсекесі стихиялық сипат алса, бұл жақсы емес. Біз қоғамдағы тілдік ахуалды шынайы бағалап, барлық жұмысты соған негіздеп жүргізсек қана нақ­ты нәтижеге жетеміз.

− Қазақ тілінің шұбарлануына өзге тілдердің әсері қаншалықты деп ой­лай­сыз?

− Осыған дейін сөзінің арасына уже, вооб­ще, даже, это, значит, то есть, если, да ну, пока, да ладно, хорошо, если, если что, так что, неужели, как то сияқты орыс сөз­дерін қосып сөйлейтіндер немесе баня, ос­тановка, магазин, холодильник, моро­зильник, пылесос, роза, гвоздика, ручка дейтіндер көп болатын. Енді балалары­мызға бақшадан, мектептен бастап екі, үш тілді қатар үйрете бастағандықтан, hello, sorry, ok, easy, bay, bro, yes, oh my God, wow, weekend, shopping деп сөйлейтін кітап, дос, күн, балық сияқты жиі қолданылатын сөздерді book, friend, day, fish деп ағыл­шынша айтатын балалар мен жасөспірім­дер пайда бола бастады. Осының бәрі өзге тілдердің әсері. Бұрын орысша оқығандар орыс сөздерін араластырып сөйлейтін болса, қазір ағылшынша оқығандар ағыл­шын сөздерін араластыратын болды. Жалпы, тілді жақсы меңгерген, сөзге мән беретін, сөйлеу мәдениеті жоғары адам тілді шұбарламай таза сөйлеуі тиіс. Сон­дықтан жастарымызды қанша тілді мең­герсе де әр тілде өзге тілдің сөзін қосып қойыртпақтамай сөйлеуге тәрбиелеудің мәні зор. Түптеп келгенде бұл — мәдениет­тілік­тің, білімділіктің, зиялылықтың, өз ті­лін құрметтей білудің белгісі.

− Сіздердің тараптарыңыздан (Ш.Құр­ман­бай­ұлы, Ж.Жақыпов, Т.Ерме­кова, О.Жұ­баев, Б.Сүйерқұл, Н.Қо­­жабек, А.Әлмен­бет) дайындалып жарық көрген «Сөз­түзер» (қате қол­даныстар сөздігі) ат­ты кітаптың құрас­тырылуына не себеп болды?

− Оған сөз қолдану, жазу мен сөйлеу жауап­кершілігін сезіне бермейтіндердің көбеюі, сөз мәдениетінің төмендеуі, жаң­сақ, қате қолданыстардың БАҚ тілінде жиі кездесіп, олардың кең тарап бара жатуы себеп болып отыр. Бұл жөнінде кейінгі жыл­дары тіл мамандары, қалам­герлер, журналистер мәселе көтерді, мақа­ла жазды. Жалпы, сөз мәдениетіне, тіл таза­лығына назар аударып отыру дәстүрі біз­де бұрыннан бар. Ғ.Мүсірепов, М.Ба­ла­қаев, Р.Сыздық сияқты қаламгерлер мен ға­лымдардың, жазушылардың еңбектері – соның айғағы. Біз де соңғы 20 жыл ішінде БАҚ тіліне арналған жиырма шақты ма­қала жазып, сұхбат беріп, баяндама жасап, семинар, шеберлік сағатын өткізіппіз. Бі­рақ содан айтарлықтай нәтиже шығып, жазу, сөйлеу мәдениетіміздің жақсара түс­кені байқалмайды. БАҚ тілі жөнінде жиі сөз қозғап жүргендіктен болса керек, Пре­зидент Әкімшілігі тарапынан осындай жо­баға жетекшілік жасау тапсырылған соң, мамандардың басын қосып, бірлесіп осы сөздікті әзірледік. Сөздік практикалық құрал болғандықтан, оны БАҚ саласының ма­мандары қолына алып тікелей пайдала­нар деген мақсатпен жасалды. Жиі қолда­нылатын қателер жиналып, жүйелен­ді. Сөздікте неліктен ондай қолданыстардың қате болып саналатыны тілдік тұрғыдан дә­лелденді. Дұрыс нұсқасы көрсетілді. Бұл сөз­дік қолына қалам алып, микрофон ұстап, экран алдына шығып, пернетақтасын безілдетіп басып отырған қауымның бір қа­жетіне жарап, практикалық тұрғыдан кө­мек көрсетуге жарап жатса, осы жұмыс­ты атқарған мамандардың бекерге еңбек­тенбегені деп білеміз.

− Бүгінгі өрескел стилисти­ка­лық қате жібере беретін қазақтілді БАҚ-тардың тілін түзеу үшін қандай қа­таң шаралар керек?

− Негізі, қатаң шара қолдану, шек қою де­ген — қиын мәселе. Бұл іс адам құқығын, БАҚ-тағы сөз бостандығын, ой еркіндігін шек­теуге жол бермей, тек тіл тазалығын сақ­тап, сөз мәдениетін көтеру арқылы ғана ше­шімін тапса дұрыс болады. Ең алдымен тіл­ді жақсы меңгерген білікті мамандар даярлап (тамыр-таныстықпен, біреулердің ықпалымен емес), сол маман­дар­д­ың өз ішінен кәсіби біліктілігі жоғары, ең озықтарын іріктеп алу адал, ашық түрде жүзеге асса, олардың қызмет сатысы бойын­ша өсуі тек тәжірибе мен біліктілік деңгейіне қарай анықталатын жағдай қалыптасса, білікті мамандардың сапалы еңбектері көпшіліктің игілігіне жарап, тілдің түлей түсуіне қызмет етер еді. Сондай-ақ бұ­қаралық ақпарат құралдары саласының мамандары үнемі білімдерін көтеріп, жазу, сөй­леу машығын жетілдіріп отыруы да қажет. Өйткені журналистің басты құралы – тіл. Тілді жетік біліп, сөзді орнымен қолданған маман ақпаратты анық жеткізіп, көп­шіліктің көңіліне жол таба да біледі. Сол себепті өз саламның жақсы маманы болам деген журналист тіл шеберлігін шыңдап, үздіксіз ізденіп отырмаса, болмайды. Бұл маманның өзі үшін де, тіл үшін де қажет.

− Ал орыс тілінен калька түрінде еніп жатқан тіркестерден құтылуға бола ма?

− Заңдарымыз бен қаулы-қарар­лары­мызды, ісқағаздарымызды, ғылыми, ғы­лыми-танымдық әдебиеттерімізді, оқу­лық­тарды орыс тілінен жаппай аударуды тоқ­татпасақ, түрлі саланың мамандарын орыс тілінде даярлауды жалғастыра берсек, қа­саң аударма мен калька тілден арылу қиын. Заңдарымыз да, энергетика мен ра­дио­техника, нанотехнология, жараты­лыстану ғылымдары саласындағы ғылыми еңбектер де орысшадан аударылып жат­қан­дық­тан, қазақ тілі аударма тілге, сірес­кен калькалардан аяқ алып жүре алмайтын көшірмесі көп тілге айналып барады. Одан арылудың жолы заңдарымыз бен ғылым­ның түрлі салаларындағы ғылыми еңбек­терді, оқулықтарды қазақша жазуға көшуі­міз керек. Ғылыми әдебиеттерді аудармай тағы болмайды. Алайда аудару қажет болған жағдайда тіл нормаларын бұзбай жатық аударуға, аударма сапасын барынша көтеруге тура келеді. Одан өзге жолын табу оңай болмас. Бұл тұрғыда бір нәрсені айта кеткен орын­ды. Кальканы біржақты қаралап, мүл­де жоққа шығаруға болмайды. Кальканың да сапалысы мен сапасызы, сәтті жасалғаны мен көңілген қонымсыз, талғамсыз, тіл нормаларына томпақ келетін сәтсіз көші­ріл­ген қораш калькалар бар. Осы соңғыла­рынан арылу, сондай калькалардың туын­дауына жол бермеген жөн. Жалпы алғанда, кальканы сөз тудырудың бір тәсілі ретінде ұтымды, шебер пайдалана білсек, одан тіл ұтылмайды. Кальканы сөз тудыру тәсілі ретінде әлемнің көптеген тілі пайдаланды. Бізге де одан біржола арылып, іргемізді аулақ салайық деуден аулақ болуымыз қажет-ау. Егер шындап келсек, тілімізде сөз қорымызды байытып тұрған жүздеген калька сөз бен тіркес бар. Сөз зергерлерінің қа­ламынан туып, орнын тауып тұрған­дықтан, олар тілге еніп, орнығып қойды. Олардың бәрінің түбін қазып, тегі бөлек деп шеттетуден гөрі, калька тәсілін шебер пайдалану арқылы төл сөзіміздей болып тілге сіңіп кететін, сондай жұп-жұмыр сөз туғызуға машықтанған әлдеқайда дұрыс шығар деген ойдамыз. Сондықтан калька сөздерге де біржақты қарап, бұл тәсіл туралы тек жағымсыз пікір қалыптастыруға да негіз жоқ.

− Тілімізде көп дау болатын мәсе­ленің бірі − термин мәселесі. Оны қа­лай реттеуге болады, халықаралық тер­миндерді сол күйінде қалдыру ке­рек пе немесе қазақша баламасын та­буға бола ма? Әлемнің көптеген тіл­дерінде біз «халықаралық термин» деп жүрген сөздердің өздеріне ыңғайлы ба­ламасы қолданылады, бұған не дей­сіз?

− Термин, терминология – ғылым ті­лі­нің, жалпы ұлт тілінің ең өзекті мәселесінің бірі. Солай болғандықтан да термин мә­се­лесі ешқашан күн тәртібінен түспейді. Өйт­­кені терминсіз ғылым жөнінде сөз қоз­ғау, ғылымды игеру мүмкін емес. Тілдің ұлттық терминқорын қалыптастыру – сол тілдің ғылым тілі ретінде қызмет етуіне негіз қалайды. Ал халықаралық термин жайы­на келсек, бұл —шартты атау. Өйткені өзіңіз айтқандай, көптеген терминді әлем­нің түрлі тілдері өзінше атап, дыбыстық жағынан өзіне икемдеп ала береді. Біздің «халықаралық термин» деп жүрген талай атау­ларымызды қытай, жапон, араб, фран­цуз тілдері мүлде басқаша атайды. Әлем тілдерінің көбіне ортақ, аударуға келмейтін шартты таңбалар, баламасыз сөздер қа­тары­на кіретін кісі аттарымен, жаңалық­ты ашқан ғалым фамилиясымен (Ньютон, Ом, Джоул және т.б.) аталатын терминдер де бар. Кең тараған ондай терминдер мен но­­мендерді аудару — орынсыз. Қысқасы, тер­мин жасау, оларды аудару, өзге тілден қа­былдау, қолдану, біріздендіру жұмыс­тарын мойнына алған мамандар әр тер­минге жеке-жеке қарауы керек. Алдымен оның эти­мологиясын, мағынасын, аудары­латын не­месе аударылмайтынын анықтап алған абзал. Егер аударуға көнбейтін, аударуды қажет етпейтін шет тілі сөзі болса, онда оны дыбыстық тұрғыдан қалай икемдеп алу қажеттігін де тіл заңды­лық­тарына сүйеніп шешу қажет. Бұл істе де біржақ­тылыққа ұрынуға болмайды.

− Елімізде бүгінгі орта мектептерде қа­зақ тілін бұрынғыдай тереңдетіп өтпейді. Сондықтан оқушылар он­жыл­дық білім ұясынан ана тілін еркін меңгере алмай шығып жатады. Осыны қалай жөндеуге болады?

− Біздің қолымызда дәл қазір оқыту бағ­дарламасы жоқ болғандықтан әрі бұл мәселені арнайы зерттемегендіктен, нақты жағ­дайды талдап, нақты тұжырым айту қиын болар. Ал жалпы ұлт мектебі – ұлт тілінің өркен жаюына негіз қалайтын, мем­лекеттік тілдің әлеуметтік лингвис­тикалық іргетасын қалыптастыратын орта. Қазақстандағы қазақ тілінің өркен жаюы еліміздің білім беру жүйесіне, соның ішін­де мектепке тікелей байланысты. Осыны ескере отырып, орта мектептердегі қазақ тілі­нің оқытылуына, оқушылардың оны те­рең меңгеріп шығуына барлық жағдай жа­салуға міндетті. Бұл — біздің білім сая­сатының, тіл саясатының аса маңызды мә­селесі. Жас ұрпаққа, еліміздің болашағы бүгінгі жастарға білім ошағы арқылы қазақ тілін терең меңгерту – ұлтымызды, төл мәдениетімізді, оның өзегі ұлттық тілімізді сақтаудың, өркендетудің негізгі тетігі.

− Мазмұнды әңгімеңізге алғыс біл­діре­мін! Тіліміздің дамуы үшін еткен ең­бектеріңіз жемісті болсын деп ті­лей­мін.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ