Өзен суы тартылса, өлкеден сән қашпай ма?
Жаңа ғасырда әлемдегі су тапшылығы Қазақстанның да бас ауруына айналатын түрі бар. Жаһандағы ірі қатердің бірі саналатын бұл проблема жыл өткен сайын күрделеніп барады. ХХ ғасырдың соңына таман Арал теңізінің құрғауы мен Балқаш көлі суының азайып кетуі дабыл қақтырса, енді, міне Аралға құятын Сырдария мен Каспийге құятын Жайық өзені суының тартылуы елді шошытып отыр. Осының кесірінен еліміздегі екі теңіздің бірінің ұлтаны шаңғытып желмен ұшқан тұзы шартарапқа таралса, екіншісінің түбі көрініп, кемелер қайырлап жатыр деуге болады...
Біздің елдегі үлкен бір мәселе – еліміздегі ірі өзендердің бәрі трансшекаралық, яғни бастауын басқа елден алатын өзендер. Солардың ішінде Аралды мүлде құрып кетуден сақтап тұрған Сырдария мен Каспийдің күретамырындай Жайық өзендерінің алғашқысы Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан аумағындағы Тәңіртаудан (Тянь-Шань) басталып, осы елдердегі Нарын, Қарадария өзендерінің қосылуынан суы молая түссе, кейінгісі Ресейдегі Орал тауынан басталып, оған Елек өзені, Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сакмар, Таналық, Шаған, Шыңғырлау, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбастау салалары құяды. Сырдария өзбек еліндегі Қоқан, тәжік еліндегі Худжант қалаларын, еліміздегі Түркістан, Қызылорда қаласын суландыратын өзен болса, Жайықтың суын Ресейдегі Башқұртстан мен Челябі, Орынбор облыстары пайдаланады, ал қазақ жерінде Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары осы өзеннің суын қажетіне жаратып отыр. Міне, осыған қарап қазақ жерінде орналасқан қос теңізге құятын бірегей өзендердің біздің елге жетем дегенше қанша халық одан күн көріп отырғанын білуге болады. Ал бұл бізге келетін өзен суларын ортайтпай тұрмайтыны белгілі нәрсе.
Халқымызда ежелден «Өрдегі су ішеді, аяқтағы у ішеді» деген сөз бар. Соның мағынасын бүгінде тереңірек түсініп отырмыз. Өйткені кейінгі дәуірде Сырдың суын оның жоғары ағысындағы тәжік, өзбек елдері, Жайықтың суын Ресей жағы молынан пайдаланып, бізге жеткен бұл екі өзеннің суы сарқылып бітіп жатыр. Ал биыл, тіпті Сыр мен Жайықтың суы мүлде тоқтап қалуға қарады десе де болады.
Сырдың суы неге сарқылды?
Сырдарияның бізге жететін суы азайып кеткені жөнінде жыл сайын айтылады. Бірақ соны молайтудың, яғни өзен суының біздің елімізге тиесілі 16 миллиард текше метрін толық алудың жүзеге аспай жатқаны белгілі. Сондықтан Сыр бойындағы диқандар жыл сайын судан тарығып, шу шығарып жатады. Тіпті, қайбір жылдары судың аздығынан егін күйіп кетіп, ораққа ілінбей қалды. Биыл Сырдың суы тартылып, жұрт әлеуметтік желіге арнасы кепкен Сырдың суретін салып жатыр. Сол сияқты Сырдарияның Қызылорда қаласы маңынан ағып өтетін сусыз арнасын бейнежазбаға түсіріп, таратып жатқандар да бар. Мұндай ақпараттар, әрине жұртты мазасыздандырады.
Ал бұл жайында тиісті орындар не дейді?
Аталған мәселеге байланысты Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов БАҚ өкілдеріне Сырдария өзеніндегі судың аздығы мәселесі жайында түсінік берді. Лауазымды тұлғаның мәлімдеуінше, биыл қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 30 текше метрдей ғана су жіберілген, сөйтіп өзендегі су деңгейі түсіп кеткен. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімдігіне, Премьер-Министрге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту үшін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс жолданған. Сондай-ақ биыл 18 қазаннан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 50 текше метр су жіберіліп жатқан көрінеді.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов болса, Сырдария өзенінің су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біраз төмендеген деп отыр. Биыл сәуір мен қыркүйек айларында Қазақстан аумағына Сырдариямен 4 млрд текше метр су келуі керек болса, бүгінге дейін соның жартысы ғана келген. Бұл − жалпы алынатын судан 40 пайызға кем. Сырдария арнасының кеуіп қалуына оған су беріп тұрған Көксарай су реттегіші мен Шардара су қоймасындағы судың тым азайып кетуі де әсер етіп отыр. Қазір оларда 650 млн текше метр ғана су қалған, ол мұндағы судың ең төменгі мөлшері екенін айтады мамандар. Сол үшін қыркүйек және қазан айларында олардан Сырға жіберілетін су 30 текше метрге дейін азайтылып, су тапшылығы пайда болған. Қазір Қызылорда облысы шекарасындағы судың көлемі 60-65 текше метр болса, Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр екен.
Бұл мәселеге қатысты «Қазсушар» РММ Қызылорда облысы бөлімі директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтың пікірі бөлек. Оның айтуы бойынша, кейбір ақпаратта беріліп жатқан деректер негізсіз.
«Қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді», – дейді ол.
Аталған мәселеге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жасаған мәлімдемеде Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су азаю циклі жалғасып жатқаны айтылады. Яғни, Сырдария өзеніндегі судың аз-көптігі қырғыз, тәжік, өзбек елдеріндегі су шаруашылығына және негізінен Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл су қоймасында жиналған судың мөлшеріне байланысты екен. Негізінде, осы қоймада 15 млрд текше метр су жиналса, ол жеткілікті болады екен. Мәселен, 2021 жылы Тоқтоғұл су қоймасында 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем жиналған. Биыл сәуірде су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, ал бұл 2020 жылғы сәуір айымен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз көрінеді. Сондай-ақ Шардара су қоймасын толтыру мен Сырдария өзенінің жоғары ағысында тұрған су қоймаларының жағдайы да бізге келетін Сыр суының аз-көптігіне әсері бар.
Қазір Сырдария бойындағы мемлекеттердің келесі жылда су алу лимиті жайында келіссөз жүргізуге дайындық жасалып жатқан көрінеді. Сондықтан біздің ел басшылығы да Қазақстанға тиесілі суды алып, қыста су сақтағыштарын толтырып, көктемде дария суы азайғанда жиналған суды пайдалануды жан-жақты ойланып шешсе екен дейміз. Әйтпесе, тағы биылғыдай Сырдың суы сарқылып, ел экономикасына елеулі зиян келуі мүмкін.
Жайықтың суын жер жұтты ма?
Біраз жылдан бері Орал тауынан басталып, 2 428 шақырым жерден ағып келіп, Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінің суы жиі тартылып қалатыны жайында айтылып жүр. Әрине, бастауын өзге елден алған өзенге өкпелеу де қиын, себебі өзеннің жоғары ағысында отырған елге бәрін бері жібер деп айта алмайсың. Трансшекаралық өзендердің бәрі сондай: өз аумағынан өткен өзенді бәрі де барынша пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен Ресей мен Қазақстан арасында Жайықтың суын ортақ пайдалану мәселесінде соншалық күрделі ештеңе жоқ дегенді айтады сарапшылар.
Жалпы, Жайық суының тартыла бастауы алғаш 2006 жылы белгілі болған. Содан бері өзен суы әлі күнге бұрынғы арнасына жетпепті. Кейін ғылыми қызметкерлер жан-жақты зерттеу жүргізгенде, өзен суының аздығы жерасты суларының төмендеп кетуіне әсерін тигізіп жатқаны анықталған.
2013 жылдан Еуроодақ пен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының көмегімен су мәселесі жайында түрлі келісім жасап, су бөлісу саясаты жүргізіліп келеді. Осыдан үш жыл бұрын Жайық, Сырдария өзендері ресурсы азайып, соның себебінен сағадағы ағын көлемі 10 есе кемігені айтылған еді. Сондықтан бұл өзендерді бұрынғы қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан, қазіргі қалпын сақтап қалу керек деген пікірлер айтылған болатын, бірақ одан беріде Сыр мен Жайықтың жағдайы нашарламаса оңалған жоқ.
Осыдан үш жыл бұрынғы мемлекетаралық жиында Ресей Федерациясы бізге мөлшерімен керек суды жіберетінін, жаз кезінде 3,2 млрд текше метр суы бар ресейлік Ириклин су қоймасы Жайық өзенінің суының көтерілуіне көмектесетіні айтылған болатын. Бірақ одан бергі кезде де Жайық суының азаюы тоқтаған жоқ.
Бүгінде Жайық суының күрт төмендегені сонша, өзен арнасында аралдар пайда болған. Суландыру жүйелері құрғап тұр. Соның себебінен өзен жағасындағы шаруашылықтардың жұмысы кері кетіп барады.
«Қазсушар» РМК БҚОФ бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтің айтуынша, Жайық-Көшім суландыру жүйесі бар болғанымен, қазірде оған кіріп жатқан судың көлемі секундына бір-ақ текше метр көрінеді. Бұрында секундына 20 текше метр су кіреді екен.
Әрине, мәселе бар жерде болжам да көбейетіні белгілі, дегенмен мамандардың пікірі белгілі бір тұжырымдарға сүйенеді десек, олардың пікірлерімен санасудың пайдасы аз болмаса керек.
Мәселен, географ ғалым, профессор Қажымұрат Ахмеденов былай дейді:
«Жайықтың жоғары ағысында 13-тен астам су қоймасы бар. Ол Ресей мен Башқұртстан шекарасына жатады. Бөгеттер орнатылған. Ол Ресейдің шекарасы болғандықтан, өздерінің экономикалық мақсаты болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан олармен мемлекетаралық келісімге келуі керек. Оны мемлекет пен шенеуніктер шешуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде трансшекаралық өзен-көлдерге қатысты мемлекет арасында келісім арқылы жүктемені бірге зерттеуі керек. Қазақстан Ресейге қарап отырмауы қажет. Өзінің шекара аясында табиғатты сақтау шараларын қабылдауға тырысуы керек. Мысалы, Жайықтың «Быковка», «Рубежка», «Барбастау», «Шыңғырлау» секілді сағалары бар. Олардың бойында бөгеттер бар ма, жоқ па? Оны да зерттеу керек. Оған да ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ». Ғалымның сөзінің жаны бар, Жайық секілді өзен суының азаюын жан-жақты зерттемесе болмайды. Кешенді зерттеулер ғана мәселенің мән-жайын анықтап, дұрыс шешім қабылдауға әсер етері анық.
Қазір арнасынан су ақпай құрғап тұрған Жайық өзенінің жағдайы жай ғана судың тапшылығын көрсетпейді, ол Каспий секілді теңіздің құрып кетуіне әкелетін фактордың бірі болуы мүмкін. Сондықтан бұл — ғаламдық мәні бар мәселе.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог, қоғам қайраткері,
халықаралық Аралды қорғау комитетінің мүшесі:
Өзгелер бұрып ала берген судан зардап шегіп отырмыз...
Сыр бойындағы жұртшылық дария жағдайын айтып, дабыл қаққанда, соңғы жылдар құрғақшылығын, бүкіл дүниеде белең алып тұрған климат құбылыстарын, көршілердің шаруашылық саясаттарын түсінбегендіктен емес. Тіршілігіміздің өзегі Сырдарияның соңғы кездегі жағдайы биыл тым сорақы түрде көзге ұрды. Бұл дабыл үстіне дабыл қағатын жағдай болды. Иә, жыл құрғақ, төңірек қуаңшылық... Бірақ талай құрғақшылық-қуаңшылықта, дарияның дәл мынадай мүшкіл халі байқалған емес еді. Демек, дария сырқаты меңдеп кеткен. Жоғарыдан оның басына түскен зіл өрескел ауыр деуге негіз бар.
Осы жағдайды айтып, ел басшылығына талай халық сөзі жеткізілді: табиғат шешіміне әмір жүрмейді, әйтсе де өзіміздің сыбағалы суымызды заңды, міндетті негізге қойып алайық, сол негізде Жаратқан көктен бұйыртып берген суды бөліп алып отыру – әділдік шешімі болады... Үкімет бұл мәселені білмейді деу — әбес, бірақ неше жыл бойы бір нәтиже берген іс-шара байқалмай отыр. Сонан да ағайын Сырдариямыздағы жағдайға үрей және сенімсіздік күмәнмен қарауға мәжбүр.
Оңтүстікте қаналдан асып, ел-жерімізді тоғытқан көл-көсір суларға «күптілік» жағдайы жұртшылық назарында...
Біз үшін «ертең-арғы күні» демей, Сырдария жағдайын шұғыл, нақты шешім негізінде реттеп алу қажеттігі әлдеқашан туды. Көршілердің су басқару ісінде транспаренттік ашықтық саясаты қиын десек, қанша күрделі болса да БҰҰ-ның қадағалаушы, тәртіп орнатушы қызметін дария бойына әкеліп енгізуді біраздан бері айтумен келеміз. Бұл біз тіксіне қарайтын сонша бір шетін амал ма? Сусамыр өлкедегі төрт бірдей елдің жерінен өтетін Сырдария мәселесі – БҰҰ-ның қатқыл қадағалауы қойылған Дунайдан кем бе екен? Бұл дария – ұлан шөлдегі көп ағайынның өмір өзегі. Және айтсақ, батыс, шығыс, оңтүстік көршілердің «өмір-өзендері» кең-байтақ жерімізден көптеп өтіп жатыр. Соларға біз дариямыз тартылуындай жағдай орнатып, тосқауылдап тастасақ ше? Сөйткенде не болады?.. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Есепті дос айырылыспас» деген даналығы бар халқымыздың. Оңтүстіктегі су мәселесінде күрделене беруі мүмкін жағдайдың заңды негізде алдын алу – мемлекеттер саясатының бірден-бір көреген шешімі.
Су бөлісудің тәртібі Шу, Талас, Іле, Жайық өзендері үшін де қажет және соңғы кезеңнің беталыс-тенденциясы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендеріне деген көзқарас-саясатты түбегейлі өзгертуді талап ете бастады. Ертістің 8 млрд текше метр. суын игеру перспективамыз солтүстік көршіні ойландырады. Жоғарыдағы су проблемасы бедерінде, біз Ертістен мол – 14,5 млрд текше метр су алатын да ретіміз бар. Бұл – сонау сорақы өнеге ізімен, сол еркін өзенді кептіріп, қурату деген сөз емес. Халықаралық әділдік шарты бойынша өркениетті жол реті осыны ұсынып тұр. Дәл осындай саясат Есіл, Тобыл өзендері үшін де қажет. Есіл иінінде ертең-бір күн салынғалы жатқан Бұзылық су торабынан Орталық Қазақстан, Торғай даласы, Солтүстік Арал маңайы өмір игілігін күтіп отырғаны рас... Мұндай перспективада солтүстік көршімен мәмілелі түрде келісіп шешетін мәселе көп-ақ.
Қазақ даласы мен әуесінің зор транзиттік мүмкіндіктері бұл істерде бізге қарымды қуат тұтқасын беретініне сенім зор.
Жалпы, Аралдың (Каспийдің, Балқаштың да) кебуі орны толмас өкінішті жоғалтуға жеткізетінін жарты ғасырдан астам уақыт бойы айтумен келеміз. Соңғы жылдардың беті қайтпай тұрған құрғақшылық-қуаңшылығы, осы себептен әлемнің әр түкпірінде белгі бере бастаған ашаршылық жайттары, орыс ормандарында, басқа да жасыл желекті жерлерде алапат өрттердің тым көбеюі, жер ауасының беті қайтпастай ысынып бара жатқаны – осының хабаршылары. Бұл жағдайда әлемде ауадағы ластанған газдардың рөліне көп мән беріліп отыр. Оған дау жоқ. Ал ауданы сонау Бельгия, Нидерландымен бара-бар – 64 миллиард шаршы метр Аралдың кебуі, оңтүстіктегі қос дарияның сарқылып, тартылуы, бір кездердегі берекелі Тұран даласының қурап шөлге шөл қосып жатқаны, бұл үдерісте қандай рөл атқарып жатыр – бұл туралы еш мәлімет айтылмайды. Бұл жайттағы шөлденген Орталық Азияның үлесі аса елеулі болуы мүмкін...
Әлем-дүние бедерінде Орталық Азиядағыдай Табиғат-анамызға жасалған сорақы қиянат мысалы жоқ деуге болады.
Яғни, дарияларымыз үшін, Арал үшін істелетін оң шаралар, тек сол табиғат жағдайы үшін қажет іс екен деген тар пайымнан биік көтерілетін уақыт жетті. Егініміз бен есігіміз алдына, негізі тойымсыз саясатта, бұрып ала берген судан шаруамыз, болашағымыз барақат таппай, тіпті әлем зардап шеге бастағанын пайымдайтын кез келді.
P.S.
Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы көбіне адам қолы жасаған техногендік апаттардан пайда болып отырғаны белгілі. Кезінде Орта Азияны мақта, күріш плантациясына айналдырамыз деген өркөкірек жобаның соңы Әмударияның суын жұтып, Арал теңізінің құрып кетуіне әкелді. Қазір екіге бөлініп кеткен Аралдың Қазақстанға қарайтын жағы Сырдарияның суымен әупірімдеп сақталып тұр еді, енді ол өзеннің өзі де ақпай қалуға қарады. Жайық өзенінің де суы тартылып еді, енді Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады. Сондықтан экологтер Сырдарияның төменгі ағысына күріш секілді суды көп талап ететін егін көлемін қысқарту керек. Каспий теңізінің астынан мұнай сорып алуды тоқтатпасақ, теңіз суы жоғалып кетеді деп дабыл қаққанымызбен, ондай пікірлердің шындығын зерттеуге тиісті орындар асығар емес. Тек бүгінді ойлайтын саясаткерлер мен экономистер экожүйенің бұзылуының соңы қайда апаратынын әзірге ойлайтын түрі жоқ...