Өзен суы тартылса, өлкеден сән қашпай ма?

Өзен суы тартылса, өлкеден сән қашпай ма?

Өзен суы тартылса, өлкеден сән қашпай ма?
ашық дереккөзі

Жаңа ғасырда әлемдегі су тап­шылығы Қазақ­стан­ның да бас ауруына айналатын түрі бар. Жаһандағы ірі қатердің бірі саналатын бұл проблема жыл өткен сайын күрделеніп барады. ХХ ғасырдың соңына та­ман Арал теңізінің құрғауы мен Бал­қаш көлі суының азайып кетуі дабыл қақтырса, енді, міне Аралға құятын Сырдария мен Каспийге құятын Жайық өзені суы­ның тартылуы елді шо­шы­тып отыр. Осының кесірінен елі­­міздегі екі теңіздің бірінің ұл­та­ны шаңғытып желмен ұш­қан тұзы шартарапқа таралса, екін­­шісінің түбі көрініп, кеме­лер қайырлап жатыр деуге бола­ды...

Біздің елдегі үлкен бір мәселе – елі­міз­дегі ірі өзендердің бәрі транс­ше­каралық, яғни бастауын басқа елден ала­тын өзендер. Солардың ішінде Аралды мүл­де құрып кетуден сақтап тұрған Сыр­дария мен Каспийдің күретамырындай Жайық өзендерінің алғашқысы Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан аумағындағы Тәңір­тау­дан (Тянь-Шань) басталып, осы елдер­де­гі Нарын, Қарадария өзендерінің қо­сылуынан суы молая түссе, кейінгісі Ресейдегі Орал тауынан басталып, оған Елек өзені, Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сак­мар, Таналық, Шаған, Шыңғырлау, Үлкен Қа­ра­ған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбас­тау салалары құяды. Сырдария өзбек елін­дегі Қоқан, тәжік еліндегі Худжант қа­ла­ларын, еліміздегі Түркістан, Қызылорда қа­ласын суландыратын өзен болса, Жайық­тың суын Ресейдегі Башқұртстан мен Челябі, Орынбор облыстары пайда­ланады, ал қазақ жерінде Батыс Қазақстан мен Аты­рау облыстары осы өзеннің суын қа­жетіне жаратып отыр. Міне, осыған қарап қазақ жерінде орналасқан қос теңізге құя­тын бірегей өзендердің біздің елге же­тем дегенше қанша халық одан күн көріп отырғанын білуге болады. Ал бұл бізге келет­ін өзен суларын ортайтпай тұрмай­тыны белгілі нәрсе. Халқымызда ежелден «Өрдегі су іше­ді, аяқтағы у ішеді» деген сөз бар. Соның мағынасын бүгінде тереңірек түсі­ніп отырмыз. Өйткені кейінгі дәуірде Сыр­дың суын оның жоғары ағысындағы тәжік, өзбек елдері, Жайықтың суын Ресей жағы молынан пайдаланып, бізге жеткен бұл екі өзеннің суы сарқылып бітіп жатыр. Ал биыл, тіпті Сыр мен Жайықтың суы мүлде тоқтап қалуға қарады десе де болады.

Сырдың суы неге сарқылды?

Сырдарияның бізге жететін суы азайып кеткені жөнінде жыл сайын ай­тылады. Бірақ соны молайтудың, яғни өзен суының біздің елімізге тиесілі 16 мил­лиард текше метрін толық алудың жүзеге аспай жатқаны белгілі. Сондықтан Сыр бойындағы диқандар жыл сайын судан тарығып, шу шығарып жатады. Тіпті, қай­бір жылдары судың аздығынан егін күйіп кетіп, ораққа ілінбей қалды. Биыл Сырдың суы тартылып, жұрт әлеуметтік желіге арнасы кепкен Сырдың суретін салып жатыр. Сол сияқты Сырдарияның Қы­зылорда қаласы маңынан ағып өтетін сусыз арнасын бейнежазбаға түсіріп, таратып жатқандар да бар. Мұндай ақп­а­рат­тар, әрине жұртты мазасыздандырады. Ал бұл жайында тиісті орындар не дейді? Аталған мәселеге байланысты Қы­зылор­да облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов БАҚ өкілдеріне Сырдария өзеніндегі судың аздығы мәселесі жайында түсінік берді. Лауазымды тұлғаның мәлімдеуінше, биыл қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 30 текше метрдей ғана су жіберілген, сөйтіп өзендегі су деңгейі түсіп кеткен. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімдігіне, Премьер-Министрге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту үшін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс жолданған. Сондай-ақ биыл 18 қазаннан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 50 текше метр су жіберіліп жатқан көрінеді. Арал-Сырдария бассейндік инспекция­сы басшысы Сейілбек Нұрымбетов болса, Сырдария өзенінің су деңгейі өткен жыл­мен салыстырғанда біраз төмендеген деп отыр. Биыл сәуір мен қыркүйек айларында Қа­зақстан аумағына Сыр­дариямен 4 млрд текше метр су келуі керек болса, бүгінге дейін соның жартысы ғана келген. Бұл − жалпы алынатын судан 40 пайызға кем. Сырдария арнасының кеуіп қалуына оған су беріп тұрған Көксарай су реттегіші мен Шардара су қоймасындағы судың тым азайып кетуі де әсер етіп отыр. Қазір оларда 650 млн текше метр ғана су қалған, ол мұндағы судың ең төменгі мөлшері екенін айтады мамандар. Сол үшін қыр­күйек және қазан айларында олардан Сыр­ға жіберілетін су 30 текше метрге дейін азайтылып, су тап­шылығы пайда болған. Қазір Қызылор­да облысы шекарасындағы судың көлемі 60-65 текше метр болса, Қызылорда қаласы тұсы­нан 66 текше метр су өтіп жа­тыр екен. Бұл мәселеге қатысты «Қазсушар» РММ Қы­зылорда облысы бөлімі директоры­ның орынбасары Жорабек Ерназаровтың пікірі бөлек. Оның айтуы бойынша, кейбір ақпаратта беріліп жатқан деректер негізсіз.
«Қыркүйек айынан бастап Шар­дара су қоймасынан төменгі ағысқа 30 тек­­ше метр, Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жі­берілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді», – дейді ол.
Аталған мәселеге қатысты Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистр­лі­г­і жасаған мәлімдемеде Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су азаю циклі жалғасып жатқаны айтылады. Яғни, Сырдария өзеніндегі судың аз-көптігі қырғыз, тәжік, өзбек елдеріндегі су шаруа­шы­лығына және негізінен Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл су қоймасында жиналған судың мөлшеріне байланысты екен. Негізінде, осы қоймада 15 млрд текше метр су жинал­са, ол жеткілікті болады екен. Мәселен, 2021 жылы Тоқтоғұл су қоймасында 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем жиналған. Биыл сәуірде су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, ал бұл 2020 жылғы сәуір айымен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз көрінеді. Сон­дай-ақ Шардара су қоймасын толтыру мен Сырдария өзенінің жоғары ағысында тұрған су қоймаларының жағдайы да бізге келетін Сыр суының аз-көптігіне әсері бар. Қазір Сырдария бойындағы мем­ле­кеттердің келесі жылда су алу ли­мит­і жайында келіссөз жүргізуге дайындық жасалып жатқан көрінеді. Сондықтан біздің ел басшылығы да Қа­зақстанға тиесілі суды алып, қыста су сақ­тағыштарын толтырып, көктемде дария суы азайғанда жиналған суды пай­далануды жан-жақты ойланып шешсе екен дей­міз. Әйтпесе, тағы биылғыдай Сырдың суы сарқылып, ел экономикасына елеулі зиян келуі мүмкін.

Жайықтың суын жер жұтты ма?

Біраз жылдан бері Орал тауынан ба­с­­талып, 2 428 шақырым жерден ағып келіп, Каспий теңізіне құятын Жайық өзе­нінің суы жиі тартылып қалатыны жайын­да айтылып жүр. Әрине, бастауын өзге елден алған өзенге өкпелеу де қиын, себебі өзеннің жоғары ағысында отырған елге бәрін бері жібер деп айта алмайсың. Трансшекаралық өзендердің бәрі сондай: өз аумағынан өткен өзенді бәрі де барынша пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен Ресей мен Қазақстан арасында Жайықтың суын ортақ пайдалану мәселесінде сон­шалық күрделі ештеңе жоқ дегенді айтады сарапшылар. Жалпы, Жайық суының тартыла бастауы алғаш 2006 жылы белгілі бол­ған. Содан бері өзен суы әлі күнге бұрын­­­­ғы арнасына жетпепті. Кейін ғы­лыми қызметкерлер жан-жақты зерт­­теу жүргізгенде, өзен суының аздығы жерас­ты суларының төмендеп кетуіне әсе­рін тигізіп жатқаны анықталған. 2013 жылдан Еуроодақ пен БҰҰ-ның Еу­ропалық экономикалық комиссиясының кө­­мегімен су мәселесі жайында түрлі ке­лі­сім жасап, су бөлісу саясаты жүргізіліп ке­леді. Осыдан үш жыл бұрын Жайық, Сыр­дария өзендері ресурсы азайып, соның себебінен сағадағы ағын көлемі 10 есе кемігені айтылған еді. Сондықтан бұл өзендерді бұрынғы қалпына келтіру мүм­кін болмағандықтан, қазіргі қалпын сақ­тап қалу керек деген пікірлер айтылған болатын, бірақ одан беріде Сыр мен Жайықтың жағ­дайы нашарламаса оңалған жоқ. Осыдан үш жыл бұрынғы мемлеке­тара­лық жиында Ресей Федерация­сы бізге мөлшерімен керек суды жібере­ті­нін, жаз кезінде 3,2 млрд текше метр суы бар ресейлік Ириклин су қоймасы Жайық өзенінің суының көтерілуіне көмектесетіні айтылған болатын. Бірақ одан бергі кезде де Жайық суының азаюы тоқтаған жоқ. Бүгінде Жайық суының күрт төмен­дегені сонша, өзен арнасында арал­дар пайда болған. Суландыру жүйелері құр­ғап тұр. Соның себебінен өзен жаға­сын­дағы шаруашылықтардың жұмысы кері кетіп барады. «Қазсушар» РМК БҚОФ бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтің айтуынша, Жайық-Көшім суландыру жүйе­сі бар болғанымен, қазірде оған кіріп жат­қан судың көлемі секундына бір-ақ текше метр көрінеді. Бұрында секундына 20 тек­ше метр су кіреді екен. Әрине, мәселе бар жерде болжам да көбейетіні белгілі, дегенмен маман­дардың пікірі белгілі бір тұжырымдарға сүйенеді десек, олардың пікірлерімен са­насу­дың пайдасы аз болмаса керек. Мә­се­лен, географ ғалым, профессор Қажымұрат Ахмеденов былай дейді:
«Жайықтың жо­ғары ағысында 13-тен астам су қоймасы бар. Ол Ресей мен Башқұртстан шекарасына жатады. Бөгеттер орнатылған. Ол Ресейдің шекарасы болғандықтан, өздерінің эко­номикалық мақсаты болуы мүмкін. Сон­дықтан Қазақстан олармен мемле­ке­тара­лық келісімге келуі керек. Оны мемлекет пен шенеуніктер шешуі тиіс. Әлемдік тә­жірибеде трансшекаралық өзен-көлдерге қа­тысты мемлекет арасында келісім арқылы жүктемені бірге зерттеуі керек. Қазақстан Ресейге қарап отырмауы қажет. Өзінің шекара аясында табиғатты сақтау шараларын қабылдауға тырысуы керек. Мысалы, Жайықтың «Быковка», «Рубежка», «Барбастау», «Шыңғырлау» секілді сағалары бар. Олардың бойында бөгеттер бар ма, жоқ па? Оны да зерттеу керек. Оған да ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ». Ғалымның сөзінің жаны бар, Жайық секілді өзен суының азаюын жан-жақты зерттемесе болмайды. Кешенді зерттеулер ғана мәсе­ленің мән-жайын анықтап, дұрыс шешім қабылдауға әсер етері анық. Қазір арнасынан су ақпай құрғап тұрған Жайық өзенінің жағдайы жай ғана судың тапшылығын көрсетпейді, ол Каспий секілді теңіздің құрып кетуіне әкелетін фактордың бірі болуы мүмкін. Сондықтан бұл — ғаламдық мәні бар мәселе.
 width= Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, эколог, қоғам қайраткері, халықаралық Аралды қорғау комитетінің мүшесі:

Өзгелер бұрып ала берген судан зардап шегіп отырмыз...

Сыр бойындағы жұртшылық дария жағдайын айтып, дабыл қаққанда, соңғы жыл­дар құрғақшылығын, бүкіл дүниеде белең алып тұрған климат құбылыс­та­рын, көршілердің шаруашылық саясаттарын түсінбегендіктен емес. Тіршілігіміздің өзегі Сырдарияның соңғы кездегі жағдайы биыл тым сорақы түрде көзге ұрды. Бұл дабыл үстіне дабыл қа­ғатын жағдай болды. Иә, жыл құрғақ, төңірек қуаңшылық... Бірақ талай құрғақшылық-қуаңшылықта, дарияның дәл мынадай мүш­кіл халі байқалған емес еді. Демек, дария сырқаты меңдеп кет­кен. Жоғарыдан оның басына түскен зіл өрескел ауыр деуге не­гіз бар. Осы жағдайды айтып, ел басшылығына талай халық сөзі жеткізілді: табиғат шешіміне әмір жүрмейді, әйтсе де өзіміздің сыбағалы суымызды заңды, міндетті негізге қойып алайық, сол негізде Жаратқан көктен бұйыртып берген суды бөліп алып отыру – әділдік шешімі болады... Үкімет бұл мәселені білмейді деу — әбес, бірақ неше жыл бойы бір нәтиже берген іс-шара байқал­май отыр. Сонан да ағайын Сырдариямыздағы жағдайға үрей және сенімсіздік күмәнмен қарауға мәжбүр. Оңтүстікте қаналдан асып, ел-жерімізді тоғытқан көл-көсір сулар­ға «күптілік» жағдайы жұртшылық назарында... Біз үшін «ертең-арғы күні» демей, Сырдария жағдайын шұғыл, нақты шешім негізінде реттеп алу қажеттігі әлдеқашан туды. Көршілердің су басқару ісінде транспаренттік ашықтық саясаты қиын десек, қанша күрделі болса да БҰҰ-ның қадағалаушы, тәртіп орнатушы қызметін дария бойына әкеліп енгізуді біраздан бері айтумен келеміз. Бұл біз тіксіне қарайтын сонша бір шетін амал ма? Сусамыр өлкедегі төрт бірдей елдің жерінен өтетін Сырдария мәселесі – БҰҰ-ның қатқыл қадағалауы қойылған Дунайдан кем бе екен? Бұл дария – ұлан шөлдегі көп ағайынның өмір өзегі. Және айтсақ, батыс, шығыс, оңтүстік көршілердің «өмір-өзен­дері» кең-байтақ жерімізден көптеп өтіп жатыр. Соларға біз дария­мыз тартылуындай жағдай орнатып, тосқауылдап тастасақ ше? Сөйткенде не болады?.. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Есепті дос айырылыспас» деген даналығы бар хал­қымыздың. Оңтүстіктегі су мәселесінде күрделене беруі мүмкін жағ­дайдың заңды негізде алдын алу – мемлекеттер саясатының бірден-бір көреген шешімі. Су бөлісудің тәртібі Шу, Талас, Іле, Жайық өзендері үшін де қажет және соңғы кезеңнің беталыс-тенденциясы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендеріне деген көзқарас-саясатты түбегейлі өзгертуді талап ете бастады. Ертістің 8 млрд текше метр. суын игеру перспективамыз солтүстік көршіні ойландырады. Жо­ғарыдағы су проблемасы бедерінде, біз Ертістен мол – 14,5 млрд текше метр су алатын да ретіміз бар. Бұл – сонау сорақы өнеге ізімен, сол еркін өзенді кептіріп, қурату деген сөз емес. Ха­лықаралық әділдік шарты бойынша өркениетті жол реті осыны ұсынып тұр. Дәл осындай саясат Есіл, Тобыл өзендері үшін де қажет. Есіл иінінде ертең-бір күн салынғалы жатқан Бұзылық су торабынан Орталық Қазақстан, Торғай даласы, Солтүстік Арал маңайы өмір игілігін күтіп отырғаны рас... Мұндай перспективада солтүстік көршімен мәмілелі түрде келісіп шешетін мәселе көп-ақ. Қазақ даласы мен әуесінің зор транзиттік мүмкіндіктері бұл істерде бізге қарымды қуат тұтқасын беретініне сенім зор. Жалпы, Аралдың (Каспийдің, Балқаштың да) кебуі орны тол­мас өкінішті жоғалтуға жеткізетінін жарты ғасырдан астам уақыт бойы айтумен келеміз. Соңғы жылдардың беті қайтпай тұрған құрғақ­шылық-қуаңшылығы, осы себептен әлемнің әр түкпірінде белгі бере бастаған ашаршылық жайттары, орыс ормандарында, басқа да жасыл желекті жерлерде алапат өрттердің тым көбеюі, жер ауасының беті қайтпастай ысынып бара жатқаны – осының хабаршылары. Бұл жағдайда әлемде ауадағы ластанған газдардың рөліне көп мән беріліп отыр. Оған дау жоқ. Ал ауданы сонау Бельгия, Нидерландымен бара-бар – 64 миллиард шаршы метр Аралдың кебуі, оңтүстіктегі қос дарияның сарқылып, тартылуы, бір кездердегі берекелі Тұран даласының қурап шөлге шөл қосып жатқаны, бұл үдерісте қандай рөл атқарып жатыр – бұл туралы еш мәлімет айтылмайды. Бұл жайттағы шөлденген Орталық Азияның үлесі аса елеулі болуы мүмкін... Әлем-дүние бедерінде Орталық Азиядағыдай Табиғат-анамызға жасалған сорақы қиянат мысалы жоқ деуге болады. Яғни, дарияларымыз үшін, Арал үшін істелетін оң шаралар, тек сол табиғат жағдайы үшін қажет іс екен деген тар пайым­нан биік көтерілетін уақыт жетті. Егініміз бен есігіміз алды­на, негізі тойымсыз саясатта, бұрып ала берген судан шаруа­мыз, болашағымыз барақат таппай, тіпті әлем зардап шеге бас­тағанын пайымдайтын кез келді.

P.S. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы көбіне адам қолы жасаған техногендік апаттардан пайда болып отырғаны белгілі. Кезінде Орта Азияны мақта, күріш плантациясына айналдырамыз деген өркөкірек жобаның соңы Әмударияның суын жұтып, Арал теңізінің құрып кетуіне әкелді. Қазір екіге бөлініп кеткен Аралдың Қазақстанға қарайтын жағы Сырдарияның суымен әупірімдеп сақталып тұр еді, енді ол өзеннің өзі де ақпай қалуға қарады. Жайық өзенінің де суы тартылып еді, енді Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады. Сондықтан экологтер Сырдарияның төменгі ағысына күріш секілді суды көп талап ететін егін көлемін қысқарту керек. Каспий теңізінің астынан мұнай сорып алуды тоқтатпасақ, теңіз суы жоғалып кетеді деп дабыл қаққанымызбен, ондай пікірлердің шындығын зерттеуге тиісті орындар асығар емес. Тек бүгінді ойлайтын саясаткерлер мен экономистер экожүйенің бұзылуының соңы қайда апаратынын әзірге ойлайтын түрі жоқ...