__Маңызды__Редакция таңдауыӘлеуметҚоғам

Жалға берер пәтердің қол жетпейтін құны бар

Жаздың аяғына қарай Алматыда пәтер жалдау бағасы күрт қымбаттады. Ізін ала Нұр-Сұлтанда да баға шарықтап шыға келді. Мамандардың пікірінше, жалға берілетін тұрғын үй құны екі ай ішінде 30 пайызға өскен.

Мәселен, Нұр-Сұлтанда маусым айында бір бөлмелі пәтерді орта есеппен 100-105 мың теңгеге жал­дап тұруға болатын, қазір баға 155 мың теңгеге жетіпті. Алматыда да жағ­дай тура осындай. Баспана мә­селесі халықтың басты мәселесіне ай­нал­ғалы қашан, енді үй сатып алу тұр­мақ, жалға алудың өзі мұң болып отыр.

Жалдауға жалақы да жетпейді

Интернеттегі хабарландырулар Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ұзақ мерзімге жалға берілетін үйлердің ба­ғасы расымен де қатты қымбатта­ға­нын растайды.
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елордада пәтер жал­даудың орташа құны 239 195 теңге бол­ған, бұл —тамыз айындағы бағадан 3 пайыз­ға артық. Бір бөлмелі пәтерді жал­ға алу бағасы 170-180 мың теңгеден асып кеткен. Ал қала орталығындағы бір бөлмелі пәтерде тұру үшін 200 мың­нан жоғары төлеуіңіз керек.

209 818
Екі бөлмелі пәтерге қатысты жағ­дай да тура осындай. Бірақ қыр­күйекте 3 және 4 бөлмелі үйлерді жал­дау арзандағанын байқауға болады. Яғни, нарықта 1-2 бөлмелі пәтерге сұра­ныс көп.
Үйдің бағасы орналасқан жеріне байланысты болатыны белгілі, қыр­күйектегі көрсеткішке сүйенсек, ең қымбат үйлер Есіл ауданында (509 428 теңге) болса, ең арзаны – Сарыарқа (117 509 теңге) ауданында. Мұның барлығы коммуналдық қызмет ақысын есеп­теме­гендегі баға екенін ескерген жөн. Яғни, үстіне тағы 20 мың теңгедей қо­са­сыз. Оған қоса, риэлтордың қызме­ті­не де ақы төлеу керек. Қысқасы, пәтерді бір айға жалдау құны айлық жалақыдан да асып кетіп отыр.

209 818 1
Риэлтор Азамат Ескендіров үй ба­ғасының өсуін жалпы елдегі қым­батшылықтың салдарынан болып отыр­ғанын айтады.

Азамат ЕСКЕНДІРОВ,
риэлтор:

– Үй бағасының күрт өсуіне на­рық­та сұраныстың артқаны, қалаға ағылған адамдардың көптігі әсер етіп отыр.
Бұл – нарықтағы әдепкі құбылыс: үйге сұраныс артқан сайын, баға да есе­ле­неді. Оған қоса, елдегі өмір сүру деңгейі жо­ғарылағаны туралы ақпарат та (шын­дығында керісінше) белгілі бір дәре­ж­еде әсер ететінін айта кеткен жөн. Жал­пы ішкі өнім көлемі жалақы өсті де­ген сайын бағалар да өсіп жатыр.
Пәтер иелері «Мына пәтерді жал­ға беруші осындай баға деп көрсеткен екен, мен де өсіремін» деп, ба­ға­ны негізсіз көтеріп отыр деп ойла­маймын. Жүргізілген жөндеу жұмыс­тарына, жиһаздардың бағасына үйді жалға беру бағасы сәйкес келеді. Яғни, шығынды ақтауы керек. Сонымен бірге құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап тұр, – дейді ол.

Дегенмен қым­бат пәтерлердің барлығы бағасына сай емес екенін айта кету керек. Әсіресе, бір бөлмелі пәтерлерге белгіленген баға­лар асырасілтеушілік десек, артық айт­қандық емес.

Бағаның өсуі, ең алдымен әдепкі оқу форматына ауысып, қалаға ағыл­ған студенттерге үлкен мәселе болды. Оқу жылы басталарда пәтера­қы­ның қымбаттауы үйреншікті жағ­дай болса да, биыл ахуал мүлде басқа болып тұр, сарапшылар да пәтерақы енді ар­зан­дай қоймайтынын айтады. Ал жа­тақхана жетіспеушілігі бізде қа­лыпты жағ­дайға айналғалы қа­шан…

Еліміздегі студенттердің 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылған

Жақында пәтер жалдайтын сту­денттердің мәселесі Мәжілісте көтерілді. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың мәліметіне сәйкес, елімізде 1,1 мил­лион­нан астам студент бар. Олардың 16 пайы­зы ғана, шамамен 174 мың адам жа­тақханамен қамтамасыз етілген. Қа­зірдің өзінде жатақхана жетіспеу­шілігі 80 мың орынды құрап отыр.

photo

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты:

Жылдың аяғына дейін 10 мың орын пайда­лануға беріледі

– «Еліміздің тірегі – жастар» деп ұрандатып жатамыз. Де­ген­­мен сол сту­дент жастарды жатақханамен қамту мә­селесі шешімін таппай отыр. Елімізде 1,1 мил­лион­нан астам студент білім алады. Оның 16 пайызы ғана (174 мың) жатақ­хана­мен қамтамасыз етілген. Осы мәсе­леге қатысты жуырда Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғ­жа­новқа депутаттық сауал жолдаған
едік.
Жатақхана, әсіресе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жетіс­пейді. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы жатақханамен қам­тыл­­ған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қа­­ласы бойынша 35 мың орын жеткі­лік­сіз.
Жақында осы мәселені тағы бір талқыладық, қазір жатақха­на­лар­ды реконструкциялау, жөндеу бойын­ша жұмыс істеліп жатыр. жыл­дың аяғына дейін 10 мың орын пай­да­лануға беріледі, – дейді де­путат.

Ал Білім және ғылым министрлігі осы жылдың соңына дейін 37 жаңа жа­тақ­хана пайдалануға берілетінін мәлім­деді. Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл және Маң­ғыстау облыстарында қызу жүріп жа­тыр. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеке ин­весторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесі қаралып жатқан көрі­неді. Оқу орындары мүмкіндігіне қарай өз ақшасына да жатақхана салмақ. Ал кейбір университеттер тұрғын үй, жа­тақхана мен қонақүйлерді жалға алып, соған студенттерді орналастыруға кі­ріс­кен. Министрлік мәліметінше, қазір 13 жоғары оқу орны 5 мың студенттің тұратын жерін жалға алып отыр.
Ал келесі жылы тағы 60-қа жуық сту­денттер үйі пайдалануға беріледі де­ген жоспар бар.

Ал елордалық студент Диана Асан­бекова­ның айтуынша, биыл тек бірінші курс студенттері жатақханаға орналас­қан.

– Төртінші курста оқимын, негізі соңғы курста жатақхана берілмейді, ал биыл тіпті екінші курс студенттеріне де орын жетпеді. Дегенмен биыл пәтер ба­ғасы қатты қымбаттап кетті, бір бөл­мелі пәтерді 5 қыз жалдап тұруға мәж­бүрміз, соның өзінде пәтерақыны төлеу үшін жұмыс істеп жүрмін. Үй тауып ор­наласудың өзі оңайға түскен жоқ. Риэлтормыз дегендерге алданып та қала жаздадық, – дейді студент.

Еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығында риэлтор мәселесі де әлі шешімін таппаған түйткіл болып тұр. Расымен де, қазір өздерін риэлтор­мыз деп таныстырып, алдап кетіп жат­қан­дар аз емес. Оған қоса, пәтерақының өсуімен қатар олардың да сұрайтын ақы­сы еселеніп, жұмыс істеу тәсілі өзгерген.
Қазақстанда риэлтор қызметі 90-жылдары жұрт делдалдықты меңгере бастаған кезде пайда болған. Қазір елімізде 430-ға жуық жылжымай­тын мүлік агенттігі бар екен. Риэлтор қыз­метінің құны нарықта 30 мың тең­геден басталады.

200610133418179e

Айсана СМАН,
заңгер:

Бізде риэл­торларға қатысты заң жоқ

– Халық­ара­­­­лық тәжіри­бе бойынша жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге аса­ды. Себебі ол – маман, оның серти­фи­каты, лицензиясы болады, соған сай оның жауапкершілігі де бар. Яғни, олар келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орындауға міндетті.
Ал біздің заңнамада риэлтордың құ­қықтық жағдайы белгіленбеген. Біз­дің заңнамамызда риэлтор туралы, оның қызметі туралы ешқандай заң жоқ. Яғни, қазір нарық, жылжымайтын мүлікке қатысты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола алады. Риэлтор болам деген ниет болса болды, барасың да өзіңе жар­нама жа­сайсың, сөйтіп жұмыс істей бересің.
Екіншіден, риэлторлардың бәрін­де бірдей жауапкершілік бола бермейді. Негізі, олар үйдің тазалығына, қауіпсіздігіне жауап беруі керек, бізде олай емес. Шетелде осының барлығына риэлтор жауап береді, кейін бір жағдай болса, ол оның имиджіне, беделіне кері әсер етеді. Сондықтан елімізде риэлтор және оның қызметі туралы заң қабыл­дау керек деп ойлаймын, – дейді заңгер.

Ал Азамат Ескендіров үй жалдай­тындар­дың арасында жауапсыз адамдар бар дегенді алға тартады.

– Риэлторлардың жұмыс тәртібі өз­гергені рас, яғни төленетін ақшаның бел­гілі бір бөлігін алдын ала беру керек. Се­бебі қазір келісіп алып, артынан жоқ болып кететін адамдар көбейді. Мұндай жағдайда істеген жұмысың зая кетеді. Ал алдын ала ақша төленсе, клиент те, риэлтор да сенімді болады, – дейді ол.

Риэлтор қызметі кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен ай­налысу үшін міндетті түрде жеке кә­сіпкер немесе ЖШС ретінде мемлекеттік тіркеуден өту керек. Яғни, қатынастар азаматтық-құқықтық заңнамалық акті­лер­ге, Ата Заң, Азаматтық, Салық кодек­сі және Заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңға сәйкес реттеледі.
Бірақ риэлторлардың қызметі туралы заң қабылданатын болса, ол жылжымайтын мүлік агенттігі мен оның тұтынушыларын қорғай алатын еді. Сондай-ақ нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі күрт артады. Сонда ғана жылжымайтын мүлікке қатысты барлық операция агенттік ар­қылы жүргізіледі де, сол арқылы но­тариус деңгейіндегі құқыққа ие болған риэлторлар келісімшарт үшін барлық жауапкершілікті өзіне жүктейді.
Ақпараттық қызмет көрсететін заң­сыз риэлторлардың негізгі құрбан-
дары – жас әрі тәжірибесіз адамдар. Мұн­дай адамдар көбіне шартты оқуға құлықты болмайды. Сондықтан ма­мандар пәтерді жалға не сатып алардан бұрын, сондай-ақ қызмет үшін ақы төлер алдында шартты мұқият оқуға кеңес береді.

Қымбатшылықтың қарқынына қарасақ, пәтерақы бағасы енді арзандамайтын сияқты. Екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда елімізде жаңа үйлердің құрлысы 33 пайызға артқан. Әйтсе де, бұл да шиеленіскен баспана мәселесін реттеуге сеп болмай тұр.

Back to top button