«Елім!» деп келіп, ел ықыласына бөленген ғалым

«Елім!» деп келіп, ел ықыласына бөленген ғалым

«Елім!» деп келіп, ел ықыласына бөленген ғалым
ашық дереккөзі
Жуырда ғана филология ғылымының докторы, профессор, қытайтанушы ғалым, ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы «Фолиант» баспасынан шыққан сиясы кеппеген үш томдық таңдамалысын сыйлады. Бір қоржынның екі басы іспетті бір-бірімен өзара тығыз байланыста дамитын тіл-әдебиет ғылымында қатарласып еңбек етіп жүрген, шығармашылығымен де, өзімен де біраздан бері таныс қатар-құрдасымыздың әр томы 35 баспа табақтан тұратын көлемді еңбегін көріп, қуанып қалдық. Көз қуантарлықтай әсем безендіріліп, сапалы шыққан үштомдықты шетінен ақтарып қарай бастап едік, қызықтырып әкетті. Қомақты еңбектің бірінші томына қазақ-қытай халықтары ұлы суреткерлерінің шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан зерттелген «Мұхтар Әуезов және Лү Шүн» және Қытайдағы қазақтардың ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы поэзиясындағы ұлт-азаттық идеясы қарастырылған «Жыр-Жебе» атты зерттеулері еніпті. Мазмұндық-құрылымдық жағынан бір-бірімен өзара іштей тығыз байланысты «Қазақ және қытай әдебиеті: тарихи сабақтастық», «Рухани жаңашылдық: ұлт тағдыры және әдебиет», «Шығармашылық тұғырнама: ұлттық болмыс және жаңашылдық», «Суреткерлік парасат: ұлттық дәстүр және көркемдік шешім» деген тараулардан тұратын «Мұхтар Әуезов және Лү Шүн» монографиясында зерттеуші екі ел әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын салыстыра талдайды. Әдебиеттану саласында салыстырмалы әдіс арқылы қазақ-қытай әдеби шығармаларын салыстыра-салғастыра талдаудың өзі біз үшін тың зерттеу болуымен назар аудартады. Қазақ қаламгері М.Әуезов пен қытай жазушысы Лу Шүн шығармашылығы салыстырылуы қазақ әдебиеттануындағы елең еткізер жаңалық болды. Д.Мәсімханұлының бұл зерттеуі докторлық диссертация ретінде қорғауға ұсынылған кезден бері ол жөнінде аға буын әдебиетші ғалымдар, әріптестері өз пікірлерін айтты. Қос қаламгердің публицистикалық мақалалары, шағын әңгімелерінен бастап хикаяттары мен көлемді романдарына дейін зерттеуші назарынан қалыс қалмай, кеңінен қамтылған. М.Әуезов шығармашылығында көрініс тапқан отаршылдық езгі мен қараңғылық қыспағындағы халықты оянуға, азаттыққа, білімге, өркениетке үндеген ой-тұжырымдарының қытай қаламгері Лу Шүн еңбектерінен де көптеп кездесетінін салыстырып көрсететін мысалдар бұл зерттеуде өте мол беріледі. Зерттеу еңбегінде қытай елінің түрлі даму кезеңдеріне қатысты қазақ жұртына онша мәлім емес көптеген тың тарихи деректер кездеседі. Әдеби шығармаларды салыстыра талдау кезінде автор екі елдегі сол кезеңнің ерекшелігін ескеріп отырады. Сол арқылы да зерттеуші екі қаламгердің мақсат-мұраттарының ортақтығын, идеяластығын, шығармашылығының үндестігін ғылыми негіздеп, нанымды да тартымды сипаттайды. Тұтастай алғанда бұл еңбекте М.Әуезов пен Лу Шүн шығармашылығындағы олардың екі ұлттың дәстүрлі мәдениеті мен жаңашылдыққа қатысты ойлар жүйесі, мазмұндық сарыны, тақырып ауқымы, идеялық тұғырнамалары кеңінен салыстырыла қарастырылады. Екі мәдениетті, екі әдебиетті салыстыра талдау арқылы қазақ болмысының ерекшеліктерін өзгелерге де, өзімізге де танытумен қатар, қытай халқының болмыс-бітімі барынша айқын көрніс тапқан Лу Шүн шығармашылығы арқылы біздің қыр-сырын әлі аз білетін шығыстағы көршіміздің ұлттық сипатын ұғуымызға, ханзу әдебиетінің көрнекті өкілінің көзімен қытайтануға жол ашуымызға мүмкіндік береді. Зерттеудің жаңалықтары мен алынған ғылыми нәтижелердің мән-маңызы кәсіби әдебиетші ғалымдар тарапынан пайымдалғаны дұрыс болар деп ойлаймыз. Тіл маманы ретінде біздің назарымызды аудартқан бұл еңбектегі түркологияға, тілге қатысты отандық тілші-ғалымдардың назарына іліге қоймаған, олардың еңбектерінде ұшыраса бермейтін тың деректер де болды. Автор Я.Құмарұлының еңбектеріне сілтеме жасай отырып, қытай тілінің оңтүстік-шығыс диалектісіндегі аxiong(ахиа) – аға, shui(сыу, сұ) – cу, wu(бу) – бу, chen(чан) – шаң, xianzai(кәужір) – қазір, a die(а тиа) – ата, apo(а пы) – апа, anai(ана) – ана, yinai(іне) – ене, age(аке) – аға, gaozi(казі) – қозы, dong(тоң) сияқты көптеген сөздердің қазақ тіліндегі сөздермен мағыналық, фонетикалық ұқсастықтарына назар аудартып, қытай тіліндегі түркизмдерді арнайы зерттеу мәселесін сөз етеді. Ғұн, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ, көк түріктер заманынан бері талай ғасыр бойы іргелес өмір сүріп, түрлі тарихи кезеңдерді бастан бірге кешкен жұрттардың тіліндегі сөзалмасулар мен тілдердің бір-бірне өзара ықпалы қазақ тіл білімінде, жалпы түркологияда аз қарастырылған мәселелердің бірі. Сол себепті бұл мәселе салыстырмалы-салғастырмалы түрде лингвистикалық тұрғыдан зерттелсе, тіліміздің даму, қалыптасу тарихы үшін маңызды тілдік деректермен толыға түсері сөзсіз. Осы бірінші томға енген «Жыр-Жебе» зерттеуінде Шыңжаң қазақ әдебиетінің қалыптасу, даму ерекшеліктері, олардың поэзиясындағы ұлт-азаттық идеясы сөз болады. А.Үлімжіұлы, Ә.Найманбаев, Ж.Шаихсламұлы, К.Маралбайұлы, Т.Жолдыұлы, Ш.Әлғазыұлы, А.Татанайұлы, Қ.Оспанұлы, М.Разданұлы, О.Айтанұлы сияқты ақындардың өлеңдері мен толғауларындағы ұлт-азаттық идеясының халық санасын оятудағы рөлі олардың шығармашылығы негізінде жан-жақты ғылыми-әдеби талдау жасалады. Таңдамалының екінші томына Д.Мәсімханұлының қытайтану мәселесіне арналған әр жылдары жарық көрген мақалалары мен сұхбаттары топтастырылыпты. Олардың дені Қытайдың арғы-бергі тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері, салт-дәстүрлері туралы қазақ оқырманына жан-жақты мәлімет беруді көздеген танымдық және ғылыми-танымдық мақалалар. Мәселен, «Қытайдың жер жағдайы», «Қытай елінің білім беру жүйесі», «Қытайдың сәулет өнері», «Қытайдың дәстүрлі музыка және би өнері», «Дәстүрлі қытай шипагерлігі», «Қытайдың діни наным-сенім жүйесі», «Қытай мифологиясы», «Алып елдің арманы» сияқты түрлі тақырыптарға жазылған тартымды дүниелер. Бұлардың арасында елімізге тарайтын газет-журналдарда әр жылдары жарияланып, көпшіліктің көңілінен шыққандары да аз емес. Солардың барлығы бір кітапқа енгізіліп, жүйеленіп берілгендіктен шығыстану, қытайтану мамандықтары бойынша оқитын студенттер мен қытай елі туралы білгісі келетін қауым үшін пайдалы басылым болып құрастырылған. Кітаптың ғылыми немесе әдеби-көркемдік жағынан гөрі танымдық сипаты басым. Төрт-бес мың жылдық бай тарихы бар, іргеміздегі көршіміз болса да қазақ қауымына беймәлім сыры, жұмбағы мен құпиясы көп жұрт болып саналатын қытай елі жөнінде білгісі келетін көпшілікке Дүкен Мәсімханұлының бұл кітабы ең қажетті еңбектердің бірі болары сөзсіз. Үшінші томға ғалымның ежелгі түріктер мен қытайлардың қарым-қатынасы, рухани-мәдени байланыстары мен қазақтың ақын, батыр, шешен, күйшілері туралы жазған зерттеулері, мақалалары топтастырылыпты. Автордың «Қазақ-қытай елдері мәдени-рухани байланыстарының бастау көздері», «Көне қытай жазбаларындағы тамырға тағзым», «Ежелгі қазақ тарихындағы қытай қыздары», «Қытайдағы қазақтану ғылымының беталысы», «Батыр, күйші Қожеке», «Оспан батыр», «Таңы жарық Таңжарық», «Нақысбек шешен», «Жайсаң» сынды екі елдің рухани-мәдени байланыстарымен қатар, ғибратты ғұмыр кешкен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған мақалаларында тың ой, құнды ақпарат, жаңа мәліметтер мол. Әр жылдары жазылған бұл мақалаларында ол жұртшылыққа ой тастап, мәселе көтереді, өз ұсыныс-пайымдарын айтып, тұжырымдар жасайды, ханзу халқының бізге беймәлім қырларынан сыр шертетін қызықты танымдық деректер келтіреді. Баяндауынан бастап, мәселе қойысында, салыстыра талдауларында оның өзіндік авторлық ерекшеліктері анық байқалады. Үшінші кітаптағы біздің назарымызды айрықша аударған «Қытай, Жапония, Моңғолия елдеріндегі түркология ғылымы» атты көлемді зерттеуі. Осы зерттеуде түркі халықтарының тілі мен мәдениетіне, тарихына қатысты қазақстандық ғалымдардың бәрінің бірдей қолы жете бермейтін қытай дереккөздерінен алынған маңызды ақпараттар, зерттеушілер туралы көптеген мәліметтер беріледі. Қытай еліндегі түркология ғылымының даму жайына, қалыптасу тарихына кеңінен тоқталады. Отандық түркітануда негізінен орыс тіліндегі деректер мен орысша жазылған ғалымдар еңбектері көбірек пайдаланылатыны ешкімге құпия емес. Бұл тұрғыдан келгенде қытай тілін жақсы білетін, көршіміздің тарихы мен мәдениетінен хабары мол, олардың мұрағаттарында сақталған деректерді тауып, талдау жасай алатын Дүкен Мәсімханұлы сынды түрлі салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың орны айрықша. Қазір шетелдердің жетекші оқу орындарында білім алып келіп жатқан жастар қатары көбейіп келеді. Солар өсіп-жетіліп, ірі мамандар қатарына қосылып, ғалымдар легінің жаңа буынын қалыптастырғанша, шет елдерден келген, сол елдің жайын жақсы білетін мамандарымыз сол олқылықтың орнын толтырады. Қазір Бейжің мен Шанхайда және қытайдың өзге де қалаларында білім алып келіп жатқан жастарымыз аз емес. Өз елімізде де шығыстану, қытай тілі мен тарихын оқып, маманданып жатқан жастарымыз да бар. Қытайтану ғылымының болашағы осындай жастарымыздың қолында десек те, сол елде туып-өсіп, жастайынан тұрғылықты халықпен етене араласып, олардың мінез-құлық, психологиясы, әдебиет-мәдениетімен таныс болған мамандар ол халықты ішінен біледі деуге болады. Елтану, аймақтану, мәдениеттану, тарих, әдебиет, тіл, халық­аралық мәдени байланыстар мәселелерін зерттеумен айналысып жүрген мұндай мамандардың өзіндік артықшылықтары бар екенін де ескерген абзал. Мәселен, тарих, әдебиет, тіл, түркітану ғылымдары салаларында өнімді еңбек етіп жүрген Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Ислам Жеменей, Әбдіуақап Қара, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрсынхан Зекенұлы, Дүкен Мәсімханұлы, Бақыт Еженханұлы, Қайрат Ғабитханұлы, Нәпіл Базылхан сияқты танымал ғалымдар осы қатарға кіреді. Бұл ғалымдардың Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия елдерінің тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін іштей білуі сол халықтармен тарихи-мәдени, ғылыми-әдеби қарым-қатынастарымызды, еларалық байланыстарымызды зерттеуге елеулі септігін тигізіп отыр деп білеміз. Олардың зерттеулерінен мұны айқын байқауға болады. Біз сөз етіп отырған Дүкен Мәсімханұлының еңбектерінен де оның қытай жұртының жайын сол елге барып, 3-4 жыл оқып келген мамандардан тереңірек, жақынырақ білетіні көрініп тұрады. Сол себепті де ол Қытай мәдениеті мен тарихы, өнері мен этнографиясы туралы танымдық, ғылыми-танымдық мақалаларды еркін көсіліп жазады, сөз етіп отырған мәселесін жан-жақты қамтиды. Бүгінгі қазақ қоғамында орыс тілін жетік меңгеріп, сол тілде еркін сөйлеп, жақсы жазамын деп жүріп өз тілін ұмытып қалған, қазақша сөйлей де, жаза да алмайтын ұлты қазақ азаматтар, оның ішінде ғалымдар да бар. Өзге елде туып, әлемдегі ең қиын тілдің бірі саналатын қытай тілін жақсы меңгере отырып, сол білімін ұлт руханиятына, төл әдебиеті мен ғылымының дамуына жұмсап жүрген Дүкен Мәсімханұлы сынды азаматтарға қарап, өз елінде жүріп тілінен ажырап қалған жандарға жаның ашиды. Өзге елде, бөгде тілдік ортада туып-ержетіп, өзге тілде білім алcа да өз тілінен ажырамай, атажұртқа келіп, төл әдебиеті мен тіліне, ғылымына қызмет етіп жүрген азамат бауырларға ризашылықтан өзге айтарымыз жоқ. Дүкең еліне оралғаннан кейін танысып-табысқан ұстаздары мен ғылымдағы ағаларын зерттеушілік зейін-зердесімен, еңбекқорлығымен, жан-жақты білімімен, ақындық талантымен тәнті етіп, ізденімпаз шәкірт, ізетті іні бола білді. Оны осы үштомдықта алғысөз орнына берілген академик Р.Нұрғалиев, С.Қасқабасов пен белгілі қоғам қайраткері Қ.Сұлтанов және Ж.Мырзаханов, С.Жанболат сынды қытайлық ғалымдардың ол туралы жазғандарынан анық көруге болады. Алыстан ел деп келген інілеріне ағалары да айрықша қамқорлық көрсетті. Академик Рымғали Нұрғали сынды ұстазы мен әріптес ағалары алға ұмтылып тұрған азаматтың ғылым жолындағы ізденістеріне кең жол ашып, ғалым ретінде өсіп-қалыптасуына ағалық қолдауларын көрсетті. Ол Тәуелсіздігіміздің таңы ата салысымен алғашқылардың бірі болып 1993 жылы елге оралды. «Елге келдім, енді маған не бересіңдер» демей, «Еліме мен не бере алам» деп, келгелі бері ширек ғасырдай тынымсыз еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық ете жүріп, ғылыммен айналысты, қоғам ісіне белсене араласты. Кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Ондаған оқулықтар мен ғылыми еңбектер, танымдық мақалалар жазды. Талантты ақын ретінде жыр жинақтарын шығарды. Аудармалар жасады. Том-том кітаптары жарық көріп жатыр. Ол өз елінде ақын, білікті қытайтанушы маман, әдебиетші ғалым, аудармашы ретінде танылды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды, қазақ руханияты саласындағы тынымсыз еңбегі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Орда бұзар отызында Отанына оралған оғлан елуінде елінің елеулі азаматы ретінде кеңінен танылды. Тәуелсіздік таңы ата салып, жүрегі алып ұшып елге жеткен ұлының сіңірген еңбегін ел-жұрты да жоғары бағалады. «Елім!» деп келген ұлдың еңбегі жанды. Алда да оған «осы қарқын, осы шабытыңмен өнімді еңбек ете бер» деп тілейік!  

Шерубай Құрманбайұлы,

филология ғылымының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі