Мұқағали Мақатаевқа арналған мурал салынды
Мұқағали Мақатаевқа арналған мурал салынды
Алматыда «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бастамасымен Алматы әкімдігінің қолдауымен жасалған қазақтың белгілі жазушысы Мұқағали Мақатаевтың бейнесі салынған қабырға суретінің салтанатты ашылуы өтті.
Муралдың ашылуы ақынның 90 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр. Қазақстанда 21 қазанда прокатқа шыққан «Мұқағали» фильмінің жарнамалық науқаны аясында жүзеге асырылған бұл арт-жоба М.Мақатаев пен Ә.Шәріпов көшелерінің қиылысында (Мақатаев көшесі, 186) орналасқан тұрғын үйдің қасбетіне салынған. Авторлары – қабырға суретшілері Нұрболат Аманқұл мен Абай Сұлтан.
Іс-шараға «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдархан Әділбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан және ақынның келіні Бақытгүл Айдарова қатысты. Ақынның келіні өз сөзінде киностудия басшылығына атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Айта кету керек, картинаны жасау үшін суретшілерге шамамен 5 күн, ал қабырғаны дайындау үшін бір апта қажет болды. Сонымен қатар, суретшілер 50 литр қасбеттік бояу мен 100 аэрозоль баллонын жұмсады. Муралдың көлемі шамамен 190 шаршы метрді құрайды.