Жүніс Емре жырларын қазақша оқимыз

Жүніс Емре жырларын қазақша оқимыз

Жүніс Емре жырларын қазақша оқимыз
ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ХVI-халықаралық Анкара кітап көрмесі аясында түркі әлемінің ірі ойшылы, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Жүніс Емренің қазақ тіліне аударылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев, «Қазақ университеті» баспа үйінің редакторы, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері, жазушы Нұрғали Ораз, және жергілікті зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Өлеңдер топтамасы «Рухани жаңғыруға бір үлес» деген тақырыппен берілген Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының алғысөзімен бастау алады. Салтанатты рәсімде елші мырза еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде рухани жаңғыруға берік негіз қалап, қос мемлекет арасында саяси­экономикалық қарым-қатынаспен қатар, әдеби­мәдени байланыстар жоғары деңгейде дамып отырғанына тоқталды. Бұған екі ел басшыларының бауырластық, достық келісімдерінің оң ықпал еткенін және әдеби-мәдени алмасуларды нығайту мақсатында көптеген игі шаралардың жүзеге асқанын атап өтті. Соның ішінде түркі әлеміндегі сопылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі, Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы Жүніс Емре жырларының қазақ оқырманына жетуі рухани өміріміздегі соны жаңалық екенін жеткізді. Ақын Кәдірбек Құныпияұлы өз баяндамасында сөз зергері Жүніс Емренің биыл қайтыс болғанына 700 толатынын, осыған орай ақынды еске алу шаралары өзге де түркітілдес мемлекеттерде атап өтіліп жатқанын тілге тиек етті. Жақында Өзбекстанның Хиуа қаласында 15 елдің ақындары бас қосып, ақын әруағына тағзым етіп, өлең-жырларын арнағанын мысалға алды. XIII ғасырдың соңы мен ХIV ғасырдың басында Селжук мемлекетінің соңғы кезеңдерінде Анадолыда өмір сүріп, исламдық ақиқатты жырлаған ақынның тарих сахнасына шығуы, оның ішінде алыста жатқан Атажұртқа танылуы – Тәуелсіздіктің арқасы екенін алға тартты. Болмыс пен тіршілікті, өлім мен махаббатты, өмір мен ғаламды, достық пен қастықты мөлдір жырына арқау еткен ойшылдың поэзиясы өз замандастарын ғана емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегіне де үміт шуағын сыйлайтынына сенім артты. Кітапты көне түрік тілінен тәржімалаған жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев жинақ бұған дейін қазақ елінде таныстырылғанымен, пандемия жағдайына байланысты түрік ағайындардан сүйінші сұрау сәті енді түсіп отырғанын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ Түркі елдері президенттері қабылдаған Түркістан декларациясы аясындағы игілікті іске ұйытқы болған Қазақстанның Түркиядағы Елшілігіне, өлеңдерді әдеби өңдеген Дәулетбек Байтұрсынұлына, редакциялаған Кәдірбек Құныпияұлына ризашылық білдірді.