Жаңалықтар

Ақтөбеде қоқыс полигоны өртеніп, ауаға азот диоксиді тарады

Ақтөбе қаласын екі күн бойы қоқыс полигонынан шыққан түтін басып, экологтар ауаға азот диоксидінің көтерілгенін анықтады.

Ақтөбеде 24 қазан күні қоқыс полигоны өртеніп, ол 25 қазанда таңертең сөндірілген болатын. Аумағы 1200 шаршы метр болған өрт салдарынан қала ішін түтін басып, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікті сақтауға және аса қажет болмаса далаға шықпауға шақырды. Экологтар ауаның ластануын тексерді.

«24 қазан күні хабарлама келді. 24-25 қазанда инспекторлар қоқыс полигонына барып, жұмыс істеді. Көмірсуректің көтерілгені анықталмады. Дегенмен сол аумақта азот диоксиді көтерілген. Ал Ақтөбе қаласына көмірсутек пен азот диоксидінің таралуы тіркелген жоқ», – деді Ақтөбе облысы бойынша бас экология инспекторы Талап Уснадин.

Айта кетейік, мораторийге байланысты кәсіпорынды тексеруге мүмкіндік жоқ. Себебі тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түспеген.

«Облыстық Экология департаментіне арыз түспеген соң, дәл қазір тексеру жұмысын жүргізе алмаймыз. Облыстық ТЖД-нің тексеру жұмысының нәтижесін күтіп отырмыз. Олардың қорытындысы шыққан соң қандай шешім қабылдайтынымыз белгілі болады. Заң бойынша олар ауаны ластағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады», – деді Талап Уснадин.

Back to top button