Халықаралық анимациялық фильмдер кинофестивалі Түркістанда өтеді

Халықаралық анимациялық фильмдер кинофестивалі Түркістанда өтеді

Халықаралық анимациялық фильмдер кинофестивалі Түркістанда өтеді
ашық дереккөзі

Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі (ÁMEN International Animation film festival) 29-30 қазан күндері Түркістан қаласында өтеді.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын халықаралық шараға отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Түркия, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Тәжікстанның біліктімультипликаторлары қатысады.

Байқауға анимация саласында белгілі мамандардан құрылған халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапатталады.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында шетелдік озық мультипликаторлардың мастер-кластары мен тренингтері жоспарланған. Қатысушылар әлемге танымал 4 маманның дәрісін тыңдап, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, фестиваль қонақтары Қазақстанның үздік анимациялық киностудиялары көрмесін тамашалайды. Онда киностудиялар анимация жасаудың қыр-сыры мен ерекшеліктерін көрсетіп, жас мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырады.

Бағдарлама бойынша, іс-шараның екінші күні түркі елдеріндегі кино өнерінің даму бағыттарына, бүгіні мен ертеңіне арналған дөңгелек үстел өтеді. Шетелдік және отандық анимация саласының мамандары өзара байланыс орнатып қана қоймай, өзекті тақырыптарда пікір алмасып, түркітілдес елдердің анимация саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін бермек.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған фестивальдің биыл Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өтуі де айрықша мәнге ие. Ұйымдастырушылар шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерейтой қарсаңында айрықша сый жасамақ. Түркістандықтар екі күн қатарынан қаладағы ең үздік кинозалдардан еліміздің және түркі елдерінің ең үздік анимациялық фильмдерін тегін тамашалайды.

Дәстүрлі фестивальді OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.