Тәуелсіздік – 30

26 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?

2004 жылы 25-26 қазан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швеция Корольдігінде ресми сапармен болды.

2005 жылы Жазушылар үйінің мәжіліс залында Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыздың бастамасымен жарыққа шыққан Үн атты әдеби журналдың таныстырылымы болды. 3 айда 1 рет шығатын, 120 беттік басылымның таралымы 4 мың дана. Мұқабасында Көк бөрі мен Ай бейнеленген журналдың алғашқы санында әдебиетке қатысты сыни пікірлер, жас ақындар өлеңі мен жазушылардың әңгімелері, әлем әдебиетіндегі озық туындылардың қазақшаға тәржімаланған нұсқалары жарық көрген.

2006 жылы астанамызда Ауғанстан соғысына қатысушыларға арналған Боздақтар мәңгі жадымызда. 1979-1989 атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Басылым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіріспе сөзімен басталады. Оқырмандар назарына 10 жылға созылған және мыңдаған жастардың өмірін қиған Ауғанстандағы соғыс тарихы, сол жылдары интернационалдық борышын өтеу барысында қаза болған немесе хабар-ошарсыз жоғалып кеткен боздақтардың нақты тізімдері келтірілген.

2006 жылы Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті табиғи-географиялық факультеті ғимаратына белгілі ғалым-педагог, биология ғылымдарының докторы Есенбай Ағелеуовтің (1936-1996) құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

2006 жылы Оралда ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы деректі фильмнің көрсетілімі болып өтті. Хиуаз Доспанова – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жауынгерлік тапсырмамен 300-ден аса ұшуда болған еліміздің жалғыз ұшқыш-әйелі. Фильмнің сценарийін жазғандар – М.Жақыбаев, Қ.Тілеуішев, режиссері – ресейлік Л.Вахитов, редакторы – Е.Баженова.
2009 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-сессиясы өтті.

2010 жылы Алматы облысында Талдықорған-Үштөбе тас жолындағы Қаратал өзені арқылы көпір құрылысы аяқталды. Жұмыстарды Асыл жас ЖШС мердігерлік ұйым мамандары жүргізді. Осы жерде жарты ғасырдан астам уақыт тұрған ескі көпір өзінің пайдалану мерзімін аяқтаған еді, ал жаңа көпірдің пайдалану мерзімі өте ұзақ болады деп есептелген.

2010 жылы Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының даңқты спортшыларының аллеясы ашылды. Қажымұқан атындағы орталық стадионның алдындағы алаңға облыстың атақты 28 спортшысының есімдері жазылған гранит тақталар орнатылды. Гранит тақталарға боксшы Бекзат Саттарханов, гимнасшы қыздарымыз Нелли Ким мен Әлия Жүсіпова, балуан Бисолт Дециев сияқты танымал спортшылардың есімдері қашап жазылған.

2010 жылы Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ұсынысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдады.

2010 жылы Бельгия Корольдігіне ресми сапарының аясында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық инвестициялық банктің президенті Филипп Майштадтпен кездесті. Кездесу кезінде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

2014 жылы Мәскеу ұлттар үйінде қазақтың дарынды да, арынды ақыны Ілияс Жансүгіровтің (1894-1938) 120 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл шараға ақынның туыстары, ақын-жазушылар, ғалымдар мен студенттер жиналды. Кеш қонақтарына ақын мұрағатының материалдары, фотосуреттер ұсынылды, өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқылды. Сондай-ақ, көрермендерге І.Жансүгіровтің Құлагер поэмасының желісімен түсірілген Болат Мансұровтың Тризна көркем фильмі көрсетілді. Бұл шығарма Кеңес одағы кезінде 15 жыл көрсетілмеген еді.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі Италияның мұрағатынан Дешті Қыпшақ кезеңінде жазылған Кодекс куманикус, яғни, қыпшақ тілі сөздігінің электронды нұсқасын елімізге əкелді.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі алғаш рет қазақстандық баспалар сайтында жариялау үшін ұсынылған бірінші сыныптардың жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың электронды нұсқасын өз сайтында орналастырды.

Back to top button