Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Түркіменстан президентімен кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Түркіменстан президентімен кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда. Екі ел басшылары шағын форматта өткен кездесуден кейін келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғастырды. Қазақстан Президенті бауырлас Түрікменстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарына зор мән беретінін айтты. «Бұл оқиға – ерекше сипатқа ие, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік қатынастарды және өзара қолдау шараларын мүлде жаңа деңгейге көтеруге – ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқан бүгінгі кездесудің символдық мәні бар екеніне тоқталып, қазақстандықтардың атынан түрікмен халқын осынау мерейлі мерекемен құттықтады. «Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және Сіздің Орталық Азия аймағында да, еуразиялық кеңістікте де кооперацияны одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларыңызды толық қолдайды. Түрікменстанның сыртқы саясаты тұрақты ынтымақтастыққа негізделген. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мақұлдаған Түрікменстанның бейтарап ел мәртебесін қолдаймыз. Түрікменстан жуырда Каспий – Аваза інжу-маржандарында Аймақ елдері басшыларының Консультативтік кездесуін сәтті өткізді. Кездесу өте табысты болды және оның Орталық Азияның барлық елі арасындағы ықпалдастыққа тың серпін бергені сөзсіз», – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпжақты байланыстарының негізгі өзегі саналатынын еске салды.